Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Ықылас Ожайұлы: Біздің бойдан «Құдай сүйер бір қыл...

11.07.2017 8255

Ықылас Ожайұлы: Біздің бойдан «Құдай сүйер бір қылық» табылар ма екен?..

Ықылас Ожайұлы: Біздің бойдан «Құдай сүйер бір қылық» табылар ма екен?.. - adebiportal.kz

«Толық адам»

«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста...»

Абайда «ақыл», «қайрат», әм «жүрек» іспетті үш ұғым қамшының өріміндей тұтасып бірге жүреді. «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті; ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» десе, енді бір ғазалында «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек...» дейді тағы да хакім. Ендеше Абайдың «толық адам» деңгейіне бұл үш ұғымның басын жымдастырып тең ұстағанда ғана қол жеткізетін болғанымыз ғой. Ал мұндай үш қасиетті кемеліне жеткізіп пар ұстаған адам бұрнағы он тоғызыншы ғасырды айтпағанда бүгінде табыла қояр ма екен? Әй, қайдам дейміз... Алланың берген осы ғұмырында ақылы ұстарадай өткір небір адамдар мен дидарлас болдық (Бірақ әлгі жандардың «жылы жүрек» ісіне келгенде қайрандап қала беретіндігіне көп ұзамай-ақ көзіміз жетті). Баз бірінің жарғақ құлағы жастыққа тимеген қайтпас қайратына таңырқасақ, енді бірінің ақылды ада етіп тек жүрек ісіне ғана басымдылық берген «аяулы» уағыздарын тыңдай отырып, БҰЛ ҮШ ҚАСИЕТТІҢ БІР АДАМНЫҢ БОЙЫНАН ТАБЫЛМАҒЫНЫҢ ШЫНЫМЕН-АҚ ҚИЫН ЕКЕНДІГІН ТҮСІНГЕНДЕЙ БОЛДЫҚ. Ендеше, бұл үш құндылық мосының үш тағанындай, мұның бірінсіз пенденің «толық адам» категориясына қол жеткізе алмасы анық болғаны ғой. Хакімнің жоғарыдағы ойды одан әрмен ширатып «..Жеке-жеке біреуі жарытпайды, Жол да жоқ жарыместі жақсы демек», я болмаса «...Біреуінің күні жоқ біреуінсіз» деп отырғаны да осыны аңғартса керек. Адам неліктен жартыкеш (Абайша айтсақ жарыместіктің) шылауында қалады екен? Бұған басқа емес өз өмірімізден жауап іздегеніміз жөн секілді (Біздің «бір кем дүние» деп өз-өзімізді жұбатудың астарында осы бір үш қасиеттің басын жымдастыра ұстай алмауымыз жатқан тәрізді). Бақсақ, адам баласы ақылының аздығынан надан, қайратының кемдігінен кедей, жүрегінің қаттылығынан имансыз атанады екен ғой. Айтыңызшы, осы үш кесірдің шырмауына түспеген пенде баласы (бүгінде) қалды ма өзі?! Жұмыр жер үстін әбден зәрезап қылған қанды соғыстар мен рухани дағдарыс атаулының бәрі де осы үшеуінен нәр алып, дүниенің шырқын кетіріп отырған жоқ па?!

Егер де естеріңізде болса, ілгеріде жазылған бір мақаламызда Абайдың қырық бес қара сөзі кей өлеңдерінің тәпсірі деген пікір айтқан болатынбыз. Салыстырып қарауыңызға болады. Хакімнің он жетінші ғақлиясы (дәл қазір) біз індетіп отырған «...Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек...» идеясының бейне бір қара сөзбен жазылған түсіндірмесі десек болатындай. Онда (он жетінші сөзде) ақыл, қайрат, әм жүрек үшеуін өзара сұхбаттастырған кемеңгер: «...Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам – сол» деп жазады жарықтық. Басқан ізіңнен садаға кетейін-ай, данышпаным... Ант етуге бармын, Абайдың бір-ақ ауыз бұл сөзінде адамияттың күллі аңсар-мұраты самаладай жарқырап тұр. Япыр-ай, не деген сәулелі сөз еді дерсің іштей жүрегің еріп...

«Махаббатпен жаратқан адамзатты...»

Біз тәуелсіздіктен кейін басқалай сапалық қабаттарға өтуіміз керек еді. Өкінішке қарай, олай болмай шықты. Тағы да тасыр түсініктерге тас кенедей жабыстық та қалдық. Соның бірі қазақтың діни сенім мәселесі. Егер де біз бүгіндері батиндық (ішкі) өлшемдерге өткенде тек заһирлық (сыртқы) сипатпен қалған сәби санамызға күліп қана қараған болар едік. Ат төбеліндей ғана Абаймен «ауырған» жақсыларымыз бұл жағдайды етене түсініп, ақынның биік өресі арқылы осы бүлінген түсінігімізді қалпына келтірмекке қам жасап-ақ жатыр. Тек соны көретін көз бен еститін есті құлақтың табылмай отырғаны жаныңды жабырқатып жібереді. Ілгеріде марқұм Таласбек Әсемқұлов өзінің кезекті бір мақаласында қазақ қоғамының рухани мешелдігі мен еш нәрсеге селт етпейтін меңіреу мінезі жайында: «Қазақтың қаламгері, жазушы болсын, журналист я басқа болсын, ізденеді тер төгіп жазады, жазғанын түрлі амалмен газетке, журналға басады, кітап қылып шығарады. Содан соң әлеуметке қарайды. Ал әлеумет... ләм-мим демейді. Қазақтың аспаны мақтадан жасалған сияқты. Дыбысты жұтып алады да тұнжырап үнсіз тұра береді» деген болатын. Рас, бірдеңе жазған боласың, бірақ та оныңа әу деп үн қатар жан баласы табылмайды, тек қабарған өлі тыныштық қана. Біз Алла-Тағала адамзатты өз кемел үлгісінде халифат (орынбасар) етіп тағайындап, оған өз рухының тарапынан дем үрлеп жаратты дейміз. Енді бұл сөздердің мағынасын жеке-жеке жіліктеп көрелік. Жоғарыдағы Жаратушы тарапынан үрленген осы дем не болды екен? Абайдың «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» деп отырғандағы (осы) «махаббат» ұғымы Жаратқанның әлмисақтан адамға дарытқан РУХЫ ғой. Біз көбіне ауызекі әңгіме барысында «біздің рухымыз тапталған я әлсіреген» деп жатамыз. Сөйте тұра сол РУХТЫҢ не екендігін өзіміз де түсінбейміз. Ғұламалар пікіріне илансақ, Алланы танудың жолы ең әуелі РУХТЫ танудан басталады. Ардақты пайғамбарымыздың «Сендер өздеріңді танымайынша, Алланы танымайсыңдар» деп айтып отырғаны да сол (Бұл жерде өзіңді тануың РУХТЫ, ал рухты танымағың АЛЛАНЫ танығаның екендігі анық айтылып тұр ғой). Ендеше, адамсыз Алла-Тағаланың ешқандай мәні болмайтынын, Құдайға қауыштырар жолдың әуелі өз рухыңның ішінде төселгенін етене түсінген жөн. Қазақ танымына РУХ «жүрек ілімі» деген жиынтық атаумен де орныққан (Бұл бейне бір Алла мен адам арасын байланыстырған рухани көпір іспетті десеңіз болады). Бұрын қазақтың Құдай қайда дегенде сол жақ кеудесін (яғни жүрегін) көрсететіні осы екен ғой. Ең өкініштісі, біз бүгінде осы бір танымның тас талқанын шығардық. Әуелде ұлы Жаратушы тарапынан үрленген осы дем, сіз бен біздің шын болмысымыз еді ғой. Олай болса ӨЗ ІШІМІЗГЕ РУХ БЕЙНЕСІНДЕ ЕНГЕН ҰЛЫ ҚҰДАЙДЫ толығымен ұмытып неге ғана сырттан «құдай» іздеп сандалып кеттік (Бұл төрт төңіректі түгелімен шарқ ұрып шарласақ та бәрібір табылмайды ғой). Жүректен емес, Мекке мен мешіттен іздеген бұл «құдайымыз» бізді қай ұшпаққа шығармақ екен? Міне, аталған сұрақ тек біздерді ғана емес, талай мықтылардың да маңдайын уқалатқан ауыр сауал болғанға ұқсайды. Француз жазушысы Бернарден де Сен-Пьер: «...Күллі дүниеге сыймайтын ұлы Тәңіріні әр жұрт өзінің ғибадатханасына қамағысы келеді. Тәңірінің ізгілігін сыйпаттайтын Құдай өзі дүнияға шашқан нығметіне жететін мадақ сөз бар ма? Адам жүрегіне жазып қойған Құдайдың өз кітабындай шариғат кітабы бар ма? Неғұрлым құдайды жоғары, биік деп, ұлы деп ұқса, соғұрлым жақсырақ танымақшы. Жақсырақ таныған сайын, Құдайға жақынырақ болмақшы. Жақын болуының мағынасы: рақметін көріп, рақымды болмақ, мейірбандығын көріп, мейірімді болмақ...» дейді. Дәл осы тақылеттес ойды әйгілі италияндық жиһангер Плано Карпини де айнытпай қайталайды: «Бірде Мәңгі хан алдына молданы, попты және шаманды шақырып алып әрқайсың өз діндеріңді мақтаңдар, бірақ та басқа дінді еш қараламаңдар деп бұйырыпты. Олар рет-ретімен діндерін мақтап болған соң, Мәңгі хан попқа қарап: «қалайша жер біреу, күн біреу, ай біреу де ал сендердің құдайларың үшеу, бұл ақылға қонбайды» депті. Сосын молдаға қарап тұрып, сендер Аллаға шаң жуытпайсыңдар, бірақ сол шексіз деп таныған Алланы өздерің салған мешітке апарып тығып қоясыңдар да «бұл Алланың үйі» дейсіңдер. Сосын Алланың сөзі деп Құранды қайта-қайта оқи бересіңдер. Сонда шексіз Алланың сөзі шектеулі болғаны ма...?» дейді. Дүниеде ең қиын нәрсе адамның бір ғана түсінікпен тұйықталып қалған стандартты санасы ғой. Бұл бейне бір борсыған су секілді. Қысқасы, мұндай алуан түрлі пікірлердің де өмір сүруге өз қақысы бар екендігін ескере отырып, осы мысалдарды арнайы келтіріп отырмыз.

Алланың адамды өз кемел үлгісінде сомдап, рухынан дем үрлеп жаратуы шындығында тіл жеткісіз мәртебе ғой.

БҰЛ АЛЛАНЫҢ АДАМҒА ДЕГЕН ҰЛЫ МАХАББАТЫ ДЕМЕЙ КӨРІҢІЗ ЕНДІ. Олай болса Абай өлеңінің аясы тым әріде жатыр. Біз ақынның екі жол өлеңінің өн бойынан осы бір сырды аңғарғандай болдық. Сөйттік те ойымызды ортаға салып оқырманмен бөлісіп отырмыз. Ал адам өз ішіндегі РУХЫН қалай таниды? Мұның толыққанды жауабы хакімнің отыз сегізінші ғақлиясында қатталып тұр. Әзірге оны келесі бір әңгіменің еншісіне қалдыра тұрайық.

Үңгірдегі үрей

(немесе қабірден кейінгі хәл)

Қасиетті Құран-Кәрімнің Әл-Кәһф сүресінде құдайға қараған үш жігіттің хикаясы жайында сөз болады (Бұл турасында Таурат пен Інжілде де кеңінен баяндалады). Елінің есерлігінен безген әлгі жігіттер бір үңгірді келіп паналайды ғой. Ұзақ ұйқыдан соң оянып тілге келген жігіттің бірі: «Біз осы жерде қанша мерзімге дейін жатып қалдық» деп сұрайды. Сонда келесі жігіт «бір күн» десе, одан кейінгісі «бір жарым күнге жуық ұйықтап қалған секілдіміз» деп тіл қатады. Кейін олар азық-түлік алмаққа шаһарға келеді. Сауда барысында қолдарындағы күміс динарларының ештеңеге де жарамсыз болып қалғандықтарына көздері жетеді. Тектей келсе бұл динарлар бұдан үш ғасыр бұрын қолданылған мүлік екендігі мәлім болады. Бұл жердегі әлгі үш жігітті аң-таң қалдырып отырған не? Мәселенің мәні мынада болып отыр. «Олар үңгірде үш жүз жыл жатып қалды және тоғыз (жыл) қосылды» деп баяндайды киелі Құран-Кәрім.

Үш жігіттің үш ғасырға жуық ұйықтап қалғандығы бәрімізге түсінікті болды. Ал одан кейінгі сөз болып отырған тоғыз түсінігі нендей мағынаға ие. Кәне, ол жайында да оймақтай сөз шығындап көрейік. Бұған белгілі ғалым Ақжан Машанидың төл шәкірті Ғұзыхан Ақпанбек мырза бүй деп байлам айтады:

«...Хижра жыл санауында бір жылда 354,36667... тәулік, яғни 354 күн, 8 сағат, 48 минут, 35 секунд бар. Григориан мен хижраның айырмасы 11 тәулік. Дәл есебі 10,8755... күн. Осы айырма күннен бір жыл құралуы үшін 33,5839 жыл, ал тоғыз жыл болуы үшін 300 жыл өтуі керек. Хижра мен милади күнтізбесіндегі айырма күндердің 300 жылда тура 9 жыл құрайтындығы туралы Құранда айтылған» деп жоғарыдағы аятты мысалға алады.

Әлхисса. Бұл мәселені осы жерінен кілт тоқтата тұрып, дәл осы оқиғаға орайлас мына бір хадистің де мәнін ашалап алсақ деген ниетіміз бар. Пайғамбар ауызынан шықты дейтін осы бір сөз жоғарыдағы аяттың түсіндірмесі болуы да ғажап емес. Қалай десек те оқиға сорабы өте ұқсас келетін қос мысалда көп хикметтің сыры жатқандығы шүбәсіз. Имам Бұхари риуаят етті дейтін хадистің негізгі жүлгесі былайынша өрбиді: «Бірде үш адам ұзақ сапарға шығады. Бір үңгірге түнемек болып ішіне кіргенде, таудан тас құлап кетіп үңгірдің ауызын бітеп қалады екен. Сонда олардың көкірегіне ғайыптан: «Бұл қатерден сендерді Алла ісіне арамдық қоспаған, шын ниеттеріңмен істеген ізгі істерің ғана құтқара алады» деген уақи келеді. Содан үшеуі жапа-тармағай ең жақсы деген амалдарын естеріне түсіре бастайды ғой. Алғашқысы: «Ей, Аллам, менің уақыт кеміріп, кәрілік иектеген ата-анам бар еді. Оларды тек маңдай теріммен асырадым. Бірде бір шаруамен алысқа кетіп, кештетіп оралсам, ата-анам ұйықтап қалған екен. Ол кісілерді оятуға дәтім бармады. Қолымда азын-аулақ сүтім бар болатын. Содан таң атқанша оянғанын күтіп отырдым. Оянғаннан кейін сол сүтті өз қолыммен пісіріп екеуіне ішкізіп едім. Ей, рахымды Аллам, егер де осыны өз дидарың мен шын ризашылығыңды іздеп істеген болсам, мына басыма түскен қатерден өзің ғана құтқара көр» деп жалбарынған екен. Сол сәтте Құдайдың құдіретімен үңгір ауызындағы батпан тас сәл жылжығандай болыпты.

Содан соң екіншісі былай деп жалбарына жөнеліпті: «Менің бір көрікті қызға көңілім ауды. Ынтызарлығым соншалықты, тіпті ішер ас-судан қалдым. Айналдырып көріп едім, әлгі құрғырым құрған тұзағыма түспей қор етіп кетті. Бір жылдары елді құрғақшылық жайлады. Әлгі аруым көмек сұрап дәл алдыма келді. Көктен іздегенім жерден табыла кеткен мен пақыр оған ырқыма көнер болса, 120 динар беретінімді айттым. Ол үнсіз келіскендей болды. Сөйтіп қолынан жетелей бергенім сол еді «мұныңыз енді жөн бе» деген қыздың жалғыз-ақ ауыз сөзі жан дүниемді түршіктіріп жіберді. Ұяттан жанымды қоярға жер таппастан, басым ауған жаққа қарай маңып кеттім. Әлгі жүз жиырма динар қыз қолында қалды. Оны алуға тіпті бетім де жоқ еді. Ей, рахымды Аллам, егер де осыны өзіңнен қорқып шын ризашылығыңды іздеп істеген болсам, мына басыма түскен қатерден өзің ғана құтқара көр» деп еңірегенде етегі жасқа толыпты. Сол кезде үңгір ауызындағы алып тас тағы да бір мәрте қозғалғандай болыпты. Содан үшіншісі тұрып былай деп аңырай жөнелген екен: «Мен кісі күшін жалдап ырыздық несібемді табатын едім. Бірде бір адам пәленбай күн жасаған еңбегінің ақысын алмай өз жөнімен кете берді. Мен оның еңбегіне еш тигенім жоқ, қайта сол ақшаны саудаға салып, одан біршама дүние құрадым. Біраз жылдардан соң әлгі адам келіп баяғыдағы жасаған еңбегінің ақысын сұрады. Мен оған: «Мына көріп тұрған мал-мүліктің бәрі сіздікі, енді осыны түгелімен алыңыз» дедім. Ол «мені келеке етіп тұрсың ба» деп ашуға булығып кетті. Мән- жайдың бәрін түсінгеннен кейін ғана райынан қайтып, мал-мүліктің бәрін түгелімен алып кетті. Ей, рахымды Аллам, егер де осыны өз дидарың мен шын ризашылығыңды іздеп істеген болсам, мына басыма түскен қатерден өзің ғана құтқара көр» деп ол да омырауын жасқа бояп зарлаған да Құдайдың құдіретімен әлгі батпан тас айқара ашылып, ана үшеуі аман-сау құтылған екен дейді» пайғамбар хадисі. Міне, мәртбелі оқырман, оқиғаның ұзын-ырғасы осы ғана.

Енді ентігімізді басып осы жерден ой қорытып көрейік. Егер де жоғарыдағы осы оқиғаларды жалаң, я болмаса тікелей ғана түсінетін болсақ, біреулер бір үңгірге келіп үш жүз жыл ұйықтап қалған болса, тағы біреулер тас үңгірден «бірдеңелерін» айтып, құтылып кеткен болып шығады емес пе? Сонда қасиетті Құран мен хадистің бар айтқысы келгені осы ғана болғаны ма? Осымен шаруа бітті ме сонда? Әрине, олай емес. Біздіңше, мәселенің мәні тым тереңде жатыр. Қос кітаптың түпкі тініндегі шындық бұл емес-тұғын. Енді түйілген түйінді бабымен тарқатып бағайық. Бұл жердегі үңгір түсінігі – кәдімгі қабір ұғымы. Дәлірек айтар болсақ, БҰЛ ОҚИҒА – ҚАБІРДЕН КЕЙІНГІ АҚУАЛДАН АҚПАР ЖОЛДАҒАН ҒИБРАТТЫ МЫСАЛ. Адамзат тарихында өлгеннен кейін өмірге қайыра келген жан баласы жоқ. Ондай құзірет жұмыр басты пенденің ешқайсысының да тәлейіне жазылмаған жай. Ендеше, екінші өмір хақында біздерге (яғни тірілерге) (киелі кітаптан басқа) кім мағлұмат бере алады. Әлде өмірден өткен исі адамзат нәсілі ме? Әлбетте, олай емес. Бұған берілер жауап бір Алланың өз құзырында ғана. Міне, АЛЛАНЫҢ АЯТЫ МЕН ПАЙҒАМБАР ӨСИЕТІ БІЗДЕРГЕ ОСЫ ҒИБРАТТАР АРҚЫЛЫ КЕЛЕСІ КЕҢІСТІК БАЯНЫН ИШАРАЛАП ОТЫР. Оқиғадан тұнған ой безбені ендеше мынадай болды: Адамзат баласы үрейлі үңгірден (қабір азабынан) тек ізгі істері арқылы құтылатын болса, Жаратқанның рахымы ықыласты құлдың шын пейіліне ғана түседі екен. Адамзат үшін арашаға түспек бір ғана амалымыз болса, ол осы ақ ниет пен шын жүректің бірлесе соққан лүпілі екен...

Біз Абайды етене тану үшін, ең алдымен кемеңгер кітапханасымен танысу керек дегенді жиі айтамыз.

«Әуелі аят, хадис сөздің басы, қосарлы бәйіт, мысал келді арасы» деп ой дестелеген ақынның өзі өлеңге қосқан киелі кітаптарының сөре басында тұрғандығы сөзсіз. Не нәрсенің болсын астары мен ақиқатын жазбай танитын ақынға бұл еңбектердегі әрбір сөйлемнің басқалай өлшемде тіл қатқаны тағы да анық қой. Құрғақ құлшылық пен «ынталы жүректің» өзара парқын аңдатқан осы ғибраттар, ақын кеудесінде ұзақ уақытқа шайқалып, кезі келгенде кемеңгер танымынан бүй деп ағытылып кетсе керек.

«Алла деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз жол емес.

Ынталы жүрек, шын көңіл

Өзгесі хаққа қол емес...»

Біз манадан бері ырғап отырған ықылым ойды Абай бір-ақ ауыз сөзбен шегендей салған екен. Есімізге түсірейік, жоғарыдағы үш кейіпкерге шын көмекші болған да осы «ынталы жүрек» пен «шын көңіл» емес пе еді? Сайып келгенде, мұның бәрі адам баласының өз қамы үшін ғана қажет. Себебін әрбір «шыбын жан» иесі сезеді деген ниеттеміз. «...Әділеттік, арлылық, махаббатпен, үш жолдасың қабірден әрі өткенде» дейді тағы да хакім көрден кейінгі көмекшілердің түсін түстеп. Қазақтың қария адамдары жаны жақатпаған кісісін: «сірә, осы бір неменің құдай сүйер қылығы жоқ» деп жататын еді. Ақиқат ұялаған, аруақты сөздің бірі дәл осы екен. Бұл ұғымның шын мағынасы енді ғана шымырлап бойымызға тараған тәрізді. Үңгірді үрей мен үміттің тайталасы десек, қай жағы үміттің пайдасына шешілер екен. Сол кезде біздің бойдан «Құдай сүйер бір қылық» табылар ма екен?..

Ықылас Ожайұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар