ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында белгілі журналист, публицист, ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты Төлен Тілеубайдың «Түлкілітаудың аспаны» атты жаңа кітабының таныстырылымы өтті. Қаламгердің алғашқы әдеби-көркем шығармалар жинағына «Түлкілітаудың аспаны» атты повесі және әңгімелері кірген екен. Мектеп жасындағы балаларға және көпшілік қауымға арналған кітаптың таныстырылымына журналист, жазушы Оралбек Жүнісұлы, Ауған соғысының ардагері, журналист, «Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары Ғалым Қожабеков, жазушы, қонаевтанушы Ораз Қауғабай, композитор, Абай елінің құрметті азаматы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Кентау Назарбек, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, өнертану профессоры Кенжеғали Мыржықбай, белгілі ақын Ғайсағали Сейтақ, ҚМДБ ақпарат бөлімінің меңгерушісі, «Мұнара» газетінің шеф-редакторы, журналист Ағабек Қонарбайұлы, ақын, журналист, «Мұнара» газетінің бас редакторы Серікбол Хасан, «Астана ақшамы» газетінің журналистері, астаналық колледждер мен мектеп оқушылары қатысты.

Салтанатты рәсімді радиожурналист, дәстүрлі әнші, «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығының жетекшісі Жасұлан Наурызбайұлы жүргізді. Шараға қатысқан қонақтар жаңа кітап туралы өздерінің ой-пікірлерімен бөлісіп, авторға жүрекжарды лебізін білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. Колледж студенттері мен мектеп оқушылары өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, шара соңында автор үздік сұрақ қойған оқушыларға кітабын сыйға тартты. Танымал әнші Кенжеғали Мыржықбай көрнекті композитор, Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақановтың «Елегізу» атты элегиясын әуелетті.
Жаңа кітаптың таныстырылымы қалалық кітапханаларда, мектептерде өтіп жатқаны қуантады. Балаларға арналған «Түлкілітаудың аспаны» повесі мен әңгімелерге қатысты бір топ оқырманның ойлы пікірлерін осында жариялауды жөн санадық.

Берік Уәли, Абай облысының әкімі:
«Алғашқы повесінде автор Әмір деген басты кейіпкердің балалық шағы арқылы ауылда өскен әрқайсымыздың өмірімізді көз алдымызға әкеледі. Еңбекке ерте араласқан ауыл баласының өмірін суреттей отырып, қазіргі балалар мен жасөспірімдерге ой салу үшін жазылған шығарма екен. Төкеңнің прозадағы тырнақалды туындысына көз жүгіртіп, ақпараттық алаңда қамшы салдырмайтын журналистің жаңа қырын байқадым десем болады».

Гүлнара Шоменова, журналист, Е.Бөкетов зерттеу университеті «Жастар әлемі» журналының редакторы:
«Түлкілітаудың аспаны» әдеби туындысы баланың ойлауына лайықталып жаттық тілмен жазылған екен. Сөйлемдері шағын, оқиға желісі қызықты. Повестегі кейіпкер Әмір деген баланың кіршіксіз көңілі, асқақ арманы, ата-анасын сыйлауы, еңбек етуге деген құлшынысы, табиғаттың тамаша ғажайыптарын сезіне алуы шығарманың шоқтығын биіктетіп тұр.
Арманшыл, қиялшыл бала Әмір өз арманына өте адал болады. Журналист боп киініп шыға келгенде, балалар оған күліп мазақтаса, анасы көп кітап оқығанын қаламаса да, алдына қойған мақсатына жету үшін кітап, газет-журналдарды оқуын жалғастыра береді. Жалпы, автор табиғат суреттерін, даланың иісі аңқыған көрінісін керемет суреттейді. Әмірдің әкесі Сұраған аға да жер-су атауларын жақсы білетін, мейірімді, еңбекқор адам болып шығады.

Жомарт Елеуов, мемлекеттік қызметші:
«Ақбөкен жылаған түн» атты әңгімесі бізге қатты ұнады. Себебі, бұл тақырыпқа бұрыннан етене жақын едік. Автор ақбөкен лағының көзінен аққан жас арқылы кешірілмес қылмысты әшкерелеуі мен өмірі қыл үстінде тұрса да бүгінгінің хас батыры қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің ерлігін болған уақиға желісімен тартымды, шынайы бейнелеуі оқырманды өзіне баурап алады. Төлен Тілеубайдың 30-қаңтарды Ерлан Нұрғалиевтың туған күніне орай «Киіктерді қорғау күні» деп белгілейік деген бастамасын да ел азаматтары қуана қолдауда.

Сымбат Мақсатқызы, Е.Бөкетов зерттеу университетінің студенті:
«Ақ көгершін» әңгімесінде адамның сезімдері, құбылыстар керемет суреттелген. Қос ғашықтың табысуы, Саматтың Айжанға бір көргеннен ғашық болуы, Айжанның тартымды қылықтары, т.б. суреттеулер бар. Бұл шығармадағы жағдайды екіге бөліп талдасақ болады: қос ғашықтың бір-бірімен танысып, сөйлескенге дейінгі ойлары және одан кейінгі ойлары. Алғашында Саматтың Айжанды пәк періштедей көріп, идеал санауы оқырманға да жақсы ой салады. Алайда уақыт өте келе танысып-біліскен соң Саматтың Айжанға деген ойы толықтай өзгереді. "Адамға бір көргеннен баға бере алмайсың, уақыт өте келе бірге сапарлас болсаң, бірге тұрсаң ғана оны тани аласың" деген қоғамдық пікірлер осыдан шықса керек. Самат онымен бірге тұрмаса да сол бір кеште жеңілтек, кез келген жігіттің қармағына ілінуге шақ қалатын тұстарын байқады. Бастапқы бейкүнә, нәзік, әдепті Айжан енді оның санасында жоқ.

Саян Қуанышбайұлы, журналист, мемлекеттік қызметші:
«Кітапты ашып, повесті оқи бастаған сәттен бірден оқиға ортасында жүргендей сезінесің. Балалық шақтың балдай тәтті күндерін есіңе аласың. Бас кейіпкер Әмірдің балалық қылықтары мен достарының бозбалалық бұзақылық та басымыздан өткен соң ба, оқиға барысына бірден еніп кетесің. Ауылда өскен біздердің таңнан кешке дейін өзенді жағалап жүріп алатынымыз, доп қуалап жүріп кеш батқанын аңғармай қалатынымыз, алғашқы рет темекі тартып шашалған сәтіміз, тоқылдақ құрып, терезеге тас лақтырып көршілердің мазасын алған сәтіміз, өз бақшамызда өсіп тұрса да, көршілердің қызанақ-қиярын үзіп жейтініміз, көршіміздің үш дөңгелекті “Урал” мотоцикліне мінгесіп алып бүлдірген теруге шығатынымыз, дәмді тағамдар мен лимонад салып беретін болғандықтан болар, қойдың кезегін асыға күтетініміз - осындай балалықтың қызықты сәттерін еске түсіреді. Әмір секілді балалық шақтан болмаса да сегізінші сыныптан бастап журналист боламын деп армандаған едім...»

Мәриям Қонарбай, Binom school мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы
«Бұл кітап мені балалық шақтың тұнық тұңғиығына беттетіп, ауыл өмірінің әр қырын шынайы әрі әсерлі бейнеледі. Басты кейіпкер – ауыл баласы Әмірдің басынан өткен қызықты да шытырман оқиғалары оқырманды еріксіз баурайды. Оның көңілді ойындарына бірге қуансақ, бірде кең даланың құшағына еніп, табиғаттың ғажайып сұлулығын бірге тамашалаймыз.
Шығарма тек оқиғалар тізбегі ғана емес, адамгершіліктің, адалдық пен мейірімнің шынайы көрінісі. Автордың қаламы арқылы мен көкмайса шөптің жұпар иісін сезіндім, таудан ескен самал желдің жанға жайлы лебін аңғардым, маңыраған қозы-лақтың даусы мен шегірткенің шырылын естігендей болдым. Бір сәт ауылдың мүлгіген тыныштығына бой алдырып, енді бірде жаздың аптабында жайылған малдың қарапайым, бірақ өмірдің шынайы келбетін бейнелейтін иісін де сезінгендей әсерге бөлендім».

Бақыт Шойымбек, журналист, медиа маманы:
«Түлкілітаудың аспаны» кітабын қолыма алып, оқығаннан-ақ, ойша Нарманбет ауылына тұратын ата-әжемнің үйіне барып қайттым. Таңмен таласа оянып, әжемнің сиырын сауған сәттері еске түсті. Сүттен қаймақ айырған, мөшектеп жинаған құрт-ірімшіктің иісі мұрныма келді. Шелек-шелек қызанақ пен қиярды көрші-қолаңға таратып, сүйіншілеп қонақ шақырып отратын шуақты күндер көз алдымнан жүгіріп өтті. «Түлкілітаудың аспаны» атты кітап осы тәтті сезімді тербетіп, мынау қала өмірінің қарбаласынан бір сәтке болса да қол үзуге себепші болды.
Бұл кітаптың көлемі шағын болғанымен, кешегі және бүгінгі қазақтың бүтін бір өмір философиясын сипаттайды. «Ақбөкен жылаған түн» әңгімесінде қорықшы Ерланның батырлығына тәнті боласың. «Ақ көгершіннің» кейіпкерлері Самат пен Айжанның бойынан қыз бен жігіттің арасындағы бітпейтін түсініспеушілікке тап боласың да, түйінді әңгімеде Гүлсараның ақымақтығына қапаланасың. Сезімге деген салғырттығы мен қаталдығына қынжыласың. Қысқасы, шығармалар бір деммен оқылғанымен, сан түрлі сезімге бөлейді. Өткенге көз жүгірткенімен, бүгінді көрсетеді. Келешекке жөн сілтейді.

Автордың негізгі мақсаты адам бойындағы ізгі қасиеттің құдіреті мен құндылығын балаларға, жастарға жеткізу болған. Бұл миссияның орындалғанын таныстырылымын да авторға таласа сұрақ қойған оқушылардан байқадым. Талаптыға ана тілімізде тәлім-тәрбие беретін тағы бір туындының дүниеге келгеніне қуанып, бір марқайып қайттық. Бұл кітап - талапты әрбір қазақ баласына оқуға, сыйлыққа беруге таптырмайтын құрал. Тілі жатық, жеңіл. Бір деммен оқылады.



Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.