Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Хат жазбаларындағы қоғамдық көрініс...

27.10.2016 10900

Хат жазбаларындағы қоғамдық көрініс

Хат жазбаларындағы қоғамдық көрініс - adebiportal.kz

хат.jpg

Эпистолярлық публицистиканың жауынгер жанры – хаттың тарихы өте ерте замандардан бастау алады. Алғашқы адамдар дүниеге келіп, бір-бірімен хабар, ақпарат алмасу мақсатында алдымен белгі, сурет, бейнелер арқылы байланысса, кейіннен хаттардың көмегімен елдік мәселелерді де шешіп отырған. Бұл туралы профессор Б.Жақып: «Ежелгі замандардағы жазба мәдениеттің көп таралған ертедегі көріністерінің бірі - шаруашылық, дипломатиялық және жеке жолдаулар мен хаттар болды. Бұл тарихи есткерткіштердің бір тобы – ресми сипаттағы қызметтік құжаттар болса, енді бір парасы – тұрмыстық, отбасылық, достық сипаттағы жеке адамдар арасындағы хаттар болды. Кейбір хаттарда қоғамдағы маңызды мәселелер қозғалып, саяси көзқарас, әлеуметтік идеялар көрініс тапты. Міне дәл осындай жолдаулардан келіп публицистикалық эпистолографияның алғашқы көріністері туды»[1,17],- деп жазады. Адамзаттың арғы-бергі тарихының шынайы келбеті жекелеген адамдардың өзара хат алмасуынан да айқын көрініс беріп жатады. Қызына жазған хаты арқылы бүкіл Индияның саяси-әлеуметтік, даму тарихын баяндап берген қайраткердің бар екенін еске алсақ та жеткілікті ғой. Хат жазбалары публицистикалық ойдың өрбуіне һәм еркін көзқарастың батыл берілуіне септігін тигізіп жатады. Бұл сөзіміздің дәлелін келтіру үшін әлемді шарлап мысал іздеудің ағаттық боларын сезінеміз. Себебі хат жанрының қоғамдық проблемаларды көтерген келбеті қазақ оқығандарының арасында кеңінен таралған. Публицистика дегеніміз қатып қалған қағидалар мен шеңбері бар заңдылықтарға сүйенбейді, ол ойдың бүкпесіз ақтарылған, немесе емеурін арқылы шынайы көзқарасты білдірген кез-келген ұшқынынан байқалады. Бұл тұрғыда хат жанры ықылым заманнан бастап, бүгінгі күнге дейін әлеуметтік маңызы зор жанрлардың бірі. Рабиға Сыздықова аталған стиль туралы: «Бұл стиль жеке адамдардың бір-біріне жазысқан хаттарының тілін танытатын сөз мәнері. Әдетте бұл салада зерттелуге тиісті материал кез-келген адамның күнделікті тұрмысқа, үй ішіне, қара басына қатысты жайларды сөз еткен хаттары емес, белгілі қоғам қайраткерлерінің, қалам иелерінің, ғылым-білім өкілдерінің, көбінесе әлеуметтік не өзге де мәні бар мазмұндағы корреспонденциялары болуға тиіс»,-дейді. «Бір нәрсе турасындағы пікірімізді, яғни қиялымызды, яки көңіліміздің күйін сөз арқылы жақсылап айта білсек, сол сөз өнері болады. Ішіндегі упікірді, қиялды, көңілдің күйін тәртіптеп қисынын, қырын, кестесін келістіріп сөз арқылы тысқа шығару – сөз шығару болады. Шығарма дегеніміз - осылай шығарған сөз...» - деп жазыпты Ахмет Байтұрсынов. ХХ ғасыр басындағы ұлт тәуелсіздігі жолындағы саяси күреске шыққан қазақ зиялылары публицистиканың қоғамдық-саяси ой-пікірге тигізер орасан зор әсерін дер кезінде зерделей білді. Сондықтан, ХХ ғасыр басындағы қазақ жазушылары, ақындары, жалпы ұлттық әдебиет пен мәдениет қайраткерлері ішінде бұл жанрға қалам тартпағандары сирек болды. Журналистиканың осы жауынгер жанры арқылы олар ғасыр басындағы ел тіршілігінің ауыр халін барша жұртшылыққа баян етіп, жоғары үкімет орындарына жеткізудің, қараңғылықта қалған халқын оятып, оқу-білімге, алдыңғы қатарлы елдер мәдениетінен үлгі-өнеге алуға шақырудың, азаттық жолында тәуелсіз мемлекет болу арманын жүзеге асырудың құралы етті. Көсемсөздің хат арқылы өрбіген формасы қазақ тарихында үлкен мектепті басынан өткерді. Әрісі ағартушы Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов, Алаш партиясының бетке ұстар азаматтары мен Баубек Бұлқышевке ұласса, берісі елдік проблеманың түбірін қазып, шешіміне жол сілтеген Камал Смайылов пен Шерхан Мұртазаның хаты арқылы жалғасын тапты. Бұл ұрпақтар сабақтастығының тізімін тере берсек үлкен энциклопедия жасап шығаруға болады. Хаттың публицистикалық сипатын ашудағы бағытымызды осы аталған азаматтардың еңбегінен толық қарастыруға негіз бар.


Ыбырай.jpg


Ыбырай Алтынсариннің Ильминскийге жазған хаты


Хат алғашында ақпараттың, сәлемдесудің құралы ғана болса, кейін көсемсөздің алаңына айналды. Бұл сөзіміздің дәлелі жекелеген тұлғалардың жазбаларын оқығаннан кейін салмақты бола түседі. Сол тұлғалардың бірі Ыбырай Алтынсарин – аса көрнекті ағартушы, этнограф ғалым, қазақ әдеби және жазба әдеби тілінің негізін қалаушы, ақын әрі жазушы, орыс графикасы негізінде қазақ алфавитін жасаушы жаңашыл педагог болған адам. Шет жайлап, білім іздеп орыс топырағын сан мәрте тоздырған. Кемеліне келіп, толысқан шағында шалғайда жатқан еліне келіп, мектеп ашуды көздейді. Сол бір шағында пікірлес орыс достарымен хат алмасып тұрады. 1961 жылдың 19 қаңтар айында Н.И.Ильминскийге жазған хатында: «Қазақ арасы деген маған мамық төсек, кең жайлау ғой; бірақ маған енді орыс қоғамының керектігі сезіліп жүр, олардың арасында болсам, мен орыс тілін үйрене берер едім, білгенімді ұмытпас едім. Ал, ондай қоғам мұнда жоқ; мұндағы мырзалар бір-біріне ит пен мысықша қарайды; өзара керілдесе береді» [2,142] дейді. Бір қарағанда қаламгердің жеке мұңы айтылып отырғандай көрінеді. Бірақ астарында қоғамдық проблема жатыр. Публицист орыс қоғамына не үшін мұқтаж болды деген заңды сұрақ туындайды. Ол сұрақтың жауабы ретінде хакім Абайдың: «Ғылым бағу? Жоқ, ғылым бағарға да ғылым сөзін сөйлесер адам жоқ. Білгеніңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың? Елсіз-күнсізде кездемені жайып салып, қолына кезін алып отырғанның не пайдасы бар? Мұңдасып шер тарқатысар кісі болмаған соң, ғылым өзі - бір тез қартайтатұғын күйік» деген сөзін келтіруге болады. Ыбырайдың орыс досына хат жазуының басты себебі де осы екенін көріп отырмыз. Қаламгермен сырласуға жарарлық қазақ ауылында оқыған адамның болмауы, сол кездің хал-ахуалын әшкерелеп кетті. Орыстың тіліне таласы бар қазақ мәдениетке қол созушы өкіл боп саналатын заманда ағартушы қай бағытпен жүру керегін жақсы білді. Бұл бағыт жалғыз Ыбырай Алтынсаринге емес, бүкіл қазақ қоғамына керек болатын. Демек, публицистің «Мен» деп баяндалатын мұң-мұқтажының астында күллі бұқараның міні жатыр. Уақыт өте келе бұл мінді анық көріп, үлкен сын тудырған ағартушының замандасы хакім Абай: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да - бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі, олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды» дейді.



«Закүншік болсын деп көздеген балалардан өсекші шығады»


Қоғам өмірінде публицистика ерекше рөл атқарады – ол аудиторияның интеллектуалдық және эстетикалық қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталады. Француздың атақты лингвисті Ш. Балли: «Ғылыми тіл бұл – идеяның тілі, ал әдеби тіл бұл – сезімнің тілі»,- деген болатын. Енді, біз бұған публицистика – ой мен сезімнің тілі жайында ой толғам. Бұл негізінен очеркпен үндес. Мысалы, журналистердің ұлт мәселесі жайындағы толғамдары, ой түйіндері, толғаныстары жазылған мақаланы публицистика дейміз. Ол ақпараттан да, сараптамадан да өзгеше. Мұнда субьективизм басым [3,290]. Ағартушы публицистің жазба хатынан көсемсөздің ұшқындары анық байқалып отырады.


Қазақтардың менен күтіп жүрген үміті зор; әсіресе құрметті адамдар маған мектепке балаларын беруге ынталы екендіктерін көрсетіп отыр, оларға ең алдымен мемлекеттің заңын үйрет деп өтініш жасап жүр, сондағы ойлары кейін олардан закүншіктер, демек, өсекшілер шықсын дегені ғой. Міне, олардың көздегені осы [2,142]. Бірін-бірі көре алмайтын қазақтың мінезіне қапа болған публицист ойын орыс досына хат арқылы жеткізіп отыр. Закүншік болсын деп көздеген балалары өсекші болады екен. Біздің болжауымызша, закүншік деген тікелей биліктің қолшоқпары. Сол кездегі орыстың тілмашы. Қазақ ауылындағы оқиғаны қаз-қалпында жоғары жаққа жеткізіп отыратын өсекшісі болып табылады. Ондай адамдарға ағартушының көзқарасы түбегейлі қарсы екенін көріп отырмыз.


Балалар күнбе-күнгі тәжірибеден тәлім алар деуге – мұндағы қоғамның түрі мынау; ал тіпті бұдан басқа, бұдан гөрі мәдениеттірек қоғам болғанның өзінде де тәжірибеге сене беруге болмайды. Олардың көретіні тек қазақтар, солармен ғана сөйлеседі; ал орыспен тек зорлап қана сөйлестіресің, одан келер пайда өте аз. Сондықтан орысша екі-үш сөзді ғана біліп алып, мектепте оқудан жөнді білім алмай, олар адам болғансын, қазақ арасына барады да, өздерін көп білетін адам етіп, әсіресе закүншік етіп көрсетеді. Бұған қазақтар сене қалады. Сөйтіп, олар өздерінің азғантай білімін жауыздыққа жұмсайды, қазақтардың өздерін аяусыз жәбірлейтін болып шығады [2,143].


Кез-келген құбылысқа күмәнмен қарау үлкен жауапкершіліктен туындайды. Таным мен білімдегі жауапкершіліктің алдында көзі ашық, көкірегі ояу барша азамат тәуелді. Өйткені, көпшіліктің санасын нұрландырып, ой-өрісін кеңейтетін оқудың, өз міндетінен аутқып кетуі қоғамға кесел болып орнығады. Публицистің орыс досына: «тәжірибеге сене беруге болмайды» деп пікір білдіруі өз міндетінің талап-тілектеріне толығымен жауап бергенін көрсетеді. «Публицистика – дәуір үні» деп жатады. Оның кешегісі, бүгіні мен ертеңі болады. Ағартушының жазған жеке жазбасы бүгінгі қаламгерлердің өзіне үлкен мектеп. Бұл жазба арқылы сол кезеңдегі әлеуметтік һәм саяси болмысты көре аламыз. Бастысы тарихымыздың түбірін де хат ұшқындары арқылы танып отырмыз. Қазақтың сауатты болып өсуіне септігін тигізген азаматтың бірегейі Ыбырай Алтынсарин болып табылады. Шала-шарпы білім адамзаттың қас жауы екенін ғұламалар сан мәрте ескертті. Бұл ескертуден ағартушы да айналып өте алмапты. Аз орысшасын саудаға салып, бұқараны жәбірлеуші кесірлердің алдына тосқауыл қоюдың шараларын іздегенін жазба хатынан көріп отырмыз. Екі-үш сөз артық айтып, өзін білімді етіп көрсететін адам әр мәселеге араласып отырады. Жазушы, публицист Асқар Сүлейменовтің: «Өнерде кемталант болғаннан бейталант болған артық; бейталант – бейтарап, ал кемталанттың – тілден бастап ділге дейін – сұғынбайтын жері жоқ, өтпес пышақ бейәдеп боп, кухниядағы капуста қыршылдатар қортемір екенін мүлдем ұмытып, жезмойын кездіксініп телше тілеп, телше тілгісі кеп тұрады» [5,702] деген пікірін шала білімділерге қаратып айтуға әбден болады. Сонымен қоса ағартушының хатында қазақтардың шамалы орысша білетіндерге сеніп қалатыны айтылады. Яғни аңғалдық, тазалық және сәбидің көңіліндей сенгіштік қазаққа ежелден тән мінез екенін біліп отырмыз.


Көптеген ғалымдар хатты «Эпистолярлық стиль», «Эпистолярлық әдебиет», «Эпистолярлық жанр» деп атап жүр.Эпистолярия грекше (epistole) «хат» деген мағынадан шыққан. Қазақ Совет энциклопедиясында: «Эпистолярлық әдебиет, эпистолография( грекше жолдау, үндеу) –сан алуан хат түрінде жазылған шығарма.Эпистолярлық әдебиетке жеке адамдардың бір-біріне жазған, мәдени маңызы бар, әдеби мұраға айналған хаттары да жатады...», деп түсінік береді. Ал, орыс ғалымы Е.М.Виноградова «Функцоналдық және құрылымдық белгілері бар кез-келген тексті эпистолярлық деп атайды. Ағартушы Ыбырайдың орыс оқығаны Ильминскийге жазған хаттары таза эпистолярлық жанр екенін ғалымдар пікірінен кейін анық байқадық. Бұнда ағартушы жеке басының проблемасы арқылы қоршаған қоғамның мұңын, жоғын тізіп кеткен. Бұл жазба хаттардың мәдени ғана емес, әлеуметтік һәм саяси мәні де бар екенін бағамдаймыз.



Қазақ қыздарына арналған алғашқы интернат қалай ашылды?


Көсемсөз жанрына ғалым Тауман Амандосов мынадай анықтама беріпті: «Публицистика ─ өмірдің сырлы суреті. Публицистика ─ арқауы шындық. Публицистика ─ адамдар арасындағы әлеуметтік қарым-қатынастардың көрінісі деген сөз, яғни өмірдің әлеуметтік, саяси экономикалық, өндірістік, ғылыми және рухани, тағы басқа құбылыстарын, өмір фактілерін байыптап, түсіндіріп береді» [4,128]. Бұл пікірден кейін Ыбырай Алтынсариннің жазба хаттары көсемсөздің жүгін көтерді деп толық айтуға болады. Әдетте хат деп белгілі субъектінің екінші біреуге, бірлестікке, қоғамға, мекемеге арнап жазған жеке туындысын айтамыз. Осы туындыдан өмірдің сырлы суреті көсемсөз пайда болуы тұлғаның қарымы мен танымын талап етеді. Әйтпесе жер бетінде күн сайын жүздеген немесе мыңдаған хат жазылады. Бірақ оның бәрі емес, бірегейі ғана көсемсөздің салмағын көтере алады. Ағартушының әр хаты қоғамдық мәселені баяндап, шешімін іздеу мақсатында жазылады. Қазақ әйелдеріне білім беру ісі де Алтынсарин есімімен тығыз байланысты. Аса маңызды бұл бастамада ол патша үкіметі тарапынан кедергілерге ұшырайды. В.В. Катаринскийге жазған бір хатында былай деп хабарлайды: «Қазақ қыздарына арнап ашылмақ интернаттың табысты боларына губернатордың күдігі бар... ал мұндай маңызды істі бастамаса, ешқашанда ештеме де болмайды ғой. Ал бұл істің Ырғызда оңға басатынына мен қазірдің өзінде кәміл сенемін...» [2,216]


Көп ұзамай бұл арманы жүзеге асады. Ырғыз қаласында қазақ қыздарына интернаты бар арнаулы мектеп ашылады. Шындығында бұл қазақ халқының өмірінде болған аса үлкен оқиға еді. Осы істен үлкен қорытынды шығаруға болатынын көрегендікпен сенімді түрде жеткізуінің өзінде көсемсөздің элементтері жатыр.


Ештеңе істемеген адам ғана қателікке жолықпайды, сонымен қатар жетістікке де қол жеткізе алмайды. Хакім Абай: «адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес» дейді. Ағартушының бұл хатын оқыған адам өзінің өмірлік бағытына үлкен тәжірибе алары сөзсіз.


Бағлан Оразалы


Пайдаланған әдебиеттер:


1. Жақып Б. Публицистикалық шығармашылық негіздері. – Алматы: Қазақ университеті, 2007. -486б.

2. Алтынсарин Ы. Өнер - білім бар жұрттар: Өлеңдер, әңгімелер, очерктер, хаттар мен естеліктер. – Алматы: Жалын, 1991. – 240 бет

3. Амандосов Т. Публицистика – дәуір үні. - Алматы : Қазақстан, 1974ж. – 348 бет

4. Сүлейменов А. Кек: Драма-диалогтар. Аудармалар. Эсселер. Ой-толғамдар. – Алматы: Өнер, 2001. -728 бет

5. Амандосов Т. Совет журналистикасының теориясы мен практикасы. – Алматы: Мектеп, 1978 ж. 272 б.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар