Ұлы дала кентаврлары
Белгілі ақын Маржан Ершу жақында «Кітап туралы поэма» атты еңбегін жазып бітірді. Поэма мақсаты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі» тарихи Жарлығына сәйкес, қоғамдағы кітап оқу мәдениетінің маңыздылығын паш ету. Поэмаға мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетовтың тарихи, мәдени, рухани еңбектері арқау болған. Автордың бұл поэмаға үлкен дайындықпен келгені байқалады. Поэма он екі бөлімнен тұрады. М.Ершудың «Кітап туралы поэмасынан» үзінді жариялап отырмыз.
Алдымен ғаламтордағы ашық дереккөздерден аз-кем ақпарат:
2004 жылы Иманғали Тасмағамбетовтың «Кентавры великой степи» атты кітабы орыс тілінде шықты. Бұл кітап жоғары полиграфиялық және көркемдік сапасының арқасында Мәскеуде өткен Халықаралық ТМД мемлекеттерінің «Кітап-Өнер» атты екінші Халықаралық конкурсында «Гран При» жүлдесін жеңіп алды. Конкурстың қазылар алқасы кітаптың ғылыми мазмұнымен қатар, оның көркемдік эстетикасын, безендіру сапасын өте жоғары бағалаған. Кітап көшпелілер мәдениетіне, Ұлы Дала тарихына және атқа міну мәдениетінің «атты әскер мен көшпелі өмір салтының» адамзат өркениетіне тигізген әсеріне арналған. Кітапта ежелгі сақ, ғұн, және түркі дәуірлерінен бастап, қазақ хандығына дейінгі дала халқының тұрмысы, оларды атты тізгіндеу мәдениеті мен символикалық түрдегі «адам-ат» (кентавр) бейнесі ғылыми деректермен және көркем суреттермен баяндалған. Бұл кітап тек саяси қайраткердің жазған еңбегі ғана емес, Қазақстанның бай тарихын әлемдік денгейде насихаттаған ең сәтті интеллектуалдық жоба ретінде бағаланды. Әлемге әйгілі бразилиялық жазушы, «Алхимик» романының авторы Пауло Коэльо «Кентавры великой степи» кітабын оқып, қатты шабыттанып, атақты «Заһир» романын жазған.
2004 жылы Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың шақырумен атақты жазушы Қазақстанға келді. Пауло Коэльо 2005 жылы жарық көрген «Заһир» романының соңғы бетінде: «Мен Қазақстандағы саяси және мәдени жағдай туралы құнды әрі ауқымды ақпарат берген «Ұлы дала кентаврлары» кітабының авторы әрі қазақ мәдениетінің білгірі И.Тасмағамбетовпен кездестім. Ол маған қазақ халқының еркіндік сүйгіш табиғатын, дала философиясын және көшпелілер өркениетінің ерекшеліктерін түсіндіріп берді. Мен бұл ақпараттарға қатты таңданып, көшпелілердің өмір салты өзімнің «Алхимик» кітабымдағы рухани ізденіс идеяларымен өте қатты үндесетінін айттым. «Заһир» романыма Арал, Семей қасіреттері туралы сюжеттерді қосуыма И.Тасмағамбетовтың айтқан сөздері негіз болды. Бұл мен үшін жай кездесу емес, қазақ даласының мұңы мен рухын әлемдік әдебиетке алып келген мазмұнды шығармашылық диалогқа айналды»,- деп жазған.
Пауло Коэльоның «Заһир» романы 2005 жылы жарық көрген сәттен бастап, әлемдік бестселлерге айналып, Франкфурт, Лондон сияқты ірі Халықаралық Кітап Көрмелерінде ерекше таныстырылды. Кітап Көрмелерінің бас рейтингтерінде ең жоғары бағаланған шығармалардың қатарынан көрінді.
2026 жылы ақпан айының соңында Пауло Коэльо өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында 2004 жылы Алатау баурайында арғымақпен түскен архивтік суретін жариялап, қазақ халқын Шығыс күнтізбесі бойынша Жаңа жыл – Жылқы жылымен құттықтады. Бұл сөздерімен әлемге әйгілі жазушы қазақ даласына деген шынайы сағыныш пен құрмет сезімін танытқандай болып, атақты жазушының әлеуметтік желідегі ең танымал постына айналды. Шартараптан сан мыңдаған лайктер басылып, пікірлер жазылып, әлеуметтік желіні қолданушы әлем жұртшылығын дүр сілкіндіріп, Қазақстан мәдениеті мен табиғатына мойын бұрғызды.
«Кітап туралы поэмадан» үзінді
Ұлы дала,
Төбеде күн аспаны,
Желдей жүйткіп бұл арадан кім аспады?
Кентавр,
Амазонка,
Салт аттылар
Өтті ме өмір бақ-талайын сынасқалы.
Аңыз бар ежелгіден таныс жұртқа,
Кентавр - адам да, ат та мұны құпта.
Көшпелілер тұлпармен туыс па әлде?
Тұлпар –дүние тұғыр боп тұрған шақта.
Ат шаппайды аяғына тот та қонса,
Түсті екен кентаврлар топқа қанша?
Даланың дарабозы болды ма екен
Жүрісі толып барып тоқтағанша.
Ешкімнің көнбеймін деп мазағына,
Тіршіліктің шыдады ма азабына?
Кентаврдей құдыретке жолдас емес
Байлық та, қорқақтық та, қаза, күнә.
Өтті дәуір кентаврге өріс тар ма?
Қара тас та иледі ол ұстарда.
Дүние айналғанда шыркөбелек
Ат-адам боп өзімен алысқан ба?
Кентавр кімнің ісі? Ер ісі ме?
Демін де тартатындай жер ішіне.
Дұшпанының қылышынан қан ағызып
Жақты ма екен өзінің терісіне?
Кім білсін кентаврдың заты солай,
Өркениет ғаламат боп жатты талай.
Кентавр-табиғаттың туындысы
Қарайық оған да бір жатырқамай.
Жүргендей көк пен жердің әмірімен,
Құпиялы тылсым сыр өмірімен.
Өз отына өртеніп кетті ме екен
Мәңгілікке жоғалып өңірінен.
Кентавр - адамат боп жан бірікті,
Шыбын жаны жалғыздың жаңғырықты.
Кентаврдың аңызы осылайша
Адам-аттан адамзат боп жаңғырыпты...
***
Тарихтың да болады қызық жері,
Қатын патша ұлғайып қайғы-шері.
«Қорладың қасиетімді» дегені үшін
Қырық бүгіліп иілді байғұс ері.
-Еркексің ғой! Ұнамайды мына күйің!
Ез еркек қайдан ұқсын қатын күйін?!
Жаралап жүрегімді пәршаладың
Ашу- боран, долы-жүрек, сезім-құйын.
Көз алдымда биттей боп кішірейдің,
Көрсетермін көзіңе күш-үрейді.
Еркек болып еркектік танытпаған
Кісіні кім кісі дейді?
Болмаса егер бойыңда ұят-арың,
Кімге керек үрім-бұтақ, үй отаның?
Қан толған көкірегімді көкке сауып
Шаңырағыңды қиратып құлатамын.
Затың –еркек болғанмен атың -есек,
Ылдым-жылдым тірлігің қақың есеп.
Қара тауды қопарар күшің де жоқ
Баққаның ел аузынан қатын өсек.
Қаған қатын қаһарланды үні ызғарлы,
Жалаң қолмен оятындай сом мұздарды.
Атқа мініп жинады ұрғашыны
Қарты, жасы, жасамысы, кіл қыздарды.
Көңілі қалған сол сұлу бұрып бетті,
Тек әйелдің көз жасы тұнық депті.
Тайпасын артқа тастап жөңкіледі
Қиырда кілең қыздан құрып шепті.
Асқан батыр шетінен жауға шапқан,
Ақ төсін самал желге аймалатқан.
Ат үстінде еркін садақ ату үшін
Оң жақ омырауын төсін шапқан.
Мың әйел бір қатынның тілін ұқты,
Тоңса тоңып намыстан жылыныпты.
Амазонкалар айбаттанып күннен күнге
Қаталдық пен батырлықтың күйін ұқты.
Ағын судай айқайынан құлақ тұнған,
Құтқармаған жауларын қырат қырдан.
Еркектерден безінген амазонкалар
Сақина, сырғаларын лақтырған.
Тайпаны шауып алып көк белесте,
Ерлермен шайқасады жекпе-жекше.
Заманақыр басыңа туады екен
Әйелзаты ашынса, өкпелессе.
Демей ме: қарғыс пенен өлім қатар,
Амазонкалар бұйрығын орындатар.
Туу да, көбею де заңдылық деп
Еркек тұтқынды төсекте қабылдатар.
Ұл туса болады деп «сері» кілең,
Өлтірген сол заматта қолыменен.
Қыз туса айбарымыз асады деп
Баулыған жауынгерлік жолыменен.
Қырық жыл сан ұрпағы алмасыпты,
Жылдарменен жылдарға жалғасыпты.
Ен даланың төсінде сұс қашырар
Аманзонкалар қанша ерді жарға жықты.
Қырық жыл бірге атқан таңдарынан,
Жалығып бұрынғы бір заңдарынан.
Жас амазонка махаббаттан мас болғандай
Жетем деп жүгіреді арманына.
Өмір-өзен кеткенде тұйықталып,
Махаббаттың отына күйіп-жанып.
Сарматтың сарбазына ғашық болған
Жас амазонка абайсызда сүйіп қалып.
Ақтарып неше түрлі сыр асылын,
Ғашықтықта болмайды сірә, тыным.
Сармат пен амазонканың махаббаты
Туғызды сезім-күйдің сұрапылын.
Осылайша Құдай да сынап көрген,
Әйелге де, ерге де сынақ берген.
Амазонкалар сарматтармен отау құрып
«Савромат» деген дүниеге құрақ келген.
Ұлы дала осылайша сілкіне ме?
Адам ата Хауа ана ғұрпына ене.
Сарқырап тау тасқыны сарқырама
Ұзақта шұрқырайды жылқы неге?
Жаратқан жалғыз өзі қам қылар да,
Сезім селі, жүрек үні қалғымаңдар.
Дүниенің тұтқасы бұл –махаббат
Бар болыңдар, адамдар, бар қылыңдар!
***
Уа дала! Құшағың кең толға сырды,
Мың жылдықты қалдырдың сан ғасырды.
Бабалардың сүйегі ақ жем болып
Талай тарих көміліп құмға сіңді.
Ашылмастай жабылып ескі кеуде,
«Ботай мәдениет» ұқсамас ешбіреуге.
Қазбалардан жерге шыққан өркениет
Ой салар білгендерге, естілерге.
Күн де батар оранып ақша бұлтты,
Айлар да өтер арада қаншалықты.
Көшпелілер ертеден атқұмар боп
Ұзақ жолда жортуылдап ат сабылтты.
Жылқы деген бабамның жан асылы,
Жақсы ат - батыр ердің жанашыры.
Археология ізіндегі мағұлматпен
Ашылғандай «Ботайдың» жаңа сыры.
Желден де сыр оқыған құлақ түріп,
Санаға сан мың түрлі сұрақ кіріп.
Арман-қиял жай оғындай зымыраған
Көңілін көк аспанға лақтырып.
Өрлік бар күн қақтаған келбетінде,
Жаны құштар әлемді тербетуге.
Жылқыны ең алғаш қолға үйреткен
Бабамыздың «Ботай қонысы» жер бетінде.
Арғымақтай бір тыныш таппай жаны,
Айға ұмтылған қылыш жүз көкке ойнады.
Көшпелілер тұлпарға ұқсайды екен
Ашуы да, жалыны көп бойдағы.
Тапқандай осылайша жан қазығын,
Дәмін алып сары қымыз, сар қазының.
Шалбар мен саптама етік ойлап тапқан
Көшпелілер қамын ойлап сарбазының.
Қаншама қажыр қайрат, тер төгілді,
Кеңдікпен дала күйін шерте білді.
Тарихқа тарту еткен салт аттылар
Үзеңгі, ауыздықты, ер тоқымды.
Көтерген жотасына жүгі дүрдей,
Сыр білгенге ат та өтер сүріндірмей.
Ат жалында көркейген салт аттылар
Арманымен айға алыс ту ілгендей.
Тауды кезіп өзеннен қарғымақ бар,
Көшпеліге таңданған сан құлақтар.
Дүниені дүбірімен дүрсілдетіп
Аспанға алып ұшты арғымақтар.
Талай тізе бүктірген қалжыратып,
Бұрқыратып соңынан шаң шұбатып.
Салт аттылар салтына ізгі жандар
Санада ескерткіш боп қалды қатып.
Білермісің?!
Кітап деген күшті ұғым,
Ғажайыбы, асылы жер үстінің.
«Ұлы дала кентавры» кітабы-
Қиялыма қанат байлап ұшырды
Жүрегіме қалдырды да ұшқынын.
Өмір дәйім тұрады ылғи сұрақтан,
Кітап сөзі таңдандырған жұбатқан.
«Ұлы дала кентавры» кітабын
Тек мен емес,
«Алхимиктың» авторы
Әйгілі Пауло Коэьло да ұнатқан...
***
2004 жыл. Мәскеу қала.
Халықаралық Кітап-Көрме байқауы,
Көтеріле түсетіндей ой тағы.
Сан қиырдан жиылған көп кітаптар
Сан түрлі сыр айтады.
Өмір-толқын тулайды екен басқаша,
Кітап жазып, мүсін жаса, тас қаша!
Өнер тудыр өзегіңнен бірақ та
Бекер бәрі -
қарсы алдыңнан бағалаушың тоспаса!
Мәскеу - ойдың, іріліктің алаңы,
Биік әркез қоятұғын талабы.
«Ұлы дала кентаврлары» кітабын
Таңданыспен бағалапты жоғары.
Қазылардың бір арнада - ойлары,
Ішкі мазмұн, сыртқы форма сай бәрі.
«Кітап - Өнер» сайысында бұл кітап
Гран Приді қанжығаға байлады.
Кітап озып шыққаннан соң жарыста,
Мұхит асып тарап кетті алысқа.
Көшпелінің әлеміне қызығып
Бразилиялық жазушы да танысқан.
Пауло Коэльо ғажайыпқа алаң ба?
Жоқшы сынды аласапыран заманда.
Әсерімен кітаптың
Хат жазбақ боп авторға
Қолын созған қаламға:
«Иманғали! Көңілімді тасыттың,
Ұлы дала маған рас қашық тым.
Кітабыңыз арман жүктеп, ой артар
Сол даланы көруге бір асықпын.
Ұлы дала сырларына қанықтым,
Салт аттылар топырағынан хал ұқтым.
Көп заманғы шежірені паш еткен
Сусындадым кітабынан халықтың.
Жинағандай дүниенің бар құтын,
Ұлы дала аспанында барқыт үн.
Қыш құмыра балбалдардың көзіндей
Ұсынар ма
Маған да бір сарқытын.
Ерлікті сөз жүрек қылын шертеді,
Ұлы дала - бұл дүниенің көркемі.
Бұл кітаптың әсерімен туғандай
«Заһир» романым жүрегімнің серті еді».
Биік болсын ар-намыс төрімізде,
Ақыл-ойға данышпан елімізде.
Жазушы хаты -
Алматының Әкімін толғандырып
Шақырады: «Елімізге келіңіз!» деп.
Осылайша басып көңіл пернесін,
Кітап жайлы аңыз көкті кернесін.
Жақсы күннің жаршылығын паш етіп
Көңілдердің көтерілді зердесі.
Кітап сөзін ұғыну да кісілік,
Кітаптар бар қазынадай іші құт.
Кітаптардың ақтарғанда парағын
Қаламыз біз кейде өсіп, кішіріп.
Пауло Коэльо кең қанатын қомдады,
Ұлы дала, үлкен қала, тау бәрі.
Киіз үйлер, аттар, оттар, жылылық
Болған көптен арманы.
Әкімменен сұхбаттасты сағаттап,
Өрелі ойдың қазбаларын парақтап.
Әйгілі жазушы жазды қойын дәптерге:
«Қазақ қандай халық еді жаны аппақ!».
Әкімнің де бір лебізі бар тағы,
Болашақ романға бар екен-ау айтары:
«Арал, Семей қасыретін өрнектеп
Сюжетіңізге тұз қоссаңыз қайтеді?»
- Қаламымның арын биік ұстандым,
Ізет көрдім бұл халықтан күш те алдым.
Ұлы дала мәртебесін өсіріп
Жазам даңқын ақын Қазақстанның!
-Деді Пауло –Жер куәсі көкте күн,
Бұл саяхат ең ерекше көктемім.
Бір кітаптың әлемімен осындай
Жерге түсем деп едім.
Өткенге біз құмармыз жазып аңыз,
Болғасын да өшпейтін қазынамыз.
Жүрсек те мақтан қылып мұңаймасқа
Өткеннің қасиетін аз ұғамыз.
Кітаптармен ел өсіп, жатсын күші,
Кітапсүйер ағайын бас шұлғысын.
Ел мен елді, ер мен ерді жақындатсын
Кітаптардың көрсетер жақсы үлгісі.
Арман көп,
Қиял да көп ойда бірақ,
Ісімізден қиялымыз жылдамырақ.
Пауло Коэльо Қазақстанға келгеннен соң
Арада өткен жиырмадай жыл жамырап.
2026. Жаңа жылға тілек арнау сүйікті ұғым.
Инстаграм қалғандай ұйып бүгін:
-Қазақтарды құттықтап Жаңа жылмен
Пауло Коэльо көрсетті биіктігін.
Таңғажайып пост болды-ау ел күткен,
Пауло мырза өзіне тән кеңдікпен.
Сағынышын паш етіп,
Арғымақпен Алатаудың баурайында
Түскен архив фотосымен
Бар елге жан сезімін сендірткен.
Желі деген сұрапыл сарқырама,
Дауылпазы көңілдің шарқ ұра ма?
Арғымағы көңілдің шауып кетті,
Әп –сәтте ақ нөсердей жауып кетті:
-Ой, керемет! Қазақстан! Қазақтар!-деп
Миллион лайк, мың сан пікір жазылып шартараптан
Жазушыға алғыс көңіл арқалатқан.
Біреулер қуаныштан жатты күліп,
Біреулер «ғажайып» деп жатты мұны.
Ең танымал пост болды «Инстада»
Атақты «Алхимиктің» авторының.
Жазушы үні - дүниенің жарығындай,
Сезім селі өмірдің тамырындай.
Пауло Коэльо лебізі неткен ыстық
Лаулаған алау оттың жалынындай...
Маржан Ершу, ақын, аудармашы.
