Үш жылдық үзілістен кейін...

«Оян, қазақ!» фильмінен кейін үш жыл бойы жаңа толықметражды жоба ұсынбаған шығармашылық топ көрерменге «Қара алтын» атты мотивациялық драмасын таныстырмақ. Жаңа картина 10 қыркүйектен бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіледі.

65

Үш жылдық үзілістен кейін... - adebiportal.kz

Фильм продюсері Айсәуле Әбілданың айтуынша «Қара алтын» команданың үш жылдық үзілісінен кейінгі алғашқы үлкен жобасы екенін айтады.  

Продюсердің сөзінше, шығармашылық топ «Оян, қазақтан!» кейін Алаш зиялылары тақырыбын жалғастыруға да дайын болған. Алайда тарихи жобаларды жүзеге асыруға қажетті бюджет мәселесі олардың жаңа бағыт іздеуіне әсер еткен.

Осыдан кейін авторлар тәуелсіздік жылдарындағы қазақ қоғамының қалыптасуы мен кәсіпкерлік ортасы туралы оқиғаға назар аударған. Нәтижесінде тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі мұнай бизнесін арқау еткен «Қара алтын» фильмі дүниеге келген.

Туындының жанрын мотивациялық бизнес-драма деп сипаттауға болады. Дегенмен фильмде кәсіп ашу немесе байлыққа жету жолы ғана көрсетілмейді. Картина адамның өз арманына адал болуы, кедергілерге қарамастан бастаған ісін соңына дейін жеткізуі және ішкі ұстанымынан айырылмауы туралы баяндайды.

«Қара алтын» деген мотивациялық драма – өз арманыңнан бастау, өзіңді сатпау, әлем саған қарсы болса да, өзің сенген дүниені түбіне дейін апару туралы», – дейді продюсер Айсәуле Әбілда.

Фильм өмірде болған оқиғаға негізделген. Оның нақты прототипі де бар. Алайда шығармашылық топ кейіпкердің есімін әзірге жарияламауды жөн көріп отыр. 

«Нақты кейіпкері өмірде бар. Ол кісімен келісім бойынша мен қазір аты-жөнін жарияламай-ақ қояйын. Киномыз шықсын, содан кейін өзі айта жатар деп ойлаймын», – деді жоба продюсері.

Продюсер «Қара алтынның» жас көрерменге, әсіресе өз мүмкіндігін төмен бағалайтын ауыл жастарына ой салғанын қалайтынын жеткізді. Оның пікірінше, тіл білмеу, әлеуметтік орта немесе адамның санасындағы шектеулер биік мақсаттан бас тартуға себеп болмауы керек.

 

Авторлар фильмді ұзақ уақыт дайындап, барынша сапалы дүние ұсынуға тырысқан. Айсәуле Әбілда өз еңбектерін асыра мақтағысы келмейтінін, дегенмен көрерменнің кинотеатрға барғанына өкінбейтініне сенеді. 

«Бар күшімізді сарқып істегеніміз осы болды. Өзімнің көңілім толды. Көрермен барғанына өкінбейді. Бала-шағасымен бірге барып көруге тұратын фильм», – деді продюсер.

Режиссердің қиялынан туып, шығармашылық топтың маңдай терімен өрілген фильмнің шынайы бағасы мен әділ төрелігін уақыт пен көрерменнің талғамы берері анық. Яғни фильм – өнердің де, автордың да меншігі емес, көрерменнің рухани еншісі. 

Суреттер режиссер Мұрат Есжанның жеке қорынан алынды.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan