Сөйле, жырау!
Жыраулар поэзиясы – қазақ сөзінің қуаты, қазақ тілінің айбары. Ерлік пен елдіктің нышаны. Ұлт пен ұлысты сүюдің, мемлекетшілдіктің үлгісі. «Бас кеспек болсада, тіл кеспек жоқ» дейтін Алаш ұранды азаматтың мәрттігі. Биік рухының, адами парасатының келбеті. «Отан қорғаушылар күнінің» құрметіне, порталымыздың оқырмандарына жыраулар поэзиясынан толғаулар ұсынып отырмыз.
Сыпыра жырау
Мен бабаңмын, бабаңмын,
Мен нелерді көрмедім,
Мен қай жерде жүрмедім?!
Әкей хан мен Жәкей хан –
Мұны көрген бабаңмын.
Шына қыздан туған ұл
Сенің бабаң Шыңғыс хан –
Мұны көрген бабаңмын.
Жасар жасым жасадым:
Бір жүз алпыс жасадым,
Шіркеулі деген шаһарда
Тоғыз ханның сарқытын
Бір мәжілісте асадым.
Бұлар өтіп кеткен соң,
Хан Шыңғыстың кезінде,
Бұ жалғанның жүзінде
Он бір патша бар еді;
Еділдің құбыла жағында,
Ханның алтын тағында
Он бір патша болды опат.
Он бір патша алдында
Қобыз алып сөз сөйлеп,
Толғау айтқан бабаңмын.
Асанқайғы жырау
Қырында киік жайлаған,
Суында балық ойнаған,
Оймауыттай тоғай егіннің
Ойына келген асын жейтұғын,
Жемде кеңес қылмадың,
Жемнен де елді көшірдің.
Ойыл деген ойың-ды,
Отын тапсаң, тойынды.
Ойыл көздің жасы еді,
Ойылда кеңес қылмадың,
Ойылдан елді көшірдің.
Елбең-елбең жүгірген,
Ебелек отқа семірген,
Екі семіз қолға алып,
Ерлер жортып күн көрген
Еділ деген қиянға.
Еңкейіп келдің тар жерге,
Мұнда кеңес қылмадың.
Кеңестің түбі нараду...
Нәлет біздің жүріске,
Еділ менен Жайықтың
Бірін жазға жайласаң,
Бірін қысқа қыстасаң,
Ал қолыңды маларсың
Алтын менен күміске!..
Қазтуған жырау
Бұдырайған екі шекелі,
Мұздай үлкен көбелі,
Қары ұнымы сұлтандайын жүрісті,
Адырнасы шайы жібек оққа кіріс-ті,
Айдаса – қойдың көсемі,
Сөйлесе – қызыл тілдің шешені,
Ұстаса – қашағанның ұзын құрығы,
Қалайылаған қасты орданың сырығы,
Билер атты би соңы,
Би ұлының кенжесі,
Буыршынның бұта шайнар азуы,
Бидайықтың көл жайқаған жалғызы,
Бұлұт болған айды ашқан,
Мұнар болған күнді ашқан,
Мұсылман мен кәуірдің
Арасын өтіп бұзып дінді ашқан
Сүйінішұлы Қазтуған!!!
Доспамбет жырау
Тоғай, тоғай, тоғай су,
Тоғай қондым, өкінбен.
Толғамалы ала балта қолға алып,
Топ бастадым, өкінбен.
Тобыршығы биік жай салып,
Дұспан аттым, өкінбен.
Тоғынды сарты нар жегіп,
Көш түзедім, өкінбен.
Ту құйрығы бір тұтам
Тұлпар міндім, өкінбен.
Туған айдай нұрланып,
Дулыға кидім, өкінбен.
Зерлі орындық үстінде,
Ақ шымылдық ішінде
Тұлымшағын төгілтіп,
Ару сүйдім, өкінбен.
Бүгін, соңды өкінбен,
Өкінбестей болғанмын.
Ер Мамайдың алдында
Шаһид кештім, өкінбен!..
Шалкиіз жырау
Аспанды бұлт құрсайды
Күн жауарға ұқсайды.
Көлдерде қулар шулайды –
Көкшіліден ол айуан
Соққы жегенге ұқсайды.
Көп ішінде бір жалғыз
Көп мұңайып жылайды –
Күйбеңдескен көп жаман
Сөзі тигенге ұқсайды!
Алп, алп басқан, алп басқан
Арабы торым өзіңсің,
Жазылы, алтын, қол кескен
Алдаспаным өзінсің!
Білерді білмес не демес,
Сұлтан ием, сен менің
Бармай тапқан Қағбамсың!
Алтынды кесе сары бал
Алсам мен саған ұсынармын,
Тал мойныма қол артсаң,
Күліктен бек ұнармын.
Көбең семіз торыңмын,
Көп құлыңның бірімін.
Жақсыңнан мені кем көрдің,
Жаманыңмен тен көрдің.
Жақсыңнан мені кем көрсең,
Жаманыңмен тең көрсең,
Ұялы берікке қос артып,
Сен есенде, мен сауда
Ырысымды сындайын,
Сегіз қиыр шартараптан іздермін!
Еділден аққан сызашық
Біз көргенде тебінгіге жетер-жетпес су еді –
Телегейдей сайқалтып,
Жарқыраған беренді
Теңіз етсе, Тәңірі етті!
Жағасына қыршын біткен тал еді –
Жапырағын жайқалтып,
Терек етсе, Тәңірі етті!
Тебінгінің астынан
Ала балта суырысып,
Тепсінісіп келгенде
Тең атаның ұлы едің,
Дәрежеңді артық етсе, Тәңірі етті!!
Тобылғының берегі
Иіп болып беріш бітсе,
Айбар болар терегі,
Атаның ұлы жақсыға
Малыңды бер де басың қос,
Бір күні болар керегі.
Бостаны бар-ды теректің,
Болаты бар-ды беректің,
Тұсыңдағы болған нартың қорлама,
Тұсыңдағы болған нартың қорласаң,
Табылмас-ты керекте.
Айдын шүйсең – тарлан шүй,
Көтерілген сона құтылмас.
Жауға кисең – берен ки,
Егеулеген болат ете алмас.
Есендікте малыңды бер де, батыр жи,
Басыңа қыстау іс түссе,
Дұспанның қолы жете алмас!
Бар күшіңді сынамай,
Балуандармен күреспе –
Таң боларсың әлемге,
Сөз боларсың күлемге.
Ақылсыз достыдан
Ақылды дұспан артық-ты,
Дұспаныңнан бір сақын.
Ел ішінде айқасып,
Ойнап жүрген достарыңнан мың сақын.
Жоғары қарап оқ атпа,
Жуық түсер қасыңа.
Жаманға сырыңды қосып сөз айтпа,
Күндердің күні болғанда,
Сол жаман айғақ болар басыңа.
Жақсы да келер бұ көпке,
Жаман да келер бұ көпке,
Түгел іс қойып болмас бір кепке.
Сен – алтынсың, мен – пұлмын,
Сен – жібексің, мен – жүнмін,
Сен – сұлтансың, мен – құлмын,
Сен – сұңқарсың, мен – қумын,
Жемсауыңа келгенде, Сұлтан ием, сом жүрегім аяман!
Саған дұспан – маған жау,
Керекті күні алдында
Ғазизленген сұлтан жаным аяман!
Жиенбет жырау
Еңсегей бойлы Ер Есім,
Есім, сені есірткен
Есіл де менім кеңесім.
Ес білгеннен, Есім хан,
Қолыңа болдым сүйесің,
Қолтығыңа болдым демесін.
Ертеңгі күн болғанда,
Елің кеңес құрғанда,
Айналып ақыл табарға
Есіктегі ебесін,
Сонда, ханым, не десің?!
Мен жоқ болсам, Есім хан,
Ит түрткіні көресің.
Жиембет қайда дегенде.
Не деп жауап бересің?..
Меніменен, ханым, ойнаспа,
Менің ерлігімді сұрасаң,
Жолбарыс пенен аюдай.
Өрлігімді сұрасаң,
Жылқыдағы асау тайыңдай.
Зорлығымды сұрасаң,
Бекіре менен жайындай.
Беріктігімді сұрасаң,
Қарағай менен қайыңдай.
Көруші едім, Есім хан,
Ханымды күнім, сізді айымдай.
Сырым саған түзу-ді
Садаққа салған бұлыңдай.
Жұмыскерің мен едім
Сатып алған құлындай.
Жүруші едім араңда
Өзіңнің інің менен ұлындай...
Мен, өлсе, құнсыз кетер деме сен
Кешегі өзіңнің ұрып өлтірген
Тілеуберді құлыңдай!
Тілеуберді құлың мен емес,
Мұның, ханым, жөн емес.
Менің ер екемді көргенсің,
Әуелден бірге жүргенсің,
Дегенімді қылғансың,
Қайратымды білгенсің.
Ағбытпа, ханым, күннен соң,
Сіздің естен кеткенмен,
Біздің естен кеткен жоқ:
Қалмақтың Бөрі ханы келгенде,
Соқыр бурыл байталға
Сонда бір жайдақ мінгенсің...
Қалмақтың Бөрі ханы келгенде,
Қаланың қасы бүлгенде,
Хандар қалаға қылаған,
Сұлтандар суға сылаған
Қаз мойынды ханшаңыз
Қалада тұрып жылаған...
Тал шарбаққа мал сақтап,
Тас қалаға жан сақтап,
Тасқан екен мына хан!
Қайырылып қайыр қылуға
Қылығын жоқ ұнаған.
Қайратым қанша қайтса да.
Марғасқа жырау
Ей, Қатағанның хан Тұрсын,
Кім арамды ант ұрсын!
Жазықсыз елді еңіретіп,
Жер тәңрісіп жатырсың.
Хан емессің, қасқырсың,
Қара албасты басқырсың.
Алтын тақта жатсаң да,
Ажалы жеткен пақырсың!
Еңсегей бойлы Ер Есім
Есігіңе келіп тұр:
Алғалы тұр жаныңды,
Шашқалы тұр қаныңды!
Бұқар жырау
Күпшек санды күреңді
Тәбияға жаратқан.
Қырық сан қара қалмақты
Жарлығына қаратқан.
Айбалтасын алтынменен булатқан.
Алапасын арттырып,
Арпалап атты қунатқан.
Лабажы деген бір елді
Антыменен улатқан.
Еренше мен Серенді
Тозғындатып шулатқан,
Періштесін жұрт үстінен дулатқан.
Еңсесі биік боз орда
Салтанатқа орнатқан.
Болаттан шеге қақтырып,
Шаңырағын торлатқан.
Үшбу жердің бектерін
Жасыл келге мәслихатқа келтірген.
Мыс табаққа (ас) толтырған.
Қазығын қалайыдан қақтырып,
Тоқпағын сом алтыннан соқтырып,
Нақыра күмүш шаптырып,
Былғары саба піштіріп,
Шыны аяқпен іштірген.
Орындығын оймыштап,
Ұлы нақыш салдырған.
Сандығын сары алтынға малдырған.
Көшсе қырқы арта алмас,
Қырық мың атан тарта алмас.
Қызыл аяқ мал жиып,
Қалишасын алдырған.
Алғын, шығын арқалап,
Бетіне бедер қамқа салдырған.
Туырлығың қара киіз,
Түрілулі бір түңлігің
Ошағадан ұстатқан.
Байтағың байып мал беріп,
Байтақты жерге қыстатқан.
Әділдігін Наушаруан әділге жеткізген.
Жомартлығын Хатымтай жомарттан өткізген.
Күнде мейман күзетіп,
Кесек-кесек ет берген.
Имандының ісіне қарап бет берген,
Бір құдайдың дидарын
Сен көрмесең, кім көрер?
Табандасқан дұшпанға
Күнінде қылыш шауып өткерген.
Ақтанберді жырау
Күлдір-күлдір кісінетіп,
Күреңді мінер ме екеміз?!
Күдеріден бау тағып,
Қамқапты киер ме екеміз?!
Өзенге бие байлатып,
Төскейге орда орнатып,
Төрткілдеп ошақ қаздырып,
Төбел бие сойғызып,
Төменде бидің кеңесін
Біз де бір құрар ма екеміз?!
Құлаты тауға қол салып,
Садақтың оғын мол салып,
Бетпақтың ен бір шелінен
Төтелеп жүріп жол салып,
Қолды бір бастар ма екеміз?!
Майданда дабыл қақтырып,
Ерлердің жолын аштырып,
Атасы басқа қалмақты
Жұртынан шауып бостырып,
Түйедегі наршасын,
Әлпештеген ханшасын
Ат артына мінгізіп,
Тегін бір олжа қылар ма екеміз?!
Кеуде бір жерді жол қылсам,
Шөлең бір жерді көл қылсам,
Құрап жанды көп жиып,
Өз алдына ел қылсам!
Асқар бір тауды жайласам,
Желілеп бие байласам,
Күнде жиын, күнде той,
Қыз-бозбала ойнатсам,
Тентегін түзеп байқа деп,
Ішінен биді сайлатсам,
Құлым бір ұлдай киінсе,
Көркемін көрген сүйінсе,
Атымтай Жомарт секілді
Атағым жұртқа білінсе!
Өзім бір бөлек жайласам,
Жігіттен нөкер сайласам,
Ойпаң жерге он отау,
Қыраң жерге қырық шатыр тігіп,
Қонағымды жайғасам!
Пышақтан малым кетпесе,
Қазаным оттан түспесе,
Ауылдан топыр үзілмей,
Ошақтың оты өшпесе!
Май жемесе қонағым,
Қан жемесе барағым,
Он кісіге жараса
Бір кісіге арнап тартқан табағым!
Халыққа атым білініп,
Шүлеңгір мырза атанар ма екеміз?!
Төскейде кеңес топтанып,
Жақсылар үйде баптанып,
Нөкерлер жүрсе сап түзеп,
Қос-қосымен шаттанып.
Қиуадан ақыл алатын,
Қияннан айла табатын
Ерлерден салсам нөкерді
Дұшпаннан кекті алатын!
Жоны бір жалпақ жотадай,
Мойны бір жалпақ бұқадай
Балуаннан нөкер барлатып,
Күреске салар ма екеміз?!
Артықша көзге көрініп,
Балуаным жықса таңлатып,
Алмасын арнап суарып,
Ақ сауыт соқса зергерім,
Таудағы сала бұғыны
Аңдып бір атса мергенім!
Көкорай көктем болғанда
Дауысы бар азандай,
Желіні бар қазандай,
Жаралы қудай ыңырантып,
Жарылған мұздай күңірентіп,
Қайрауықтың ащы күйіндей
Қайырып боздап күйлентіп,
Боталаған боз інген
Азан-қазан, у да шу
О да бір алса мазамды-ай!
Алғидың құба жонына
Жайылған қойым сыймаса,
Жүз бүркеншек, жүз қоспен
Қатар жүріп жинаса!
Көк алалы көп жылқы
Көлге бір түссе көз жетпей,
Санап санын алуға
Есебіне жан жетпей...
Беглерім мінсе шұбарын,
Жұлындай қылып жаратып!
Елден елді аралап,
Тектіден текті саралап,
Беглердің қызын айттырсам,
Нұсқасын байқап шамалап –
Сынға толса сияғы,
Әлбеті шамның шырағы,
Мұхиттан сүзіп шығарған
Қымбатты гауһар бағасы.
Жүз нарға кілем жаптырып,
Қазақтан сәнін арттырып,
Ұзатып алсам сәнменен,
Көңілімді хош таптырып!
Бала берсе тезінен, –
Пірлердің бітсе демінен,
Шілтеннің тиіп шылауы,
Артылып туса өзімнен!
Осындай берген дәулетті
Көтеріп тұра алар ма екеміз?!
Уа, қарт Бөгенбай!
Құяр жауын аспаннан
Қара бұлт торласа,
Пәлекет елде көбейер
Жігітті жігіт қорласа,
Ақбөкен келіп жығылар
Алдын қазып орласа,
Пенденің бағы ашылмас,
Маңдайы қалың сорласа,
Дұшпан қорлап не қылмақ,
Бақыт басқа орнаса!
Қынаптан қылыш суырмай,
Қарысқан жау бүлк етпес,
Жуылмай қастын қанымен,
Намысқа тиген кір кетпес.
Шабыссаң, қане, шығып көр
Жау емессің күш жетпес,
Дарабоздай қолбасы
Абыройын кірлетпес!
Ұрын келген күйеу қайда,
Жесір қайда тіл өтпес?
Жендетті көрсет көзіме,
Желіккен басты кім кеспес.
Еліңді жүндей түткізіп,
Қанды көбік жұтқызып,
Жайратамыз осы кеш!..
Тәтіқара ақын
Кеше тоқыраулы судың бойынан,
Тоқал терек түбінен,
Ніл дарияның басынан,
Құмкент шәрінің қасынан,
Перінің қызы перизаттан туған,
Қара мерген атасы,
Сөзімнің жоқ қатасы,
Кеше бұл тұрымтайдай ұл еді-ау,
Түркістанда тұр еді-ау,
Кызметші боп жүр еді-ау,
Үйсін Төле билердің
Түйесін баққан теріс аяқ құл еді-ау!
Дәл жиырмаға келгенде
Ақ сұңқар құстай түледі,
Азуын тасқа біледі,
Дұшпанға найза тіреді.
Үш жүздің сонда баласы
Ақылдасып, кеңесіп,
Хан көтеріп еді!
Үш жүздің баласын
Бір баласындай көрмеді.
Ат құйрығын сүзіңдер,
Аллалап атқа мініңдер,
Ханталау қылып алыңдар!
Үмбетей жырау
Уа, Алатаудай Ақшадан
Асып тудың, Бөгенбай!
Болмашыдай анадан
Болат тудың, Бөгенбай!
Қалақайлап дулатқан,
Қалдамандап шулатқан
Қалмақты алдың, Бөгенбай!
Құбыла көшкен байтақтың
Ордасындай Бөгенбай!
Темір жұмсап, оқ атқан
Қорғасындай Бөгенбай!
Қолтығы ала бұғының
Пәйкесіндей Бөгенбай!
Жалаңқия жерлерден
Жазбай түсіп түлкі алған
Білегі жуан бүркіттің
Тегеурініндей Бөгенбай!
Баянаула, Қызылтау,
Абыралы, Шыңғыстау,
Қозы Маңрақ, Қой Маңрақ
Арасы толған көп қалмақ;
Қалмақты қуып қашырдың,
Қара Ертістен өткізіп,
Алтай тауға асырдың!
Ақшәуліге қос тігіп,
Ауыр қол жидырып алдырдың;
Қалмаққа ойран салдырдың!
Қабанбай мен Бөгенбай,
Арғын менен Найманға
Қоныс қылып қалдырдың!
Махамбет жырау
Арқаның қызыл изені
Басы күрдек, түбі арал,
Қыдырып шалар аруана.
Кәрісі кімнің жоқ болса,
Жасы болар дуана.
Бір сынаған жаманды
Екіншілей сынама.
Тіріде сыйласпаған ағайын,
Құм құйылсын көзіңе,
Өлгенде бекер жылама!
Ер қабыланын жөнелтіп,
Елсізде аңырап қалған шақ,
Біздерден ақыл сұрама!
Көшер еді-ау біздің ел,
Сонау Еділден бергі тұрған жер дейін,
Қонар еді-ау біздің ел,
Арқада қоныс шөлдейін.
Нұралыдан қалған көп тентек
Бүлдірмеген еді елімді,
Лашын құс, бүркіт шайқаған шілде.
Ащының бойы көк тоғай,
Жайламас еді біздің ел,
Жері жаман сусыз деп.
Жабыдан айғыр салмады,
Баласы оның сынсыз деп,
Базарға сатсаң пұлсыз деп.
Балдағы алтын ақ болат,
Асынбас еді біздің батырлар,
Көкпен де сауыр қынсыз деп.
Ен қабыланын жөнелтіп,
Елсіз қаңғып қалған шақ,
Кім айтады бізді мұңсыз деп?!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.