Еркебұлан бар болғаны 10 сыныптың оқушысы екен. Жас болса да поэзияға деген ішкі даярлығымен аяқ алысын көріп кәдімгідей қуанып қалдық. Біз “Әдебиет порталы” атынан жас ақынның өнеріне жаңалық пен жасампаздық, ал өзіне тек ғана сәт-сапар тілейміз...
***
Еске алғанда күн-келбетін,
гүл рең,
Бойда мендік бұлқынады бір өлең.
Ағын жырлар арнасынан атқақтар,
Толқын ойлар тулағанда түнімен.
Тыныштықтың ырғағына тал билеп,
Түн бояуы тереземе салды ирек.
Көшелерді көкжиекке жалғасқан,
Мұң құрсауы тербетеді әлдилеп.
Жұмбағындай ғасырдың,
Сырларыңды қай архивке жасырдың?
Жырым кеткен тылсымына арбалып,
Толқынында қолаң қара шашыңның.
Тән келеді көлеңкесін сүйреткен,
Жабырқаулы көңілдегі күй көптен.
Көкжиекке күн де батып барады,
Жауыр болған сюжетпен.
Күдігім мен үмітімді тең бөлем,
Көшелерде сенің ізің келмеген.
Күздің дымқыл тырна тізбек күндерін,
Кеудесіне көлеңкелер жерлеген.
Үкілеген үмітімді үзді ызғар,
Жауратады жан-тәнімді күзгі ызғар.
Еске салар жанарыңды шық тұнған,
Қара аспанды
мекендейтін жұлдыздар!
Тербеліс
Таңғы нұрдан темір жол жамылды арай,
Тізбек пойыз келеді дамылдамай.
Түнгі ойлардың тулаған толқынында,
Атқанын да сезбедім таңның қалай.
Құлағанда құба бел еңістерден,
Бағанамен жарысар желіс – кеудем.
Көкке ұмтылып барады көшкін ойлар,
Күн сырғаған күміс жол рельстермен.
Түсіргенде тағдырым ізге сүрең,
Ақ үмітім аяулы – өз несібем.
Сәуле теріп «Ақшамның хаттарынан»,
Өзіңменен ақшамда кездесіп ем.
Айдынына сезімнің тұнғанда әсер,
Ақ сазандай бұлықсып тұлғаң бәсең.
Іңкәрліктің сыңғыры сырғып түскен,
Сыр шертеді сиқырлы сырғаңда әсем.
Асау көңіл аруға жыр төгеді,
Гүл тереді,
күміс сөз – күлтелері.
Жанарыма қашадым мәңгілікке,
Келбетіңді кешқұрым купедегі.
Үмітімнің маздаған отын ұстап,
Сыланасың, таранған тоты құсап.
Біздің албырт сезімді қоштастырған,
Балғын таңның атқаны өкінішті-ақ.
Вагон іші – жаз, шуақ,
дала – жат, күз.
Қос жүрекке қимастық нала татқыз.
Ерініне құлпынай дәмі біткен,
Қарашығы мөлт еткен қарақат қыз.
Сен – жаздасың,
Мен түстім күзге күрең.
Жалғызсырап, жанарым іздеді өлең.
Ғашық жүрек теңселіп қала берді,
Тербетілген вагонның тізбегімен.
Екпінімен пойыздың таласып таң,
Хұсни қанат тылсымнан ән асыққан.
Сені ұрлап вагондар кете барды,
Сұлбалары жұтылып қарашыққа.
P.S.
Ортасында жүрсем де сауық-тойдың,
Жетегінде кетемін қауіпті ойдың.
Жүрегіңнің келеді түкпірінде,
Мәңгілікке тербеліп қалып қойғым.
Қараша қыз
Қалқам
қабағына қарашы қарашаның,
салқындығы жүзіне жарасады,
сезімімнің көмескі сәулесіндей
сетінейді ауаға қала шамы.
әуеніне көңілдің түнді ұйыттым,
сыр шертуге
жүректен жыр құйыппын,
құлшынады өзіңе ынтық сезім
тұншығады кеудемде тұңғиық мұң.
құшағыңнан балқиды іңір бағы,
тербетеді көшені түн ырғағы,
қарашықтан мөлт етіп сырғып түсер
сыңғырлаған жаныңның сыбырлары.
шымылдығы даланың түрілді – ақ таң,
жанарыңда күміс шық діріл қаққан,
күн келбетің күздегі күлімдеген –
көңіліңнің бояуы ғұмыр жаққан
қабағымнан кетсе де қараша мұң,
жоқ іздеумен жолдардан адасамын.
Нәзік сезім сендегі – құбылмалы
қалықтаған қарындай қарашаның.
Күлгін бақ
Төгілгенде батысқа іңір күрең,
жапырақтар бақшада күбірлеген.
Сағынышты сіңіріп сылқым сезім,
бүр атады көктемде бүгін менен.
Бейнелей де ала ма бұл күнді адам?
Көбелектер көзімнен мұңды ұрлаған.
Жыр аңқыған гүлдердің күлтелерін
жамылады күлкілер сыңғырлаған.
Тыныштықты мүлгіген үзді бір дем,
Тылсым үндер ғайыптан түзді үрлеген.
Ынтық қылған қызғалдақ қыр қызының,
Сәуір сырғып барады жүзігінен.
Қандай қымбат қазіргі мезет маған,
Кескінделіп көзімде кезекті адам.
Көркемдігін көктемнің бейнелейтін,
өлеңдерім – өміршіл, өжет – қалам.
Көкжиекке барады батып мұңым,
Бозбалалық түртеді бақыт қылын.
Есіл күннен өзіңді еске аламын
қалғандықтан жырымда жақұттығың.
Құстар ұшып барады, жатыр бұлақ,
Лалагүлден лаулаған хатым құлап,
Тұңғыйықта тұмса өлең тулағанмен
Түсінер ме сезімтал ақынды бақ?!
***
Аязды қыстың шапағатына,
жөргекте жатып бөлендім.
Ана мен әке махаббатынан,
ақпанда жауған - өлеңмін.
Қараңғылықтың қолтығын сөгіп,
аршылса күннің ақ тәні.
Күміс белдердің толқыны өбіп,
сүйіп қалғанмын ақпанды!
Көк аспан жерге төгілген тұста,
сызыққа сіңген кеңістік.
Шыңдалған қыста сезімдер ғана,
болады екен ең ыстық.
Қардың бетімен қашады жылдар,
шалыс ұйқастай іздері.
Ұйқыны түнде ашады жырлар,
арманға бастап біздерді.
Үміттің жанға жағылған нұры,
қате ғой сірә өлем деу!
Тағдыр дәптерім жабылған күні,
айналып кетем өлеңге!..
***
Алғашқы қар.
Қараша.
Күз ызғары.
Жыр ұшында сезімнің қыжыл дәмі.
Құлағыңның түбінде құжынайды
күйбең күннің күйдірген ызыңдары.
Толқынына түндердің жарасып мұң,
мөлт етеді көзіңде қарашық - түн.
Көлеңкелі көшенің тасасында
кете берем неліктен адасып мың?!
Өткен күндер көмескі елес демі,
үмітіңді ұшырып жел еседі.
Сағынуды ұмытқан солғын сезім –
жапырақтың сарғайған келешегі.
Кешті сөгіп құстардың үндер легі,
Қарашада айнала түрленеді.
Жел сырғытқан жапырақ
сыбдыры да,
Күрең күзге өзгеше үн береді.
Кеңістікті күз сіңген тұман басып,
қабақ шытып,
аспанда жылауға асық.
Жылдан-жылға әжемнің самайымен,
тереземе неліктен қырау ғашық?!
Еске түсіп кеткендей бала шағың,
күз - көңілде қоңырқай қараша-мұң.
Сағыныштың шоқтары сөнген қалпы,
көз жасында қалқыған қарашаның.
Бар аңсарым құстардың тізбегінде,
Өкініш бар өшпеген іздерімде,
Сабылысқан жапырақ сезімдерім
Солып мәңгі кетпесін күз демінде…
Еркебұлан ТІЛЕНІШ 2008 жылы 3 ақпанда дүниеге келген.
Павлодар облысы, Ақсу қаласына қарасты Ю.Гагарин атындағы мектептің 10-сынып оқушысы.
Республикалық Махамбет Өтемісұлы, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Абай Құнанбайұлы оқуларының және «Ақберен» байқауының жеңімпазы.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.