Табан аударып тарихқа айналған Жылан жылы – жылысты, астыққа қамба толы ырысты болды. Табалдырық аттап, кіріп келе жатқан Жылқы жылы – еліміз үшін мінезі жуас келісті, жүрісі жайлы желісті бола ма, әлде бесті асаудай арқыраған шу асау бола ма, оның жауабы алдағы 365 күннің еншісінде! Яғни «Жылқы жылы ілгері!» Халық аузында ежелден айтылып келе жатқан бұл сөздің бір мәнісі – қолда барыңа, жеткен жетістігіңе тоқмейілсіме, келер күнге сақтықпен қарап, қамдана жүр, алаңсыз болма, алда небір сындарлы заман тұр дегенді ишаралайтын ұғым.
Біздің арғы бабаларымыз ғұндар күн, жел, боран, қар, жаңбыр, найзағай, тасқын, қуаңшылық сияқты табиғаттың алуан түрлі құбылыстарын күн мен айдың Жерді айналуымен байланыстыра отырып, он екі жылдық цикльді негіздеген. Бұл күндері шығыс халықтарының біразына ортақ осы күнтізбедегі он екі жылдың жетіншісі – Жылқы. Алпыстық тұтас бір цикльдің ішінде жылдың әрқайсысы, мысал үшін Жылқы бес рет қайталанады. Шығыс философиясының биосфера туралы бағзыдан жеткен түсінігі бойынша мынау ғалам от, су, темір (металл), топырақ, ағаш (өсімдік) деген бес элементтен құралады және олардың әрқайсысының түсі, өзге де сипаттары бар. Осыған орай алпыстық ішінде қайталанатын әрбір жыл, біздің мысалымызда От Жылқы, Су Жылқы, Темір Жылқы, Топырақ Жылқы, Ағаш Жылқы деген бес түрлі элементке бөлінбек. Осыған орай келе жатқан 2026 жылымыз – Қызыл отты Жылқы жылы.
Отты Жылқы күллі әлемді апшы қуырған аптап жалынымен емес, жанға жайлы жылуымен жетіп тарихқа айналсын дейміз!
Иә, 31 желтоқсан мен 1 қаңтардың алмасуы – сонау Көне Римде, Юлий Цезарь император заманында түзілген, кейінгі христиан дінді қауымның ауқымындағы күнтізбелік меже. Осыған орай: «Жыл әлі кірген жоқ, қазақтың, мұсылманның Жылқысы әлі алда», - деген ой-пікірлер де айтылып жатады. Бұған айтар уәжіміз: жаңа жылдың келуін – уақыттық-статистикалық өзгеріс деп қабылдаңыз. Себебі, сіз қаласаңыз да, қаламасаңыз да жасыңызға бір жас қосылды. Жаңа жылды кім қалай қабылдап, қаншалықты дәрежеде атап өтеді, немесе әдепкі күндердің бірі ретінде қарсы алады – ол әркімнің өз еркіндегі жағдай. Ең бастысы – бірлік пен береке, адамдар арасындағы өзара түсіністік.
«Ескі жыл – ескіре, жаңа жыл – жарылқа!» - деген үкілі үмітпен жаңа жылдан күтеріміз: тәуелсіз еліміздің амандығы, ынтымағы мен бірлігі. Ел аман, жұртымыз тыныш болсын! Жылқы жылы құт-береке әкелсін! Жаңа жылдарыңызбен!
