Цифрлық ортада өсіп жатқан қазіргі баланың қызығатын нәрсесі, ақпарат қабылдау сипаты мүлде басқа. Өзімізге көзімізді ашқаннан үйреншікті қозы-лақтар, бұзау баққан ауыл балаларының ойыны, бүкіл дүниені қараша ауылдағы қарадомалақ баланың көзімен таныған, суреттеген оқиғалар, тіпті Сайын ағалар жазған соғыстан кейінгі жылдардағы ерте есейген ауыл баласының бастан-кешкені оларға қызық емес. Ең әуелі, жасанды интеллектке қатысты контенттер ортасында өскен, күн сайын Google-мен сөйлесетін, телефон арқылы тапсырма орындайтын, чатботпен хат жазатын бала бізге түсінікті болған ол әдебиетті де, сол өмірді де біз сияқты қабылдай алмайды, содан да иланбайды және тілі басқалау болғасын, көркем жазылған дүниені түсіне де бермейді (Құдай біледі, осы бетімізбен кете берсек, болашақта Жүсіпбектің шығармасын оқытқанда арнайы түсіндірме сөздігін пайдаланып отыруымыз да ғажап емес). Қызықса, тек тарихи жағынан ғана қабылдауы мүмкін. Кітап оқиды-ау дегендерінің өзі жанр жағынан фэнтези немесе фантастикаға қызығады екен. «Ойбай, қазіргі балалар көркем шығарма оқымайды» дей бергеннен гөрі ойланған дұрыс ау, мүмкін, олар әдебиеттен жаңаны, өз өмірлеріне қатысты, шындыққа жанасатын, сонымен қатар қызықты дүниені күтетін шығар?
«Гарри Поттердің» қызығы басылмай тұр
Бүгінгі балалар әдебиеті нені жазғаны жөн? Бірнеше жасөспіріммен осы тақырыпта сөйлесіп көрдік, олар берген жауаптарды жүйелесек былай, мысалы, баланың ішкі әлемі, мектептегі буллинг, ерекше достық, отбасылық қарым-қатынас, әлеуметтік желілердегі жарқырауық өмірдің ар жағын беретін шығарма болса, оқыр едік деген жауаптарға қарағанда, кейбір бала үшін бұл актуальды екен. Демек, олар шығармадан қазіргі өмірдің реалистік көрінісін іздейді. Ескеретін жайт – бұндай шығарма жазғанда оны балалар мен жасөспірімдердің тілімен, диалогтар арқылы шынайы беру маңызды.
Қиял-ғажайып дүниесі де тартымды. «Бізге оқуға ауыр емес, оқиғасы қызықты, тез жүретін шығармалар ұнайды, мысалы, «Гарри Поттер» секілді», – дейді 7 кластың баласы Т. Бұндай жауапты тағы 2-3 баладан естідік, демек, оларға қысқа форма, динамика керек – бүгінгі бала ұзақ сипаттамаларды, баяу дамитын оқиғаларды оқып отырғысы келмейтін сияқты. Әр бет сайын бір жаңалық айтып, қызықты бұрылыс жасап отыратын ширақ, сергек жазушы ғана бұл талапқа жауап берер.
Балаларға жаңа кейіпкерлер – жаңа армандар керек екені онсыз да түсінікті. Мысалы, ауыл баласы биоинженер болғысы келуі, қыз баланың Марстағы сұлулық байқауына қатысқысы келуі мүмкін ғой немесе жасөспірім жасанды интеллектпен достасып кетеді деген сияқты… осындай образдар баланың ой-қиялын дамытатыны анық. Есіме «Чудо» деп аталатын үнді фильмі түсіп отыр. Оқиғасы әдемі, актер Ритек Рошен аутист бала болып, Рекха әжесі болып ойнайтын фильмде ғарыштан келген «жатжерлікті» тауып алғаннан бастап өміріне өзгеріс енетін баланың әртүрлі ситуациялардан шығуы, қайырымды достары жайлы дүние еліктіреді.
Жаңа уақыт жазушысы
Роботтар бізге көзтаныс, өмірімізге әбден сіңісті болып келеді. Олардың кейбіреуі тұрмыста кәдімгідей көмекшіге айналды. Соңғы кездері елімізге адам кейпіндегі роботтар келе бастағанын да білеміз. Бір қарасаң темір, бірақ, адам атқаратын функцияны атқарады. Ол өзі адам ба, темір ме? Темір болса да сұрағыңа жауап беріп, кей адамның ойына келмейтін жауапты айта алса, «темір-адам» деуге болатын шығар?
Осы «темір-адам» жайлы балаларға арнап шығарма жазып, жаңа уақытқа ілесіп келе жатқан балалар жазушысының бірі ретінде –Ділдәр Мамырбаеваны атар едік. Жазушының роботтар тақырыбына жазған дүниелерінің бірнешеуін оқып көрдік те, робот дүниесіне автордың өзінің де қызығатынын, жазған дүниесін бала танымына, қабылдауына сәйкес беруге тырысатынын байқадық. Роботтарға жұмысымызды жеңілдететін техника деп қана қарамау керек, роботтар тақырыбы – бүгінгі күннің ғана емес, ертеңгі шындықтың да әдеби көрінісі болуы мүмкін. Жазушы Ділдәр Мамырбаеваның бұл тақырыпты таңдауы да кездейсоқ емес шығар дейміз, ол баланы ойлануға, болашақты елестетуге, қиялға берілуге жетелейді.
Темірлан – «мінезді» робот
Автордың робот жасап, оған өзінің түр-әлпетін көшірген бала жайлы оқиғасында роботтың кейде қитығып қалса мінез көрсетіп, тіпті өзіне жөнсіз тиіскен Әлиді ұмытпастай етіп сазайын бергенін көреміз. Бала түгілі өзің де ойланып отырасың, себебі мұнда «келешекте роботтың адаммен қарым-қатынасы қалай болмақ, іші толған шұбатылған сым десең де бағдарламалау тілі арқылы бәрібір ойланады ғой, бұл кейін уақыт өткенде қандай да болсын сананы қалыптастыра ма, ол кейін ортаға бейімделе ала ма, адам мен роботтың арасындағы шекара қай жерде үзіледі?» деген сұрақтар бар. Бұл жерде робот таза техника ғана емес. Ол – адам жаратқан екінші адам, баланың бейнесіндегі екінші «Мен». Ол арқылы бала жауапкершілік, құндылық, ішкі тәртіп секілді түсініктерді жүрекпен сезіне бастайды. Ал роботтың «жазалауы» – әділдік пе, әлде адамға билігін жүргізудің бастамасы ма, осы дилемма оқырманды ойға қалдырады.
Шынымен де кім біледі, болашақта «темір-адамдардың» шын адамдар дүниесінде қарым-қатынасқа түсуі, осы қоршаған ортада өзін бір мүше сияқты сезінуі мүмкін ғой. Бүгінде белгілі бір бағдарламаға бағынып тапсырма орындап жүрген роботтар уақыт өте келе одан сайын жетіліп, адамзаттың ақыл-ойы жетпес межеге көтерілгендей болса, роботты басқарып отырған адамның күні не болмақ? Бұл образ арқылы автор: егер робот адам эмоциясын ұға алатын деңгейге жетсе, оның өкпелеуі, кек сақтауы нені білдіреді? Адам өз қолымен өзіне қауіп төндіретін саналы күшті жасап жатыр ма? Бізге өзімізге ұқсайтын, бірақ ережемен ғана шектелмейтін робот керек пе? деген сұрақтарды алға шығарып отыр.
Біз, әрине, оқырман ретінде балалар жазушылары жаппай роботты немесе ғарышты жазсын деп отырғанымыз жоқ, десе де бұл тақырып маңызды. Қалай десек те, жасанды интеллект пен адамзат қарым-қатынасы – ертеңгі адамгершілік, этика мәселесіне де қатысы бары анық. Бала қазірден бастап «даму, заман ағымына ілесу, адам болу» ұғымын басқаша пайымдай бастайды. Ділдәр Мамырбаева осы ойлау процесіне жол сілтеп, роботтарды жай механизм ретінде емес, адам табиғатына айналып бара жатқан, тіпті кейде адамнан да артық сана мен мінезге ие кейіпкер ретінде бейнелейді. Бұл тәсіл – баланың қиялына ғана емес, ішкі дүниесіне де әсер етеді.

Шұғыла – әділетсүйгіш робот
Бұл әңгіме – қазіргі қоғамда қалыптасқан қатал, бюрократиялық жүйе мен ақылды технологияның арасында туындаған қайшылықтың көрінісі. Шұғыла – өзі жасанды бола тұра, нағыз адамгершілік қағидаларын ұстанады. Бюрократ қоғам, бюрократ басшылар қойған ереже, тәртіпке емес, әділетке бағынады. Және осындай робот бізге «өздеріңе бір қарасаңдаршы» деп үлкен бір шарайна ұстап тұрғандай көрінеді. «Неге біз робот үлгі көрсетпей-ақ өзіміз осылай өмір сүре алмаймыз?» деп ойлап отырдым. Мына біз үйреніп кеткен қатыбас жүйенің ережесіне мойынұсынбайтын, тек тура жолмен жүргісі келетін әділетсүйгіш роботты аяп та кетесің. Меніңше, бұл шығарманы мектеп оқулығына енгізу керек. Сонда мұғалім балалардан: «Жазушы осы шығарма арқылы не айтқысы келіп отыр?» деп сұраған болар еді. Жауап әртүрлі болуы мүмкін.
Қазаққа ұқсайтын роботтар
Айтпақшы, Ділдәр апайдың «Жерұйық қайда?» деген шығармасын оқып отырып, ондағы роботтарды өзіміздің «қырық құрау, қырық рулы» қазақтар екен деп қалдым. Сенбесеңіз, оқып көріңіз, тура біздің мінезіміз, біздің құлқымыз, өмірге қатынасымыз көрінеді. Мысал келтірейік, «Дәнекерлеуші роботтар лазерлі құралмен жұмыс істейді. Олардың ішінде де жұмысты сапалы істейтіні, бір айтқаныңды жүз рет айтқызып, қаныңды ішетін жалқаулары, бос сөзге әуестері жетерлік. Міне, мына «Кud» есімді роботты талай рет парша-паршасын шығарғысы келген. Мінезі қырсық. Жұмысын өндірмейді. Ернін шошайтып, салғыласудан шаршамайды».
Көз алдыңа елестеп, күлесің. Автор роботтарды нақты техникалық функциясымен ғана сипаттамай, олардың «мінез-құлқын» ұлттық менталитетпен ұштастырып бергені, «бір айтқаныңды жүз рет айтқызып, қаныңды ішетін жалқаулар» дегенде – бұл кәдімгі қазақ тірлігіндегі таныс образ, кеңселік ортадағы кейіпкерлерді елестететіні, «ернін шошайтып, салғыласудан шаршамайтын» – біздегі ұсақ мінездерді еске түсіретін сипаттамалар. Жазушы осылайша роботтарды техникалық құрылғы ретінде емес, нағыз қазақы мінезімен, ұлттық болмысқа сай бейнелей отырып, әдеби кейіпкер деңгейіне көтереді. Бұл тәсіл балалар мен жасөспірімдерге техниканы, роботты жат етіп көрсетпей, өз әлеміне жақындатады, таныс кейіпте қабылдатады.
Тағы бір мысал. «Құрылыс материалдарын таситын, үйдің төбесіндегі жұмыстарды атқаратын, қабырға тегістейтін роботтардың көбі сәнқой, үсті-бастарына қарағыштап, айна алдынан шықпайды. Кез-келген оқиғаға фейсбукта пікір жазып, дін, тәңіршілдік тақырыбындағы әңгімелерге қызылкеңірдек болып отырғандары. Бұлардың ауыздары қалай тез сөйлесе, қолдары да солай тез жұмыс істейді. Үлкен-үлкен үйлердің іргетасын екі күнде тұрғызып, сағатына 1000 кірпіш қалайды. Ауа-райының жауын-шашынына, аңызақ-аптабына қарамайды. Тәулік бойы бел шешпей жұмыс істей береді».
Иә, бұнда да автордың тапқырлығы тұр. «Айна алдынан шықпайтын сәнқойлар, дін, тәңіршілдік туралы пікір жазып, қызылкеңірдек болатындар» – әлеуметтік желідегі адамдардың сатиралық бейнесі ғой. Автор осы тәсіл арқылы оқырманға таныс мінездерді тануға мүмкіндік бере отырып, роботтар мен адамдар арасындағы шекараны жойып, айырманы білдірмей жіберген. Сонда қарасаң, роботтар – техника дүниесінің емес, қазақ қоғамының шағын көшірмесі тәрізді болып шыққан. Автор мұнымен баланың ғана емес, үлкен оқырманның да көңілін баурайды.
Енді мынадай сұрақ шығуы мүмкін. Ұлттық өнім дейтіндей робот бола ма? Әрине, өзің жасамасаң сенікі болмайды, бірақ, оны да тілін тапсаң ұлттың бір игілігіне жаратуға болатын шығар дейді бір ойымыз. Мысалы, біздің ұлттық кейіпкерлерді, домбыра жайлы мағлұматты, көшпенділер жайлы ақпаратты баланы қызықтырып қалай беруге болады? Жазушылар фэнтези мен фантастика арқылы қазақтың мифологиясы мен ертегілерін болашаққа апара ала ма? Мысалы, Тазша бала өзінің қырық өтірігін сапырып, киберғаламда жүрсе, Қорқыт өзінің қайғысын ұмыта тұрып, жасанды интеллектпен күрессе, домбырамыз 25 ғасырда уақыт капсуласының ролін атқарса... осындай тәсілдер арқылы да балалар ұлттық кейіпкерлерді назарда ұстайтын шығар дейміз.
Сонда «Жерұйық қайда?»
Өзіме оқырман ретінде автордың қазіргі жаһандық кезеңдегі адамзаттың болашағына қатысты аса өзекті сұрақтарды көтергені ұнады. Кейін сыншылар осыны біз секілді қарабайырлау шолып шықпай, ішіне үңіліп, мәнін ашып көрсететін де шығар, өйткені, бұнда фантастикалық бейнелеу де, философиялық астар да, жалпы экологияға қатысты ой-толғам да бар екен.
Ділдәр Мамырбаеваның «Жерұйық қайда?» шығармасынан үзінді келтірейік.
– Қытайлар Күн жүйесіндегі Жерге өте ұқсас планета Марсты көздеп отыр, – деп сөзін жалғастырды аспайтын-саспайтын әдетімен.
– Онда озон қабаты жоқ, қырылады ғой, – Жақсылық олар сондай нартәуекелге не үшін баратынын түсінбегендей, таңдана қарады досына.
– Күн радиациясы өте қауіпті екенін білгендерімен, ондағы құрғақ мұз үміттерін оятуда. Су бар жерде өмір бар деп деп ойлап атоммен бомбалауды ойластыруда, – астробиолог досы ойын әр жерден үзіп-үзіп қана айтты.
– Бұл дүние тұтқасын ұстайық деген ниеттен бе, әлде мына тәж-тажалдан қашу ма? – Жақсылық екіұшты ойының қай жағына шығарын білмей дағдарып тұр.
– Адамзат жерді улап болды, оны тазарту керек деп, элита өкілдерін іріктеп, жаңа әлем қалыптастырып жатқан көрінеді, – астробиолог сондай оқиғаның ішінен келгендей сенімді сөйледі».
Біз шығарманың осы жерін әдейі алдық. Енді рас қой, қытайдың Марсқа қызығып отырғаны – бұл өмірдегі нақты тенденция, яғни елдердің Жерден тыс жерден тіршілік іздеуі, ресурстар іздеуі актуальды болып отыр. Озон қабаты мен күн радиациясы жайлы айтқанда автордың бұл бағытта біраз ізденісін байқадық, ол және ғылыми шындықты со күйі бере отырып, фантастика элементтерімен байытады. «Құрғақ мұз» және «атоммен бомбалау» – бұл адамзаттың дүниені өз қолымен құртып, бәрін қайта бастауға деген ұмтылысын білдіреді. Яғни жаңа өмірді «табиғи» емес, зорлықпен жасауға талпыныс көрінеді.
Сонымен, авторды түсіндік пе?
Автордың «Жерұйық қайда?» деген сұрағын – жай жағрапиялық немесе тек ғаламдық сұрақ деп қарауға болмайды. Бұл сұрақтардың ауқымы кең: жерұйық тек жайлы жер емес, қоғам десек, адамзат арман еткен әділетті, таза қоғам қайда бар? Біз құр армандап жүрміз бе әлде ондай қоғамға шынымен жетуге бола ма? Егер оны қоймай іздесек немесе жаңадан құрамыз десек, жер бетінен іздеу керек пе әлде басқа планетадан құрған дұрыс па? Жерұйық бізден қашты ма әлде біз өзіміз одан жерініп, басқа бірдеңе іздеп жүрміз бе?
Және осы шығармадағы Жақсылық пен астробиологтың арасындағы диалог жай жауап қатысу емес. Бірі – табиғат заңына сүйеніп ойлайды («озон қабаты жоқ болса – тіршілік бола ма?» деген сұрағын алға шығарады), екіншісі – адамның тоқтаусыз, тежеусіз, қанағатсыз амбициясына қарап болжау жасайды. Жерді әбден улап болған адамзаттың бұны қателік, жауапсыздық, қазіргі өркениет үшін сын деп қабылдауға санасы әлі дайын емес. Егер біз алда-жалда шынымен де «Жаңа әлем» қалыптастыратын болсақ, онда оған кімдер өзін нақты мүше санай алады, ол «әлемде» кім өзін еркін сезінеді? Әлбетте элиталар ғана ұтуы мүмкін. Бұл жерде әлеуметтік теңсіздік те көрінеді. Бұл диалогтың ішкі драмасы – адамзаттың ендігі бағытына қатысты үміттің азаюына қатысты. «Жерұйық» – Асан Қайғының іздеген жұмағы еді, ал енді сол жұмақ жерден жоғалып барады. Біз, әрине, автордың «Адам жаңа планета іздеп жүр ме, әлде жоғалтқан арман-мұратын, табиғатпен үндестігін, жалпы тазалықты іздеп жүр ме?» деген сұрағын түсіндік.
Ділдәр Мамырбаева бұл шығармада да тек қана ғылыми фантастика жазып отырған жоқ. Ол жоғалған адамзаттық құндылықтар жайлы, экологиялық апаттың салдары, технологиялық амбицияның шегі, әлеуметтік әділетсіздік, рухани құлдырау жайында айтып отыр. Балалар мен жасөспірімдерге арналған көркем мәтін ретінде бұл шығарма олардың санасына әжептәуір күрделі де болуы мүмкін, бірақ автор бәріміз үшін аса маңызды сұрақтарды нәзік жіппен әкеп ойымызға байлайды.
Ия, Ділдәр апайдың роботтары тартымды. Біреудің дүниесін оқып отырып қиялың өзіңе бағынбай шарлап кететін кездері болады ғой, ойлап кетесің: «болашақта жаңалық ашуға асықпайтын, әуелі шай ішіп, сәл әңгіме соғып алатын немесе шешім қабылдамай тұрып, кем дегенде үш адаммен ақылдасатын қазақи мінезді робот болса, біз оған мәз болып, тіпті іш тартып отыратын шығармыз» деп. Немесе салт-дәстүрді білетін, ұлттық дүниетанымы бізден тәуір, мысалы, ескі домбыраны танып, «ой, мынау дегенің Құрманғазының домбырасы емес пе!» деп бізді айран-асыр қылатын роботтар шықса ғажап болар еді.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.