«Қазақ саудаға жоқ. Саудаға икемсіз. Өз пайдасын білмейді» - деген сөздерді бала жастан естіп келеміз. Сауданы шырқ айналдырып, өз пайдасын түгендеп, майлы жілікті кертіп жеп, жүргендер өзбектер, тәжіктер, кавказдық ұлттар деген ой санаға берік бекіген.
Бірақ нарықтық қатынас бәрін өзгертіп жіберді. Қазақ туралы әу бастағы ойымыз бекер екен. Сөйтсек нағыз сауданың түбін түсіретін қазақтар болып шықты! Заманына, ортасына тап келмей жүр екен жазған байғұстар. «Осы сорлылардың қолынан бірдеңе келуші ме еді?» - деп жүрген тәккапар көңілдер бәсейіп төменшіктеп қалды. Дүкенде де, базарда да сауда жасап тұрған қазақтар. Қазіргі қазақ байшікештері сол сауданың тетігін, ебін білетіндер. Дүкен, мейрамхана, дәмхана, қонақ-үй, шаштараздар ұстайды. Шетелдермен де сауда жасап жүр.
Бұрынға қазақ қайда кеткен?! Баяғы мифтің тас-талқаны шықты! Қазақтың іскер адамдары қалыптасты. Сөйтсек сауда қазақтың қанында бар екен. «Есектің артын жусаң да мал тап!» - деген сөзді ұлы Абай бекер айтпаған. Енді осыған мысал ізделік.
ХХ ғасырдың басында сауданың жалынан ұстаған қазақтың ірі саудагер байлары көбейді. Қазақтың сауда, компрадорлық буржуазиясы қалыптасты. Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлке» романындағы Игілік байды еске түсіріңіз. Тіпті алысқа бармай-ақ Ақан серінің әкесі Қорамса бай саудагер болған. Дүкен ұстаған. Қазақта осындай бай саудагерлер аз болмаған. Қазақ арасында бір емес, екі-үш реттен қажылыққа барған байлардың қарасыны да мол болған. Бұл нені білдіреді? Әл-ауқаттың жақсылығын, тұрмыстың бақуаттылығын білдіреді. Ел арасында сауданың, пайданың көзін білетін адамдар көбейді. Сөзіміз жалаң болмас үшін сол кез (ХХ ғ. басы) тұрмысынан хабардар ететін көркем әдебиет мәтініне жүгінелік.
Қазақ тұрмысының білгірі, ұлты татар, қазақ жазушысы Сабыр Шәріпов өзінің «Сүлік» атты әңгімесінде Ысқақ қажы деген кейіпкерінің қатты қыс болатын жылы, жем-шөптің аздығына байланысты балаларымен ақылдаса келіп, қолдағы сиырларды кедей ауылдардағы қолдарында жалғыз қарасы жоқ, сауын сиырға зар болып отырған адамдарға таратып, бір қыс бағып беруге беретінін суреттейді.
Сиырлар қыстан аман шығады. Есесіне жарлылар қыс бойы сүтке қарық болады және сиыр иесі байға рахметтерін жаудырады. Осы шараның арты не болды? Жазушы арада біраз жылдар өткенін келтіреді. Кедей ауылдар сиырларды төлдерімен бір қыс бағып, келесі жылы ұрғашы төлдерін енесімен бірге келесі қысқа да қалдырып отырады. Тек еркек төлдерді ғана иесіне қайтарып отырады. Он жылдың ішінде баяғы кедей үйлердің әрқайсысында бір сиыр бес-алты басқа дейін көбейді. Ысқақ қажының балалары енді осыларды өз қолымызға алсақ деп қыңқылдай бастайды. Бірақ Ысқақ қажының өз есебі өзінде. Ол асықпайды.
Ысқақ қажының ішкі есебін повестен үзінді келтіре отырып, көз жеткізсек: «Көке, бұл жұмысты ақырындап доғарсақ қайтеді? Тым ауырлап бара жатыр. Баяғы бір сиыр бағзы бір үйлерде бес-алты бас болды, өздерінде біздікінен басқа адал қарасы жоқ, сол сиырларды бір күні аламыз десек біржола айдатып қоя да бермейді ғой. Ала қойсақ аш қалады ғой. Солардан бірлі-жарымды жартылап осы бастан ала бастауымыз дұрыс қой деймін?
- Қой, шырағым, саспа көбейсін. Тіпті алма, молдана берсін. Оны малданғанына біз екі түрлі пайда бар. Пайданың бірі әр жылы күз жәрмеңкеге шығарда екі жүзден артық торпақ жинап алып отырсың. Бұзаулары өлсе ақшадай құн төлеп тұрады. Одан бес-алты жүз сом өнеді. Бақбайдың сиыры өліп қалса төлейтін мүмкіндік жоқ, ал біздікі өлмейді, үш жүз сиырдың төліне бір жылы екі жүз мың сомнан артық пайда аз емес, үш жүз сиырды қолға ұстап бағам десең, оған шөп керек, бақташы адам керек, қора-қопсы керек. Өліп қалатыны болады; соның бәрін есеп қылсаң, жарты пайдаң кетеді. Және сондай мал қолда тұрғанда рамат салық та көп түседі. Кісі қолында болған соң көзге көрінбейді. Бұл бір пайдасы, екінші пайдасы мынау: екі болыс елдің неше баласы болса да, бас-басы «тәңірі жарылқасын» айтып отыр. Екі мың үйдің ішіндегі үш жүз үй біздің сиырды сауып, оның сүтімен тамағын асырап тұр. Олардың бәрі де аталарымыздың аруағына тілек тілеп тұрады. Олардың тумалары, ағайындары болады. Соның бәрі біздің тілеуімізде».
Ал енді осыдан кейін Ысқақ қажыны қалай деп болады? Сөгуге бола ма? Бәлен деп сөге алмаймыз. Ол өз шаруашылығына пайдалану көзімен, қазірше айтсақ прагматикалық көзқараспен қарап отыр. Осы Ысқақ қажы сияқты кейіпкерлер көркем әдебиетімізде Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлкесіндегі» Игілік бай сияқты кейіпкерді есепке алмасақ жоққа тән деге болады. Біздің көркем шығармаларда қазақ байлары Жұман бай сияқты тек қана малының соңынан жүре беретін, жабайы, надан ретінде суреттеледі. Байқасақ, мәселе олай емес екен. Ысқақ қажы бір жағынан кедей ауылдардың рахметін алса, екінші жағынан өз пайдасын түгелдеп отыр. Былай қарасақ, қасқыр да тоқ, қойда аман.
Социалистік қоғам психологиясы орыстарды да қазақтарды да жалқаулыққа, енжарлылыққа, салғыртыққа жақсы-ақ үйретті. Оның бір себебі, орыстардың патриархаттық уклады қауымдық шаруашылыққа негізделсе, қазақтардың да рулық жүйесі ұжымдық шаруашылыққа құрылған. Қазақтардың «көппен көрген ұлы той», «У ішсең, руыңмен» деген мақалдары социалистік ұжымдық психологияның «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» деген девизімен жақсы үйлесе кетті. Социализмнің шаруашылығы өркениетті технологияға негізделгенмен, қоғамдық психологияда орта ғасырлық психологияға орын берілді. Былайша айтқанда социализм – өркениетті феодализм. Ол орыстарды да, қазақтарды да патернализмге, масылдық психологияға бой үйреткізді. Ал ертеден жеке шаруашылыққа бейім шығыс халықтары бұл психологияға дендей қоған жоқ. Орыстар айтатын барлық «сыр-бор» кілтипан осында. Сондықтан да біздерге қазақтардың бойындағы кәсіпкерлік, саудагерлік тарихын зерттеу қажет-ақ. Ал қазіргі нарық толқынында сауданың желкенін көріп, жалынан ұстап жүрген жас буын, қазақ кәсіпкерлеріне өрісті де, табысты жол тілеймін!
Сәбит Жәмбек
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.