Қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі, ақын Кеңшілік Мырзабековтың туғанына биыл 80 жыл толып отыр. Осы мерейтойға орай ақынның туған топырағы – Торғай өңірінде «Кеңшілік оқулары» атты әдеби-шығармашылық байқау ұйымдастырылмақ. Аталған байқаудың ұйымдастырушыларының бірі, ақын Мұхарбек Жәкейұлының пікірін білген едік.
– Ақын Кеңшілік Мырзабековтің 80 жылдығына орай Қостанай облысында «Кеңшілік оқулары» өтеді. Осы туралы толығырақ айтып берсеңіз.
– Иә, ақын Кеңшілік Мырзабековтің 80 жылдығына орай оның шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында Қостанай облысының Жангелдин ауданында «Кеңшілік оқулары» өтеді. Былтыр «Торғай – тұлғалар мекені» атты сол өңірден шыққан ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттап, туған жермен рухани байланысты күшейтуді мақсат еткен үлкен фестиваль болды. Оған Қойшығара Салғараұлы, Серікбай Оспанов, Амангелді Кеңшілікұлы, Абылай Мауданов, Марғұлан Оспанов секілді қаламгерлермен бірге өзім де қатыстым. Ал Сәндібек Жұбаниязов, Кенжебек Тұманбайұлы, Дидар Сәрсенбекова, Асантемір Қаршығаұлы қонақ ретінде келді. Аталған фестиваль «Ауыл және мәдениет» жобасы аясында ұйымдастырылды. Бұл жоба Жангелдин ауданы Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанар Шалабайдың ұйымдастырумен 3-4 жылдан бері өтіп келеді.
Сол фестиваль барысында 2026 жылы 80 жылдығы аталып өтетін ақын Кеңшілік Мырзабековтің шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында осындай оқулар өткізу туралы ұсыныс айтылды. Аудан басшылығы ұсынысты бірден қолдап, оны нақты іске айналдыруға ниет білдірді. Алдағы уақытта «Кеңшілік оқуларын» кеңейтіп, облыстық, тіпті республикалық деңгейдегі дәстүрлі әдеби байқауға айналдыру жоспарда бар.
– Биылғы «Кеңшілік оқулары» қашан өтеді?
– 24 сәуір күні Торғайда өтеді.
– Бұл байқауға кімдер қолдау көрсетіп отыр?
– Мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылып отырған «Кеңшілік оқулары» шығармашылық жастар байқауының өтуіне ақынның ұлы, белгілі әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы тікелей ұйытқы болып отыр деуге негіз бар. Байқаудың негізгі идеясы мен мазмұндық деңгейінің жоғары болуына да оның бағыт-бағдары айрықша ықпал етуде. Сонымен бірге Жангелдин аудандық әкімдігінен бөлек Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы мен Қостанай облыстық өкілдігі жан-жақты қолдау көрсетіп отыр.
Кеңшілік Мырзабеков қазақ поэзиясында шоқтығы биік қаламгер жалпақ жұртқа жампоз жырлары арқылы кеңінен танымал. Өмірден жұлдыздай ағып өткен дарынды ақынның өлеңдері бүгінде ұлт руханиятының баға жетпес қазынасына айналды. Осы орайда, қасиетті Торғай топырағында тұңғыш рет өткелі отырған «Кеңшілік оқулары» шығармашылық жастар байқауы биылғы ақын мерейтойының бастамасы ретінде ерекше мәнге ие. Кеңшілік шығармашылығын кеңінен дәріптеуді мақсат еткен бұл жыр мерекесі – жас ұрпақтың рухани дамуына серпін беретін тағылымды бастама. Сонымен қатар, жас буынға ақынның қайраткерлік болмысын терең танытып, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан зор үлесін насихаттауға қызмет етері сөзсіз.
Бұл бастама ақын шығармашылығын ұлықтап қана қоймай, жас таланттардың танылуына да жол ашатыны анық.
– Іс-шараға қандай белгілі тұлғалар қатысады?
– Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ғалым Жайлыбай бастаған бір топ ақындар қатысады.
– Жеңімпаздарға қандай марапат қарастырылған?
– Байқау жеңімпаздарына Кеңшілік ақынның ұрпағы мен туыстары тағайындаған ақшалай сыйлықтар табысталады. Сонымен қатар Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы мен Қостанай облыстық өкілдігінің, Амангелді Иманов қоғамдық қорының және кәсіпкер Қасым Жүнісовтің арнайы жүлделері берілетін болады.
