Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Жаңа экологиялық мәдениет және қазақ әдебиеті...

07.08.2024 2379

Жаңа экологиялық мәдениет және қазақ әдебиеті 14+

Жаңа экологиялық мәдениет және қазақ әдебиеті - adebiportal.kz

Соңғы уақыттарда жасанды жаңбыр жаудыру технологиясы арқылы Арал теңізін қайта қалпына келтіргісі келетінін Алтай Айнабектің есімі интернет беттерінде жиі айтылды. Әлі де айтылып келеді. Әрине, саламыз экология немесе табиғи ресурстармен тікелей байланысты болмағаннан кейін, «жаңбыр адамның» ісіне, іс процессіне баға беру, бағамдау біздің шаруа емес. Десе де, қазіргі постмодерндік қоғамдағы шек пен шекара ұғымының классикалық мәні жоғалып, шексіздіктердің шегінде өмір сүріп жатқанымызды ескерсек, экология мен әдебиет саласының байланысы жайлы аз-кем сөз қозғауға болады деген ойдамыз. 

Дәлірек айтсақ, әдеби мәтіндерге қоршаған ортаның, экологияның көзімен қарау, оны қайта оқу, танымдау, әрісі экологиялық (эко) әдеби сынның қалпы пен мүмкіндігі жайлы сөз қозғағымыз келеді. Осылайша, экологиялық дағдарыс заманында қоршаған орта мен адамдардың арасындағы жаңа экологиялық мәдениеттің жалпы панорамасын көруге мүмкіндік туады. Нәтижесінде әдеби мәтіндердегі көбіне көзден таса қалып кете беретін экологияның хал-қадірін, қазіргі жағдайын «күн бетіне» шығарып, экологиялық әдеби сын тұрғысынан бағамдай алатын боламыз. 

Сонымен, «адамдардың барлық басқа тірі ағзалардан айтарлықтай айырмашылығы жоқ екенін, адам тек тіл мен саяси ойдың болуымен ғана ерекшеленетінін» айтқан Аристотельден бастап, күні бүгінге дейін адам мен табиғаттың қарым-қатынасы мыңдаған түрлі ұқсастықтар, метафоралар мен салыстырулардың неше түрлі айтып келді. Тіпті қаншама философтар мен жазушылар адамды жануар ретінде көріп, бейнелеуден, оның тілінде сөйлеуден ешқашан тартынған емес. Бұл бізге  белгілі бір деңгейде адам ағзасының жануарлар денесінен органикалық айырмашылығы жоқ екенін, әрісі жоғары биологиялық қасиеттері де жоқ екенін көрсетеді. Бірақ антропоцентристік түсініктің келуімен қоршаған ортаның иесі, абсолютті нүкте деп бағаланған адам деп бағаланып, жануарлардан биік жаратылыс екенін алға тартатын түсініктер дами бастады. Әрине, адамның белгілі бір деңгейде сана тұрғысынан, эстетикалық жаратылыс тұрғысынан жануарлардан ерекшеленетіні жасырын емес. Десе де, адамның қоршаған ортадағы басып-жаншушы жаратылыс екенін ескерсек,  бір кездері мүшесі болған «жануарлар патшалығынан» іргесін аулақ салып, өздерінің артық жаратылғанын өздеріне үнемі дәлелдеу үшін «адам еместерді» қорықтар мен хайуанаттар бағына» қамап тастады. Бұл аз десеңіз, тағы да қоршаған ортадағы үстем тап өкілдері екенін өздеріне дәлелдеу үшін «аңшылыққа» байланысты әр сынды спорт түрлерін де ойлап тапты. Тіпті өздерінен әлсіз жануарларды сою мен кесуді эстетикаландырып, оларды жеудің «мәдениетін» қалыптастырды. Осылайша, адамзат баласы өзінің «өркениетті қоғамдағы» ізгілік пен мейірімділігін насихаттауға тырысты. Нәтижесінде жануарлар адамдар санасында өздерінің болмысынан айрылып, тек қана объект немесе шикізат көзі ретінде бағалана бастады. Қарапайым ғана мысал ретінде, интернет беттерінде «тауық» сөзін жазып қарайтын болсақ, басым көпшілігі пісірілген және қуырылған тауық еті жайлы ақпарат екенін көруге болады. Ал бұл дегеніміз, қоршаған ортадағы адамдан әлсіз тіршілік иелерінің (мысалға тауықтың) «өркениетті қоғам» үшін орамдағы азықтан басқа ешқандай психо-философиялық мәні қалмағанын көрсетеді.  Десе де мұнда бір дүниені ескергеніміз жөн: адамның табиғатпен қарым-қатынасында оның табиғаттағы барлық жанды және жансыз заттарды аяусыз тұтынуыжоюы  тек қана физикалық қалаулары мен қажеттіліктерінен туындамайды. Бұл, жоғарыда да айтқанымыздай, адамның осы бір табиғаттың абсолютті иесі болып қалуды қалайтындығынан және  бұл үшін барлық зорлық-зомбылықтан тайынбайтынынан бастау алады. 

Әрине, жоғарыда келтірілген тауық жайлы мысал, адам мен қоршаған ортаның арасында байланыстың тең дәрежелі емес екенінің бір парасы ғана. Мұнымен қоса, тек қана жануарға ғана емес, адам баласының табиғатқа да едәуір дәрежеде зиян келтіріп жатқанын біз айтпасақ та, сізге мәлім деп ойлаймыз, құрметті оқырман. Осы орайда адам баласының табиғатқа, әлемге, жерге жасаған қиятын қазақ ақыны Серік Ақсұңқарұлының «Экологиялық пікірталаста оқылған өлең» атты шығармасы біздің айтып отырған сөзіміз бен пікірлерімізді қолдай түсетіндей

Көргенсіздігімізді қашан көреміз біздер,

жерді де құрттық көр қылып?

Құдайға шүкір, өлеміз біздер –

үлгермей бәрін өлтіріп!

Жүрек жоқ, хайуан денеміз, құлқыны –

құзғындай, тоймас жемесе.

Құдайға шүкір, өлеміз бір күні,

өледі Әлем – немесе.

Міне, көріп отырғанмыздай, адам баласының «көргенсіздігінің» кесірінен жер де құртылды, әлем де өлімші халде. Сәйкесінше адам баласының тирандығы нәтижесінде жер бетінде кедейлік, гендерлік, адам құқықтары мен қауіпсіздігімен қатар, экологиялық мәселелер де кейінгі қалдырылмайтын проблемалардың қатарында орын алды. Осы және осы сарындас проблемалардың алдын алу үшін және қоршаған ортаның отарсыздығы үшін жаңа экологиялық мәдениеттің қалыптасуы өте маңызды. Ал бұл мәдениеттің қабырғаларын қалау және қалыптастыру белгілі бір деңгейде әдеби мәтіндер арқылы орын алатынын да ескергеніміз жөн. Яғни, табиғатты қоршау, сақтау, климаттың өзгеруі сияқты өмірлік маңызды мәселелерді көтерген туындылардың шығуы, жазылуы, түсірілуі жаңа экологиялық мәдениет үшін маңызды. 

Осы тұрғыда әдеби мәтіндерді де аталған мәдениеттің перспективасында экологиялық әдеби сын арқылы зерттеуіміз, бағалауымыз, бағамдауымыз қоршаған ортамыз үшін әдеуір дәрежеде актуалдылығын жоғалтпақ емес. Мысалы, марксистік әдеби сын шығармаларды әлеуметтік таптық; феминистік әдеби сын гендерлік; формалистік әдеби сын шығармалардың формальды қызметін зерттесе, экокритицизм (эко сын) адамды және қоршаған ортаның байланысын, туындаған проблемалар мен шешімдер тұрғысынан зерттейді. Яғни, әдеби шығармаларды глобус-центрлік парадигма шеңберінде қарастырады. Осылайша, табиғат пен қоршаған орта құбылыстары мен әдебиет арасындағы байланыстарды зерттей отырып, әдеби мәтіндерді экологиялық сана аясында қарастыруға толықтай мүмкіндік аламыз. 

Сонымен, әдеби мәтіндерді экологиялық әдеби сын тұрғысынан зерттейтін уақытта «Бұл шығармада табиғат қалай бейнеленген?», «физикалық кеңістіктің рөлі қандай?» деген қарапайым сұрақтардан бастап, «шығармадағы құндылықтар экологиялық құндылықтармен үйлесе ме?», «әдеби жанр ретінде табиғат жазуының ерекшеліктері қандай?», авторлардың жыныс ерекшеліктеріне байланысты ерлер табиғат туралы әйелдерге қарағанда басқаша жаза ма? Немесе әйел авторлардың ер авторлардың табиғатты суреттеуде ерекшелігі қандай?», «Жаһандану заманында табиғилық ұғымы қалай өзгерді?», «Жабайылық табиғилық па?», «Экологиялық дағдарыстардың бүгінгі әдебиеттегі орны қандай?», «Экология ғылымының әдебиеттану ғылымына әсері қандай?», «Тарих, философия, психология, өнер тарихы және этика сияқты әдебиетпен тығыз байланысты салалар секілді әдебиеттану мен экологиялық дискурстар қалай орын алуы мүмкін?» немесе «Адамды қоршаған ортадан бөліп қарастыруға бола ма?» , дәлірек айтсақ, «қоршаған орта мен адам екі бөлек объект  ретінде бағалауға бола ма?» сауалдар әдеби мәтіндер шеңберінде экосыншылар мен экотеоритиктердің зерттеу аясын нақтылап, олардың жұмыс сапасын арттырады. Сәйкесінше осы және осыған ұқсас сұрақтарға оң жауаптарды іздей отырып, әдеби мәтіндердегі экологиялық дискурстың қаншалықты деңгейде орын алғанын бағамдайтын боламыз. 

Сөзіміз одан әрмен нақтырақ болу үшін, экологиялық әдеби сын тұрғысынан қазақ әдебиетіне шолу жасауға болады. Себебі экология мәселесі тек қана қазақ әдебиетін емес, сонымен қатар қазақ ғылымының барлық саласында аса маңызды мәселелердің бірі. Жазба басындағы Арал теңізіне байланысты проблемалар да, Балқаш суларынан бастап, Семей полигоны сынды орындар мұның айқын дәлелі десек болады. 

Міне, осындай экологиялық мәселелер белгілі бір деңгейде қазақ әдебиетінде де қолға алынды, жазылды. Әрісі, экологиялық әдеби сын шеңберінде қойылған сұрақтарға да өзіндік деңгейде жауап берді. Солардың бірі, қазақ әдебиетінде экологиялық әдебиетінде кеек туындыларының бірі, қазақ жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың шығармаларын атасақ болады. Жазушының атақты «Қан мен тер» романы Арал теңізінің қал-ахуалын суреттеп, ондағы балықшылардың тағдырын суреттейді. Осы арқылы автор адамды табиғаттан бөлек қарастырмай, адамды бар етуші фактор ретінде табиғатты абсолютті центрге қояды. Яғни, жоғарыда айтып кеткеніміздей, глобус-ценрлік парадигрма шеңберінде «Қан мен терді» қайтадан оқу шығарманың мағыналық ауқымын кеңейтіп, оның құпия тұстарын ашуға септігін тигізеді. Автордың «Қан мен терден» бөлек, «Соңғы парыз» романы да Арал өңірінің экологиялық проблемаларына, зардаптары мен қиындықтарына тікелей тоқталып, ондағы табиғи өзгерістердің адам өміріне әсері туралы жан-жақты баяндайды. Жазушы Дулат Исабеков: «Ә.Нұрпейісовті қазақ қауымына ғана емес, бұрынғы кеңестік кеңістікке, қала берді дүниежүзі оқушыларына таныстырып жатудың қажеті жоқ. Шығармаларының құндылығы мен танымалдығы жөнінен Ұлы Мұхтар Әуезовтен кейін қазақ әдебиетінің мерейін көтеріп келе жатқан ірі қалам қайраткері», – деп құнды бағасын айтады. Сонымен қатар, Мәскеу университетінің профессоры Николай Анастасьевтің «Небо в чашечке цветка А.Нурпеисов и его книги в мировом литературном пейзаже» деген еңбегінде Әбдіжәміл Нұрпейісовтің романы жайлы: «Ә.Нұрпейісовтің роман, көсемсөз, тақырыбынан шығып, оның өмірлік тақырыбына айналған бір тақырып бар. Ол – экология. Иә, экология дегеніміздің ең үлкен мағынасы – адам тіршілігінің басты көзі табиғатты аман сақтау дегенді білдіреді. Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парызы» бүтін бір ғасырдың сұмдық зұлматымен жекпе-жек шығып, онымен есеп айырысуға кіріскен. Бұл – нағыз лирикалық эпопея. «Соңғы парыз» ажал аузында жатқан теңіздің азалы жоқтау жыры ретінде де өте тартымды оқылады. Бұл – романның ең басты сюжеттік арнасы. Арал теңізі жойылып барады. Ауа уланған. Халықтың күнкөрісі қиындап кетті. Олар соған қарамастан ата-бабасының сүйегі жатқан, өздері жар құшып, ұрпақ сүйген туған жерінен табан аударып, басқа жақтағы ешбір жұмаққа барғысы келмейді. Жаратқанның осынау керемет көркем де ақылды ұрпағы мұндай қорлық жағдайда өмір сүрмеуі керек еді ғой. Жаны да, тәні де қансыраған оларды сор мен тұз жегідей жеп, кеміріп жатқан осынау қасіретті өңірге құрбандық қылуға болмайды ғой!», – дейді. Әрине, автор жайлы алыс-жақын шетелдік ғалымдар мен қазақ ғалымдарының жазған-сызған еңбектері мен пікірлері мұнымен таусылып қалмайды. Десе де, бұл пікірлерді мысал ретінде жазып отырған себебіміз, автордың шығармасындағы экология мәселесінің қаншалықты деңгейде маңызды екенін және қалам қуатының қаншалықты деңгейде мықты екенін бағамдағымыз келеді. 

Мұнымен қоса, қазақ әдебиетінде жазушы Қалихан Ысқақовтың «Қараорман», «Ақсу жер жаннаты» романдарын экологиялық әдеби сын тұрғысынан зерттеуге тұрарлық шығарма ретінде атауға болады. Бұл шығармалардағы басты көтерілген мәселе – ең алдымен жазушының өмірдегі толғағы жеткен, зәру болып отырған экологиялық проблемасын таба да тани білуінде, сол проблеманы суреттей білуінде жатыр. Жазушы Қ.Ысқақовтың туған жер табиғатының көз алдымызда құрып бара жатқан байлығына шырқырап ара түскен перзенттік, азаматтық белсенділігі кімді болса да сүйсіндірері хақ. 

Алтай өңірі – Қалиханның көркемдік әлемі. Ол жоғарыда аталған романдарында ғана емес, «Қоңыр күз еді», «Менің ағаларым», «Бұқтырма сарыны» повестерінде және «Тұйық» романында да Алтай өңірін өзінің зерттеу обьектісі етіп ала отырып, ондағы адамдар, Алтайдың кешегісі мен бүгінгісін, ертеңін реалистік түрде айқын көрсетеді. Алтай тек географиялық орта ғана емес әлеуметтік үлкен адами орта. Жазушы осы ортаны жаза отырып, азаматтық, ортақ шындықтарды іздейді. Осы секілді жазушы Қ.Жиенбаевтың «Құлан жанарындағы ғұмыр» атты шығармасы да жоғарыдағы аталған крийтерилерге лайықты деп санауға болады. Шығарма теңіз ортасындағы  Барсакелмес аралына орналасқан мемлекеттік қорықтың жәй-күйі, ондағы жануарлар әлемі, оның Жетісу бойына көшірілуі, бас қорықшы Әбдімомын Ермолаевтың тағдыры суреттелген.  Мұнан бөлек, эколог-көсемсөзші Сайлаубай Жұбатырұлының «Абыржы» атты шығармасын да осы қатарға жатқызуға болады. Шығармада Арал теңізінің тағдыры, талайы, өткені мен болашағы жайлы сыр шертіліп, адам мен табиғаттың бір бөлек екенін, оның психо-философиялық аспектеріне көркемдік тұрғысынан тоқталады автор. 

Адамның табиғатқа жасаған зорлық-зомбылығы, адамның адамға адамға жасаған зорлық-зомбылығынан еш айырмасы жоқ екенін, қазақ жазушысы Роза Мұқанованың атақты «Мәңгілік бала бейне» шығармасынан аңғаруымызға болады. Шығармада әлі күнге табиғатқа да, адамға да зиянын тигізіп келе жатқан Семей полигонының елге, жерге тигізген зардабы Ләйлә есімді кейіпкер арқылы бейнеленеді. Автор полигонның жарылысы кесірінен «өспей» қалған Ләйләнің өмірдегі қиындықтары жайлы суреттей отырып, адам қолымен жасалынған апаттың салдары тек қана адамға емес, табиғатқа да кесірін тигізгенін, тигізіп жатқанын баяндайды. Алқапта өскен гүлден бастап, ауылда өскен адамға дейін зардабын тигізген полигонды жоғарыда мысал келтірілген Серік Ақсұңқарұлының өлеңімен суреттесек орынды болатындай. Бұл жағдай, тағы да барлық табиғатты, қоршаған ортаны, әлемді, қоғамды, адамдарды, жануарларды билеп-төстегісі келген адамның қолдан жасаған әрекеті екенін сіз жақсы түсінесіз, құрметті оқырман. 

Қазақ прозасында экологиялық мәселелерді қозғаған шығармалар мұнымен таусылып қалмайды. Десе де, біздің жазбамыздың асыл мақсаты барлық прозалық шығармаларды түгендеп, оларды экологиялық әдеби сын тұрғысынан толыққанды талдау емес, экологиялық сын жайлы жалпы мағлұмат беріп, шығармаларды осы тұрғыдан да зерттеуге болатынын айту екенін ескеркеніміз жөн. Ендігі осы ескертулерден кейін қазақ прозасынан бөлек, қазақ поэзиясына да назар аударуымызға болады. Себебі қазақ поэзиясы өзіндік болмысында табиғатпен үндескен, ешқашан табиғаттан адамды бөлек қоймаған, имманетті дамыған өнер түрі екенін ұмытпауымыз керек. Мұның айқын дәлелі ретінде қазақ ақыны Қадыр Мырзалиевтің «Қызыл кітабы». Ақын жан-жануар әлеміндегі, өсімдіктер дүниесіндегі зардаптарды айта келіп, енді азаматтығымыз бен адамгершілігіміздің, адамдық қасиеттеріміздің экологияға ұшырауынан сақтандырады. Яғни, адам баласының ең алдымен табиғат перзенті екенін, қоршаған ортаға тигізетін зәредей зардап адамның өзіне сан еселей қайтатынын жеткізгісі келеді. 

Ал енді ақын мен табиғаттың үндестігі, бірлестігі туралы сөз қозғағанда дереу есімізге қазақ ақыны Ұлықбек Есдәулеттің «Табиғат пен ақын» атты өлеңі түседі. Өлеңнің толық мәтіні төмендегідей:

Бұл жалғанда екеу ерке:

Бiрi – ақын,

Бiрi – табиғат долылықтан тұратын.

Бiр-бiрiне айбат шегер екеуi,

Тек екеуi бiрiн бiрi ұғатын.

Табиғатта сезiм жоқ деп ойламан:

Ол да – ақын!

Бiлер мұны бойлаған.

Ақыныңды ақын еткен табиғат,

Кез келгенде мұндай сана болмаған.

Бiрiн-бiрi жүрсе дағы тiрсектеп,

Бөлек өмiр сүре алмайды бiр сәт те.

Ол екеуi – екi қылыш!

Қашан да

Армандайды жалғыз қынға сыйсақ деп!   

Өлеңнен де көріп отырғанымыздай, ақын мен табиғат бір-бірімен біте қайнасқан қос ұғым. Тіпті ақынды ақын еткен табиғат дейді автор және кесіп түсер қылыштай болған екеуінің де мақсаты бір екенін аңғаруға болады. Демек, ақын мен табиғаттың бір-бірін толықтырушы факторлар екенін ескерсек, табиғатта болып жатқан зардаптар мен тауқыметтердің ақынды да бей-жай қалдырмайтыны ақиқат. Сөзімізге дәлел болуы үшін қазақ ақыны Күләш Ахметованың «Қала экологиясы» атты өлеңін мысалға ала аламыз. 

Өзгерісті байқармыз талай әлі,

Басы болған нәрсенің бар аяғы.

Түнде жауған аппақ қар

Алматыда

Түске дейін түтінмен қараяды.

Міне, осылай басталатын өлеңде Күләш Ахметова өлеңде Алматы экологиясы жайлы сөз қозғайды. Ондағы түнде жауған ақ қардың түске дейін-ақ түтінмен қарайып кететіні, газ пен бензин иісінен терең тыныс алуға мүмкіндіктің жоқтығын суреттейді. Расында қазақ өнерінің ордасы саналатын Алматы шаһарының көшелерінен бастап, табиғаты, суы, нуы жайлы, «Алатаудың ақ қарынан әперейін балмұздақ!» деп жырланған Алматының көктемі, күзі, қысы мен жазы жайлы таңды таңға ұрып айтуға, жазуға болатынын ескерсек, мұндай ғаламат шаһардың әлемдегі экологиялық ластанған қалалардың қатарында екені, Күләш Ахметова айтатындай, экологиялық проблемаларға тап келгенін көзі қарақты оқырманның бәрінің жанына батады деген ойдамыз. Ал ақынның аталған өлеңін басшылыққа ала отырып, экология мен әдебиеттің арасында тығыз байланыстың бар екеніне тағы да көзіміз жете түседі. 

Қазақ поэзиясында экологиялық мәселелерді қозғаған өлеңдерден мұнымен таусылып қалмайды. Мысалы, қазақ ақыны Темірхан Медетбектің «Экологиялық апат» атты өлеңі Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесінінен» үндес. Мұнда да адам мен табиғаттың бір-бірінен айыруға болмайтынын, табиғатқа жасаған зорлық-зомбылықтың түбінде барлық тірі жандар секілді адамға да зардабы тиетінін бейнелейді.

Жарылыстар сiлкiнер

қара жердiң астында!

Қалай жүрем елемей,

жан-жүрегiм қапалы!..

Уға малған жебедей

күннiң қызыл шапағы!

Сұмдық жатса жерiмде

қалай қалам көрiнбей.

Аңқып соққан желiң де

аждаhаның демiндей.

Ақынның өлеңінен де аңғарылып тұрғандай, қазақ қоғамының генетикасына едәуір дәрежеде кесірін тигізген, қазақ даласында флора мен фаунаның құрымын өзгерткен «жер астындағы жарылыстардың» салдары әлі күнге дейін жалғасып келеді. Тіпті ақынның сөзімен айтатын болсақ, «қызыл күннің шапағы да уға малынған жебедей болып», «аңқып соққан желдің өзі айдаһардың деміндей болып» көрінетін өлкеде табиғат пен адамның ара-қатынасы бұзылып, «аяқ-қолсыз балалардың», «аяқ-қолсыз жануарлардың» дүниеге келетінін көріп отырмыз. Ақын өлеңінің келесі бөлімдерінде бұл туралы ашық баяндайды:

Сұмдық сезiп қаладан,

сұмдық сезiп даладан

бал жүзiнен әр тайып,

туып жатыр балалар

шашы аппақ боп қартайып!

Осылайша, дүниеге келмей жатып, дүниенің дүрбелеңіне тап болған балалардың шаштары аппақ болып туатындары ешқандай да ақынның қиялынан шыққан суреттеулер емес. Расында экологиялық апаттың нәтижесінде физикалық тұлғасында ерекшеліктерімен дүниеге келетін балалардың бар екенін және мұның әлі күнге дейін жалғасып келе жатқаны ақиқат. 

Мұнымен қоса, қазақ поэзиясындағы экологиялық мәселелердің тағы бір көрінісі ретінде бірнеше жыл бұрын дау тудырған киік мәселесін де айтпай кетуге болмайды. Жалпы қазақ поэзиясы табиғатқа, қоршаған ортаға сондай ең аяулы көзбен қарайтынын ескерсек, дәл сол табиғатқа көз алартқандарға қылыштай қылып қынабынан қаламын шығаратын ақындар бей-жай қарамайтыны белгілі. Киікке байланысты орын алған осындай келеңсіз оқиғаны тілге тиек еткенімізде, ең алдымен есімізге қазақ ақыны Сәкен Сейфуллиннің «Ақсақ киік» атты шығармасы түседі. Ақын «Ақсақ киік» шығармасы арқылы қаңырап бос қалған Бетпақдаланың мұңды пейзажын суреттеледі. Одан әрмен риторикалық сұрақтарды пайдалана отырып, киіктердің жаппай қырылуына қарсы өткір наразылығын ашық білдіреді. 

Бота көз сахарада қына терген, 

Кім екен жапан түзде сені көрген? 

Аяныш сезімі жоқ бір қазақ-ау, 

Дәл көздеп жүрегіңе атқан мерген!..

Сәкен Сейфуллин Кеңес Үкіметі кезінде жазылған осы бір өлеңімен үндес бірнеше жыл бұрын қазақ қоғамында дау тудырған киік ату мәселесі кезінде де қазақ ақындары тарапынан көптеп шығармалар жазылды. Барлығы дерлік киікті атпау керектігін ашық айтып, табиғат пен адамның, адам мен жануардың, жануар мен табиғаттың арасындағы көзге көрінбес тылсым күштің жойылуына әкеп соғатынын алға тартты. Сәйкесінше осының барлығы табиғат пен адамның арасында үзілмес байланыстың, құрмет пен қасиеттің айқын көрінісі деп айтуға болады. Десе де, экологиялық әдеби сын тек қана экология мәселесін көтерген шығармаларға ғана жарамды деп айту қате. Экосынды әдеби мәтіндерді қарастыру, әртүрлі әдеби жанрлар мен мәтіндерді, тіпті күнделікті өмірдегі әртүрлі тәжірибелерді түсіндіруде қолдануға болады. Мысалы, кез-келген шығармадағы лас көшелер, былғанған өзендер мен көлдер, полиэтилен пакеттер мен шашылған шылым қораптары т.с.с. элементтердің барлығы экологиялық әдеби сын тұрғысынан зерттелуге лайықты. Осы арқылы біз капиталистік қоғамдағы адамдардың табиғат алдындағы жауапкершілігін сезінуіне және жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыруға толық мүмкіндік аламыз. Сәйкесінше экологиялық сын мәтіндерді әлеуметтік тап немесе гендер сияқты шектеулі категорияларда емес, адамдарды қоршап тұрған бүкіл өмір контекстінде қарастырады десек артық айтқанымыз емес. Қорыта айтқанда, экологиялық сын – бүкіл ғаламның игілігі үшін маңызды ұғым және пайдалы құрал деуге әбден болады. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар