Жазушы Бейбіт Сарыбайдың «Бекзат. Шаршы алаңнан тыс өмір» атты кітабы бойынша республикалық мазмұндама бәйгесі өтпек!
Белгілі сыншы, «Дарын мемлекеттік сыйлығының иегері, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары Бағашар Тұрсынбайұлымен аз-кем сұхбатқа бәйгенің ақпараттық хатын қоса жариялап отырмыз.
– Кешегі кеңестік кезеңді айтпағанда, арғы-бергі дәуірлерде қазақ сахарасы ұлы жіңгір ас пен тойдан кенде болмаған екен. Түбінде дарақылық пен ысырапшылдық жатқан осы бір үрдіске деген қарсылық үлгісі ретінде әкесі Құнанбайға ас беруді жөн санамаған Абай мен ас та төк асқа кететін шығынға тең қаражатты мектеп ашу, романға бәйге жариялау сияқты игілікті бағытқа жұмсаған Маман ұрпақтарының іс-әрекеттері бүгін де өзекті.
Сол есті қазақтардың әрекетіне ұқсас тамаша бәйге ұйымдастырылып жатыр екен. Осы жөнінде таныстырып өтсеңіз?
– Бұл бәйге – оқушылар арасындағы мазмұндама бәйгесі. Бұрын бұндай жарыс болды ма екен, білмеймін. Өздеріңіз білетіндей, талантты жазушыларымыздың бірі Бейбіт Сарыбайдың «Бекзат. Шаршы алаңнан тыс өмір» атты кітабы жарық көрген. Даңқты боксшы Бекзат Саттархановтың дүниеге келгенінен бастап, ақырғы сәтіне дейінгі өмірі естеліктерді пайдалана отырып, көркем жазылған осы шығарманы бала оқып, 2 минуттық видеода, қысқаша айтып беруі керек. Қағазға қарамай, ойын көркем, жатық жеткізуі тиіс. Қазір жақсы дүниені тиісті оқырманына жеткізу үшін де әртүрлі маркетингтік жол керек. Бұл байқаудың мақсаты баланың қолына осы кітапты жеткізу және ойын жеткізе алатын дағдысын қалыптастыруға ат салысу. Жарыста жас шектеуі жоқ. Оқушы болса – болды. Материалдар «Ұлан» газетінің инстаграм әлеуметтік желісіндегі @balamendana парақшасында қабылданады.
Шығарманың жазылуына, жарық көруіне себеп болған – белгілі меценат, көптеген мәдени, әлеуметтік жобаға қолдау білдіріп жүрген Махат Төрәлі. Махаң былтыр үш бірдей романның жазылып, кітап боп шығуына да қолдау көрсетті. Және сол романдар қазіргі күні әдебиетіміздің олжасы ретінде әр жерде аталып жүр. «Бекзатты» да оқырмандар жақсы қабылдап жатыр. Өзім оқып шықтым. Жас оқырманға жігер беретін, намысын қайрайтын, мақсатқа жету жолында табандылық пен еңбектің қажеттігін анық ұқтыратын шығарма. Қазір неше түрлі мотивациялық кітап жарнамаланып жатыр ғой. Біз бұрын мотивацияны ертегілерден, көркем шығармалардан алатын едік. Және дұрысы да сол сияқты көрінеді. Осы мақсатта ұйымдастырылған жарыс. Ой жарысы, оқырман жарысы деуге болады. Сөз жарысы емес әйтеуір.
- Жазушы Бейбіт Сарыбайдың «Бекзат. Шаршы алаңнан тыс өмір» романын қайдан алып оқуға болады?
Бұл кітап қазір сатылымда бар. Каспий-дүкен арқылы тапсырып беріп, кез келген оқырман қол жеткізе алады.
- «Қаламгер – баспагер – оқырман» үштігінің өзара тығыз байланыстыру үшін әдеби жарнама, әдеби сын, қаржы, логистика т.б. көмегі қажет екені белгілі. Біздің еліміз мысалында осы үрдіс қаншалықты жолға қойылған?
- Қазір кітап саудасында жеткізу қызметі каспий-дүкен, замлер, казпочта арқылы жүзеге асып жатқандай. Басқа да қызметтер бар шығар. Жеткізу жағынан мәселе жоқ сияқты.
Ал әдеби жарнама, сын әлі де дұрыс жүрмей тұр. Әдеби жарнамамыз жабайылау («Кітап ал, кітап ал! Кітаптан асқан байлық жоқ» дей береміз). Жарнаманың өзіне шығармашылық жағынан келе алмай жатырмыз. Ешкім сіздің кітабыңызды алуға міндетті емес. Жалпы біреудің тауарын алуға біреуді мәжбүрлей алмайсыз. Жарнама агенттіктері кітаптан басқа барлық дүниенің жарнамасымен айналысады. Себебі не?
Бәлкім, баспалардың кемшілігі шығар. Баспа өз кітабын сата алуы керек. Сатылатын, оқылатын кітап шығаруға ұмтылуы тиіс. Мемлекеттің қолдауы қажет. Бірақ баспалардың арасында бәсеке болмаса, жекелеген баспалар ғана жарнамамен айналысып қалды. Олардың өздері дауыстары жеткен жерге дейін айғайлайды да қояды. Бәлкім, халық кітаптан алыстап кеткен шығар. Енді «оқитын ұлт» боламыз деп жатырмыз ғой. Демек, оқымайтын елміз қазір. Ал бұл – диагноз. Оның бір себебі болуы мүмкін емес. Комплексті қарау керек.
- Осындай форматтағы байқаулардың игі әсері қандай? Болашақта жалғасын таба ма?
- Байқаудың әсері жарыс үшін болса да – оқушылар кітап оқып қалады. Қатысқан 100 оқушының бес-алтауы содан ары кітапқұмар болып кетсе, соның өзі – олжа. Біреуі боксшы болар, біреуі жазушы болар. Әсері сол. Ал болашақта қолымыздан келгенше жалғастыруға талпынамыз.
- Бәрекелді, атқарып жатқан істеріңіз ілгері, жемісі мәуелі болсын!
Жақсы істі ақпараттық қолдау мақсатында оқушылар арасындағы мазмұндама бәйгесінің ақпараттық хатын төмендер жариялап отырмыз. Әдебиетсүйер, кітапқұмар жас талаптар, көптеп қатысыңыздар!
«МЕН ТАНЫҒАН БЕКЗАТ» республикалық мазмұндама байқауы!
Оқушылар кітапты оқып әйбат мазмұндап берсе болды, ақша береміз.
1-орын: 300 000 теңге (біреу)
2-орын: 200 000 теңге (біреу)
3-орын: 100 000 теңге (біреу)
Ынталандыру: 50 000 (төртеу)
Өткен ғасырдың басында Есенқұл Мамановтың қазақ романына бәйге жариялағанын үлгі қылып, айтатындар көп еді. Одан кейін де жазушыларды қолдағандар аз болмаса керек. Былтыр бір емес, үш бірдей романға демеуші болып, авторларына гонорарын төлеп тұрып жаздырып қана қоймай, шығарып, елге жеткізген Махат Төрәлі Бекзат Саттарханов туралы да романның жазылуына себепкер болды. Енді сол кітаптың оқушылардың қолына тиіп, түсініп оқуы үшін, жігерленуі үшін де қолдау көрсетіп отыр.
Оқушы балаларыңызды қатыстырыңыздар. «МЕН ТАНЫҒАН БЕКЗАТ» республикалық мазмұндама байқауы.
Байқаудың шарты: Жазушы Бейбіт Сарыбайдың «Бекзат. Шаршы алаңнан тыс өмір» атты романын оқып, видеоролик форматында мазмұнын баяндау. Видео 2 минуттан аспауға тиіс және мәтінді қағаздан оқып баяндаған видеолар қабылданбайды. Мазмұндамада қатысушының ойын анық және көркем жеткізуі, тіл тазалығы, айрықша детальдарға назар аударуы жоғары бағаланады.
Материалдар Инстаграм әлеуметтік желісіндегі @balamendana парақшасында қабылданады. Видеомен бірге қатысушының аты-жөні, мектебі мен сыныбы, байланыс нөмірі толық көрсетілуге тиіс. Бір қатысушы тек 1 видео ғана жолдай алады. Шарттарға сәйкеспейтін материалдар байқаудан шеттетіледі.
Байқау қорытындысы 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні қарсаңында шығады. Материалдар 10 желтоқсанға дейін қабылданады.
