Таңның суық сәулесі терезеден ішке жорғалап кіріп, бетін сипап өтті. Ол көзін ашып, төбеге қарады. Ақшыл сұр, бедерсіз төбе. Сол баяғы. Өткен аптада да, былтыр да осындай еді. Бәрі сол қалпы. Тек өзі өзгеріп жатқан сияқты. Әлде «ескіріп» жатыр ма екен?
Көрші бөлмеден сағаттың тықылы естіледі. Жүрегінің дүрсілімен араласып кеткендей. Үйдің әр бұрышы сол тықылдың ырғағымен тыныс алады. Жуынатын бөлмеге кіріп, айнаға көз тастады. Өз көзімен көз түйістірді. Таныс жанар. Бірақ әлдене жетіспейтіндей. Жылдар бұрын жоғалған әлдебір нәрсе.
Шай ішіп отырып, терезеден көшеге қарады. Алакеуім. Аспан сілкініп, қаланың үстіне сұр көрпесін жайып тастапты. Адамдар жер бетіне төгілген қара ноқаттардай қозғалып барады. Әрқайсысының ішінде тіршіліктің ұсақ-түйек уайымы, қол созым қуанышы, елеусіз арманы бар. Бірақ сырттай бәрі бірдей.
Киінді. Курткасын жамылып, сыртқа шықты. Ауладағы қар еріп, лай суға айналған. Су бетінде дүние аударылып түскендей шағылысып тұр. Резенке етік киген балдырғанды көзі шалды. Қолынан шешесі жетектеп келеді. Бала аяғын шалшыққа батырып-батырып алады да, мәз болады. Шешесі қабағын түйеді, бірақ дауыс көтермейді. Екеуі үнсіз ілгері өтіп кетті.
Аялдамада адамдар қаз-қатар. Кімнің кім екені маңызды емес. Бәрінің бетінде бір жазу: «Жұмыс. Міндет. Күнкөріс». Автобус келді. Іші тар, тынысы ауыр. Терезеге сүйеніп тұрып, көшені шолды. Тас үйлер. Балконда қарт адам шылым шегіп отыр. Біреу жапқышты жылжытты да, қайта жапты. Бір терезеде перде астынан бала сығалап тұр. Барлық терезенің ар жағында өмір бар. Бірақ мұнда – автобустың ішінде – бәрі үнсіз.
Оның көзі жалаңаш ағашқа түсті. Ағаштың бұтақтары аспанға қарай тарамдалған. Ұшар басында кішкентай бүршік. Суыққа, желге қарамай тіршілікке жармасқан кішкентай бүршік.
Автобус қозғалып барады. Ағаш қалып кетті. Бірақ сол бүршік әлі оның ойында.
Жұмыс орнына жетті. Есік ашылды. Әріптестер бас изеп амандасты. Бірі қалжың айтып, енді бірі асығыс бір құжаттарды сұрап жатыр. Бәрі үйреншікті. Жұмыс басталды. Пернетақта тарсылы. Телефон шырылы. Уақыт жылжып жатыр. Бірақ ол кейде көзін сәл жоғары көтеріп, терезеден сыртқа көз тастайды. Бүршік есіне түседі.
Ол да сондай емес пе?
Жұмыртқадай тас үйдің ішінде бүр жаруға тырысқан кішкентай үміт.
Әлі тірі. Әлі үзілмеген.
Сол үшін, бәлкім, бәрі бекер емес шығар.
Алмас Ақтасов
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.