Жан сырымды ақтарам қаламға кеп

Ақын Бекзат Сәдібекұлының жырлары оқырманға таныс. Көпшілік ақынды әнге айналған жырлары арқылы да жақсы біледі. Бүгін оқырман назарына Бекзат Сәдібекұлының сырлы жырларын ұсынып отырмыз.

167

Жан сырымды ақтарам қаламға кеп - adebiportal.kz

Күз келсе ғой...

Көкжиектен Күнекей күн керілді,
Сағынамын көктем ару керімді.
Күз келсе ғой, жапырақпен сырласып,
Тарқататын шерімді.

Мына менің күйік пен шер — өз атым,
Кезі бар ма бақыт қолын созатын?
Күз келсе ғой, күзгі бақтың ішінде
Мөлдір өлең жазатын.

Серік болып жаурап тұрған жас талға,
Ерік беріп жанардағы жастарға.
Күз келсе ғой, буаз бұлттар қаптаған
Мұң шағатын аспанға.

Өкпем де жоқ өткеніммен тағдырға,
Тек болашақ өзегімді талдырма.
Күз келсе ғой, кірлеп қалған көңілді
Шайып алар жаңбырға.

 

***

Кімге не деп, несіне ақталасың?
Біреуге сор, біреуге бақ боласың.
Дұшпаның да, досың да жаныңда жүр,
Керек болса, табылар бақталасың.

Күйіп-пісіп қайтесің әр нәрсеге?
Өмір өзі реттейді ақ-қарасын.
Қалай болса, солай сүр өміріңді,
Неден қашсаң, дәл соған тап боласың.

Бір көргенге көрінер кісі бірдей,
Санасыз бен тексіздің ісі бірдей.
Сену деген — қателік әркімге бір,
Тұз бен қанттың себебі — түсі бірдей.

Сынақ толы шар екен ғалам деген,
Қателісіп сүрінер адам деген.
Өшіргішпен өшіріп, түзей салар
Тағдырыңды жазбаған қаламменен.

 

Періште емес пендемін

Жеткілікті көргенімнен көрмегім,
Ал қателік — күнделікті ермегім.
Мінсіз, мұңсыз болалмаймын себебі —
Періште емес пендемін.

Уақытты көп, дүниені кең дедім,
Өмір жалған екеніне сенбедім.
Күпірлікке бой алдырдым, өйткені —
Періште емес пендемін.

Жетіп жатыр, іздесеңдер, менде мін,
Жан жарасын жалап жазып емдедім.
Бәрі жақсы болатындай күнәсіз —
Періште емес пендемін.

Қателікті сөз қылмаңдар мендегі,
Кім біледі, тағдыр қандай сендегі?
Сынақ үшін жаратады өмірге
Жұмыр басты пендені.

 

Бейнеңді бейнет толы сағынамын

Өзің едің көңілді көркем етер,
Бара қалсам, сырыңды шерте кетер.
Жаутаңдаймын жалғанда жалғыз апау,
Жан табалмай өзіңдей еркелетер.

Бір жылымық жаныма жеткен кезде,
Көктем күні аймалап өбкен кезде,
Сен екен деп қаламын ылғи осы,
Көктен нұрын күн көзі төккен кезде.

Қарайғанға қараймын анам ба деп,
Бір көрінсе, еркелеп алам ба деп.
Сағыныштан түсем де сарсаң күйге,
Жан сырымды ақтарам қаламға кеп.

Сенің, апау, төгілген жанарыңнан
Мейірім он сегіз мың ғаламда жоқ.
Бар қатесін кешірген кей ұлыңның,
Сенсің ана иесі мейірімнің.

Атыңды әлі жұртың ұлықтайды,
Ақтығы осы емес пе пейіліңнің?!
Жинадым жанарға жас, жаныма мұң,
Сен едің Құдайдан соң табынарым.

Тағдырдың талқан еткен тауқыметін
Бейнеңді бейнет толы сағынамын.

Ізіндей кешегі өткен абыздардың,
Өзі едің аяулы анам нағыз нардың.
Жанымды орап алып өз жаныңмен,
Сақтадың салқынынан сан ызғардың.

Сен берген тәрбие мен ақ сүтіңе
Қара жерге кіргенше  қарыздармын.

 

Мен сені сүйіп өтем

Мен сені сүйіп өтем,
Сен менен тартынғанша,
Төзімім сарқылғанша,
Сахара көлге айналып,
Теңіздер тартылғанша.

Мен сені сүйіп өтем,
Мылқаудан үн шыққанша,
Деміңе тұншыққанша,
Ай туып, күн орнына
Батыстан күн шыққанша.

Мен сені сүйіп өтем,
Өзіңді өпкенімше,
Мәжнүн боп кеткенімше,
Жер беті жұмақ болып,
Тамұқ нұр төккенінше.

Мен сені сүйіп өтем,
Өзіңе жеткенімше,
Өзектен тепкеніңше,
Бәрінен қараң қалып,
Қиямет жеткенінше.

Мен сені сүйіп өтем,
Дұшпаным дос болғанша,
Соқырдан жас тамғанша,
Қар жанып қалауыммен,
Жалғаным рас болғанша.

Мен сені сүйіп өтем,
Ләззатқа мас болғанша,
Пәк сезім лас болғанша,
Көктемім күзге айналып,
Жүрегім тас болғанша.

Бекзат Сәдібекұлы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan