«Ұлытаудан – Алатауға» Алматыдағы Республика Сарайында қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерманның 75 жылдық мерейтойына арналған «Ұлытаудан – Алатауға» атты концерттік кеш өтті», - деп хабарлайды, ҚР Жазушылар одағының баспасөз қызметі .
Кеш барысында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып, Мемлекет басшысының Жарлығымен Жүрсін Ерманға «Қазақстанның халық жазушысы» құрметті атағы берілгенін хабарлады.

«Халқымыз Сізді беделді қоғам қайраткері әрі талантты публицист ретінде жақсы біледі және құрметтейді. Айтыс өнерін жаңғыртуға қосқан үлесіңіз айрықша. Ел бірлігі мен халықтар достығын арқау еткен шығармаларыңыз оқырманға жақын әрі түсінікті.

Сізге зор денсаулық пен шығармашылық табыс тілеймін», — делінген Президент құттықтауында. Мерекелік кешке Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов бастаған қаламгерлер, қоғам қайраткерлері, мәдениет өкілдері және өнерсүйер қауым қатысты.

Бағдарлама аясында ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильм көрсетіліп, жырлары оқылды, сахналық қойылымдар ұсынылды.
