Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Түркі әлеміне ортақ тұлға Мақтымқұлының кітабы жар...

Түркі әлеміне ортақ тұлға Мақтымқұлының кітабы жарық көрді

21.10.2025

4227

Түркі әлеміне ортақ тұлға Мақтымқұлының кітабы жарық көрді - adebiportal.kz

Түрікменстанның Ашхабад қаласындағы Мақтымқұлы Түрікмен мемлекеттік университетінде Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры шығарған Мақтымқұлы Фрагидің «Ғашық болдым» атты кітабының таныстырылымы өтті.

Бұл іс-шара Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры, Түрікменстанның ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы және Түрікменстан Ғылым академиясы бірлесіп ұйымдастырған «Махмұд Қашқари «Диуани лұғат ат-түрік» шығармасындағы бейбітшілік пен сенімнің рөлі» атты халықаралық ғылыми конференция аясында өткізілді.

Қор президенті Ақтоты Райымқұлованың атынан ұйымның жоба жетекшісі Лейла Гасанова сөз сөйледі.

«Мақтымқұлы Фраги тек түрікмен әдебиетінің ұлы классигі ғана емес, бүкіл түркі әлемінің рухани бірлігін және ортақ құндылықтарын бейнелейтін тұлға. 2024–2025 жылдарға арналған ЮНЕСКО-ның мерейтойлық күнтізбесіне Мақтымқұлы Фрагидің 300 жылдық мерейтойының енгізілуі – оның мұрасына көрсетілген зор құрметтің айғағы. Сондай-ақ ақынның қолжазбаларының ЮНЕСКО-ның «Әлем жадысы» тізіміне енгізілуі оның шығармашылығының бүкіл адамзат үшін маңызын дәлелдейді», - деді.

Тұсаукесер рәсімінде Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының Низами Гәнжәуи атындағы Әдебиет институтының «Ғылыми басылымдар» бөлімінің меңгерушісі Тоһфа Талыбова (онлайн форматта), Әзербайжан Республикасының Түрікменстандағы төтенше және өкілетті елшісі Қисмет Гөзәлов, сондай-ақ Түрікменстанның Мақтымқұлы атындағы Тіл, әдебиет және ұлттық қолжазбалар институтының бас директоры Давуд Оразсахедов сөз сөйлеп, Мақтымқұлы Фрагидің шығармашылығы өз дәуірінің ғана емес, күллі түркі дүниесінің рухани және әдеби символына айналғанын атап өтті. Олар ақын поэзиясында адамгершілік, отансүйгіштік, әділет және бірлікке үндейтін жалпыадамзаттық құндылықтар жырланатынын да ерекше атап көрсетті.

Іс-шараға Түрікменстанның мәдениет пен ғылым саласы өкілдері, Мақтымқұлы Түрікмен мемлекеттік университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері, Түрікменстанда аккредиттелген дипломатиялық корпус мүшелері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Сурет edebiyyatveincesenet.az сайтынан алынды

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan