Жастар театры ХХ маусымын ашты

Астана қалалық Жастар театры ХХ мерейтойлық маусымының шымылдығын ашты. Өнер ұжымы айтулы маусымның алғашқы кешін театр тарихында айрықша орны бар «Шыңғысхан» қойылымына арнады.

Жастар театры ХХ маусымын ашты - adebiportal.kz

Жаңа маусымның ашылуына орай арнайы баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, көрермендер мен қонақтарға мерекелік көңіл күй сыйлаған актерлер театр алдындағы арнайы қызыл кілеммен жүріп өтті. Үнемі театрдың жаңалығына елеңдеп жүретін көпшіліктің қошеметі де ерекше болды.

Жиырма жыл бұрын Жастар театрының тұсауын кескен қойылымның мерейтойлық маусымда қайта сахналануының да өзіндік мәні бар. Театрдың шығармашылық шежіресін бастаған «Шыңғысхан» араға жылдар салып сахнаға қайта оралып, өнер ордасының өткеніне көз жүгіртіп, бүгінін бағамдауға мүмкіндік берді. 

Шыңғыс Айтматов пен Әбіш Кекілбаев шығармаларының негізінде сахналанған қойылымның режиссері – Қазақстанның халық әртісі Нұрқанат Жақыпбай. 

– Жыл сайын осы мезгілде сіздермен қайта жүздесіп, өткен жылға есеп беріп, алдағы жұмысымызды жоспарлап аламыз. 2027 жылдың жазында театрымыздың ашылғанына 20 жыл толады. Бұл – біз үшін үлкен белес.

Жалпы, астаналық көрерменге ризамыз. Журналистер мен жастар үнемі тілеуімізді тілеп, қойылымдарымызға қатысып, спектакльден кейін өз ой-пікірлерін айтып жатады. Мұның бәрі біз үшін үлкен қолдау, мерейімізді өсіретін дүние.

Біз Жастар театры болғандықтан, көрермендеріміздің басым бөлігі де жастар. Көрермен көңілінен шығып жүргенімізге қуаныштымыз. Театрымыздың актерлік құрамында талантты қыз-жігіттер көп деп есептеймін. Әрине, кейде көрерменнің ойынан дәл шыға алмай қалатын кездеріміз де болуы мүмкін. Сондықтан ұсыныс-пікірлеріңіз болса, бізге айтыңыздар. Оларды міндетті түрде ескеруге тырысамыз.

Бүгін осыдан 20 жыл бұрын алғаш сахналанған «Шыңғысхан» қойылымын қайта ұсынып отырмыз. Қазіргі көрермендеріміздің арасында ол қойылымды алғаш көргенде әлі өмірге келмеген немесе енді ғана жиырмаға толып жатқан жастар бар. Сондықтан театр тарихында ерекше орны бар спектакльді бүгінгі көрерменге қайта ұсынуды жөн көрдік.

Қазір қоржынынымызда 72 спектакль бар. Алдағы уақытта тағы 5-6 жаңа спектакль қоссақ деген ойымыз бар. Сондықтан театрдан қол үзбей, спектакльдерімізге келіп тұрыңыздар. Театрға көрермен қалай қажет болса, театр да көрермен үшін қажет рухани орта, - дейді театр режиссері, Қазақстанның халық әртісі Нұрқанат Жақыпбай.

«Шыңғысхан» – тарихи тұлғаның өмір жолын баяндаумен ғана шектелмейтін философиялық қойылым. Спектакльде жарты әлемді бағындырған ұлы әміршінің адамдық болмысы, билік пен тағдырдың арақатынасы, нәпсі мен сабыр, ақиқат пен аңыз мәселелері қатар өріледі.

Қойылым көрерменнің көкейіндегі сауалдарға дайын жауап ұсынбайды. Керісінше, көрерменді өмір мен өлім, билік пен пенделік, ақиқат пен аңыз арасындағы тылсым байланыс туралы ойландырады. Ұлы әміршінің ажал алдындағы дәрменсіздігі арқылы адам табиғатының әлсіз әрі жұмбақ қырлары ашылады.

Спектакльдің көркемдік деңгейі бұған дейін де халықаралық театр мамандары тарапынан жоғары бағаланған. Мәселен 2016 жылы Беларусьтің Брест қаласында өткен «Белая Вежа» ХХІ халықаралық театрлар фестивалінде қойылым «Ең әсерлі қойылым» («За зрелищное воплощение поэтических притчи») номинациясы бойынша жеңімпаз атанған.

Сонымен қатар Жастар театрында қыркүйек айында «Бейтаныс әйелдің хаты», «Алғашқы махаббат», «Сүйікті етші, сүйіктім», «Жібек», «Ақ кеме», «Соңғы аялдама», «Таптым.Ғашық болдым.Жоғалттым», «Жолы болғыш жігіт», «Айман-Шолпан» секілді қойылымдарды да тамашалауға болады. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan