Ұлытаудың қос ұлы – майдангер жазушы Баубек Бұлқышев пен рухты публицист Мұқан Иманжановтың 110 жылдығына арналған республикалық проза байқауына өтінім қабылдау басталды.
Есімі еленбей, көмескіленіп қалған қос автордың шығармашылығын жаңғырту. Проза жанрында қалам тербеп жүрген авторларға қолдау көрсету, өмірде болған еңбек адамдарының көркем портретін жасай отырып, қоғамға ой тастау, өмірді сүюге жол ашатын шығармалардың жазылуына ықпал ету. Байқаудың мақсаты осы.
Ұйымдастырып жатқан Ұлытау облысы Сәтбаев қаласының әкімдігі, «Сәтбаев қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ, Қазақстан Жазушылар одағының Ұлытау облыстық филиалы, «Б.Бұлқышев атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ.
Байқауды өткізу мерзімі: Өтінімдерді қабылдау 2026 жылдың 15 маусымынан бастап 15 тамызға дейін. 16 тамыз күні жіберілген жұмыс қабылданбайды. Байқау қорытындысы қыркүйек айында өтеді.
Байқауға қойылатын талаптар:
1. Байқауға республика көлеміндегі облыс, қала, аудан, ауылдардан 20-50 жас аралығындағы қаламгерлер қатыса алады және қазақ тіліндегі шығармалар қабылданады;
2. Қабылданатын шығарма жанры бойынша: әңгіме, новелла (көлемі 10-15 бет). Толық аяқталған немесе еш жерде жарияланбаған повесть (60-90 бет), роман (200-300 бет);
3. Б.Бұлқышев пен М.Иманжанов шығармаларымен үндес стильде жазылуы шарт;
4. Шығарма кейіпкері өмірдегі қиындықты еңсерген қайсар, батыл шешім қабылдай білетін, кейінгі буынға үлгі бола алатын адам болғаны жөн;
5. Кітапқа басылған, сайтқа шыққан, газет-журналға басылған, бұрын жазылған, басқа байқауға ұсынылған шығарма қабылданбайды. Қатаң сүзгіден өтеді. Сондай-ақ теріс діни көзқарасты, зорлық-зомбылықты насихаттайтын, нашақорлыққа, маскүнемдікке, өзін-өзі өлтіруге итермелейтін және сапасы сын көтермейтін т.б. шығарма қабылданбайды.
6. Шығарма авторы аты-жөнін көрсетпейді, бүркеншік есімі жазылады;
7. Шығарма авторы өзі туралы толық мәліметті қосымша құжат ретінде жолдайды.
Үлгі: Шығарма атауы: «Тобылғы»
Авторы: Аты-жөні
Бүркеншік есімі: «Таңбалы»
Ауыл, аудан, қала, облыс, қызметі, байланыс нөмірі көрсетіледі.
8. Шығарма 15 маусым-15 тамыз аралығында
baubek-mukan_2026@mail.ru поштасына жіберілуі тиіс.
Жеңімпаздарды анықтау тәртібі: «Заман біздікі» республикалық проза байқауына түскен шығармаларды сыншылар, ғалымдар, жазушылардан құралған қазылар алқасы қарайды. қазылар алқасының мүшелері шығармаларды келесі критерийлер бойынша бағалайды:
Көркемдік деңгейі; Тіл тазалығы; Сөздік қорының байлығы; Стиль ерекшелігі; Ой тереңдігі.
Қазылар алқасының шешімі талқыланбайды, қайта қаралмайды.
Ескерту: Сапасы төмен шығармалар түскен жағдайда қазылар алқасы жүлде санын азайтып-кемітуге құқылы.
Марапаттау: Қазылар алқасының ұйғарымымен жүлде алған шығармалар жинақ болып басылады. Авторлар салтанатты марапаттау рәсіміне шақырылады. Бас бәйге алған шығарма марапаттау салтанатында С.Қожамқұлов атындағы музыкалық-драма театрының көмегімен сахналанады. Сондай-ақ бас бәйге алған авторға жеңімпаз статуэткасы мен мерейтойлық төсбелгі табысталады.
Бас бәйге – 1 000 000
І орын – 700.000
ІІ орын (екеу) – 500.000
ІІІ орын (үшеу) – 300.000
Камал Смайылов атындағы арнайы жүлде 150.000
Аппаз Қаражігітов атындағы арнайы жүлде 150.000
Сайлаухан Нәкенов атындағы арнайы жүлде 150.000
Ақселеу Сейдімбеков атындағы арнайы жүлде 150.000
Асан Жұмаділдин атындағы арнайы жүлде 150.000
Байқауға қатысты қосымша сұрақтар бойынша 8 777 073 38 94 нөміріне хабарласуға болады.
