Тыныштықтың қадірін ұқтырған шығармалар

Адамзат тарихында соғыссыз өткен ғасыр кемде-кем. Біздің бүгінгі дамыған дәуірімізде де, майдан даласында етігімен от кешіп жүргендер қаншама. Қанша дәуір алмасып, картада қанша мемлекет өзгергенімен, әдебиеттегі бір сауалдың мәні өзгермек емес. Адамға соғыс не береді? Бейбітшілік нені сақтап қалады? 

Тыныштықтың қадірін ұқтырған шығармалар - adebiportal.kz

Бүгін, 21 қыркүйек – Халықаралық бейбітшілік күні. 1981 жылы бекітілген бұл арнаулы дата – Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының шешімімен қабылданған. Әлем бойынша дәл осы күні бейбітшілік тақырыбында түрлі іс-шаралар мен ашық диалогтар, өзара түсіністік пен ынтымақтастықты тереңдетуге негізделген жиындар ұйымдастырылады. Әлем картасындағы барлық мемлекетпен тату әрі достық қарым-қатынасты ұстанатын еліміз үшін де, бейбітшілікті насихаттайтын күндердің маңызы зор.

Бейбітшілік – әдебиеттегі ең нәзік әрі ең ауыр тақырыптардың бірі деуге болар. Бұл тақырыпты жазу үшін кейде авторға сұрапыл соғысты суреттеудің өзі-ақ жеткілікті. Себебі оқырман майдан даласындағы қырғын оқиғаны оқып отырып, арғы жағында адамның жоғалтқан жақынын, үзілген балалық ғұмырын, соғысқа кеткен әкеге, бауырға деген сағынышын сезінгенде ғана бейбіт күннің қадірін терең түсінетіндей. Осы тақырыпты зерттей келе, әдеби әлемге үңілсек, жазушылар бұл сұраққа әр кезеңде әртүрлі жауап іздегенін байқауға болады. Бірі майдан даласына аттанған бозбаланың қилы тағдырын жазса, бірі соғыстан оралмаған әкені күтумен өткен ананың сағынышқа толы ғұмырын суреттейді. Ал ендібір қаламгер – бейбітшіліктің мәнін соғыс кезеңі аяқталғаннан кейінгі жүрек түкпірінде сыздаған,  жазылмаған жарасы бар жанның өмірі арқылы бейнелейді. Сондай шығарманың бірі – орыс классигі Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» атты көпшілікке танымал еңбегі. Тарих қатпарлары мен адам тағдырының кезеңдерін сөзбен шебер суреттеген жазушы шығармада соғыс тақырыбын кең ауқымда қарастырады. Әлем әдебиетіндегі әйгілі туындыда, 1812 жылғы Отан соғысы кезеңі және сол ауыр кезеңдегі тарихи оқиғалар, бірнеше әулеттің қилы тағдыры қатар өріледі. Романды оқып отырып, Толстой үшін соғыс – тек әскерлер арасындағы шайқас емес, адам өмірін бір мезетте күрт өзгерткен, тыныштық пен бейбіт заманды әп-сәтте быт-шытын шығаратын сойқан құбылыс ретінде суреттегенін аңғарамыз. Шынымен де, соғыс – кез келген ел мен жер үшін ауытқушылығы көп тарихи күрделі құбылыс. Ол жалмап өткен жерде көктің жайқалып шығуы, баланың сыңғыр күлкісі ұзақ уақыт бәсеңдеп қалатыны рас. Тарихтағы төңкеріс жасаған ұлы оқиғалардың артында қарапайым жандардың күнделікті тартысқа толы өмірі тұратынын да, дәл осы шығарманы оқып отырып сезінесің. Автор оқырманға осы тақырыптағы әр детальді шебер ұштастыра жеткізеді.

Соғыс пен бейбітшілік тақырыбында әлем әдебиетінің шоқтығы биік келесі бір туындысы – Эрих Мария Ремарктің «Батыс майданында өзгеріс жоқ» шығармасы. Ұстаздарының жалынды сөздері мен үгіт-насихатынан кейін ерекше рух пен күш алып, Бірінші дүниежүзілік соғысқа аттанған жас сарбаздардың өмірі жайлы шығарма оқырманға соғысты   басқа бір қырынан суреттейтіндей. Соғыстың басқа қыры дегеніміз – жастардың көзімен. Оқ пен оттың арасында қалған жастық алау сезім мен арман-мақсаттардың орындалмастай күлге айналуы, тылдағы адамдардың нағыз қан-шайқасқа толы өмірді көрмегенінен, саналарында оны дұрыс түсіне алмауы, соғысып келген жас сарбаз Отанына оралған соң, зеңбірек дауысы жоқ, бейбіт көк аспанның табиғи дауысына біртүрлі үйренісе алмай, жатсынуы – бәрі-бәрі оқырманды бейбітшіліктің құнын бағалай түсуге үйретеді. Ремарк дәл осы шығармасында соғысты қаһармандықтың белгілі бір биігі ретінде емес, адамның жан-дүниесіндегі ішкі сезімдері арқылы көрсеткісі келетінін аңғартқандай. Зұлмат соғыс жас сарбаздардың асқақ армандарын бір сәтте тас-талқан еткені де – шығармадағы ең ауыр эпизодтардың бірі еді. 

Соғыс кезеңіндегі адамдықты суреттейтін шығарма – «Кімге қоңырау  соғылады?». Бұл – америкалық жазушы Эрнест Хэмингуэйдің танымал шығармаларының бірі. 1940 жылы жарыққа шыққан туынды 1930-шы жылдары Испанияда орын алған азамат соғысы жайлы баяндайды. Автор сол сұрапыл жылдардағы үлкен қасіретті суреттей келе, соғыстың адамды өз бейбіт табиғатына қарсы шығуға мәжбүрлейтін, сондай-ақ адамдықты сынайтын үлкен трагедия екенін жеткізеді. Тағы бір айта кетерлік тұсы, жазушы шығармада соғысып жатқан екі жақты бөле-жара ақ-қара деп көрсетпейді. Біреуіне бұрыс қатыгездік пен айуандықты таңып, енді біріне адами дұрыс қасиеттерді телімейді. Автор үшін соғыста жеңімпаз жоқ. Ол соғысқа қатысқан екі жақты да қатаң сөгіп, сынайды. 

Бұл – әлем әдебиетіндегі көпшілікке танымал, бейбіт күннің бағасын соғысты суреттеу арқылы әдемі сезіндіре алған шығармалардың бірқатары еді. Енді төл әдебиетімізге көз жүгіртсек. Қазақ әдебиетіндегі соғыс пен бейбітшілік тақырыптарында шығармалар қандай? Көкейде дәл осы сұрақ пайда болғанда, оған жауап ретінде бірден - «Артымызда Москва» атты роман оралары сөзсіз. Даңқты жауынгер, халық қаһарманы, жазушы Бауыржан Момышұлының бұл шығармасы – біздегі әдеби әлемнің аса құнды туындыларының бірі. Төл әдебиетіміздегі соғыс психологиясын шынайы әрі дәл жеткізе алған еңбегі. Себебі шығармадағы әр кейіпкер өмірде болған, еш ойдан шығарылмаған. Туындыға 316-шы атқыштар дивизиясындағы генерал-майор Иван Панфилов пен қазақстандық жауынгерлердің ерекше ерлігі, әскери тактикасы арқау болғаны белгілі. Соғыстың қасіретін сезінген ұрпақ қана бейбіт күннің бағасын аса қадірлей алатыны түсінікті. Осы тақырып аясында кеңінен танымал тағы бір шығарма – Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» повесі. Бұл шығармада сұрапыл соғыстың жалмап кеткен зардабы мен салдары жетім балалың тағдыры арқылы көркем суреттеледі. Соғыстан қайтып келмеген әкенің артында қалған ұрпағы жетімдіктің  қиындығын көріп, тауқыметін тартады. Суреткер жазушы бала жүрегінің кішкентай әлеміне майдан өмірінің алып ауыртпалықтарын сыйдырып жібергендей. Қаламгер шығармада қанға бөккен соғыс даласын сөзбен бейнелемегенімен, соғыстың салдарынан баланың жоғалтқан алаңсыз балалық шағын әсерлі жеткізеді. «Жусан иісі» – соғысқа баланың көзімен қарауды үйреткен шығарма.

Бұл ауыр тақырыпта жазылған әрбір шығарма – соғысты дәріптеу емес. Керісінше, оның адам өміріне әкелетін кесапаты мен залалын шығарма арқылы көрсету, бейбіт өмірдің бағасын арттыра түсу. Осындай сарындағы шығармаларды оқып отырып, түсінетін басты идея осы дер едім. Әдебиет оқырманға қарудың үнін естуді емес, адамның ішкі жан-дүниесінің даусына құлақ түруді үйретіп келеді. Содан да болар, бейбітшілік туралы ең әсерлі шығармалар – «бейбітшілік» деп жар сала, ұрандатқан шығармалар емес. Адам жанының қаншалықты қымбат әрі керек екенін жүрекпен сезіндіре алған жылы туындылар. Бейбітшілік – картадағы белгілеп қойған шекаралар мен келісімдерден ғана тұрмайды. Бейбітшілік – қызметінен шаңырағына дін-аман оралған әкеде, баланың шат-шадыман алаңсыз күлкісінде,  ананың тыныш ұйықысында. Болашақты бағдарлап, ертеңге қорықпай қарау, алға қойған арман-мақсаттарыңның бір-бірлеп орындалуы да – бейбіт заманның әдемі көрінісі. Ал әдебиет осындай қарапайым бақыттың қадір-қасиетін ұмыттырмай, қашанда адамзат үшін ортақ жады болып қала бермек.

 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan