Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының мерейтойына және Халықаралық Кітап және авторлық құқық күніне арналған «Ұлттық ұғымға ұласқан кітапхана» атты Ашық есік күні өтті.
10 жылдық мерейтой – кітапхана тарихындағы айтулы күн болды. Осы кезеңде кітапхана ел деңгейінде ғана емес, халықаралық деңгейге сай болуы, халықтың ұлттық және мәдени жетістігінің ең бір маңызды нысанына айналуы үшін қызметкерлер орасан зор жұмыстар атқарды.
Ашық есік Күніне ҚР Тұңғыш Президенті мұражайы, Түркі академиясы, Астана қаласының жоғары және орта оқу орындарының басшылары, қала кітапханашылары, облыстық кітапханалардың басшылары, Челябі Мемлекеттік мәдениет және өнер академиясы тыңдаушылары қатысты.
Ашық есік күні ақын Бауыржан Қарағызұлының өлеңімен ашылды. ҚР Парламент Сенатының депутаты, жазушы Жабал Ерғалиев құттықтау сөз сөйледі.
Мерейтой кітапхананың 10 жылдық қызметін көрсететін «Ұлттық ұғымға ұласқан кітапхана» атты кең, мазмұнды көрменің тұсаукесерімен басталды. ҚР Мәдениет министрлігі, «НұрОтан» партиясы, Қазақстан халықтары Ассамлеясы, ҚР Кітапханалық ассоциациясы, Назарбаев университеті, Облыстық әмбебап ғылыми кітапханалар, серіктестер – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, М.В.Ломоносов Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандық бөлімшесінің өкілдері құттықтап сөз сөйледі.
Ғалия Бөкейқызы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы бас директорының орынбасары, «Кітап патшалығы» журналының бас редакторы:
– Бүгін Астананың мәдени өмірінде атаулы оқиға. Осыдан он жыл бұрын 2004 жылдың 23 сәуірінде «астананың ақпараттық, білім беру, мәдени-ағартушылық инфрақұрылымының дамуына» үлесін қосуы тиіс «Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы» мемлекеттік мекемесін құру туралы Қазақстан Республикасының Үкіметінің Қаулысына қол қойылды. Міне, содан бері он жыл өтті. Атқарылған істердің нәтижесінде – бүгінде Ұлттық академиялық кітапхана – тәуелсіз Қазақстанның жас астанасында өзінің серпінді дамуын жалғастырып жатқан жаңа форматтағы кітапхана. Кез келген кітапхананың құндылығы - ол оның ақпараттық ресурсы. Алғашқы ашылған күннен бастап әртүрлі оқырмандардың ақпараттық сұраныстарына жауап беретін қор қалыптасуда. Қазірде Кітапханада әлем халықтарының 53 тілдеріндегі 800 мыңнан астам дана құжаттар бар. Ерекше алғыс сөзімізді сый тартушыларға арнаймыз, өйткені осындай қолы ашық азаматтардың арқасында қордың көлемі ұлғая түсуде. 10 жыл көлемінде олармен 150 мың дана кітаптар сыйға тартылды. Кітапхана соңғы алты жыл көлемінде Қазақстандық ұлттық электронды кітапхананы құрумен айналысуда. Қазақстан Республикасының тарих және ғылым, технология және медицина, білім беру және мәдениет ауқымындағы құжаттардың толық мәтіндерін ұсынатын Ұлттық ақпараттық электронды ресурста ашық қолжетілімдегі 16 мыңнан астам құжаттар бар. Осыған біздің инновациялық жобаларымыз: «Бір ел – бір кітап» акциясы, Халықаралық оқу Конгресі, Қазақстанның жас кітапханашылар слеті, Астананың 10 жылдығына арналған «Астанаға кітапханалық отшашу» автожорығы, ТМД елдері кітапханашыларының Халықаралық форумы, «Астананың мәдени мәтіні» Халықаралық конференциясы, «Мәскеу Мемлекеттік университетінің ғалымдары шақырады...» дәрістері, «Көкжиек» халықтық дәрістері топтамалары, жастарға арналған «Тағылым» шығармашылық ойшылдардың дәріснамалары және көптеген басқа да іс-шаралар көмектесті. Өзінің жастығына қарамастан, Кітапхана дүниежүзілік кітапханалық қауымдастықта лайықты орнын иеленді. Ұлттық академиялық кітапхана – Қазақстан Республикасының Кітапханашылар ассоциациясының, Еуразия Кітапханалық ассоциациясының, Халықаралық кітапханалық ассоциациялар мен мекемелер федерациясының мүшесі болып табылады. Әріптестерімді бүгінгі мерекемен құттқтай отырып, бірлесіп атқарылған жұмысқа шын ниетіммен алғысымды білдіремін.
Ғарифолла Есім, философия ғылымдарының докторы, академик: – 10 жылдың ішінде ұлттық кітапхана Астананың рухани орталығына айналып үлгерді. Жақсы жұмыстар атқарып жатыр. Мысалы, мен ұлттық кітапханамен мынадай жұмыс атқарып жатырмыз. Ол «Бір ел – бір кітап» акциясы. Биыл Сайын Мұратбековтың шығармаларына арналады. «Бір ел – бір кітап» акциясын қазақтың көрнекті ақыны Фариза Оңғарсынова басқарған болатын. Мен орынбасары болдым. Қазір сол жұмыстарды жалғастырып жатырмыз. Осы жұмыстың көлемінде қазақтың ақын-жазушылары, қаламгерлері, қайраткерлері осы жерде бас қосып, жиындар өткізіп тұрамыз. Кітапхана өзінің алдына қойған мақсатын орындап жатыр. Кітапхана ұжымына алғысымды білдіргім келеді.
Қазақстан Ұлттық электронды кітапханасы, «Бір ел – бір кітап» акциясы, ғылыми-танымдық, әдіскерлік «Кітап патшалығы» журналы және ҚР Ұлттық академиялық кітапхана қызметіне арналған презентациялар көрсетілді.
Сонымен қатар, «Алғашқы қарлығаш», «Кітапхана жанашыры», «Оқуды қолдаған ең үздік қайраткер» номинациялары бойынша және ҚР Ұлттық академиялық кітапхана мамандарын марапаттау рәсімі өтті.
Парламент Сенатының депутаты, жазушы Жабал Ерғалиев «Кітапхана жанашыры» номинациясымен, қоғам қайраткері, академик Ғарифолла Есім «Оқуды қолдаған ең үздік қайраткер» номинациясымен марапатталды.
«Ұлттық ұғымға ұласқан кітапхана» атты Ашық есік күнінен фоторепортаж
adebiportal.kz
Материалды көшіріп жариялау үшін
редакцияның
немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме
берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас
құқықтар
туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның
көзқарасын білдірмейді.