Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Жадыра Шамұратова. Келер ғасырдың адамы көркем шығ...

11.12.2018 5835

Жадыра Шамұратова. Келер ғасырдың адамы көркем шығарма оқи ма?

Жадыра Шамұратова. Келер ғасырдың адамы көркем шығарма оқи ма?  - adebiportal.kz

Бүгінде ғалымдар күнге жақындаған сайын ғаламшардың айналу жылдамдығы азаятындықтан біз өмір сүріп отырған уақыттың бұрынғыға қарағанда қысқарақ екендігіне дәлелдер келтіреді. Кім білген, рас та шығар, бүгінгі адам әйтеуір бірдеңеге үлгеру үшін қым-қуыт тірлік, жанталас кешіп жүргендей. Оның үстіне ХХІ ғасырдың медиаиндустриясы тұтынушылық философиясын үсті-үстіне тықпалаған сайын көпшіліктің интернеттен, одан бөлек толып жатқан «ғаламаттардан» бас ала алмай қалғаны да рас, ал бұлардың бәрі уақыт ұрлайды. Ал, енді осы өзіне дейінгі адамзаттың жүріп өткен жолдарын, даму бағытын оның қалыптасқан құндылықтарымен қосып сүртіп келе жатқандай көрінетін интернетіңіз адамзаттың алдағы болашағы туралы не дейді?

Қарап тұрсаңыз, 170 млн. жылға созылған эволюциялық даму кезеңінде адам баласы үңгірді паналап, одан беріге дейін соғыс пен аштықты бастан кешіріп, бүгін, міне, бүйінің гені арқылы картоп, қоңыздың гені арқылы қызанақ өсіріп, бір сөзбен айтқанда компьютерсіз өмір сүре алмайтын күнге жетіп отыр.

«Адамның басы - Алланың добы» еді, ал енді асылық айтқанымыз болмасын, ғалымдардың эксперимент алаңына айналып кеткен сияқты. АҚШ-тағы ғылыми бағдарламаларды қаржыландыру комитетіне генетикалық ерекшеліктерді зерттейтін зертханадан ашық ғарышта өмір сүре алатын жаңа адамның түр-тұрпатын жасау туралы жаңа ұсыныс түскен. Жаңа жоба бойынша жұмыс басталды дей бер.

Ертемен жұмысқа жанығып, айлық алу үшін айдың аяғын, ана мереке, мына мейрам, кезекті еңбек демалысын асыға күтетін, келесі, арғы жылын жоспарлап жүретін қарапайым адам өзінің келесі ғасырдағы болашағы туралы ойланып үлгермесе де, британ ғалымдары енді бір мың жылдан кейін адамды және оны қоршаған орта айтса сенгісіз өзгеріске ұшырайды деп отыр. Күн тұтылғанда ақырзаман келіп қалды деп елдің зәре-құтын алатын баяғының дүмше молдалары секілді қара аспанды төндіргелі отырғанымыз жоқ, дегенмен, сондай бір кезең болады дейді, әлі келмеген ол кезеңді ертегі десек болар. Неше заман өткенде ертегінің бәрі шындыққа айналатынын да естен шығармайық. Мысалы, өткен ғасырдың 80-жылдары Жоғары дамуды зерттейтін Принстон институтының белгілі физигі Ф.Дайсон «Нью-Йорк Таймс» газетіне берген сұхбатында: «20-30 жылдан соң генетиктер адамның дене мүшелерін ауыстырып салуды үйренеді, трансплантология дамып, нәтижесінде жүрегі тоқтаған адамның жүрегі сау жүрекпен алмастырылып, бүйрегі жоққа бүйрек салынып, ғылым жетістігі адамзат игілігі үшін қызмет етеді. Ғалымдар адам мүшелерін ауыстырып салудың бүкіл қыр-сырын меңгеретіні соншалық, осындай тәсілдермен адамды өзге ғаламшарда өмір сүруге бейімдеуге әрекет жасайды. Күндердің күнінде жер бетінің атмосфералық өзгеріске ұшырайтындығы себепті, бұл жерде өмір сүруге мүмкіндік болмай қалады, сол кезде амал жоқ, адам баласына өзге ғаламшарда өмір сүруге тура келеді» деген екен. Дайсон әулие емес, бірақ айтқандары айна-қатесіз келуде, біздің елде де транслантациялық операциялар жасалып, жаңа жасушалар енгізу арқылы он төрт жылдан бері төсекке таңылып жатқан адамның аяғына жан бітті. Бауыр ауыстыру операциясы өзіміздің отандық дәрігерлердің де қолынан келетін болды. Аяғы немен тынары белгісіз адамды клондау ісінің де үлкен ғылыми ізденістер арқылы келгені белгілі. Мұндайда «Ғалымның сандырағы келеді» демеске амал кем.

«Адамның басы - Алланың добы» еді, ал енді асылық айтқанымыз болмасын, ғалымдардың эксперимент алаңына айналып кеткен сияқты. АҚШ-тағы ғылыми бағдарламаларды қаржыландыру комитетіне генетикалық ерекшеліктерді зерттейтін зертханадан ашық ғарышта өмір сүре алатын жаңа адамның түр-тұрпатын жасау туралы жаңа ұсыныс түскен. Жаңа жоба бойынша жұмыс басталды дей бер. Деректерге қарағанда, Лондон экономикалық мектебінің натурфилософия және әлеуметтік ғылым орталығы профессоры Оливер Карри «эволюция туралы» зерттеу еңбегінде өзінің біраз ғылыми пайымдарын ұсыныпты. Адам ол кезде шайнауға оңай синтетикалық тамақтарды ғана тұтынатындықтан жақ сүйектері кішірейіп, беті баланың беті тәріздес дөңгелек жүзді болмақ. Жер бетінен рак сияқты аурулардың түбегейлі жоғалып кетуімен байланысты адамның иммундық жүйесі әлсіреуі де мүмкін. Адамдар өзара қарым-қатынасты жоғары технологиялар арқылы жолға қоюды әбден меңгеріп, мұның арты адамның өз бетінше бір-бірімен жылы араласу қабілетінің жоғалуына әкеп соғады, сенуге бола ма, болмай ма, әйтеуір ол кезде адам бір-бірін сағынбайды, кино көріп отырып жыламайды, ол кезеңде жеті нотаның құдіретті күші түгесіліп, махаббат туралы ән естілмеуі, махаббат туралы жыр оқылмауы... мүмкін көрінеді.

Сонымен... Ғалымдарға сенсек, ол кезеңде ұлт, ұлыс деген болмайды, мемлекетке бөлінудің де дәурені өтетін сыңайлы, жер бетінде жерге, мұнайға талас, соғыс, нәсілдік қақтығыс тыйылып, жаңа бір беймарал тыныштық орнамақ, жаңа мыңжылдықта яғни 3009 жылы адам бойының ұзындығы 190см.-ге дейін өсіп (бұл дегенің мен секілді аласалардың өмір бойғы арманы), көп адам 120 жасқа дейін өмір сүруі әбден мүмкін, терісінің түсі де бірыңғай қоңырқай болады екен дейді. Содан кейін тағы бір 100 жыл өткенде адамзаттың ұрпағы ақылды да сұлу, сымбатты, тұрмысы бай – жоғары элитадан және өңшең надан, кеспірсіз, кедей-кепшіктен құралған – төменгі топтан тұратын екі кастаға бөлінеді-мыс. Бұл идея сонау 1895 жылы Герберт Уэлсстің «Уақыт машинасы» атты романында көрініс тапқан. Кейін бұл шығарма бойынша екі бірдей фантастикалық фильм түсірілді. Фильмде бас кейіпкер 802701 жылға дейін саяхат шегеді, сол кезде элое мен морлок атты екі тайпадан тұратын қоғамға тап болады. Бұл екі топтың өкілдерінің дүниетанымдары бір-біріне мүлде кереғар болып шығатынын болжап та отырған шығарсыз.

Соңғы кезде жұрт жиналған жерде саясаттан сериалға дейінгі тақырып қозғалғанымен, кітап, әдеби шығарма туралы әңгіме болмайтынына, болған күнде де сирек болатынына анық көз жетті. Ал, сұхбат берген аты дардай қаламгердің: «Бізді кім оқып жатыр дейсің, өзіміз жазып, жазғанымыз бір жерге жарияланса, соған өзіміз мәз болып жүргеніміз» дегені көңілді одан сайын жүдетті.

Енді өзіміз үшін соншалықты маңызды сұраққа келейік. Сол мүлде жаңа ғасырдың адамы кітап оқи ма екен? Көркем шығармалардың табиғатына үңіліп, талдау жасап, жазушыларды аса мәртебелі адамдар санатына қосар ма екен? Оқыса қай тілде оқиды? Қай жанр жанына жақын болмақ? Бізге осы қызық болып отыр. Себебі, соңғы кезде жұрт жиналған жерде саясаттан сериалға дейінгі тақырып қозғалғанымен, кітап, әдеби шығарма туралы әңгіме болмайтынына, болған күнде де сирек болатынына анық көз жетті. Ал, сұхбат берген аты дардай қаламгердің: «Бізді кім оқып жатыр дейсің, өзіміз жазып, жазғанымыз бір жерге жарияланса, соған өзіміз мәз болып жүргеніміз» дегені көңілді одан сайын жүдетті. Әрине, кітап оқу-оқымау әркімнің жеке шаруасы дерсіз, бірақ, өмірдегі қозғалыс заңын қайтеміз? Шығармашылыққа қатысы болсын-болмасын, кез келген адамның ішкі жан дүниесінде әруақытта өз-өзіне есеп беру, өзін өзі тану процесі тоқтаусыз жүріп отыруға, санада қозғалыс болуға тиіс. Басқасын айтпағанда, кітап оқымайтын, тойларға арналып жазылған арнауларды өлең деп қабылдайтын ұлт қайда барады, осыны ойласақ уақыттың, тарихтың сағымына сіңіп жоғалып кетпеу үшін ұлт болып жанталас кешпейміз бе? Біріміз постақпараттық, біріміз постмодернистік, тағы бір ақылды бастар биоинженерлік болады деп жүрген ол жаңа қоғам адамзаттың, қазақ деген ұлттың маңдайынан сипай аларына анық көз жеткізе алсақ қой... Қалам тек қана адамгершілік пен тазалықты уағыздау керек. Жаман әдет жақсыны танымаудан басталады. Соңғы кездері шығармалар мен кинолардан ақырзаман идеясы жиі көріне бастады. Мұндай эсхатологиялық көңіл-күйдің арты жақсылыққа апармасын түсіне алсақ, рухани сырқатымыздан тез жазылар ма едік... Әйтеуір, бір анығы - бүгінгі білім мен ғылымның қатты дамығаны сондай, әр тарапқа бөлініп, бөлшектенуі қарқын алды. Ал дүниедегі барлық білімді біріктіретін, жалпы моральді ұстап тұратын күш әдебиетте ғана бар. Әйтеуір, солай ойлаймыз. Егер әдебиеттің ешбір құдіреті болмаса адамзат тарихының тұңғыш пайғамбары делінетін Заратуштра адам болмысын ізгі ой, ізгі сөз, ізгі амал-әрекет арқылы ғана сипаттамас еді. Ал, расында ізгі ой, ізгі сөз, ізгі амал-әрекет бірігіп, әдебиеттің түр-сипатын береді.

P.S.: Ғалымдар бірдеңе біліп айтатын шығар, біз де өз болжамымызды білдірейік. Неге екенін, түптің түбінде адамзат кітапқа қайта оралатын сияқты көріне береді. Себебі, онсыз да жылу азайды, онсыз да сүреңсіздік жайлап барады, жалпыны ортақтастырар дүние аз. Қоғам көркем әдебиеттен қол үзген сәттен бастап рухани кемелдікке қол жеткізе алатын мүмкіндігінен де айрылмақ. Ал, көркем әдебиетті керексінеді дейтініміз – осы мағынасыз сүркілден, медиаиндустрияның сапырылысқан өнімдерінен, бәрінен шаршаған, қажыған адам баласы тазалықты да, сезімді де, нәзіктікті де көркем әдебиеттен табатынына титтей де күмән жоқ.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар