Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Ұлттық киім – ұлт мінезі...

09.10.2020 2803

Ұлттық киім – ұлт мінезі 12+

Ұлттық киім – ұлт мінезі - adebiportal.kz

Өзбек жайпақ төбелі ала тақиясын әлі киіп жүр. Қырғыз ағайындар да айыр қалпағын әзірге шешкісі жоқ. Арғы-бергі саяси атыс-шабыстар «өз ағамыз» бен «бір туғандарымызды» қалпақтай ұшыра жаздаған еді. Бірақ, қалпақтары аман. Ұлттық қалпақтары. Біздің де мақсатымыздың мүмкіндігімізді жеткетеп ұлт мүдесіне қарай бет бұрған жайымыз бар. Деп жатырмыз... алайда, бүгінде темір тұлпардың терін алып жүрген байырғы жылқышының ұрпағынан, бабаңнан қалған пұшпақ тымақтың қалы қалай деп сұрамақпыз?

Адам көркі шүберек еді...

Абай атамыздың философиялық дәлелі һәм поэзиялық толғанысы бойынша «адам көркі шүберек» болатын. Қарның тоқ, киімің бүтін болса енді айналаңдағылар бай, бағылан екен деп қалатын. Ең бастысы – елдің назарындасың. Қазір де солай. Тек, тым жылтыратып жібердік. Киіміміздің жылтырлығын қайдам, денеміздің, тәніміздің жылтырлығы ұлғайып кетті. Жарайды, әркім тапқанын киетін заман болар. Дегенмен, ұлттық нақышымыз жоғалып барады. Ұлттық киімімізге байланысты айтамын. Сосын, жоғалтып алдық деп шорт кесуге болар еді. Алайда, ұлттық мерекелердегі жасандылықтарға жаның ашиды. Өзі жоқтан тапқандай болып жүргенде. Оның өзін қағаз бетінде пышаққа жықсақ...

Көшеде талай түріктің ай сырғалы қыздарын көрдік. Бойлары ұзын, шаштары да белуарына түскен. Сосын, ұзын қара юбкаларының етегі жер сызып бара жатады. Тым әдемі. Нағыз түрік қызының тірі образы. Ал бізден көрік қашқалы қашан. Шүберекті айтамын. Қазір қазақ жастарының көбі көрік үшін, әдемілік үшін емес, сән үшін алба-жұлба, дал-дұлы шығып жүретін болған. Айталық, төбе шашы аспанға шашылған бозбалалардың ауы тізесінде жүр. Құлақта сырға. Қарап отырып, біз осы Тарас Бульбаның ұрпағы емес пе екенбіз деп ойлайсың. Бойжеткендеріміз «лыпасыз қалдының» аз-ақ алдында. Қыз бала әуел бастан жылтыраққа үйір келетін. Бұларда сол формуланың «құлдары». ЦУМ-нан сатып алған қазақтың әйеліне ғана жарасар оқалы білезік, зерлі жүзік пен күміс сырғаны бұлар да тағып жүр. Өкінішке қарай, әрине, сән үшін. Қандай ұлттық құндылық бойларында жүргенін жүрекпен сезінбегесін солай болары заңды да. Есесіне темекісі бар. Әлдеқашан «нәзік детальды әйел-паравозға» айналған. Ауылда насыбай ататын кәрі әжелерді білуші едік. Төрінен көрі жақын оларда басқа не қалып еді?..

Алба-жұлба

Бала кезімізде үнді фильмін пысынап отырып тамашалайтынбыз. Онда өмірі қыс болмайтын Индияның төбелесқой жігіттері тапа-тал түсте мойындарына шарф орап, аяқтарына қонышы тізеден келетін былғары етік киіп алып үйден-үйге ыршып жүретін. Қыздары жалаң аяқ. Күлмеңіз. Қай бетіңізбен күлмекшіміз? «Көшпенділерді» Голливудқа қыста апарып, ашық алаңқайға көрсетпесе ағылшындар ыстықтап, терлеп кететін шығар. Біз сөйттік. Аспанда шөкімдей бұлт жоқ. Жердің шаңы көкте жүр. Үш-төрт кемпірі, батыр-бағыландары мен би-төрелері айнала қоршап Әбілхайыр хан тұр. Ордасының алдында. Хан ордасын иектеп ат байланып тұрмайтынын, құл-құтан, жарлы-жақбайлар хан ордасын төңіректемек түгілі төбесін көрсетпейтінін, тарихи романдардан талай оқыған едік. Жарайды, ол заманды көзімен көріп келген ешкім жоқ қой. Әмбе, бізге керегі бұл емес болғасын, жайына қалдырайық. Сонымен шілденің шіліңгірі, ...Әбілхайыр хан тұр, түксиіп. Басында құндыз бөрік, үстінде түлкі жағалы қасқыр ішік. Аяғында қайқы бас саптама етік. Осыдан кейін-ақ, сырт көзге «қазақтар тер сасып жүріпті» деген қалыптаспасына кім кепіл. Тағы сол, о заманға барып келген кім бар дейсің. Баяғының қойшылар түйе жүн шекпен мен тымақ киіп алатын көрінеді. Сөйтсе, қалың киімнен күн өтпейді деседі. Бірақ, хан екенмін, ішіммен қоса сыртымда қымбат болсын деп жеті жұттан келгендей жаздың аптап ыстығында қазақтар аң терісіне оранып алыпты дегенге сенім жоқ. Хан қойшы емес қой. Бұл да, артық қыламын деп тыртық қылатын жарасымсыздықты әспеттеу болар?

Қытай қытайдың тауарларында; тігісінен сетінеп кете беретін нейлон көйлегі мен сасық аяқ киімінде болушы еді ғой. Сол сияқты кез келген еуропалық (батыстық) үлгідегі киімдерді қазақтың ұлттық оюымен будандастырған жаңа модылар шыға бастады. Зиялы қауым арасында «Көшпенділер» фильміндегі қазақтар мен қалмақтарды ажырата алмай дал болдық деген пікірлер болған. Бұл жердегі мәселе де сол, қазақтың ұлттық шата кейіпке ауысып бара жатқан киімінде болып тұрған сияқты.

Кемпір киген бе, келін киген бе?

Бізде, шапан немесе қос етек қазақ көйлек кисең қазақ болып шыға келесің деген пікір бар. Әсіресе мейрамдарда кең етек алған осы бір салмақсыз ұғым қазақтың сүрепетін кетіріп-ақ жібереді. Ондай кезде ұлттық тұрғыдан сауатсыз ұрпақ кемпірдікі екені белгісіз, әйтеуір, қолдарына түскенін киіп алады да, алаңға шауып шығады. Мәселен, алаңдағы киіз үйлерден он екі де бір гүлі ашылмаған қыз балалардың басына шыт тартып шай құйып отыратынын талай көргеміз. Болмаса, етегі қысқа бешпентінің белін қынай буып алып, басына байлам (қазіргі тілмен айтқанда бандамка) тағып алып қонақ күтіп жүрген жігіттерді де кездестіргеміз. Орынсыз әрекеттер. Қазақта қыз балаға шыт тартпаған. Шыт тарту – әйел болғандықтың белгісі. Ал, кейінгісі ат үстінде бөркі ұшып кетпес үшін байлам тағып алған жылқышы. Сері қазақ жаратылысынан әдемілікті, жарасылымдылықты жанынажанына жақын көрмеп пе еді? Әркім жас шамасына, дене бітіміне, түр-тұлғасына қарай лайықты киінбеп пе еді? Жоқ, сеңсең бөрік пен үкілі камшаттың жұрнағы болып қалған «айналымдағы жиырма шапан» жауыр түйенің қомы сияқты кей қазақтың үстінде қауқиып бос тұрғаны.

P.S:

Бабаларымыздың қайсысы не киген деген ұлттық сауалға жауап ретінде далбағай мен қаудыр тонның, шылауыш пен шәлінің, сәукеле мен шолпының ара жігін ажыратып алмай қазақтың ұлттық киімі өзіне үйлесе қоймасы анық. Тегінде, өзің – бала қазақ, бабаң қазақтың қандай болғанын білмеу – ұлдарымызға сын, қыздарымызға мін болмақ.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар