Жазушы Марсель Прусттың «Шынайы сапар – бір көзбен жүз түрлі елді аралау емес, бір елді жүз түрлі көзбен көру» деген әдемі сөзі бар. Біз бұл сөзді сәл жинақтап «барлық сапарлар – жаңа өлкелерді көру емес, өз өлкеңді жаңа көзбен көруге арналады», - дегіміз келеді. Енді осы бір көзқарасқа толықтай ие бір адам бар болатын болса, ол – Мұхаммед Салих. Өмірінің басым көпшілігін сүргінде өткерген, «сүргіннің ішінде сүргін» (Салихтің өлеңі) кешкен ақын. Сүргінде жүріп өз өлкесіне «жаңа көзбен» қарауға тырысқан ақын. Мұндағы «жаңа» деген сөзді абайлап қолданғанымыз жөн. Себебі М. Салих өз алдына жол жасаған ақын емес, бар жолды жалғастыра білген ақын. Ал сол «бар жолдың» жолаушысы ұмытылып, жол үстінде тікен қаптаған уақытта, табанымен тікен кешіп, жолдың «көзін» қайта ашқан жолаушылардың бірі, әрісі бірегейі. Ол жол – қазақтағы Мағжанның, өзбектегі Чолпанның жолы. Ол жол –Яссауидің руханиятынан нәр алған Түркістанның жолы. Мағжанның «Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» дегенде қазіргі алақандай Түркістан қаласын емес, алып жағырапияны айтқан болатын. Міне, осы алып жағырапия жолында жол кешіп келе жатқан ақындардың бірі біз сөз етіп отырған Мұхаммед Салих. Ақынның өзі «Ананың айтқаны» деген атаумен Чолпанның рухына арнаған бір өлеңінде былай деп жазады:
Осы жолмен сен де кеттің, балам-ай,
Қайт дегенде қайтпадың ғой.
Енді кеш!
Жолға түстің алағай да бұлағай,
Жанын қиған атаң сынды өр мінез.
Осы жолмен сен де кеттің, әй, балам,
Гүлдері емес, тікені көп жолдар бұл –
Ештеңе әлі өзгерген жоқ!
Айналаң –
Айқайына жегілуде жаулардың
Осы жолмен сен де кеттің, бал-балам.
білсең-дағы көп екенін қауіптің!
Бірақ бұл жол – тар жол, тайғақ, шырғалаң!
Бірақ бұл жол – бостандығы халықтың!
Көріп отырғанымыздай, бұл жолдың қандай «қауіпті, қандай «тікенді» екенін аңғаруымызға болады. Сөзімізді эмоциядан ада қылып, дәлел болуы үшін өзбектің қазіргі көрнекті жазушысы Ұлықбек Хамдамның «М. Салих Чолпаннан кейін өзбек поэзиясында мазмұны жағынан да, формасы жағынан да ең көп жаңалық алып келген ақын» дегенін де айта аламыз. Мұнымен қоса, өзбектің алапат ақыны Рауф Парфидің 2004 жылы Азаттық радиосына берген сұхбатында Мұхммед Салих жайлы: «Мұхаммед Салих 1960-1970 жылдары өзбек поэзиясындағы жаңа толқынның басы. Ал біздің ұмытылған мұрамыз ұзақ уақыт бойына елеусіз қалды. Абдурауф Фитрат, Чолпон, Қадири және басқа да көптеген ақындардың негізгі идеясы – Түркістан идеясы болатын. Түркістан идеясы басқыншылар үшін, отаршылдар үшін өте қорқынышты жау еді. Осы бір рухымыздан жұлып алған Түркістан идеясын өзбек поэзиясында Шолпандар мен Фитраттардан кейін алғаш айтқан ақын Мұхаммед Салих болды»,- деп баға береді. Сонымен, Түркістан жолындағы жолаушы жайлы аз-кем репликадан кейін, бұл жазбамыздың негізгі мақсатына ойыссақ, құрметті оқырман.
Естеріңізде болса, қал-қадіріміз жеткенше 2022 жылы ақынның бір топ өлеңдерін қазақ тіліне аударып, «Вал-Фажр» деген атпен кітап қылып басқан болатынбыз. Мақсатымыз, бөрі тиген қозыдай болып жан-жаққа жамырап кеткен алып қағанаттың мұрагерлері, қызыл идеологияның санамызға сызып берген шекараларын бұзып, әуелі өнер арқылы бірігу еді. Аударма кітабымызға ақын, Түркия Республикасының экс Премьер-Министрі Бүлент Эжевиттің, Қазақстан халық жазушысы, ақын Олжас Сүлейменовтың және көрнекті өзбек жазушысы Хамид Исмаиловтың пікірлері қоса берілген болатын. Бүгінде қазақ қоғамына тамшыдай ғана үлесі тиген еңбектің бүгінде толық 13 томдығы жарыққа шығып отырғанын сүйіншілегіміз келеді. Аталған 13 томда Мұхаммед Салихтің барлық шығармалары қамтылған. Дәлірек айтсақ, алғашқы екі томы өлеңдерінен құралса, үшінші және төртінші том мақалалар, бесінші том «Жолнама», алтыншы том «Императив», жетінші том «Тірену» кітаптарына арналған. Сегізінші томы әлемдік газет-журналдарға берген сұхбаттары, тоғызыншы том Түрік әдебиетінен аудармалар, оныншы том Еуропа әдебиетінен аудармалар, он бірінші том орыс тіліне аударылған шығармалары, он екінші том орыс тілінде жазған публицистикасы, он үшінші том Мұхаммед Салих жайлы жазылған пікірлер мен мақалалардың жиынтығы. Әрине, 13 томның басылуы «айдан адам келгендей» (Салихтің өлеңі) жаңалық болмауы мүмкін. Бірақ «айдан адам келгендей» жаңалығы және бар. Ол аталған 13 томның Түркістан әліппиінде жарыққа шығуы.
Ақын кітаптың кіріспе бөліміндегі «Hürmatli oquvçi, bu kitabni Türkistan Türkçäsiniñ älifbasida oqiysiz» (қаз. Құрметті оқырман, бұл кітапты Түркістан Түрікшесінің әліпбиінде оқисыз) атаумен жарияланған жазбасында Кеңес Үкіметінің тіл саясаты жайлы қитұрқылықтарына тоқталады. Түркістан елдеріне өз тілдерін өзіне жат қылған саясаттың ақыр аяғы бір-бірін түсіне алмайтын бөтен адамдар жасағанын ашық жазады. Тіпті өзінің шығармашылық тілі өзбек түрікшесінің 1930-жылдары да, 1993-жылдары да әліппи ауыстарған уақытта парсы тілінің дауысты дыбыстары ықпалында қалғанын да тілге тиек етеді. Осы бір олқылықтардың орнын толтыру үшін 1926 жылы Бакудегі бүтін бір түрік халықтарының құрылтайында қабылданған ортақ түрікше әліпбиін негізге ала отырып, төмендегі әліпбиде, ақынның тілімен айтатын болсақ, «тек өзбек тіліне ғана емес, барлық түркі халықтарына ортақ жаңа әліпбиде» шығармаларының 13 томдығын басып шығарады.
Ақын кіріспе жазбасында «Еш күмән жоқ, бұл әліпбиге қарсылықтар болады. Ләкин бүгінгі Өзбекстан (Орта Азиядағы түркі елдері Ф. Т) өзінің Түркістан екенін, өзбектер болса (түркілер болса Ф. Т.) өздерінің Түрік екендерін түсінген күні бұл әліппидің дұрыс таңдау болғанын мойындайтын болады»,- дейді. Тіпті бұдан бөлек алып Түркістанның бір бөлігі өзбек ағайындардың латын әліпбиіне ауысуы жайлы пікірінде: «Өзбек тілі – Адриатика теңізінен Қытай қамалына дейінгі аумақты мекендеген халықтар сөйлейтін ұлы түрік тілінің диалектілерінің бірі. Бұл аймақта түрік тектес 230 миллионға жуық халық тұрады»,- деп Түрік бірлігінің нығаюы жолында әліпбидің ортақ болуының маңыздылығына тоқталады және мұндағы дауысты дыбыстарға ерекше мән беру керек екенімізді жазады. Себебі таңбалана алмаған дауысты дыбыстардың кемшілігі «кеше ғана» пайда бола қалған жоқ, түп негізі сонау жүзжылдықтарға жалғасатынын айтады. Мысалы, әріге бармай-ақ, 16 ғасырда-ақ Әндіжан әмірі Тимурдың ұрпағы, ұлы ақын, Үндістан императоры Захриддин Мұхаммед Бабыр түркі поэтикалық тілінің сингармониялық сұлулығын білдіретін араб әліпбиінде таңбалардың жоқтығына шағымданады. Салих Бабырдың сезінген осы «кемшілікті» ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарында кириллицамен жазған біздің буын ақындары сезінді дейді.
Міне, осы бір кемшіліктердің орнын толтыру үшін, әрісі бүтін бір түрік әлемінің бір әліпбиде басын қосу мақсатында 13 томдық шығармалар жинағын ұсынып отырған Мұхаммед Салихтің еңбегі ерен деп ауыз толтырып айта аламыз. Себебі қазіргі Түркістан ақындарының ішінде барлық шығармаларын Түрік әлемінің бостандығы мен бірлігіне арнаған және оның алғашқы қадамын жасаған қаламгерлер жоқтың қасы. Олай болса, қазақ оқырмандарына ақынды «бір мүшел» кітабын сүйіншілей отырып, алыстағы ақсақал ақынның өзін қазақ оқырмандары атынан шын жүректен құттықтаймыз.
2022 жылы қазақ тіліне аударылған «Вал-Фажр» кітабынан үзінді
МҰҒЖИЗА
Мұғжиза боп Яссауи, расында,
келіп қалса егер біздің ғасырға.
Жерге кіріп кетпес еді ол,
жер түгіл,
жайғасатын
жай таба алмас осында.
«Мұның мұнда ақындығын сүйген ел» –
деп басқарма жалғыз бөлме үй берер.
Ал ол болса іштен құлыптап есігін,
заман жайлы бір өзгеше күйге енер.
Бірақ бізге ашылмайды қақпасы.
Іліп қояр есігіне хатты осы:
«Мазамды алып,
Есікті ешкім ұрмасын!
Өзге әлемнен келгендерден басқасы».
1981 жыл
ТЕҢІЗ ЖАҒАСЫНДА
...Кенет ойға батты теңіз аспаны.
Үйге қайтты ел бұзылған соң жоспары:
Теңізге олар ренжігені соншалық,
Терезенің пердесін де ашпады.
Ашық теңіз аспанында ой тұнған.
Ой тұнған соң ойлы бұлттар қайғырған.
Жалғыз ғана жағалауда адам тұр,
Жаннан артық Отанынан айрылған.
Отанына тең келетін жоқ бір ел,
Алып адам болса-дағы көк тірер.
Тек оның бұл тыныштығы қазіргі –
адам төзбес сағынышы деп білем.
Теңіз көгін ойға жеккен осы адам,
Жаңбырды да алып келген тасадан.
Бәрімізді үйге тығып үн-түнсіз,
Қашып кетем дей ойлай ма жазадан?!
Оның қандай қақысы бар, жағаның
Шырқын бұзып, төгетіндей қаһарын?!
Дереу оны алыңыздар тұтқынға,
Яки тауып беріңіздер Отанын!
1983 жыл
ШӘЙ ҮСТІНДЕГІ ТРАГЕДИЯ
Әкесінің медаліне қызығып,
шәй үстінде сұрар ұлы үзіліп:
Әке, әке!
Бұл домалақ шәйнектің
қақпағы ма,
қалған анау бұзылып?
Эх, ұлым-ау, түсінбейсің нақты әлі,
түсіндірер дұрыс сөзім жоқ тағы:
Бұл дегенің қақпағы емес шәйнектің,
Бұл дегенің...
...ауызымның қақпағы!
1988 жыл
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.