Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Хамит Есаман: "Cұлуларға сүюден гөрі, сүйкімді бол...

13.08.2015 5815

Хамит Есаман: "Cұлуларға сүюден гөрі, сүйкімді болған артық"

Хамит Есаман: "Cұлуларға сүюден гөрі, сүйкімді болған артық" - adebiportal.kz




«Әдебиет порталы» бүгінгі әдеби үрдіске тамшыдай болсын септігін тигізу мақсатында белгілі бір қаламгердің жарияланбаған шығармасын екінші бір қаламгерге автордың аты-жөнін көрсетпей ұсынып, пікір жаздырып жариялауды жалғастырады. Бүгін назарларыңызға жас ақын Ботакөз Бексарының өлеңдеріне ақын, Халықаралық "Шабыт" фестивалінің лауреаты Хамит Есаманның  жазған пікірін ұсынамыз. 


www.adebiportal.kz

   


0MwLix3i6ko.jpg


***

 

Көзіңнен бармақтайын бақ көрінген,

Үмітті үкі қылған сәттерімнен.

Ойымда ойнақшып ап оңды-солды,

«Есімің» еркеледі тәтті ерінде,

Сен маған керексің, жаным!

 

Тәңірден тілеп сұрар тілегі кем,

Адалым, жансың бөлек, жүрегі кең.

Ешкім мені дәл сендей сүйе алмайды,

Сүйдіре де алмайды біле білсең,

Сен маған керексің, жаным!

 

Құлазысам шоқ ұшып өзегімнен,

Айтпай-ақ та халімді сезе білер.

Жанашырым, сен ғана қырсықтық пен

Қыңырлыққа мендегі төзе білер,

Сен маған керексің, жаным!

 

Кеткенінде кейде өмір түңілдіріп,

Тұйықталсам көп сырдың бірін бүгіп.

Сен құшақтап тұрасың еркелетіп,

« Ботам-ау, бұл – Өмір...» деп ұғындырып,

Сен маған керексің, жаным!

 

Өкініш бар, күйік бар...тағысы бар,

Жыласам мен, қарадай сағы сынар.

Сенсің, білем, мен жардан құлап кетсем,

Ең әуелі қол созып, жан ұшырар,

Сен маған керексің, жаным!

 

Мен – бұп-бұзық, еп-ерке құралайың,

Тайдырмасын бағымды бұлағай күн.

« Маңдайыма жазылған МӘҢГІЛІК » бол,

Алладан басқа ештеңе сұрамаймын!

 

 

***

 

 

Сынына алған, жүрегім жұлып алған,

Ойымнан мүлде кетпей тұрып алған.

Білемісің, қиқарлау тәкаппар ұл –

Өзіңсіз мына өмірдің құны жалған.

 

Көрінбеген көзіме әркім ыстық,

Сүріп өмір жүргенде талпыныс қып.

Сен жолықтың, жалғызым, қапияда –

Сонсоң ғана тапқан-ды жан тыныштық.

 

Ұмтылып қап өткенгі мұң-мұқтажым,

Мен сенің құшағыңда Күнге ұқсадым.

Хош иісі аңқыған ең әдемі –

Сенің қолың жеткен тек Гүлге ұқсадым.

 

Меніменен ботадай көзі нұрлы,

Бұйырды саған Аллам кезігуді.

Төзімімді түгескен Тентек жігіт,

Қалғып жатқан ояттың сезімімді.

 

...Ұнайды бақытыңа балағаның,

Ұнайды жылулықпен қарағаның.

Біздерге баянды бақ боп бітсінші,

Неке жүзік және де Орамалым..!

 

 

 

***

 

 

 

Тәттіден де Тәттіңмін,

Алақаның аялайтын ақ гүлмін.

"Жаным" десең, күлім көзім жымыңдап,

Көңіліңді тоқ қылдым.

Ал, кейбірде бұлдана қап, бұртиып,

Хошыңды, ерім, жоқ қылдым.

 

Еркеден де Еркеңмін,

Сезіміңе балдай, тәтті өртендім.

Айтқаныңды екі етпейтін әйәй қыз,

Моп-момақан, көркеммін.

Ал, кей сәтте бұлқан-талқан шамданып,

Үйді асты-үстіне төңкердім.

 

Мен ше? Иә, мен - Жүрекпін,

Жалғыз мені Жүрегіңе түнеттің.

Бал күніміз баяндырақ болсын деп,

Маңдайымнан мың өптің.

Өзің түгіл, өзім ұқпас жанымды,

Кейде жұмбақ түнекпін.

 

Мен ғой, дәл сол Шекер қыз,

Махаббатқа мас боп мәңгі өтерміз.

Тәтті ойлар мен тәтті арманға шомылған,

Шын ғашықтар  Екеуміз.

Жолымыздан жаңылтпаса Құдайым,

Бір бақытқа жетерміз.

 

Сен де, Мен де қызғаншақ.

Басқа-басқа боп кетеміз қызғансақ.

Будақ-будақ бұлт жиырылып қабаққа,

Көзімізді ызғарлылау мұз қоршап.

...Біздің кеуіл шәйі орамал кепкенше,

Отыратын жылы-жұмсақ сөзді аңсап.

 

Сен - барым да, нарым да,

Томпиың мен, бағың да.

Мен ТІРІМІН мәңгілік,

Сен жанымда барыңда!!!

 

 

 

 

***

 

 

 

Күңкіл мен налаға кемшін,

Өсек пен жалаға көмсін.

Сұқ көздер лақтырып балшық,

Сыртымнан қаралай берсін,

СЕН БОЛСАҢ БОЛДЫ ЖАНЫМДА, ЖАНЫМ!

 

Үмітім, жігерімді ұнтар,

Ауыртып, жүрегім құртар.

Ор қазар "өтірік достар",

Сендерге күлемін жорта,

СЕН БОЛСАҢ БОЛДЫ ЖАНЫМДА, ЖАНЫМ!

 

Қызғаныш тозаңы қатқан,

Күйіктен сазарып отқан,

Ей, "достар" , бағың тіледім,

Боз таңда бозарып атқан,

СЕН БОЛСАҢ БОЛДЫ ЖАНЫМДА, ЖАНЫМ!

 

Безеріп, сыздана бетің,

Іш күйсе, тұз жала "досым".

Әй, құрсынш, күйген күйініп,

Бақытым қызғана берсін,

СЕН БОЛСАҢ БОЛДЫ ЖАНЫМДА, ЖАНЫМ!

 

Сенделдім, сенімім налып,

Көбінен көңілім қалып.

Еңсемді тіктеп жіберші,

Тірліктен жерідім, Жаным,

СЕН БОЛСАҢ БОЛДЫ ЖАНЫМДА, ЖАЛҒЫЗ!

 

Күйенің күйігі жеңіп,

Бататын жиі егілгенім.

Жалғанда жалғыз бақытым -

Сен мені сүйе білгенің,

СЕН БОЛСАҢ БОЛДЫ ЖАНЫМДА, ЖАНЫМ!

 

 

***

 

 

Сүйген жүрек дірілшіл,

Күйген көңіл ырымшыл.

Іле-шала бүліндім,

Күйіп кеттім, шыным шын.

 

Қызғанғаным – күйгенім,

Қызғанғаным – сүйгенім.

Іші-бауырым өртеніп,

Деліқұлы күйдемін.

 

От-ерінім кезеріп,

Бет ыңғайсыз безеріп.

Шыға келдім шытынап,

Ашуымды көзе ғып.

 

"-О,кім? – деймін, – кім әлгі?

Жөн-жобасы сұралды.

Артық кеттім деймін-ау,

Шетке ысырып Шыдамды.

 

... Сода-а-а-ан, шіркін, көңіл тоқ,

Сала бердім жеңілдеп.

Әйел заты қызық, ә,

Аяқ асты бүлінбек.

 

Үлкен болсын ол мейлі,

Кіші болсын ол мейлі.

Қызғанып-ақ кетемін,

Ал, себебін білмеймін...

 

Қылық шығып не түрлі,

Жейтін құлақ етіңді.

ҚЫЗҒАНЫШ та тәтті ғой,

Махаббатым секілді!

 


 

***

 

 

Сағындырған, аңсатқан, торықтырған,

Сендік жолда кетер ме ем болып құрбан.

Тәңірге мың да ТӘУБЕ етіп келем,

Өзгеге емес, өзіңе жолықтырған.

 

Тураланып тағдырым туырлығы,

Ойнақ салды қырдағы құлын күнім.

Сенен, сірә, бақытты жан жоқ шығар,

Мендейін сүйікті еткен бұрымдыны.

 

Жандерттің өткен ғана өтейді емін,

Сен барда қона алмайды көкейге мұң.

Ерке-тотай қыз болам еркелесем,

Есімнен шығып қалып есейгенім.

 

Шексіз сүйем, түнім де, таңым да - айғақ,

Сен барыңда кетеді жаным жайнап.

Сағыныш-ай, нендейін құдіретті ең,

Сүймегендер ғана тек сағынбайды-ақ.

 

Ерте ме әлде, білмеймін, кешірек пе,

Түзегенбіз ертеңнің көшін ептеп.

Бақытынан дәмелі қос Жүрек боп,

Қол ұстасып тұрмыз біз "өшіретте",

БАҚЫТ ТІЛЕҢІЗДЕР!

 

 

***

 

 


(Тағдыр әркез қылмады дегенімді,

Аузын тырнап қайтемін көне мұңның...)

Нағыз бақыт, енді ұқтым, сезу екен

Жалғанда жалғыз Жанға керегіңді.

 

Мойынсұна алмаушы ем әмірлерге,

Басың төрге, сүйрейтін жаныңды өрге,

Нағыз бақыт, меніңше, сені сүйер

Азаматты сыйлау мен қадірлеуде.

 

Өмір – иір-қиырлы сынды өткелдер,

Бірге жеңіп қиынды, бірге өткен де

Нағыз бақыт, егер мен шатаспасам,

Адалдыққа дақ түсіріп, кірлетпеуде.

 

Ақыл айту ойда жоқ кемеңгерше,

Жылуына әркімнің бөленгенше.

Қолдан келсе, әрине, нағыз бақыт

Бір-ақ жанды сүю ғой өле-өлгенше.

 

Мүмкін бәрі: қамығу, жаңылуым,

Көнбей тұрып, ырқыңа бағынуым.

Ал, мен үшін Бақыт ол – сені, Жаным,

Құшағыңда тұрып та сағынуым..!

 

 

 

 

***

 

 

Теп-тентек ботаң – Менмін,

Сүюсіз күні жетім.

Өзіңсің сезіндірген,

Сезімнің құдіретін.

Аңсаумен ауыртасың,

Сағынышты үйіп-төгіп.

Мен сені сүйем, Жаным –

Бәрінен биік көріп!

 

Ерімсің арқасүйер,

Жұбаттың жылағанда.

Сүрінсем тіреу болды,

Сүйедің құлағанда.

Жұбымыз бір жазылмай,

Жетейік пейіш төрге.

Сен – менің Ерекшемсің,

Мен – сенің періштеңмін!

 

Болмашы нәрселерге,

Боламын кейде өкпелі.

Қайтсе де, сүюімнің

Сенсің ғой – себепкері.

Ертеңге нық сенесің,

Бағдары, нұсқауы айқын.

Сен – менің ерекшемсің,

Ешкімге ұқсамайтын.

Сен – менің ЕРЕКШЕМСІҢ !

 

 

 

 

Жетім көрсең, жебей жүр

 

(сәби монологы)

 

 

Сұрқия тірлік сұғанақ көзін қадады,

Сумақай тілдер жанымды етті жаралы.

Бозарып атқан бозала таңнан бақ күтем,

Қасірет-қайғым ап-ащы жас боп тамады.

 

Күліп те жылап, ұнамай-ұнап қоғамға,

Білмеймін қандай күтеді мені жол алдан.

Маңдайдан сүйіп, бар жылы сөзін төккенмен,

Өзгелер, айтшы, әке-шешемдей бола ма?

 

Еркелей де алмай егіліп барам жанып іш,

Қамыққан көңіл. Сүлесоқ сезім. Сабылыс...

Маңдайға біткен сорыма кімдер кінәлі,

Жүдетті жанды сарғалдақ түстес Сағыныш.

 

Сезбегеніммен шуақ, жылуын мен үйдің,

Әкем-Анамды қол жетпес күнге теңеймін.

Сұрарым мынау, қайырымды, жақсы Адамдар,

Жетімді көрсең, жетімді көрсең, жебей жүр!

 

 


"Cұлуларға сүюден гөрі, сүйкімді болған артық"



1475.jpg


Ес білгелі есте тұтып келе жатқанымыздан бөлек, ұлы даламызда қаншама ақынның өмір сүргенін айту қиын. Әлбетте барлығының да сүйгені, күйгені, өртенгені талас тудырмайды. Біз барлығын жүрекке сілтеп қоя саламыз. Кінәлі жүрек баяғы. Бірақ ақылдың, сананың барлығына басшылық жасайтыны естен шығып кететін сияқты.


Ақынның нені айтса да, айтуға құқы бар. Әрине келістіріп, көркемдеп. Алайда ешбір өлеңнің халық әндерінен эстетикалық артықшылығы, жанрлық ерекшелігі жоқ. Айталық: «Аяғыма кигенім былғары етік, табанымнан барады ызғар өтіп. Жақсы болсаң келерсің судан өтіп, жаман болсаң қаларсың суға кетіп». Немесе «Сен де сері, сәулем-ай, мен де сері, шын сүймесең көңіліңді бермес едің. Томағасын алдырған лашындаймын, сен болмасаң, бұл жерге келмес едім». Белгісіз ақынның сөзі, сүйіспеншілік сыры. Бірақ жігіттің сөзі. Осылай «Сәулем-айлатқанда» сай-сүйегің сырқырайды, жаның шырқырайды. Біздің ұлттық өлеңіміздің ең көрнекті дәуірі бұл.


Жалпы, сүю, сүйіспеншілік сезімі жайында жеткізіп, құп келістіріп айту оңай емес. Бұл әркімнің өз ішінде өмір сүріп жатқан, керек болса сол адамның өзіне құпия сезім. Сүйе білуден бөлек, сүйікті болудың да өз азабы бар. Бұл азапты нәзік жандылар көп тартады. Біз әуелде сүюді жігіттерге теліп қойғанбыз. Қағида солай. Ал қыздарға сүюден гөрі, сүйкімді болу әлдеқайда артық. Дегенмен, қыздың өзі сүйсе қалай болады. Бұл өлеңдерден қыз баланың қолтаңбасы аңғарылады.


Көзіңнен бармақтайын бақ көрінген,

Үмітті үкі қылған сәттерімнен.

Ойымда ойнақшып ап оңды-солды,

«Есімің» еркеледі тәтті ерінде,

Сен маған керексің, жаным!


Ал енді «ойында оңды-солды ойнақшу» дегенді, «тәтті ернінде «есімінің» еркелегенін» түсіну қиын. Егер түсіне алмасақ, қайтеміз. Ал енді қыз баланың «Жаным» деп жанын қоярға жер таппаған сәтін елестетіп көріңізші. Негізі адам баласы өзін өзі жұбатып өмір сүреді. Өмір дейміз, басқа дейміз. Қызда да жүрек бар ғой дейміз. Бірақ осындайда қыз үшін сүюдің емес, сүйікті болудың артықшылығы еске түседі. Осы өлеңінде автор «Мен – бұп-бұзық, еп-ерке құралайың» дейді. Ауызекі сөз. Біз әлбетте «ап-анық», «шап-шақ» дегенді көп айтамыз. Бұл да сол сияқты. Мейлі сүйгісі келген шығар, жазуға да еркі бар. Алайда автордың «Ешкім мені дәл сендей сүйе алмайды, Сүйдіре де алмайды біле білсең» деген жолдарынан ұтымдылықты аңғаруға болады. Келесі өлеңін автор:


Сынына алған, жүрегім жұлып алған,

Ойымнан мүлде кетпей тұрып алған.

Білемісің, қиқарлау тәкаппар ұл –

Өзіңсіз мына өмірдің құны жалған – деп бастайды. Сөздің жалғандығын да, көздің жалғандығын да көріп жүрміз. Ал «құнның жалғандығы» қалай? Құны жоқ деген сөз болар, сірә! Автор осы өлеңнің орта тұсында «Мен сенің құшағыңда Күнге ұқсадым» дейді. Жақсы айтылған. Енді қыз бала өз сезімін, өз көңілін қалай білдіреді, осылай айтпаса.


Ұнайды бақытыңа балағаның,

Ұнайды жылулықпен қарағаның.

Біздерге баянды бақ боп бітсінші,

Неке жүзік және де Орамалым..! – деп аяқтайды өлеңін. Бұл да жақсы. Сондай-ақ автор «Тәттіден де тәттіңмін», «Еркеден де еркеңмін» деп назданады. Иә, өзі сүйіп тұрса да, өзінің бәсін түсірмейтін нәзік жандылардың ежелден келе жатқан құпиясы бұл. Расында қыздардың не жақсы көріп тұрғанын, не ұнатпай тұрғанын айыру қиын. Ол бәрібір айлы түндерде, гүлді саябақтарда, мұңды думанханаларда сүйетіндігін айтпайды. Басқа жерде де айтпайды. Айтқыза алмайсың. Не болса да жүрегінде тербеледі, көңілінде тұнады.


Бейтаныс автордың «Қызғаныш тозаңы қатқан, күйіктен сазарып отқан», «Безеріп, сыздана бетің,  іш күйсе, тұз жала "досым". Әй, құрсынш, күйген күйініп, бақытым қызғана берсін» деген жолдарында поэтика жоқ бәрібір. Сөз саптаудағы олқылықтарды кездестіресің.


Қыз деп жатырмыз ғой. Әңгіменің барлығы да негізі қызға байланысты. Ойнап жүріп от басқан тағдырларды қоғамда кездестіріп жүрміз. Өмірдің өмір екенін мойындай алмау да адамды қателікке ұрындырады. Бір сәттік сезімнің өмір бойғы өкініш болуы мүмкін.


Сұрқия тірлік сұғанақ көзін қадады,

Сумақай тілдер жанымды етті жаралы.

Бозарып атқан бозала таңнан бақ күтем,

Қасірет-қайғым ап-ащы жас боп тамады. Бұл автордың «Жетім көрсең, жебей жүр» (Сәби монологы) деген өлеңі. Бұл шындықты мойындау керек. Сәбидің көз жасының жанында өмірдің де, өлеңнің де несі қалады. Жұлым-жұлым жүрек пен тілім-тілім көңілдің өзге көңілге әсер етпейтіні қорқынышты. Бұл қалай? Бұл біздің әлсіздігіміз. Мұны қыздың қырық үйден тыйымсыздығы дейсіз бе, ұлдың жауапсыздығы дейсіз бе, өзіңіз біліңіз. Бірақ қара таңба қасірет. Автордың сәбидің аузымен осы қасіретті айтқаны орынды.


Әлбетте біз ақыл айтуға шеберміз. Олай емес, былай болу керек еді, деп айтқанда, алдымызға кісі түсуі қиын. Бірақ соны орындауға келгенде шорқақпыз. Ал енді өлеңді олай емес, былай жазу керек еді деуге болмайды. Егер елге айтқан сынымызды, өзгеге таққан мінімізді түзеуді өзімізден бастасақ, әлдеқашан қамшы салдырмай кететін едік. Бірақ...бұлай болмай тұр. Сол сияқты біздің де азды-көпті пікіріміз автордың ақындық қуатына өлшем болмайды.


«Қыз – өмірдің қызғалдағы» деген айтыла беретін бір сөз бар. Расында, қызғалдақ-қыздарымыз сүю үшін емес, сүйікті болу үшін жаратылған. Дүниенің сүйкімін арттыратын да арулар. Сұлуларсыз өмір сұрқай, кеңістік көріксіз келеді. Бірақ қыздар бәрібір жігіттердей сүйе алмайды. Есесіне олардай ешкім де сүйікті бола алмайды. Осыны мойындайық. Ал, өлеңнің авторы, бейтаныс арудың өлеңдерінен тұрмыс құрғаны байқалады. Не болса да өзінің жарына деген тұнық сезімі, ашық көңілі жазылған. Бақытты болсын!



Хамит Есаман


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар