Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Заңғар Еркебекұлы. Алтай жақтан бара жатты бұлт ау...

Заңғар Еркебекұлы. Алтай жақтан бара жатты бұлт ауып

11.04.2026

49

Заңғар Еркебекұлы. Алтай жақтан бара жатты бұлт ауып - adebiportal.kz

Менің апам

Қылығыңа күліп қарап сүйініп,

Тәңірімнің маған берген сыйы құт. 

Менің апам отыратын бөстекте, 

Тізесінде тас ұршығын иіріп...

 

Өмір-бізді ұршық қылды иірді, 

Жан апамдай ешкім ұқпас күйімді. 

Етегінен тартып жүріп ер жеттік, 

Маған сондай ерке ғұмыр бұйырды. 

 

Ірге жақта қыңсылайтын Саққұлақ 

Балалықтың балғын күні тәтті-бақ. 

Апам берген, ала тайдың үстінде, 

Өте шықты құлын күнім шапқылап!

 

Кешқұрымда, бес түлік мал жамырап.

Апамды да, құшатынмын жадырап. 

Қи түтінін көкке ұшырып жататын, 

Жұлдыз жусап, Ай түнеген шаңырақ! 

 

Апама еріп «ала тайы» атандым.

Тіршіліктің тәтті дәмін татар күн... 

Ескілікті ескі жұрттың, көзіндей

Сырлы аяқтан өзін көрем апамның! 

 

Туған жер 

Жайлауда туып, тауларда өскен ұл едім. 

Тарпиды іште, тарпаң жүйрігім күреңім! 

Бабадан қалған бағзы заманның куәсі, 

Қолымда күміс жүгенім!

 

Құт мекен, сенің қасиетіңнен айналдым, 

Сағынышымды саған арнадым сайран күн... 

Қауызды гүлдер исі бүрлеген даланың, 

Қара жер саған қайранмын! 

 

Құлжалар өрген қызыл жотаның иығы, 

Туған жерім-ау, Тәңірдің берген сыйы ұлы! 

Астасып бұлтпен жататын ылғи аспандап, 

Дайын мен Байын биігі! 

 

Дәмі де өзге сендегі тәтті шырынның, 

«Апасы ерткен ала тай» – асау құлынмын! 

Туған жер сенің төбеңнен көшіп барады, 

Бейнесі бала күнімнің... 

 

Алтай жақтан бара жатты бұлт ауып... 

Күзгі қайың жапырағынан жыр саулап, 

Күзгі жаңбыр, қала түні дымданып. 

Қара бұлттан тамшы текті мұң сорлап,

Көңіл құсым жүреді ылғи қырға ауып...

 

Қылаулайды қарашаның қары әппақ, 

Қанат қақты құс-ғұмыр! 

Көл бетіне уыздай бұлт қонақтап, 

Таңда көрген түс күбір.

 

Жүрегімді қаз дауысы жылатып, 

Ел жүдеген, жұрт арып.

Таңсәріде менмұндалап күн атып, 

Алтай жақтан бара жатты бұлт ауып... 

 

Түндерде сені сұраумен болдым, 

Дұғамда сені Құдайдан. 

Күндер де сені сағынуменен, 

Сағынуменен мұңайғам.

 

Жанарыңдағы сезімнің нұрын, 

Бара жатқандай ұрлап күн... 

Бәрінен сені биік көремін, 

Биік көремін қымбаттым!

 

Көздерің сенің қою, қара түн, 

Шарпыған сезім от, алау! 

Өзіңді сенің жақсы көремін, 

Жақсы көремін, ботам-ау. 

 

Мен абыз Алтайда өстім...

Мен, абыз Алтайда өстім.

Байырғы Бес Тәңір мекенде.

Бал уыз шәрбат күн кештім, 

Құба шың етегінде.

 

Мен дарқан далада өстім.

Бөрідей бек туған!

Досқа адал, дұшпанға қаспын,

Жан емен кек қуған!

 

Мен алтын ордада өстім.

Шаңырағында бабамның.

Қасиет, құт дарыған...

Текті жұрты – асыл анамның!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan