«Түркістан» энциклопедиясының тұсауы кесілді

Энциклопедия ғылым жасамайды, энциклопедия – ғылымның нәтижесін береді. «Түркістанның» болашағы зор. Жиырма жыл бұрын бір том болса, бүгін екі том болып шығып отыр. Алдағы кезеңдерде он том болып шықса, таңғалуға болмайды. Әлемде ең таңғалдырып отырған энциклопедия – «Британика». Түркі әлемі де өзінің барлық болмысын сақтайтын сондай дүние әкелуге мүмкіндігі бар…

«Түркістан» энциклопедиясының тұсауы кесілді - adebiportal.kz

 

22 қазан күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Түркі мәдениеті және мұрасы қорының қолдауымен «Түркістан» екі томдық энциклопедиясының Астана қаласындағы тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды. Республика күніне орай өткізілген бұл мәдени-танымдық іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар мен түркологтар, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, дипломатиялық корпус, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен білім алушылары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында энциклопедияның ғылыми тұжырымдамасы, әзірлену тарихы мен мазмұндық ерекшеліктері таныстырылып, басылымды құрастырушылар мен жобаға қатысқан ғалымдар сөз сөйледі.

Екі томдық «Түркістан» энциклопедиясы бұған дейін Түркістан қаласында ғылыми және зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен таныстырылған екен. Астана қаласындағы «Ғылым» баспасынан жарық көрген 880 беттік екі томдық бұл іргелі еңбек Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен әзірленіпті.

Энциклопедияның бас редакторы әрі жоба жетекшісі – белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, академик Дархан Қыдырәлі, жауапты редакторы – әдебиеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты, мәдениет қайраткері Тұрдықұл Шаңбай.

Жаңа басылымның басты ерекшелігі – Түркістан ұғымының бүгінгі қала мен облыстың әкімшілік-аумақтық шеңберімен ғана шектелмей, тұтас түркі өркениетінің тарихи-мәдени кеңістігі аясында қарастырылуында. Сондықтан да, бұл көлемді энциклопедия Түркістан қаласының тек қазақ халқының тарихындағы ғана емес, күллі түркі халықтарының ортақ тарихи жадындағы, рухани дүниесіндегі және өркениеттік дамуындағы орнын жан жақты, кешенді түрде таныта алатын толымды еңбек болуымен құнды.

Энциклопедияны әзірлеу жұмыстары 2021-2025 жылдарды қамтылған екен. Ауқымды ғылыми жобаға 300-ден астам ғалым мен зерттеуші тартылып, 4000-нан астам атау мен ұғым қайта зерделенген екен. Бұған дейін энциклопедиялық айналымға енбеген тарихи тұлғалар, оқиғалар, жер-су атаулары мен бірқатар маңызды ұғымдарға қатысты жаңа мақалалар әзірленіп, бұрын жарияланған материалдар заманауи ғылыми зерттеулер мен жаңа деректер негізінде қайта қаралған.

Екі томдық басылымда Түркістан мен жалпы Түркі әлемінің бірнеше мыңжылдық тарихына қатысты ауқымды материалдар қамтылған. Ежелгі және ортағасырлық тарих, археология, сәулет өнері, этнография, әдебиет пен фольклор, рухани мұра, тарихи тұлғалар, елді мекендер мен жер-су атауларына қатысты ғылыми-танымдық мәліметтер жүйеленіп, әліпбилік тәртіппен ұсынылған.

Басылым арнайы түсірілген түрлі-түсті фотосуреттермен, тарихи және географиялық карталармен, тарихи тұлғалардың портреттерімен, миниатюралармен, жаңғыртпа сызбалармен, археологиялық және сәулет ескерткіштерінің бейнелерімен толықтырылған.

1998 жылы жарық көрген «Түркістан» халықаралық энциклопедиясы жарық көргеннен бергі 38 жылдың жүзінде өңірдің қоғамдық-саяси, тарихи және мәдени өмірінде елеулі өзгерістер болғанын ескере отырып, жүйелі түрде әзірлеген бұл еңбектің маңызы ерекше. Атап айтқанда Түркістан облысының құрылуы, облыс орталығына айнылған Түркістан қаласының жаңарып қарқынды дамуы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңының қабылдануы Түркістанның елдің маңызды тарихи-мәдени және рухани орталықтарының бірі ретіндегі айрықша рөлін айқындай түскен. Осы және өзге де маңызды өзгерістер, сонымен қатар әр кезеңде, әсіресе кейінгі жылдары жүрілген ауқымды археологиялық және ғылыми зерттеулер нәтижесінде алынған жаңа деректер жаңа екі томдық басылымда кеңінен көрініс тапқан.

Түркі мәдениеті және мұрасы қорының ортақ түркі мұрасын зерттеуге, сақтауға және кеңінен дәріптеуге бағытталған осындай іргелі ғылыми жобаларды қолдауға ерекше мән беретіндігінің нәтижесі – бүгінгі энциклопедия. Энциклопедияның Астана қаласында таныстырылуы Түркістанның Қазақстан тарихындағы және жалпы түркі өркениетіндегі айрықша орнын кеңінен насихаттауға, ғылыми айналымдағы жаңа мәліметтерді қоғамға танытуға және ортақ мәдени мұраға деген қызығушылықты арттыруға бағытталған.

Бауыржан Бабажанұлы, іс-шараның модераторы:

- Қадірлі ағайын, «Түркістан» энциклопедиясының екі томдығының таныстырылымына қош келдіңіздер! 

Түркістан – екі дүние есігі ғой, 

Түркістан – ер түріктің бесігі ғой, 

Тамаша Түркістандай жерде туған, 

Түріктің Тәңірі берген несібі ғой, - 

деп Мағжан ақын айтқанындай, жалпы Түркістан деген атау – бір өңірге ғана қатысты емес. Бүгінгі жиынның орны бөлек. «Түркістан» энциклопедиясы біздің рухани өмірімізге қосылатын ерекше жаңалық. Жоғымыз түгенделген дүние болады деп сенеміз!

Мәлік Отарбаев, ҚР Президентінің кеңесшісі: 

- Армысыздар қадірлі ағайын, құрметті Ақтоты Рахметоллақызы! Әділ Құрманжанұлы Ахметов бастаған қадірлі ақсақалдар! Ардақты ағайын, баршаңызға Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бүгінгі жиынға арнайы сәлемі мен зор ықыласын жеткізуге рұқсат етіңіздер!

Қазақстан Республикасының алдағы ұлттық мерекесі Республика күнімен құттықтаймын! Осындай ұлық мерекенің қарсаңында ежелгі Тұранға, түркі әлеміне, Түркістанға және түркі ынтымақтастығына арналып ұйымдастырылып отырған бүгінгі конференцияның мәні зор. Бүгін шын мәнісінде жиынның мәнімен қатар мағынасы да зор деуге болады. Өздеріңіз жақсы білесіздер, қазанның 30-ы күні Түркия Республикасында Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті өтеді. Оған түркі елдерінің мемлекет басшылары қатысады. Сол себептен осындай кезекті саммиттің қарсаңында бүгінгі жиынның өтуінде де үлкен мән бар деп есептейміз. Бүгін Астананың төрінде тұсауы кесіліп отырған жаңа «Түркістан» энциклопедиясы Түркістан және жалпы түркі әлемінің бірнеше мың жылдық тарихын кешенді түрде танытуға бағытталған ауқымды ізденістің нәтижесі, орасан зор еңбектің жемісі. Қазақ үшін Түркістан – киелі ұғым екені анық. Біз Түркістанды түркі әлемімен, түгел түркі жұртымен байланыстырамыз. «Түркістан» энциклопедиясы жобасының жетекшісі Дархан Қуандықұлы ұлт мақтанышы Шерхан Мұртазаның «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақалаларды жинақтап, «Намыс найзағайы» деген атпенен кітап шығарып, аталған жобаның авторы болатын. Сол кітапта тәуелсіздігіміздің елең-алаң шағында, яғни 1992 жылы Шерхан Мұртазаның: «Түркістан шаһарын қайта түлетіп, өрлеу дәуірін бастау лазым» деген сөзі бар. Сол сияқты 1994 жылы жазған тағы бір мақаласында: «Түркістан жеке-дара облыс болып құрылуы керек», - деп ұсыныс айтқан болатын. Ұлыларымыздың арманы орындалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Түркістан ерекше мәртебеге ие болып отыр. Иә, Түркістан – қазақ мемлекеттілігінің бірде-бір куәгері. Ежелден, Қазақ елі, айта берсек түркі дүниесінің астанасы. Түркістанды Қожа Ахмет Ясауисіз елестету де, мүмкін емес. Өкінішке қарай бүгін Түркістанның тарихы туралы азды-көпті білетіндер бар, алайда Қожа Ахмет Яссауидің ілімі зерттеп біліп отырған азаматтар некен-саяқ. 

Сол себептен Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «әл-Фараби, Ахмет Яссауи, Абай сынды ғұламаларымыз соңына сарқылмас рухани қазына қалдырды. Олардың еңбектері әлемдік ақыл-ойдың қорына кіреді. Данышпан бабаларымыздың баға жетпес туындыларын заман талабына сай кәдеге жаратуымыз керек», - деп айтқан болатын. Міне, осындай маңызды деректер «Түркістан» энциклопедиясында» қамтылып, түгел түркі жұртының ортақ құндылықтарын, ынтымағы мен бірлігін ғылыми ізденістермен нақтылайды. Тарихқа таңба болып басылған осындай іргелі ғылыми еңбектерді дүниеге алып келген жоба жетекшісі Дархан Қуандықұлына ризашылығымыз шексіз. Энциклопедияны құрастырған авторлар Тұрдықұл Қасенұлы мен Жандос Бәделұлына да алғыс айтамыз. Бүгінгі іс-шараның өтуіне мұрындық болған Халықаралық түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Рахметоллақызына да ерекше алғыс айтамыз! – дей келе энциклопедияны әзірлеуге ерекше үлес қосқан энциклопедист ғалым Тұрдықұл Шаңбай мен белгілі журналист Жандос Бәделұлына ҚР Президенттің Алғыс хатын тапсырды.

Ақтоты Райымқұлова, Халықаралық түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті:

- Тұтас түркі жұртының тарихи жады, рухани Темірқазығы, өркениетіміздің алтын бесігі Түркістан топырағында ұлы өркениеттердің тағдыры тоғысқан. Мұнда бабаларымыздың даналығы мен даралығы, елдік мұраты мен ерлік дәстүрі, ғылымы мен ғибраты ғасырлар бойы сабақтасып келеді. Қазақ халқы үшін Түркістан – еңселі елдіктің белгісі. Хандық дәуірдің қасиетті ордасы. Ал тұтас түркі әлемі үшін Түркістан – орта тарихымыз бен рухани бірлігіміздің мәңгілік нышаны. ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев Түркістанның тарихи, мәдени және рухани маңызына ерекше тоқталып, оның бүкіл түркі дүниесін жақындастыратын қасиетті мекен ретіндегі орнын бірнеше мәрте атап өткен болатын. Мемлекет басшысының осы ұстанымы Түркістанды тек еліміздің ғана емес, бүкіл түркі әлемінің маңызды рухани және өркениеттік орталығы ретінде дамытуға тың серпін беріп тұр. «Түркі мәдениеті және мұрасы» қоры да осы игі мұрат жолында жүйелі әрі ауқымды жұмыстар атқарып келеді. 

Қор қызметінің тағы бір бағыты – түркі әлемінің тарихын, әдебиеті мен мәдениетін жүйелі түрде зерделейтін іргелі ғылыми басылымдарды жарыққа шығару. Осы тұрғыдан алғанда бүгін тұсауы кесілгелі отырған «Түркістан» екі томдық энциклопедиясының орны айрықша. Бұл еңбек – ұлт жадының шежіресі, ұрпақ санасына сәуле түсіретін тағылым мектебі. Өткеніміз бен келешегімізді жалғайтын рухани көпір. Мұнда 2021-2025 жылдар аралығында жүргізілген ауқымды ғылыми ізденістердің нәтижесінде бұрын энциклопедиялық айналымға енбеген тың деректер, тарихи тұлғалар мен оқиғалар, жер-су атаулары мен маңызды ұғымдар жаңа мазмұнда ұсынылған. Басылымда Түркістанның бірнеше мың жылдық тарихы археологиялық және сәулет ескерткіштері, әдебиеті мен фольклоры, рухани мұрасы мен тарихи тұлғалары кеңінен қамтылған. Міне, еңбектің шынайы рухани құндылығы да, рухани салмағы да осында деп білемін. Тарихын таныған халықтың тамыры терең. Рухы биік болады. Ал тарихын ғылыми негізде қалыптастырған елдің келешекке қалдырар аманаты да мәңгілік! Сондықтан бұл еңбекті ұлттық сананы жаңғыртуға, тарихи жадымызды бекемдеуге және жас ұрпақтың туған жерге, ортақ түркі өркениетіне деген құрметін артыртуға қосылған қомақты үлес деп бағалаймыз. 

Ақтоты Райымқұлова ханым Түркі мәдениеті және мұрасы қорының атынан түркі әлемінің мәдени мұрасын сақтау, зерттеу және кеңінен насихаттау ісіне өлшеусіз үлес қосқан үлесі үшін академик-ғалымдар Дархан Қыдырәлі мен Әділ Ахметовті «Түркі мәдениеті мен мұрасының амбассадор елшісі» деген төсбелгімен марапаттады. Сондай-ақ әдебиеттанушы ғалым Тұрдығұл Шаңбай мен Әзербайжанда шығатын «Түркістан» газетінің бас редакторы Ақыл Жамалға қордың арнайы Алғыс хаттарын тапсырды. 

Дархан Қыдырәлі, академик ғалым, жобаның бас жетекшісі:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Түркі кеңесінің 2021 жылғы 31 наурызда өткен саммитінде: түркі өркениетін жаңғыртуды ең алдымен Яссауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамын деп айтқан еді. Бұл сөз бізге бағдар болып, 2021 жылы басталған жобаның нәтижесінде 300-ге жуық ғалымның қатысуымен 4000-нан астам мақала қамтылған осы қос томдық энциклопедия жарық көрді. Қолдау көрсеткен Түркістан облысы әкімшілігіне ризашылық білдіреміз. 

Өздеріңізге белгілі, Түркістан – түркілер елі, түркілер мекені деген мағына береді. Ол туыс халықтардың тұтастығын айқындайтын географиялық, мәдени, рухани және саяси кеңістік, ауқымды аймақ, өркениеттік матрица. Махмұд Қашқари мың жыл бұрынғы картасында Баласағұн мен Түркістан аймағын әлемнің ортасы ретінде көрсеткен. Фазаллах ибн Рузбихан «Мехманнамаи Бухара» атты еңбегінде: «Егер дүние бір дене болса, Түркістан – оның басы», - деп жазған. Ал әйгілі Әлішер Науаи Яссыдағы Әзірет Сұлтанды Түркістан халқының құбыласы деп сипаттайды. Осы жайтты терең түсінген Мағжанның атақты екі дүниенің есігі, ер түріктің бесігі деп басталатын жырын Түркістанның өлеңмен өрілген энциклопедиясы деп бағалауға болады...» 

Әділ Ахметов, академик ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері: 

- Екі томдық бұл энциклопедия тек тарихшыларға, түркологтар мен әдебиеттанушығарға ғана емес, сонымен қатар кез келген түркі әлемінің мәдени мұрасына қызығушылық танытатын қалың оқырман жұртқа да таптырмас дерек көзі болып табылады деп есептеймін... 

Әлимирзамин Әскеров, Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі: 

- Біздің туыстас халықтарымыз сияқты ежелгі қалаларымыз да ертеден бауырлас болған. Түркі өркениеті үшін Түркістанның маңызы зор. Оны Түркі мемлекеттері ұйымының өзі айғақтап тұрғандай. Осынау аса ауқымды еңбекті әзірлеген Дархан Қыдырәлі мырза бастаған барлық шығармашылық ұжымға біздің ортақ түркі әлемі алдындағы ақадал еңбегі үшін рақмет айтамын. Бұл қос томдық түркі әлеміндегі бауырлас халықтардың ортақ мұраларымызды сақтау мен нығайту жолындағы рухани көпір деп білемін. 

Құдайберген Базарбаев, Қырғыз Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

- ...Орта Азияның тарихы жалпы атынан басталады. Бұдан жүз жыл бұрын Түркістан деген ат болса, кейіннен мұны айтуға қорқақтаған, жеке-жеке аталған заман болды. Түркістан деген ортақ атауымыз жаңа дәуірде қайтадан оралды. Ғылыми, мемлекеттік маңызды екі томдық арқылы бауырлас халықтардың рухани бірлігі мен берекесі одан әрі нығая бермек. 

Дихан Қамзабекұлы, академик ғалым:

- «Түркістан» энциклопедиясын біздің түсінігімізде Қожа Ахмет Яссауиге қойылған рухани ескерткіш деп қабылдаймыз. Бұл энциклопедияны біз Исмаил Ғаспыралының армандарын жүзеге асырған, жинақталған еңбек деп қабылдаймыз. Бұл энциклопедияны біз Расулзаде, Ахмет Байтұрсынұлы, Зәки Уәлиди Тоған, Ишанғали Арабаев, Фитрат, басқа да біздің бірлігіміз бен тірлігіміздің дұрыс арнада дамуын аманаттаған зиялыларымыздың арманының орындалған жүйесі деп қабылдаймыз. Екі томдық энциклопедия Түркістан тарихының барлық қырын, сонымен бірге бүгінгі ахуалын қоса-қабат жинақтап отыр. Осы арқылы да білім, ғылым жүйесінде жаңа мүмкіндіктерді ашатын жинақ және бізге ой салатын еңбек деп бағалаймыз. 

Азербайжанда шығатын «Түркістан» газетінің бас редакторы Ақыл Жамал өз сөзінде азербайжан мен қазақ елдерінің арасындағы рухани байланыстардың дамуына бұл энциклопедия елеулі үлес қосатынын және жақын келешекте әзербайжан тіліне де аударылса игі еді деген тілегін айтып өтті.

Тұрдығұл Шаңбай, «Түркістан» энциклопедияның жауапты редакторы: 

- Құрметті жиналған қауым! Ең бірінші, Мемлекет басшысының атынан көрсетіліп жатқан құрметке рақмет! Әркім де өз еңбегінің бағаланғанын қалайды ғой. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары ең бірінші Қазақстан энциклопедиясын жасау қолға алынған болатын. Сол кезде тұтас гуманитарлық ғылымдар саласын басқаруға алғаш шақырылған едім. Онда қазақ санасының бүтіндігін  әкелу керек болды. Энциклопедия ғылым жасамайды, энциклопедия – ғылымның нәтижесін береді. «Түркістанның» болашағы зор. Жиырма жыл бұрын бір том болса, бүгін екі том болып шығып отыр. Алдағы кезеңдерде он том болып шықса, таңғалуға болмайды. Әлемде ең таңғалдырып отырған энциклопедия – «Британика». Түркі әлемі де өзінің барлық болмысын сақтайтын сондай дүние әкелуге мүмкіндігі бар. Бүгіні жиында айтылған жылы сөздерге рақмет! Түркі әлемін қатысты дүниеге құрмет көрсетіліп жатқанының өзі де біздің еліміздің жалпы түркі әлеміне көзқарас, бағытын айқындайды деп ойлаймын.

Осылайша жаңа энциклопедия оқырмандарына жол тартты. Республика күніне орай тұсауы кесілген «Түркістан» энциклопедиясы еліміздің, күллі бауырлас халықтардың рухани игілігіне жарай берсін!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Қос қасиет

22.10.2026

1337

Той-қазына

19.10.2026

1329

Taza Qazaqstan