Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Ұларбек Дәлейұлының «Жошы хан» романы туралы...

19.08.2024 1224

Ұларбек Дәлейұлының «Жошы хан» романы туралы 12+

Ұларбек Дәлейұлының «Жошы хан» романы туралы - adebiportal.kz

Американдық жазушы Джеймс Фрей «Ғажайып романды қалай жазуға болады» кітабында автор белгілі бір оқиғаны баяндаудың түрін таңдағанда, ол оқырманмен келісім жасайтынын айтады. Сөйтіп, автор мен оқырман қандай да бір стильдің, форманың, мәнердің бағытында «үйлесіп», бірін-бірі шығарма бойы түсініп отырады. Мұны кей әдебиеттанушылар «сенімді» шарт дейді. 

Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» шығармасы да нарраторлық стильмен жазылған. Бірақ онда автор мен оқырманның арасында алдын-ала шарт жасалмаған. Шығарма немен аяқталып, немен тынатыны, соңында қандай оқиға болатыны жасырын. Сондай-ақ мұнда оқырманмен ойнау, оқырманды «алдау», оқырманға ой салу басым. Нарраторлық ұстаным да бір қалыпты емес. Бірнеше жанрдың ықпалында қалып, жұмбақ мағынаны бірден ашпауға тырысады.

Ұларбек Дәлейұлының «Жошы хан» романы – әуелгі бағытқа жақын. Яғни, автор тарихи оқиғаны баяндай отырып, ненің қалай болатынын, қай кейіпкер қандай әрекет жасайтынын тұспалдамайды, ашып айтады. Бұл мәнер – көне қиссаларда сақталған. Солай бола тұра, автор көркем шығармаға қиялды кіріктірмей, шындықпен өргісі келеді. Тарихи деректер молынан қамтылып, ұшан-теңіз қазына сыйлайды. Романның алғысөзінде өзі: «Ойлана келе әр тарауға тақырып қою стилінде Рашид ад-Диннің жолын ұстандым. «Тарау» деп емес, «хикая» деп атадым да, екі жолдық ұйқасты өлең формасында алуды жөн санадым, тақырыпты ұзақ толғамай, өзімше сығымдадым», - дейді. Сондай-ақ автор Жошы хан туралы роман жазуда Әбілғазының «Түрік шежіресі», Нығымет Мыңжанидің «Қазақтың қысқаша тарихы», Өтеміс қажының «Шыңғыснамасы», Мұхтар Мағауиннің «Шыңғыс хан және оның заманы», Зардыхан Қинаятұлының «Қазақ мемлекеті және Жошы хан» атты зерттеу еңбектерін дереккөз ретінде алғанын айтады. 

Шынымен де, автор романды нарратив аспектілерімен «байытқанын» байқаймыз. Мәселен, роман былай басталады: «Бірінші хикая. Есугейдің іңір әлетінде Батсайғұн бақсының тұлымын кесуі. Қоныстан жеткен хабарға Сарқы әулиенің көз жасын төгуі». Осы қысқа анықтамадан кейін жазушы Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-тауарихынан» дерек келдіреді. Ал екінші хикаяның кіріспесінде «Есугейдің Тай шешенді ажалдан құтқаруы. Құдалықтан қайтқан батырдың есіл өмірмен қоштасуы» деген жазу бар. Екі үзіндіде де поэтикалық мәнердің ұшқындары бар. Ұйқасы мен буын-бунақ сандары поэзияның анық шарттарына дәл келмеуі мүмкін, бірақ поэтикалық ырғақ бар екенін мойындаймыз. Бұл әдіс – біріншіден, әдебиетке ақын болып келген Ұ.Дәлейұлының ішкі позициясы мен төл болмысын аңғартса, екіншіден, бұл – оқырманмен неғұрлым жақырынырақ байланысудың реті мен жолы деп түсіну ләзім. Әсілінде, әрбір қалам иесі өзі тілдесіп отырған патша көңілді оқырманның сұранысына лайық болғысы келеді. Сөйтіп, екі «әлемді» жанастыра отырып, бір тұтас идеяны қалыптастыруға ұмтылады. Иә, жазушы бұл тұрғыда «Жошы» әлемін жасай алды. Бұл – әлі ешкім толыққанды бара қоймаған тың тақырып. Автор алғаш болып сол кеңістік пен уақытты сезініп, қаны мен жаны, қуанышы мен қайғысы араласқан дәуірге енді. 

Романда поэтикалық ырғақ, поэтикалық мәтін бар. Ол құбылыс мына үзіндіде анық байқалады: «Аппақ қар үстінде, айқыш-ұйқыш арпалыс ізінде, қызыл қаны су болып ағып, сауыс болып қатқан Темулүннің сансыз жебе сіресе қадалған денесін құшып, еңіреді-ай келіп. Туа сала бауырына басқан, ыстық құшағына алған, мейірін төккен, бесік әнін ыңылдап тербеткен, ес білгеннен жанынан тастамай асауға мінгізген, қылыш үйіріп, садақ атып үйреткен, анасындай қамқор, әкесіндей қорған аяулы Темулүн еді бұл». Проза ішіндегі мұндай поэтикалық мәтін көптеген қазақ жазушыларында кездеседі. Оралхан Бөкейдің шығармаларында бұл үрдіс көк жұлдызындай самсап тұр.

Шығарманың өне бойында түркі мен моңғолдың діни рәсімдері мен наным-сенімдері ұқсас болып жазылады. Автор ежелгі түркі мифтерінен ажырамай, мұны көркем мәтіннің басты структурасының қатарына жатқызады да, оқырманды сол нанымға жетектеп отырады. Сөзімізге бірнеше дәлел келтірейік: 1) «Бір қалыпты бөрі аяңға басқан олар Шекшер сайына кеш түсе жетті. Бұл күні аң кезікпеді. Осыдан біраз жыл бұрын татарларға қарсы алапат майданда қырғын тапқан жасақтарының басына, Таскенереге барды. Өзімен бірге талай жорықты өткерген, ауыр күндерде қасынан табылған батырларды көмілген тас қорымды қоралай отырып, Көк Тәңіріне мінәжат етті. Бұрғу тауына сиынып, олардың жаны о дүниеде алаңсыз жатуы үшін тілек тіледі» (Екінші хикая); 2) «Уа, Тәңір! Ажал аждаһасының аузынан Есугей ерді жіберіп, құтқарып алған өзіңе мінәжат!» (Екінші хикая); 3) «Барша түрік жұрты жылдағы дәстүр бойынша, «Құсқанаты» мен «Отамалын», «Тобылғы жарған», «Бұлбұл Торғай» мен «Аласапыран» амалдарын өткеріп, мамыр орталағанша, малға жайлы жерге тұрақтайтын. Осындай сарсаңмен жүріп, жаз айы да басталды» (Төртінші хикая); 4) «Барлық салт ежелден, Ғұн мен Көк Түріктен бері жалғасып келе жатқан көшпенділердің ежелгі дәстүрі бойынша өткен». (Алтыншы хикая). 5) «Өзі қасына Кет-Бұқаны, Мұқу-Шерен мен Тоғытайды ертіп, жүз таңдаулы жақкер мергенін алып, Селенгіден қайыра бері өтті де, Орхұнды бойлай, Өтүкен даласына бет алды. Баба тарихтан жыр болып жеткен, бала күнінде орда ертекшісі Сұқұ шешеннен талай естіген Білге қаған мен батыр Күлтегіннің басына барып, жорық алды тасаттық бермек. Ерлер аруағына тәу етіп, бет алған жорығына медет тілемек» (Тоғызыншы хикая)

Келтірілген үзінділерге зер салсақ, автор Шыңғыс хан мен оның әулеті, сондай-ақ Жошы хан Тәңіршілдік дінін ұстанып, түркілік наным-сенімге берілгенін байқаймыз. Әрине, саяси және ұлттық ұстанымды нығайту үшін һәм Жошы ұлысын түркіге жақындату үшін бұл әдіс ұтымды болады. Дегенмен, шын болмысқа қарсы тұру қиын. Бұл орайда тарихшылар мен теологтардың пікірі әртүрлі. Бірі Шыңғыс ханның буддизм дінін ұстанғанын айтса, бірі шамандық дәстүрге, яғни табиғат тылсымдарына ғана сенгенін алға тартады. Тіпті, кейбіреуі Бон культіне де жатқызады. Өкінішке қарай, ақ-қарасы әлі күнге дейін ажыратылған жоқ. Барлығы жорамал күйінде қалып отыр. XIII ғасырда өмір сүрген араб тарихшысы Ала Джувейни Шыңғыс әулеті ешбір дінге сенбей, атеистік ұстанымда болғанын ашып айтқан. Бірақ Шыңғыс хан үнемі Бұрқан Қалдун тауына барып, Жаратушысына сыйынған деген деректер де бар. Ғалым Д.Жүнісовтың айтуынша, «Бурхан» – моңғол тілінде «будда дінінің немесе ламалық шіркеудің негізін қалаушы» дегенді білдіреді. 

Шыңғыс әулеті мен Жошы ханның наным-сенімін ислам дінімен байланыстыратындар да бар. Мәселен, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының директоры Ә.Күзербаев «Жошы хан және ислам діні» мақаласында: «Жошы хан мен оның ұрпақтарының ислам дініне ерекше құрметпен қарағанына сол замандағы көне деректер дәлел бола алады. ХІІІ ғасырда өмір сүрген парсы тарихшысы әл-Жүзжани өзінің «Табакат и-Насири» деген еңбегінде Жошы хан Шыңғысханның Батысқа қарай жорықтарды жалғастыру жөніндегі бұйрығына қарсы шығып, өз жақындарына «Шыңғысхан есінен адасты, қаншама халықтар пен патшалықтарды қырып-жоюда. Аңға шыққанда әкемді өлтіріп, сұлтан Мұхаммедпен жақындасып, бұл мемлекетті гүлдендіріп, мұсылмандарға көмектескенім әлдеқайда дұрыс болар» деген сөзін келтіреді. Кейіннен бұл әңгімені естіген інісі Шағатай оны әкесіне жеткізген. Бұл оқиғаның соңы Жошы ханның өлімімен аяқталғаны белгілі» дейді. Ә.Күзербаевтің бұл пікірін одан әрі тереңдетіп, өзіндік дәйек келтірген ғалымдардың бірі, ҚР ҰҒА Құрметті академигі Тілеуберді Тыныбайын еді. Ол «Шыңғысханның діни сенімі қандай болған?» мақаласында былай дейді: «...Тарихқа осы тұрғыдан назар салсақ, Шыңғыс ханның ата-бабалары сонау Оғыз ханның заманынан тартып бір Аллаға иман келтірген, сондай-ақ олар таза түрік нәсілді болған». 

Жалпы, Шыңғыс хан әулеті мен Жошының діни ұстанымын айқындау үшін оның тегін зерттеп алу жөн болады. Бірақ бұл мәселеде де қиындыққа тап боламыз. Өйткені оның тегі түрік пе, әлде моңғол ма деген дискурс бар.  Академик, тарихшы Мәмбет Қойгелдиев: «Меніңше, Шыңғыс ханды түрік, болмаса қазақ деп тану – ұят. Шыңғыс ханды әлемдік кеңістікке алып шыққан – түріктер. Шыңғыс хан – түрік те, қазақ та емес, моңғол. Рас. Шыңғыс ханның негізгі қарсыласы татарлар болды», - деп жазса, «Шыңғыс хан және қазақ мемлекеті» атты кітаптың авторы З.Қинаятұлы «Шыңғыс ханды түрік, қазақ дегеніміз ұят болады. Ол – моңғол халқының тарихи тұлғасы», - деп тиянақтаған болатын. Егер қос ғалымның пікірін негізге алсақ, Шыңғыс әулетінің діні жоғарыдағы (буддизм, шаманизм) бағытына қарай ойысады. 

Қалай топшыласақ та, Ұ.Дәлейұлы қаған сенімін Тәңіршілдікке жақындатып, өз ұстанымын білдіреді. Бұл орайда «әсіре түрікшіл» шығарма деп баға беретіндер де, «осы қалпың дұрыс» дейтіндер де кездеседі. Дегенмен, біздің міндет – неғұрлым табиғи ахуалға қарай бет бұрып, обьективті пікір айту. Мәтін структурасына үңілудің нәтижесі осындай сан алуан пайымдарды тудырады.

Шығарма тілі – символикаға бай болуы қажет. Кейбір тұстарын астарлап, көркем мәтіннің арасына кіріктіріп жіберген дұрыс. Мысалы, автор мына бір үзіндіні кестелі сөздің ішіне пафоссыз, ұтымды қосып жіберген: «Қыр желкесі тұсынан жетіқарақшы жұлдызы көрінгенде барып, өзінің адасқанын, мүлде кері бағытқа кетіп, күні кеше қанды шайқас өткен Жарғана шатқалына тақалғанын анық білді». Дала дәстүрін танытуға ұмтылған жазушы осындай тәсілдерді жиірек қолданса құба-құп.

Көркем мәтінге қойылатын талаптардың негізгісі – оның көркемдігі. Яғни, суреткер көркем тілдің шеңберінен ауытқымауы тиіс. Ауытқыған жағдайда, ол көркем әдебиет стилі емес, басқа стильге айналады. Мәтіннің көркемдігі жайында: «Сөздің эмоциялық өңі, әсерлілігі, сұлулығы деген бар. Тіл құдіреті оның адам ойына ғана емес, сезіміне де әсер ете алатындығында емес пе? Сөз – тілдің көркемдік қасиетін танытатын бейнелеу құралы. Сол үшін де оның бояу-бедері, ою-өрнегі бар», - дейді академик І.Кеңесбаев. Ендеше, автор көркем мәтінді жаза отырып, әрбір сөзіне жіті мән беруі тиіс және стильдік-жанрлық жүйенің заңдылығын да қатаң ұстануы керек. Қысқасы, көркем мәтінге публицистикалық стильдің қарабайыр сөздері енбеуі қажет. 

Біз қарастырып отырған «Жошы хан» романында осындай бірнеше штрих байқалады: 

1. «Тарих таңбасы бойынша 1189 тауық жылы болашақ Шыңғыс қаған хан тұғырына отырды. Кейінгі «тұғырына отырып, туын тікті» деген сөз осыдан қалса керек. Түрік салтында әр дәреже өз жосынымен өткерілген»

2. «Сонымен қатар алдағы жорықта кеңесші, көмекші әрі қорғаушы ретінде Жошы ханзадаға Кете, Құнан, Кет-Бұқа, Мүңгуір нояндар бекітілді». 

Мұндай сөз қолданыстары көркем мәтіннің бастапқы қайнарын «лайлап», мағыналық-идеялық реңкті басқа арнаға бұрғандай әсер қалдырады. Көркем тілдің шебері Мұхтар Әуезовтің қай шығармасын алсаңыз да, жанрларды араластырмай, әрқайсысын бөлек-бөлек қолданған. Әрине, мұндай әдіс қазіргі заманауи әдебиетте бар. Бірақ олардың көбі тарихи романдарда емес, интеллектуалды прозада көрініс табады. Десе де, басты мәселе – Ұ.Дәлейұлы көркем тілді қиыстыруды жақсы меңгерген. Мына бір тұста автордың шеберлігі аңғарылады: «Шығыс жиекті буалдыр тұман бүркеп алғандықтан, ай кешегіден жай шықты». 

Егер тек қана баяндау болса, онда көркем ойды қиыстыру мүмкін емес. Басты кейіпкердің ішкі эмоциясы, психологиялық ойлары мен арпалысы, күйзелісі кей сәтте толық ашылмай қалып жатқаны да сондықтан. Ілияс Есенберлиннің «Қаһарында» Кенесары ханның ішкі бейнесі өте шебер суреттелген еді. 

Енді Жошы ханның бейнесіне келейік. Хан болса да, Жошы – шын өмірде де, шығармада да мейірімді болып суреттеледі. Романнан үзінді келтірейік:

«Жошы орнынан тік тұрып, ізет көрсете келіскенін білдірді.

– Қаған әке, маған деген сеніміңіз бен мейіріміңіз үшін өле-өлгенше қарыздармын! Түрік-моңғол тайпалары тегіс бағынды. Енді терістік Тоғайлының байтақ орманын шарлап, онда мекендейтін барша жұртты қағанат қолына қарату міндетін артып отырсыз. Жорық қантөгіссіз болмас. Дегенмен бәріне қару көтермей, ақыл-парасат көрсетіп, ізгілік жолын ұстауыма мұрсат беріңіз».

Мұнда «қару көтермей», «ізгілік жолын» ұстанды деген идея қозғайды автор. Кейбір деректерде Жошы өз ажалын осы мінезінен тапты деген де пайымдар бар. Жазушы, драматург Думан Рамазанның «Жошы» тарихи драмасында да бұл эпизод кездеседі. Яғни, Жошының бейнесі – көзі қанталаған, қаһарлы патша емес, жүрегіне жанашырлық қонған, жарты әлемді жауласа да, адамгершілікті басты ұстаным ретінде қабылдаған тұлға. 

Қорыта келе, Ұ.Дәлейұлының Жошы хан туралы романынан өткен күннің өшпес ізін, санада қалған сан жылдардың сағымын сездік. Көлемді туынды жазудың машақаты мен ләззаты – бірдей. Жазу машығының қызығына кіргеннен кейін ой мен мәтіннің тоны жібіп, иіліп, бағына түседі. Біз өз тарапымыздан көркемдікке құлаш ұрған «Жошының» жалғасын күтеміз. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар