Ұлы даланың ұстазы Ыбырай: көпшілік біле бермейтін деректер

Ұлы Даланың алғашқы ағартушы-ғалымы, аса көрнекті педагог, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы 20 қазанда (кейбір деректерде 26 қазанда, 7 қарашада туған деп көрсетілген) дүниеге келген. Ағартушының туған жері – Қостанай өңіріне қарасты Арақарағай мекені. Негізінде азан шақырып қойған есімі – Ибраһим болғанымен, бала күнінен Ыбырай аталынып кеткен. Бүгін ұлт ұстазының туғанына 185 жыл! Осыған орай қазақ даласына білім шырағын жаққан тұңғыш ағартушының өмірі мен қызметі, отбасы мен балалары жайлы қызықты деректер ұсынып отырмыз. 

Ұлы даланың ұстазы Ыбырай: көпшілік біле бермейтін деректер - adebiportal.kz
  • Ұлт ұстазының әкесі – Алтынсары 1844 жылы Кенесары хан көтерілісіне қатысып, ұрыс даласында қаза табады. Осылайша бала Ыбырай небәрі 3 жас шамасында әкесінен айрылады. Ал ағартушының анасы  Айман – Орта жүздің арғын руынан шыққан көпке белгілі Шеген бидің қызы болған. Көзі ашық, сауаты жоғары Айман бала Ыбырайдың бойына жастайынан қазақы тәрбие мен халық ауыз әдебиетінің аңыз-әңгіме, жыр-термелерін сіңіріп өсіреді. Алайда күйеуі Алтынсары қайтыс болған соң, қазақтың әмеңгерлік салты бойынша Айманды ерінің інісі Қошанға тұрмысқа береді. Ал бүлдіршін Ыбырайды атасы Балғожа би өз тәрбиесіне алады.

  • Немересін өз қолына алған Балғожа би оны ел ішіндегі жиындар мен маңызды басқосуларда қасынан тастамай ертіп жүрген. Балғожа би Жаңбыршыұлы – Ыбырайдың атасы, Орта жүздің қыпшақ тайпасы ұзын руынан шыққан және өз аймағындағы ел басқару ісіне белсене атсалысқан беделді жан.

  •  Ресей империясына қарасты Орынбор шекара комиссиясының әскери старшыны (старшина) болып қызмет еткен Балғожа би ойлана келе, заман көзі ашық, оқыған жандыкі екенін түсініп, немересін білім алуға жіберуге ниет етеді. Осы мақсатта атасы Балғожа би өзі қол астында қызмет ететін Орынбор шекара комиссиясының төрағасына 1845 жылы хат жазады. Хатта немересі Ыбырайды енді ашылғалы отырған орыс-қазақ мектебіне оқуға қабылдау жөнінде өтініш білдіреді. Осылайша бала Ыбырай 1850 жылы 22 тамызда Орынбордағы есігін ашқан мектеп-интернатқа алғашқы отыз баланың бірі болып оқуға қабылданады.  

  • 1857 жылы Ыбырай Алтынсарин Орынбордағы орыс-қазақ мектебін алтын медальмен үздік тәмамдайды. Артынша туған жеріне, атасының қасына оралады. 1857-1859 жылдары атасы Болғожа бидің қарамағында іс қағаздарын жүргізуші хатшы және тілмаш болып қызмет етеді. 

  • 1859 жылы Ыбырайдың атасы Балғожа би Жаңбыршыұлы өмірден өтеді. Ағартушы Орынборға қайта шақыртумен аттанады. Ол жақта алғашқыда кіші тілмаш болып еңбек етеді. Кейіннен уақытша сот (судья) болып та қызмет атқарады.

    Ыбырай Алтынсарин ашқан мектептерінің бірі
  • 1860 жылы Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық жолындағы алғашқы ресми ұстаздық қызметі бастау алады. Ол Торғай бекінісінде қазақ балаларына арнап ашылған бастауыш мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі болып тағайындалады. Саналы ғұмырында ағартушы төрт бірдей екі сыныптық орыс-қазақ (қырғыз) училищесін, бір кәсіптік училище, бір қыздар училищесін, бес болыстық училище және орыс балаларына арналған тағы екі мектеп ашқан екен.

  • 1879 жылы ағартушы Алтынсариннің кириллица негізіндегі әліпбимен жасалынған алғашқы қазақ оқулығы «Қазақ хрестоматиясы» жарық көреді. Бұл ұлт тарихындағы қазақ балалары үшін жаңа дәуірдің бетін ашқан елеулі оқиғалардың бірі еді.

    Ыбырай Алтынсарин мектебіндегі қазақ балалары
  • 1887 жылдың 15 қыркүйегінде Ырғыз қаласында орналасқан қазақ қыздарына арналған тұңғыш мектепті де ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин ашады. Сондай-ақ, бұл мектепте негізгі біліммен қатар қолөнердің тігу, тоқу және тағы басқа түрлері де қарастырылады.

  • Ұлы ағартушыдан білім алған шәкірттер қатарында, ел үшін еңбек етіп, ұлтым деп жанын берген қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушылар да болған. Мысалы Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Әліби Жангелдин, Спандияр Көбеев, Нұржан Наушабаев, Ахмет Бірімжанов, Жиһанша Сейдалин, Әбубәкір  Алдияровтар Біләл Асфандияров, Ахмет Балғымбаев сынды азаматтар солардың қатарында болған.

  • Ағартушы Алтынсариннің ең басты армандарының бірі – «Қазақ хрестоматиясының» екінші бөлімін жазу еді. Бұл туралы ол 1880 жылдың 7 сәуірінде орыс ғалымы Катаринскийге жолдаған хатында: 

«Хрестоматияның бұл бөлімінде мен мүмкін болғанынша, толық түрде жаратылыс тарихы туралы, география мен тарих туралы, аздап химиядан, физикадан, техникалық өндіріс түрлерінен түсінік бергім келеді. Қазақ халқының қазіргі жағдайында аса маңызды бұл жұмысты ойдағыдай атқарып шығуыма Құдай тағала тек күш пен ғұмыр бергей. Дұрыс пайдаланса бұл іс қазақ даласының келбетін өзгертер еді», - деп өзінің үлкен бір арманымен бөліседі. Алайда ағартушы бұл арманын орындауға үлгермеді.

  • Ыбырай Алтынсарин өлең жазып, кітап шығарумен қатар балаларға арнап тұңғыш шағын әңгімелер, новеллалар жазған жазушы. Бүгінде ағартушының «Әке мен бала», «Құмырсақ, өрмекші, қарлығаш», «Бақша ағаштары», «Қыпшақ Сейітқұл», «Таза бұлақ», «Бір уыс мақта», «Асыл шөп», «Атымтай жомарт» сияқты керемет әңгімелерінің балалар әдебиетінде орны бөлек. 

    Ыбырай Алтынсариннің отбасылық суреті
  • Қазақ даласын білім нәрімен сусындатқан Ыбырай Алтынсарин 1889 жылдың 17 шілдесінде, небәрі 48 жасында ауыр дерттен қайтыс болады. Ағартушы Тобыл өзені бойындағы өзінің қыстауында, әкесі Алтынсары мен атасы Балғожа би жатқан қорымға жерленген. 

  • Жазушы «Мұсылманшылық тұтқасы» деп аталатын діни оқулық та жазған. Төте жазу бойынша жазылған ағартушының аталмыш еңбегі 1883 жылы Санкт-Петербургте цензурадан өтіп, 1884 жылы Қазан университетінің баспаханасынан екі мың данамен басылып шығады. Ол кітапқа ислам ғұламасы Ибн Ғабидиннің 18 томдық «Раддул-мухтар» атты үлкен энциклопедиялық еңбегіндегі ең маңызды діни шарттары іріктеп алынады. Ұлы педагогтың бұл кітапты шығарудағы басты мақсаты – сол замандағы орыстардың шоқындыру саясатына тосқауыл қою, қазақ мектептеріндегі мұсылман балаларына діни-имандылық тәрбие беру әрі татар оқулықтарының орнын төл кітаптарымызбен басу еді. 

  • Сондай-ақ, бір кездері «Ыбырай Алтынсарин қазақ халқын орыс мәдениетіне баулыды, қазақ балаларын шоқындырды», - деген жалған пікірлерді біржола жою мақсатында, өзінің келмеске кетер алдындағы өсиетінде: «Жаназама 99 молда шақырыңдар!», - дегені де мұндай қисынсыз пікірлерге жауабы еді. Қоғам қайраткерінің Катаринский, Ильминский, Григорьев секілді орыс халқынан ғалым достары болғанымен, тіпті олардың өзін жаназасына қатыстыруға тыйым салып кеткен. 

Ол – ағарту ісімен ұлттық мектеп тарихында өшпес із қалдырған ұлы ұстаз, көрнекті қайраткер. «Кел, балалар, оқылық!»,- деп ұран тастаған ол қазақ балаларын білімге шақырып, оқу мен өнердің адам өміріндегі маңызын насихаттады. Ұстаздың мақсаты – жас ұрпақтың сауатын ашып қана қоймай, көкірек көзін оятып, рухани жағын да байыту еді. Ағартушы осы мақсатта  әрбір мектепте кітапханалардың құрылуына да көп көңіл бөлді. Мұны өзінің жазған бір хатында: «Жинаған 600-700 рубльге Торғай облысының мектептерінде оқытушылар мен оқушыларға арнап кітапханалар ашқым келеді. Бұл кітапханалардың мақсаты – ондағы кітаптарды тек оқушылар мен мұғалімдер ғана қолданып қоймай, курсты аяқтаған адамдар (оқушылар) мен жалпы сауатты адамдардың оқу құралдарын алуға болатын орындары болса екен деймін»,- деген жолдарынан анық байқаймыз.

  • Ыбырай Алтынсариннің өмір жолында жары Айғаныстың да өзіндік орны бар. 1864 жылы ұлы ағартушы Сырдария облысы (қазіргі Қызылорда облысы), Перовский уезін мекендеген Жаппас руынан шыққан Шолақ есімді кісінің қызы Айғаныспен шаңырақ көтереді. Айғаныс өзі сауат ашып, білім алмағанымен, жарының ағартушылық жолдағы еңбегіне әрдайым қолдау білдіріп, шығармашылық жұмысына қолайлы жағдай жасауға барынша тырысқан. Қазақ даласында білімнің шырағын жағуды мұрат еткен Ыбырайдың жанынан табылып, оның игі бастамаларына тілеулес болуы – отбасының рухани тірегінің маңызын аңғартады. Ұлы тұлғаның өмірін сөз еткенде, оның қоғамдық қызметімен қатар, отбасындағы қолдаудың да мәнін ескерген жөн.

  • Ыбырай Алтынсарин мен жары Айғаныстың шаңырағында алғашқы жылдары бала болмаған. Қазақтың ежелден келе жатқан дәстүріне сай, Ыбырай інісі Оспанның Хамитбек есімді ұлын бауырына басып, өз тәрбиесіне алады. Алайда ерлі-зайыптылардың қуанышы ұзаққа созылмай, Хамитбек алты жасында дүниеден өтеді. Арада жылдар өткенде, 1880 жылы Ыбырай мен Айғаныстың тұңғыш ұлы Абдолла дүниеге келеді. 1887 жылы Әбдірахман есімді екінші ұлы, ал 1888 жылы Шарипа атты қызы өмірге келеді. Өкінішке қарай, Әбдірахман мен Шарипа да аурудан жастай шетінеп, ата-ананың жүрегіне қайғы салады.1889 жылы Ыбырай Алтынсарин дүниеден өткенде, артында небәрі тоғыз жасар ұлы Абдолла қалады. Әкесінен ерте айырылған баланың білім алуына өмірдің түрлі қиындығы кедергі келтіріп, ол кейін шаруашылықпен айналысады. Абдолладан Нағима есімді қыз тарайды. 

  • Нағима Ыбыраева – ұлы ағартушының немересі.1916 жылы Қостанай облысындағы Талапкер ауылында дүниеге келген Нағима бала күнінде атасы негізін қалаған Қостанайдағы мектепте үш жыл білім алады. Ол ұлы атасының көзін көрмесе де, Ыбырайдың жары Айғаныстың тәрбиесін көріп өседі. Айғаныс 1924 жылы дүниеден өткен. Осылайша, қазақ даласында білімнің шырағын жаққан Ыбырай Алтынсариннің есімі ұрпақ жадында ғана емес, әулет тарихында да сақталып қалды. Оның ағартушылық мұрасы мен өнегелі өмір жолы кейінгі буынға рухани бағдар болып, ұлттық тарихымыздың ажырамас бөлігіне айналды.

Фотосуреттер ашық дереккөздерден алынды

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan