Жиналыстан жиналыс…
- Елімізде төтенше жағдай
Орын алды. Қиын.
- Күллі әлемді шақырып,
Өткізейік жиын.
- Өрт басылмай өршіп тұр,
Жағдай өте қиын.
- «Өрт қауіпті құбылыс» атты
Өткізейік жиын.
Өрт сөндіруде судың маңызы зор екенін
Нақтылайық.
Тағы да өрт бола қалса,
Жиналыс өткізуге сақ тұрайық!
Бюджеттен осы жиналысқа
Бірнеше миллиард теңге лақтырайық,
БАҚ өкілдерін шақырып,
Сақырлаған сап құрайық.
- Оқу-ағарту ісінде,
Бітпей тұр еш былық.
- Жиын өткізіп жіберейік,
тезірек комиссия құрып.
- Балаларға мектепте
Жетпей жатыр екен орын.
- Осы мәселе жөнінде
Өткізейік онда форум.
«Мектептердің маңызы» туралы
Айтайық,
Форумның нәтижесін байқайық.
Бөлейік миллиондаған ақша,
Бұл мәселенің шешімі жоқ басқа.
- Қаламызда автобустар жетіспейді,
Соның қалай тапсақ екен жолын?
«Автобус тапшылының маңызды мәселелері» атты
Өткізу керек форум.
***
- Бұл не деген бітпейтін
Жиын, жиналыс, форум?
- Басыңды қатырып қайтесің,
Керегі не оның?
- Көдедей көп жиыннан
Бар ма екен осы пайда?
- Пайдасы жағын білмеймін,
- Біздікі тек – айла.
Ептейді
Жалақысы негізі
Көп нәрсеге жетпейді.
Бюджеттен бүйірін
Толтырады – ептейді.
Ғажап
Алатұғын айлығы
Жарытымсыз,
Аз-ақ.
Ұлан-асыр байлығы
Тасып жатыр,
Ғажап!
Көңіліңді табады
Шыртылдатып шенеунік
Милиондарды санады.
Доллар, еуро, теңгелер –
Әрбір басқан қадамы.
Қолы ұзын, таныс көп,
Барлық жерде «адамы».
Құлқынына қылғытсаң
Көңіліңді табады.
Шатақ
Көкемізге маңызды
Абырой мен атақ.
«Неге алмаймын сыйлық?» деп
Шығарып жүр шатақ.
Ақшамен
Қызмет қуып, өсіп алдың ақшамен,
Істі болып, «шешіп алдың» ақшамен.
Атақ-даңқты жиып алдың ақшамен,
Байдың қызын «сүйіп алдың» ақшамен.
Кердең басып, біраз асып-тасқан ең,
Енді сізге қонбайды-ау «басқа ем».
Көкем, көкем, көкем-ай!
Лауазымым өсіп ед,
Өсті бірге несібем.
Бедел де бар, ақша да,
Жабырқаймын несіне.
Сөйлесем көп көсілем,
Еріккеннен есірем.
Арқасында көкемнің
Талай «разбор» шешіп ем.
Көкем, көкем, көкем-ай,
Көкем неткен көсем-ай.
Көмегіңмен көкке өрлеп,
Кеудем толы сөлкебай.
Кер жалқаудың арманы
- Е-е, шіркі-ін!
Сөзіме жұрт құлақ салса екен,
Бар назар маған ауса екен.
Жұмыс істеп шаршамай
Аспаннан ақша жауса екен.
Бар атақ маған келсе екен,
Есімім Гиннеске енсе екен.
Көшесіне туған ауылдың
Атымды ойып берсе екен.
Кіл қаймақтар ішінде
Жарқырап, жайнап жүрсем ғой.
Вундеркиндтен қалыспай,
Кемінде бес тіл білсем ғой.
Атақтың бәрін алсам ғой,
Әлеуметтік желіні жарсам ғой.
Бірде ана, бірде мына елде,
Шетелге күнде барсам ғой.
Креслоның көкесін көрсем ғой,
Бұйрықты шетінен берсем ғой!
Танымайтын жұрт қалмай,
Алшаңдай басып жүрсем ғой.
Жік-жапар боп бәрі мақтаса,
Асты-үстіме түсіп баптаса.
«Сіздікі дұрыс, дұрыс!» деп,
Сөзімді халық жақтаса.
Келмейді жанды қинағым,
Ойламасам екен үй қамын.
Жарата беретін шетінен
Банкте тұрса жинағым.
Кіл дөкей болса достарым.
Орындала берсе жоспарым.
Осы ғой менің қалауым -
Жалқауға мені қоспағын.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.