Асан Қайғы мен Бұқар жыраудан басталатын сәуегейлік тұжырымдар отаршылдықтың қысымын көрген тұста қайта жаңғырды. Зар заман поэзиясындағы халықтың келешегіне, ұрпақтың ертеңіне байланысты небір бедерлі болжамдар айтылды. Басқыншылықтың куәсі болған ақындардың көріпкелдігі өмір тәжірибесінен туындайды. Олар ахуалдың түп-төркінін жете түсінді, отаршылдық зауалының қайғы-қасіреті қалай етек жайып, қалай өршитінін жақсы білді.
Бұл кезеңнің жыршылары ұлтты қауіп-қатерден, пәле-жаладан сақтандырып, қайраткерлік биліктен ой айтты. Сөйтіп, бабалардан жеткен болжамдарға үндестік танытты, түйінді тұспалмен, айшықты астармен айтылған ойларды нақтылай түсті.
Адам баласының өзі өмір сүрген заманға көңілі толмауы, өткен дәуірді аңсауы ежелгі дәуір әдебиетінің нұсқаларында да көрініс беріп қалады. Бұл, көбіне-көп, қырқысқан жаугершілік халықтың басына нәубет түсірген кезеңде байқалады. Қайғы шегіп, қапалану, заманның түрінен түңіліп, торығудың басын арғы дәуірлерден іздеген жөн секілді.
Зар заман жырларында отаршылдықтың озбырлығы, зардап-залалы, кесел-кесапаты жан-жақты айтылды. Ақындар жат пиғыл, жаулық ниеттің сырын әр қырынан ашып көрсетті, қауіп-қатерге ұрынудың себеп-салдарына үңілді. Мұрат Мөңкеұлы жердің өзгенің иелігіне өтуінің себебін ел ішіндегі қамсыздықтан, алауыздықтан іздейді:
Қоныстың бәрін жоғалтқан
Ноғайлы, қазақ надан жұрт,
Бірлігіңнің де кемісі.
Ақыр түпке келгенде
Бәрін де алды түп-түгел
Көкала шекпен, жез түйме,
Аузы түкті орысы.
Бұл сарын Мұрат Мөңкеұлының басқа өлеңдерінде де айқын байқалады. Ақын елге жайсыз кезең келе жатқанын аңғартады. Мұны отарлаушылардың халықты өз ыңғайына бейімдегенін, көшпенділіктің салтына жат құбылыстардың өмірге дендеп ене бастағанын көрген соң туындаған ой-тұжырымдары арқылы көрсетті. Мұрат «Қазтуған» атты жырында келеңсіз келешектің кесел-кесапатына қарсылығын, «Қынама бешпент киерсің, Арбаға мәстек жегерсің», «Үй басына мал санап, Адамға ақша төлерсің»,– деп білдірді.
Елдіктің символы – Еділдің басқаның қолына көшуі – халықтың басты қасіретті, трагедиялық ахуалының түйінді тұсы. Мұраттың әйгілі «Үш қиян» толғауында да туған жер ұғымы үштағандық тұтастық «Еділдің бойы – қанды қиян, Жайықтың бойы – майлы қиян, Маңғыстаудың бойы – шаңды қиян» арқылы аңғартылады. Жалпы, Мұрат Мөңкеұлының шығармашылығында «үш» санымен өрнектелген тіркестер жеткілікті.
Еділді тартып алғаны –
Етекке қолды салғаны.
Жайықты тартып алғаны –
Жағаға қолды салғаны.
Ойылды тартып алғаны –
Ойдағысы болғаны.
Мұрат толғауларында аталатын тұлғалар – өткен тарихымызды айшықтап, кешегі күніміздің бағасын арттыра түсетін, әрісі аңыз-әңгімелерге, берісі дерегі бар шежіре-жазбаларға арқау болған белгілі кісілер. Ақын соларды ұлы көштің үстінде, ел бастаған кейіпте көреді. «Еңсемді кәуір басар деп...» - көшпенді өмірмен рухтас жаугершілік заманның тағы бір дабылы. Бұл тұрғыдан алғанда М.Әуезовтің: «Әдебиеттегі бұл көшпелі дәуір қазақтың жалпы тұрмысындағы, тарихындағы көшпелі дәуірмен жалғасып келеді. Қол ұстасып қатар келді, егіз болып туды деуге болады» - деген тұжырымы зар заман поэзиясының өзіндік ерекшелігіне, қайталанбас құбылыс екендігіне ден қоюға міндеттейді. Қазақтың тұрмыс-тіршілігіне енген өзгерістердің адами болмысқа, ұлттық психологияға әсері күні бүгінге дейін жеткен рухани мұраларымызда нақты көрініс тапқанын ескерсек, бұл кезең әдебиеті мүлде басқаша сипат алғанын аңғарамыз. Бұған себеп болған – жаңа қоғамдық ахуалдың тосын құбылыстары. Яғни, «сыртқы өмірдің осы сияқты себептерінен қазақтың ойына уайым араласқан, көңілі жабығып, қайғы басқан, сөзінен, өлеңінен, әнінен бұрынғы билік, еркелік, еркіндіктің бәрі де арыла бастап, оның орнын арман, зар-шер, қайғы басқан». Бұл заңдылық ел-жұрттың отаршылдық қамытын кигеніне байланысты екені даусыз. Сондай-ақ көшпенді елдің отырықшылыққа айналуы да оның әдебиетіне ықпал етпей қоймайды. Көшпенді халықтардың фольклорындағы ұқсастықтар мен ортақ сарындар жөніндегі әлденеше рет айтылып та, жазылып та жүр. Ежелгі дәстүрден бірте-бірте ажырап, отырықшылыққа бой үйреткен кезең өтпелі дәуір саналса, бұл уақыт мерзіміндегі ахуал әдебиетте айқын көрінері хақ. Осы процесс барысындағы жаңа үрдістер мен дағдылар бұрын-соңды салт-дәстүрі бұзылмай келген еркін қазақтың ұлттық иммунитетін оятады. Ендеше, зар заман құбылысын туындатқан негізгі фактордың бірі – көшпенділік пен отырықшылықтың бетпе-бет келуі.
Зар заман жырларында отаршылдықтың озбырлығы, зардап-залалы, кесел-кесапты жан-жақты айтылды. Ақындар жат пиғыл, жаулық ниеттің сырын әр қырынан ашып көрсетті, қауіп-қатерге ұрынудың себеп-салдарына үңілді. Дулат қазақтың басындағы трагедиялық хал-ахуалдың түп төркінін былайша бағымдайды:
Күнбатысқа көз салмай,
Күншығысты еске алмай,
Бізді алатын жау жоқ деп,
Бізден мықты дәу жоқ деп,
Алды-артыңды байқамай,
Маған не бар дескенсің!
Қазақ жеріне отарлаушылардың жорығы елдің тұрмыс-тіршілігіне өзгеріс енгізді, еркіндікке үйренген жұрт бодандықтың қыспағында тұншықты. Халық бағдарсыздықты рухани дағдарысты бастан кешті. Дулат дәл осы кезеңнің көңіл-күйін бейнеледі. Әсіресе, ұлттық болмысы табиғатпен біте қайнасқан халықтың өмір үйлесіміндегі кейбір келеңсіздіктерге жаны күйзеледі. Табиғаттың бұрынғы сұлулығынан айырылып, кең қоныстың тарылуына қайғырады. Ел мен жер қорғайтын ердің жүрегі шайлыққанына налиды. Түптеп келгенде асау заманның мейірімсіз иіріміне жұтылып кетпеуден сақтандырады.
Елдің трагедиясын «Қара бұлттай қабындап, Халықты басты қайғы-шер», жердің қайғысын «Өлексесін құшақтап, Қала берді туған жер» деп жырлаған Дулаттың бар мұңы «жау алды» ұғымының төңірегінен туындайды. «Ата қоныс Арқадан» деген өлеңінде ілгерідегі шапқыншылық туралы:
Қалмақ тартып барды алды,
Ұйқысы түссіз қанбаған,
Ел қалап, ер таңдаған,
Берген серттен танбаған
Аққұба ару жарды алды.
Алдағы күннен қауіп-қатер күтіп, келешектің келеңсіз бейнесін жасаудың нышандары сол Асан Қайғының, Бұқар жыраудың өлең-толғауларында кездеседі. Антиутопиялық шығармалардың идеялық және эстетикалық функциясының өзі – қолайсыз құбылыстардан сақтандыру, елдің жаманатқа ұрынатынын ескерту десек, бұл сарын зар заман ақындарының жырларында айқын көрініс көрінді. Ендеше, қазақы антиутопияның да тамыры тереңде жатқаны даусыз.
Қазақ поэзиясындағы антиутопияның өзіндік ерекшелігі бар. Келешектен үміт күтпей, өткен өмірді идеал тұту – қазақ зар заман поэзиясының негізгі түпқазығы екені белгілі. Утопия – ешқашан жүзеге аспайтын, қиялдағы нәрсе. Ендеше, қайтып оралмайтын кешегі күнді аңсау сарынына да осы тұрғыдан мән бергеніміз дұрыс болар еді.
Антиутопия мен дистопияның айырымын В.Чаликова былайша белгілейді: «...бұлар жағымды утопиямен салыстырғанда, бір-біріне өте-қарама-қарсы. Дистопияны антиутопиядан бөліп алған кезде алдымен олардың шынайы мазмұнына қарамауымыз керек. Авторға жеккөрінішті болған не нәрсе: болашақтың жұмағы туралы миф, сол жұмақтың келеңсіз бейнесі (антиутопия) ма, әлде бүгін бастан кешіп отырған және келешекте де жалғасып, сорақылана түсетін тозақ (диспотия) ма?». Бұл тұрғыдан келгенде зар заман өлеңдері антиутопиядан гөрі дистопияға жақындайды. Антиутопия жағымды утопияға карикатура ретінде туған, сондағы идеяны сынап-мінеп, күлкіге айналдыру үшін жазылған шығармаларға өзек болады. Зар заман поэзиясы мұндай мақсат көздемейді. Қайта бұлар қазақ утопиясы– «Жерұйықты» аңсаған Асан Қайғыны өздеріне үндес, мұраттас санайды («Біз түгіл Асан Қайғы тентіреген»). Асанның жайлы жер іздеп, таппаған қапалы көңіл-күйі зар заман ақындарының шығармаларына көшкен тәрізді. Аласапыран арпалыс пен жойқын шапқыншылықтан шалдығып-шаршаған халық ұғымындағы «Жерұйық» бірте-бірте көмескіленіп, болашақтың келеңсіз бейнесі туралы түсінік қалыптаса бастаған. Міне, өлең-жырдағы сол әуенді зар заман ақындары туындатты. Бір қарағанда «Зар заман» – «Жерұйыққа» қарама-қайшы ұғым. Екіншіден, сол «Жерұйықтан» үмітсіздік түрткі болған, туынды идея. Яғни, екеуі де бір-бірімен негіздес, тамырлас атаулар. Желмая мініп, «Жерұйық» іздеген Асан зар заман поэзиясының да басында тұрады. Ұлы ойшыл утопиясының тек тура мағынасындағы «Жерұйық» қана емес, халқы азат, жатқа тізгін бермеген, елдік қасиеттерімен сабақтас екенін назарынан тыс қалдыра алмаймыз. Бұған қатысты зерттеуші ғалым А.Шәріп төмендегі пікірін білдіреді: «Бұлардың ортақ ой-пікірі «заман азып-тозды, келешекте де ахуал жақсара қоймайды», – деген дистопиялық тұжырымға тіреледі. Болашаққа үмітсіздік, осы шақтағы тіршілікке жиреніш танытқан халықтың ізгілікті іздейтін бағыты – өткен шақ екені түсінікті. Зар заман поэзиясында уақыт пен замана кеңістігінің үш жақтағы бейнесі де жасалды. Қатерлі келешек («Әр нәрсенің болжалы, Келе жатыр жақындап»), қайғы-шерге толы дәуір («Бәрін айт та, бірін айт, Кез болдың кер заманға») бүгінгімен салыстырғанда ертегідей көрінетін өткен күнге еріксіз мойын бұрғызады («Халқымның салтанатты еске түссе, Жүрегім өртенеді оттай жайнап») деген секілді өлең жолдары.
Шығыс елдерінің әдебиетіне тән «қашу», «ауа көшу» утопиясының көріністері Мұрат Мөңкеұлының шығармаларында да кездеседі. Ақынның «Үш қиян», «Сарыарқа», «Әттең, бір қапы дүние-ай» толғаулары қоныстың құтсыздығына налып, көшкен жұрттың хал-ахуалын шынайы бедерлеген біртектес дүниелер. Бәрінде де көшпенді ел өмірінің қайғы-мұңы айтылған. Бірақ бұлар ауыз әдебиетінде ежелден бар дәстүр бойынша көштің сән-салтанатын асырып, керуеннің мал-мүлкін, керемет жасау-жабдықтарын мадақтаған өлеңдер емес, көшкен елдің жұртын сағыну сарынындағы толғаныстар. Үш шығармада да біркелкі сурет: иесіз қалған жер, амалсыз қоныс аударған ел, жақсылардың табаны тиген жайлау мен жайылым, сай-сала, енді қайтып оралмас қимас дәурен...Ақын осының бәрін еске алып, өзегі өртеніп тұрса да, мұндай жерді халықтың мекендеп қалуына қарсы. Өйткені оның ойынша, бұл – ешкімге опа бермеген құтсыз қоныс. Сондықтан «осы ауыртпалықтан құтылудың бірден-бір жолы – жерді, құтсыз қонысты тастау керек дейді. Асан Қайғы, Қазтуған, Беркін тәрізді елін бастап басқа жаққа көшкен ерлерді еске түсіреді. Мұндай Мұрат айтатын «ауа көшу» сарыны қазақ арасында ертеден таралған утопиялық аңыздармен сабақтасып жатыр. Сонымен, Мұрат антиутопиясының түпқазығы – «адыра қалғыр, қайырсыз қоныс» десек, мұның себебін ақынның өзі былайша тұжырымдайды:
Қайырсыз неге десеңіз,
Асан қайғы, Қазтуған,
Орақ, Мамай, Телағыс
Қалған екен солардан.
Біз де бір сондай болармыз
Артық па едік олардан?!
Бұл – ежелден келе жатқан жайлы жер іздеу идеясынан туындайтын сарын. Асан қайғы жерінген («Атамыз өткен Асан би, Мұны да құтсыз айтқан жер»), Қазтуған жырау жиренген («Қара бойлы Қазтуған, Қайғыланып көшкен жер») қоныс қашаннан қазақтың атамекені болса да, елді бір жайсыздық билеп, қауіп-қатердің елесі кезе бастағанда «берекесі кеткен, киесі қашқан» жұпыны күйде суреттелуі – халықтық көңіл-күйдің әсері. Жан-жақтан анталаған жау бой көтерсе, алдымен жерге көзі түсіретін жыраулардың қайсысы да айтты. Туған даланың тулақтай бөлігі үшін қан төккен қазақ үшін ел мен жер – бір ұғым. Қоныстың құты қашты деген сөз жалпақ жұртқа жайсыз заман келе жатыр дегенді білдіреді. Асан Қайғының «Жерұйықты» іздегені туралы аңыз-әпсаналар қыспаққа ұшыраған елдің ой-арманының көрінісі. Міне, Асанның жайлы жер қарап, бір мекеннен екінші мекенге кетуі Мұраттың «қайырсыз қоныс» қағидасының қозғаушы күші болып саналады. Ақын бабалардың атамекенді тастап, үдере көшуін отарлау жорығымен байланыстырады. Тек пен тілді, дін мен ділді таптағалы келе жатқан басқыншылық пиғыл «кәуір» сөзі арқылы аңғартылады:
Мұның құтсыздығының белгісі:
Алты атаның ар жағы,
Талөкпенің бер жағы,
Сақмардың бойын жайлаған,
Сарғая бие байлаған,
Ақсуда тайы ойнаған,
Еңсемді кәуір басар деп,
Едіге бидің көшкен жер.
Нәріктің ұлы ер Шора,
Билікті кәуір алар деп,
Қараның ұлы Сидақтың
Қайғыланып көшкен жер.
Әуелбек Қоңыратбаев нақты айтады: «Асанда утопияның екі түрі бар: бірінде ол елге жайлы, нулы да сулы қоныс іздейді, екіншісінде номадтық өмірді аңсайды».
Алдымен анықтамалыққа жүгінелік. «Әдебиеттану терминдер сөздігінде»: «Антиутопия – диспотия, кері утопия, қандай да бір әлеуметтік идеалға сай қоғамның құрылуына байланысты туындаған қауіп-қатерге, қырғын-жойқынға толы және ешкім күтпеген зардап-залалдардың бейнесі» – делінеді.
1991 жылы жарық көрген «Әлем» альманағын құрастырушылар зар заман жырларын антиутопиялық поэзияның үлгісі ретінде қарастырды. Бұл жинақта Шортанбай, Мұрат, Әбубәкір, Албан Асан, Күдері қожа шығармалары «Кертолғау» айдарының аясында топтастырылды. «Кертолғаудың» сипаты былайша түйінделген: «Осындай рухани ағымдардың XVIII-XIX ғасырда айрықша бел алған бір түрі – антиутопиялық поэзия. Мұны әдебиет зерттеушілеріміз шартты түрде «зар заман поэзиясы», «зар заман ақындары» деп айыра атап жүр. Бұл ағым өкілдері ең алдымен, жалпы адамзаттық прогресс лебіне үрке қарап, болашақтан торыға түңіледі. Түңіле отырып, әлеуметтік және рухани өмірдің арашашысы ретінде көп ретте діни наным-сенімге бет бұрады. Сондай-ақ өзі өмір сүрген қоғам өкілдерін әлдебір қиын күндер, құдірет жазалар болады деп қорыта отырып, жөнге келтіргісі келетін ниетті де аңғарамыз».
Ақселеу Сейдімбек күй өнеріне байланысты зерттеуінде қазақ антиутопиясын туындатқан мәселелерді атап өтеді. «Соңғы екі-үш ғасыр аясында ғана Қазақ хандығының шаңырағын ортасына түсірген жоңғар шапқыншылығы, одан қанды қақпанын қыл сағақтан қаптырған патшалық Ресейдің отаршыл саясаты XVIII-XIX ғасырдағы қазақ халқының рухани үрдісінде антиутопиялық ағымның мықтап бел алуына себепші болды. Ол – поэзиямызда «Зар заман»ақындары атанған Дулат, Мұрат, Шортанбай, Албан Асан сияқты күңіреніп өткен көріпкел ақындар еді» дейді.
Қорыта айтқанда, өткен өмірді аңсап, кешегі күнді жоқтап, отаршылдықтың нәубеттерін жырлап өткен «Зар заман» поэзиясы өзінен кейінгі әдеби үдеріске әсер еткені анық. «Зар заман» ақындары өз өлеңдерінде халықтың өткені мен бүгініне баға беріп, отаршылдықтың қаншалықты кесір-кесапат әкелетінін түсіндірумен болса, қазақтың біртуар азаматтары Шоқан, Абай, Ыбырай туған халқына оқу-білімнің, озық жұрттарша мәдениеттің жарқын үлгілеріне талпынуды реформаторлық жолмен насихаттайды. Сөйтіп қараша халқының жұтылып кетпеуін ойлады.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.