Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ҰМЫТПАҢДАР МЕНІ
Ұмтыл Зарыққан. Қанаты күйген құс...

16.01.2020 6910

Ұмтыл Зарыққан. Қанаты күйген құс 12+

Ұмтыл Зарыққан. Қанаты күйген құс - adebiportal.kz

...Оның обалы мен сауабын адақтаған ешкім жоқ. Мүмкін де емес шығар. Оның құсасы мен наласы, зары мен запыраны, ыза, кегі – өзі құлаған құр құдық басындағы шуылдаған көп бақаның әлаулайы, шаттық тойы. Ол өткен ғасырдың бел ортасынада бет қаратпай бораған қызыл бұрқасынның ортасында отпен ойнаған жалғыз қара. Қанаты күйген құс. Өзі қазақшалаған«Америка трагедиясы» (Т. Драйзер) – шын мәнінде өз трагедиясы, қазақ қасіреті. Талантын табалауға құмар қоғамның болмысы. Ол құлаған аранның әр сүйемінде сіз бен біздің де кебіміз бар екені содан. Не бәрі 40 жыл ғұмыр кешіп, оның сарсаңға толы 10 жылын ғана шығармашылыққа арнаған, қазақ поэзиясына құбылыс болып келіп, өлең өлкесінің өрісін кеңейтіп, арнасын тасытқан егей әлем, ерекше тағдыр иесі. Әр кезеңге өз уақытының өлшемімен қарасақ Төлеужан әдебиет майданында ат ойнатқан жылдар – соғыстан кейінгі советтік қоғамның қырық пышақ боп қырлысып, бірін-бірі әшкерлеп, бірінің үстінен бірі домалақ арызды қарша боратып, бірін-бірі сойып, іреп жатқан, қанды репрессияның дауылы қайта көтерілген, ағайынның арасы алауыз болған кезең еді. Тағдырың қыл үстінде тұрған мұндай сәтте ұстарадай өткір өлеңдер мен сатира жазған Төлеужанның тірлігі ажалға қарсы шабумен бірдей еді.

Бұл тұста – дауылдай бұрқыраған Қасымның қысқа күні қаңтарылған, Сырбай мен Тоқаш сынды үзеңгілестерінің айы толмаған, Жұмекен мен Мұқағалидың тақымы бекімеген, өр Өтежан мен төлегендердің қаз дауысы алыстан қаңқылдаған, қазақ поэзиясы үлкен бір жарылысты күткендей демін ішіне тартып алаурап тұрған алмағайып шақ еді. Сол жарылыстың басында Төлеужан тұрды... Жаралы жолбарыстай айға жалғыз шапты. Мызғымас жүйенің жалына ерте жабысты. Қасаң қағидаларды ерте қиратқысы келді. «Кәрі тарландардың» талауына ерте тұтылды. Өзі де кеш сезді. Кешеу опынды. Оған ешкім араша тұра алған жоқ. Ерте үзіліп, ерте мерт болды.

...Бағзыда Махамбет ер шейіт болғанда ай тұтылған деседі ескі тауарих. Төлеужандардың көші базардан қайтқанда Алаштың аспанынан ай көрінбеген. Есесіне орақ пен балға сұрланып, сұстанып тұрып алған.

Суретте: ақын Төлеужан Ысымайылов

Төлеужан Ысымайыловтың ата сойы Қаз дауысты Қазыбек биден тарайды. Оның кеудесіне Кемпірбайдың «көкала үйрегі» өлең боп ерте ұя салған. Ұшқыр қиялын Әміренің ән-қанаты ұштаған. Оның уытты тілі, қанжардай қылпылдаған мінезі, заманында талай төре, сұлтандарды шеңгелімен бүккен, тезіне салған, 16 ақынды бір жола жеңіп жүлде алған Жанақ ақыннан жұқса керек-ті. Нағашы сүйегі – Қамбар атаның Байжігіт бұтағынан. Шешесі Хадиша апамыз домбыра ұстап ән салған, жанынан өлең шығарған салихалы адам болған деседі. Сол Хадиша анамыз ұлы Төлеужанның бала күнінен әкесіз жетім өсседе, өжет, өткір, тым зерек болғанын, ауылда ол оқымаған кітап, ол жатқа білмеген өлең-жыр қалмағанын, аз ғана кәресінді түнімен кітап оқып таусатынын, мектепке де жетіге толар-толмас жасында барып, өзге шәкірттер бір жылда бір класты тауысса, Төлеужан екі класты бірден аттап оқып 14 жасында Абыралы орта мектебін бітіріп, Алматыға кеткенін айтады. «Алматыдағы оқуын 19 жасында бітірді. Бітірген жылы ауылға келді. Өзімше той жасадым. Сонда жұрт 19 тұр ғой, 39 жасқа келген кейбір мұғалімдердің дипломы жоқ екенін айтып шуылдасты. Қайтадан Алматыға қызыметке кетті. Артынан жайсыз хабар ала бастадым. Балама көз тиді-ау деп ойладым»,- деп еске алады Хадиша апамыз. Әрине ананың риясыз көзімен қарасақ, періштедей пәк ұлына тіл-көздің сұғы болғаны анық та шығар. Дегенмен оны жазым еткен тар кезеңнің тәлкегі, адмдар арасындағы алауыздық пен ноқтаға басы симаған асаулығы еді. Ежелгі қытай нақылында «Ерте шақырған қораздың басын кес» деген тәмсіл бар. Дұрысы ерте оянған намыстың басын кес. Төлеужан ерте оянды, таңы ерте атты. Туған жері Аққора туралы өлеңінде «Ұқсатам тағдырымның асуына, Тік, өрлі, құз арналы, қияларын»,- деп жазғанындай адасқақ жолдар мен бұралаң жылдардың шаужайына жармасып, арпалыс ішінде жарық күні мезгілсіз батты. Ол империялық жүйенің асыранды ақыны болғысы келмеді. Еш компромисске көнбеді. Ауыздығымен алысты. Өз көрін өзі қазды...

Мұхтар Әуезовтің 60 жылдық мерей тойына арналған салтанатты, салихалы кеш арнасынан асып-төгілмей байыппен өтіп жатыр екен дейді. Солай болуы ләзім де. Әсіре мақтаулар мен іш пыстырар ұзақ толғаулардан жалыққан Төлеужан Ысымайлов «Юбилейдегі сөз» деген циклды өлеңін оқымаққа сақынаға көтеріледі. Бұл өлеңнің мәні де мазмұныда басқаша еді. Трибуна – мақтау-мадақтың орыны емес, алдарыңа келіп «молданың таспиығындай» қызыл сөздің маржанын тізер жайым жоқ, «намаздыгерде етпеттеген тақуадай» атағыңызға да табына алмаймын. «Кел, Мұқа, сырласайық» деп жасындай жарқ ете қалады. Одан ары Мұхтар сыншылардың көзіне пайғамбар шығар, мен үшін – адам, адам – дүниедегі ең ұлы сөз. Ол – Зевс құдайы емес. Алаңдағы қола мүсін емес, оның даңқын біз айтпайық, келешек адамдары айтсын деген сарыны бөлек өлеңін төкпелете жөнеледі. Ақын Әуезовтің ірілігіне сүйене отырып, оның көлеңкесінде жүрген топты шыжғырып алады. Мұнда Мұхтардың биік тұлғасына деген сүйініш пен тобырға деген наласы аралас еді ақынның... Әрине, бұл мінез тойшыл жұртқа да, той иесіне де жақпағаны анық қой. Атақты «Есіл» поэамасында Ғабит Мүсіреповтің бойы ұзын, құйрығы қысқа түйемен туыспаққа келген «Талпақ танауын» түйреп өтеді. «Әкемдей Сәбиттің алдына несіне түсті екем» дейтін сыңайдағы емеурінінен Төлеужан жақсы көрген ағасы Сәбит Мұқановты да жанып өткенін аңдау қиын емес тәрізді. Әбу Сарсенбаевтің 50 жасына орай жазған «Мүшел той» өлеңінде «Елуге келгендерді тойлағанда, Елуге келмегендерді ойлайық біз!»,- деп қағытып өтеді. Аспанға үйір Тайыр Жараковты да «Айдың мүйізі» сүзіп жер құшты деп сілкіп алады. Өкінішке орай Төлеужан Ысымайловтің мұндай батыл, көркемдік өресі биік, тосын өлшемді, соны мазмұнды, сатиралы, астарлы жырлары сол кездегі әдеби қауымның безбеніне симады. Өзіне сор болып тиді.

Ғафу Қайырбеков 1949 жылы өткен Жазушылар одағының пленумында 16-17 жастағы жап-жас Төлеужанның төбеден түскендей тосын ойларына, батыл пікірлеріне, пайымдаулары мен дәлелдері нық, екпінді әрі шешен сөйлеген баяндауына таң қалғанын жазады. Төлеужан бұрынғы қазақ ақындарының өлеңдерінің ескіргенін, жаңа форма, жаңаша түр, биік дауыспен заманға сай жырлау керектігін айта келе: «Осы күнге дейін керемет деп келген Асқар Тоқмағамбетов, бүгінгі Қасым Аманжоловтың сирағынан да келмейді»,- деп төтесінен қайырады. Жұрт таңырқағаны, ренжігені, иә келіскен-келіспегені белгісіз жым-жырт отырып қалады. «Мына бала қайтеді-ей»,- деп Қасым анда-санда жөтеліп қойып, тыпыр етпестен бәрін қалт жібермей тыңдап отырады. Бала Төлеужан осындай әлеуметтік мәселелердің, бітпейтін айтыс-тартыстардың қайнаған ортасында өзі тілеп алғандай ерте түседі. Туа бітті таланты, көп оқыған білімділігі, ізденгіштігі, жаңалыққа құштар пері көңілі оны бір орында байыз таптырмай, отқа да, суға да салады. Қазақ поэзиясын жаңа биікке көтеруді мұрат тұтады. Маяковский орыс өлеңіне қандай өзгеріс жасаса, менде қазақ өлеңіне сондай өзгеріс әкелемін деген үлкен потенциялмен өмір сүреді. Ол Пушкинды, Лермонтовті, Байронды пір тұтты. Дегенмен оның жанына бәрінен жақыны Маяковский еді. «Владимир Владимирович Маяковскиймен әңгімелесу» атты өлеңінде бұны ашып айтады. Ол идеялық тұрғыдан да Маяковскийдің ұстанымында болған сыңайлы. Замандастары оның соншама «қорғансыздығына» қарамастан нағыз совет адамы, қып-қызыл маркист екенінде жазады. Ал оның «Есіл», «Дала министрі» (Жылқышы) сынды кесек дүниелері оның кең даланың қоңыр ұланы екенін аңдатады. Бұл жағынан ол совет ақындарына тән қайшылықты тұлға еді. Әсіресе өлеңге өртке тиген дауылдай буырқанып келген алғашқы жылдарында осы ұстанымынан айнымаған. Қарауылдағы Абайдың бюсін құшақтап «Аяғың жоқ, қолың жоқ, қор болған Абай ағам-ай» деуі де, «Социялизм тек жоспар мен цифр» деп қолды бір сілтеуі – Төлеужанның көп дүниеден қол үзген, ішкі сенімдері қираған, бәрінің жалған екеніне көзі жеткен, жалғыздығын ғана дос еткен қайшылыққа толы дағдарысты жылдары еді.

Төлеужанның «улы сия, долы қолмен» жазған «Қойлар» өлеңі – намысқа суарған, кек кернеген кеуденің қаһарлы жүйеге нәлет айтқан қанды өлеңі. Жазушы Тахауи Ахтанов «...Қазір сөздерін ұмыттым, «Қойлар» деген ұлттық әділетсіздікке қарсы жазылған ғаламат өлеңі бар еді. Өзі жатқа оқитын. Өзгесін айтпағанда, сол бір шығармасымен-ақ әдебиет тарихына кіруге қақысы бар деп айта аламын» деп еске алады. Назарларыңызға ақынның сол өлеңін толығымен ұсынғанды жөн көрдік.

Жуас қойлар «шәйт! –

дегенде сескенген.

Өзі момын қазақ деген өсті елмен.

Қойды сүймес қазақ бар ма, қой сөзді,

Намыстанбай деді бізді қой көзді.

«Баран» деді бізді мұқап орыстар,

«Аға» дедік туымызды оң ұстар.

Бара-бара «Баран» деген бұл орыс,

Басымызды керзі етікпен жаныштар.

Қандай момын халықпыз біз қойлардай,

Жүре берген кең намысты ойланбай.

Арымызға жағылған кір, күйеге,

Кейде бізді кекетеді түйе деп.

Ол да айтылған бір сөз шығар жүйемен,

Қу далада қой бақтық қой түйемен.

Ботасына аруананың боздаған,

Зарлы үні бабам мұңы қозғаған.

Тірілер ме о дүниеден атам кеп,

Сипар еді-ау маңдайымнан «ботам» деп.

Түйе сүтін іше алмаймыз біз бүгін,

Аруана үнін естімейді түз бүгін.

Киіз үйдің аппақ-аппақ үзігін,

Жел ұшырып әкеткендей күзді күн.

Керегедей құрған қоныс қалды тек,

Ғайып болды отты намыс қанды кек.

Шерлі намыс дөңбекшіткен түнімен,

Бірге өшті аруана үнімен.

Ноғайменен құда болдық амалсыз,

Сап-сары орыс көрінетін түрінен.

Ел аузындағы дерекке сүйенсек бұл өлең 1964-1965 жылдары жазылған. Әсілі ұзақ зарлы, шерлі толғау болса керек. Заманында еш баспа бетін көрмегені түсінікті. Ақын әр жерде шамырқанған дауысымен жатқа оқып жүрген. Ауыздан ауызға таралып бізге жеткен үзігі осы. Ұзақ уақыт Абыралы аудандық газетінде редакторлық қызыметте болған Манар Құрманбекұлының қызы Самал Манарқызы 1998 жылғы «Сарыарқа» журналының алтыншы санына алғаш рет осы «Қойлар» өлеңін жариялаған. Тағдырлы өлеңнің алғаш хатқа түсуі осы. Өлең Манар Құрманбекұлының жеке мұрағатында, қолжазбаларының арасында сақталғанға ұқсайды. Буырқанып басталатын өлеңнің келте қайырылғанына қарағанда бұл да толық нұсқа емес сияқты. Ақынның үзеңгілес досы Балтабек Ерсәлімов осы өлеңді Төлеужанның өз аузынан жазып алғанын айтады. Дегенмен, асылдың сынығындай жоғардағы өлең жолдарының өзіне қанағат дедік.

Төлеужаны Ысымайлов дәстүрлі қазақ өлеңіне (он бір буын омыртқаң кетсін сынып, Бұлдағаның сол болса – маған деген) орыс, Еуропа поэзиясының өрнектерін, ырғақ, ұйқастарын жаңаша түрде енгізуге ерте талаптанған ақын. Мәдениетті, интелектуальды поэзияның эстетикасын биіктетуге, мәңгілік, өміршең тақырыптарға қалам тартты. Әртүрлі эксперименттерге еркін барды. Көр жерді жырлаудан, таптаурын тақырыптардан бойын алыс ұстады. Бұл тұрғыдан ол қазақ поэзиясындағы аз ғана жаңашыл ақындардың басында тұр. Оның ақындық қуатын, шеберлігін, кең тынысты, эпикалық күшін көрсететін шығармасы «Есіл» поэмасы. Поэма лирикалық «меннің» атынан баяндалады. Ақынның шарқ ұрған қиялы планетарлық биікке самғап, жер әлемді шарлай жөнеледі. Қазақ халқының өткені мен кеткенін сараптайды. Бүгініне үңіледі, ертеңін топшылайды. Толқып аққан Есілмен емірене сырласады. Арналы ойлар мен сан бояулы суреттер көз алдыңнан көлбеп өтеді.

***

1949 жыл. 29 тамыз. Таңғы сағат 7. Көз ілеспес жылдамдықпен әуеге көтеріліп бара жатқан алып отты шар, лезде дүниені дүр сілкіндіріп жарылысы байтақ даланы қуырып әкетті. Бұл – ядролық зариятының қуаты Хиросимадағы жарылыспен салыстырғанда 2.5 мың есе кұшті Семей ядролық полигонының алғашқы жарылысы еді. Дәл осы күні Қазақ мемлекеттік университетінің үшінші курс студенті Төлеужан Ысымайылов ауылында демалыста жүрген болатын. Әскери атташе жас баладан, еңкейген кәріге дейін «алкаголь радиацияны айдап шығады» деп жаппай спирт ішкізеді. Сонда небәрі 17 жастағы Төлеужан алғаш рет ащы судың дәмін татып, осы қиянаттың арты жас жанын ауыр дертке шалдықтырады. Соқтықпалы-соқпақсыз күрескер жолы, күрделі өмірі, күйсіз тіршілігі соңында өкпе туберкулезіне шалдықтырып, 1972 жылы тамыз айының 11 күні Семей ауруханасында көз жұмады. Елдің алып қашпа әңгімесі ақынның асыл сүйегі кісі кейпінен шығып далада қалғанын, ауруханаға соңырақ жеткізілгенін айтады. Қалай болмасын, адамзат баласының игілігі үшін Төлеужан Мұқамеджанұлы ныспысында, қазақ дейтін қауым елдің топырағында дүниеге келіп, асқақ талантының игілігін көре алмай, қарапайым пенде ретінде шекесі бір шылқымай арманда кеткені хақ. Ақын қазасының басы-қасында болған журналист Боранбай Мауқаев ауруханадағы жастығының астынан Төлеужанның қойын дәптерін тауып алады. Өмірінің ақтық сәтінде ажалмен арпалыса жүріп ақын туған ел-жұртымен бақұлдасып, араздасып, соңғы демін өлеңнің ыстық отына орап ұшырған сыңайлы.

Ақынның жастығының астында қалған ақырғы аманаты – «Абыралымен арыздасу» еді.

Көзімнен жаңбыр жауғанын,

Сездің бе, туған тауларым.

Бауырыңа жетіп лауладым...

Қызарып күндей батқалы,

Өзіңе келдім жатқалы.

Ұмтыл Зарыққан

15.01.2020


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар