Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Жасырын Қалған Жәдігерліктер...

08.08.2015 3547

Жасырын Қалған Жәдігерліктер

Жасырын Қалған Жәдігерліктер - adebiportal.kz

Ұлы ақынның суреті және екі күйі туралы
Қанша қаузасаң да тереңіне түгел бойлатпаған Абайдың біз білмейтін қырлары әлі де көп-ау. Ал ұлы ақынның біз білетін бейнесі қандай? Абай десе көз алдымызда оның кексе кезі – баршамыз білетін ортақ сурет көлбеңдейді. Абай барлық кезде осындай болмағаны аян ғой. Сонда ол кісі жас кезінде суретке түспеген бе? Жоқ, түскен екен. Оның дәлелі – Абайдың 1868 жылы Омбыда Кесслер деген неміс фотографы түсірген фотосы. Осыдан 44 жыл бұрын бір рет жарқ ете қалған ол фото белгісіз себептермен кейіннен баспасөзде, ақын туралы ғылыми басылымдарда қайтадан жарияланбай келген. Жақында жас Абайдың суреті ақынның «Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ» деген атпен «Білім» баспасынан шыққан жаңа кітапта басылды. Ұлы ақынның суреті және екі күйі туралы Қанша қаузасаң да тереңіне түгел бойлатпаған Абайдың біз білмейтін қырлары әлі де көп-ау. Ал ұлы ақынның біз білетін бейнесі қандай? Абай десе көз алдымызда оның кексе кезі – баршамыз білетін ортақ сурет көлбеңдейді. Абай барлық кезде осындай болмағаны аян ғой. Сонда ол кісі жас кезінде суретке түспеген бе? Жоқ, түскен екен. Оның дәлелі – Абайдың 1868 жылы Омбыда Кесслер деген неміс фотографы түсірген фотосы. Осыдан 44 жыл бұрын бір рет жарқ ете қалған ол фото белгісіз себептермен кейіннен баспасөзде, ақын туралы ғылыми басылымдарда қайтадан жарияланбай келген. Жақында жас Абайдың суреті ақынның «Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ» деген атпен «Білім» баспасынан шыққан жаңа кітапта басылды.
«Егемен Қазақстанның» жан­ашыр оқырмандарының бірі – «Білім» баспасының директоры, жазушы Жарылқасын Нұсқабайұлы әлі бояуы кеппеген жаңа кітапты беріп жіберген екен. Абайдың өлеңдері, аудармалары мен қарасөздері қайта құрастырылған кітаптың мұқабасында бізге «бейтаныс» әрі таныс сияқты көрінген келбет тұр. Абайдың кітабының сыртына кімнің суретін салған дегендей ой тыншытпаған соң Жарылқасын ағамызға қайта хабарласып, «Аға, мұқабада тұрған фото қайдан шыққан?» деп сұрауға мәжбүр едік.
Қос жаңалықтың көкесі осы жерден басталды. Абайдың күйлері туралы кейінірек баяндармыз. Ал біздің сауалымызға алдымен ақ жүрекпен жарқылдап күліп алған Жарылқасын ағамыз: «А-а-а, байқаған екенсіңдер ғой, әдейі беріп жіберіп едім, сендерді аңғара ма деп. Бұл – Абайдың жас кезінде түскен фотосы! Ал енді сендерден сүйінші сұрайын», деді.
«Қалайша? Бұрын-соңды бұл суретті неге көрмегенбіз? Оны кім түсірген? Бұл сурет қайда жатқан? Қазір қолыңызда сол фото бар ма?» деп сұрақтарды бастырмала­тып бара жатыр едік,  ағамыз онда қолында бар байлықты ке­ліп көріңдер дегенге сайды. Осы­лайша, төмендегі сұхбат туды.
 
– Жарылқасын аға, осыдан 146 жыл бұрын түсірілген Абайдың суреті бар екені сіздің есіңізге қайдан түсті?  
– Білім саласына тікелей қатысы бар «Білім» баспасында ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп жүрмін ғой. Соның қабатында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 30 жыл бойы дәріс беріп келемін. Оның үстіне жазушылығымыз, журналистігіміз бар болған соң, жаңалыққа құлағымыз түрік жүреді. Жақсы хабар тисе соны тапқымыз, тиянақтағымыз келіп тұратын дағды ғой бойға сіңген. Абайдың жас кезінде түскен суреті бар дегенді еміс-еміс еститінмін. Шығыс Қазақстан өңірінде Абай туралы шыққан кітаптарды жинақтап, елге таратып жүретін Бекен Шерубаев деген ақсақал бар. Осы кісі екеуміз Абайдың келесі жинағын шығаруға ниеттеніп, әңгімелесіп отырып, «Ақынның жас кезінде түскен суреті бар дейді, сіз көрген жоқсыз ба?» деп қалғаны маған.
«Мен көрген жоқпын, көрсем баяғыдан бері іздейтін едім» десем де, бұл қайдан шыққан әңгіме деп, осы сурет туралы біледі-ау деген жандардан сұрастыра бас­тадым. Сонда түрткілеп отырып білгенім, мүмкін о бастағы дерегі сонау 30-жылдардың қарсаңында Әлкей Марғұлан мен Мұхтар Әуезов екеуі Ленинградта оқып жүрген кезден басталған екен. Екеуі жолдас. Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің жанашырлары Абай туралы әңгімелеспей тұрмайды. Әлекең сол баяғы ізденімпаздық, ғалымдық дағдысымен архивтерге түседі. Әр нәрсені түрткілеп жүріп, патша сарайларындағы альбомдарда сақталған фотоларды қарап отырады. Сол суреттердің астына латынша жазылған адамдардың есімдерінің ішінен «Құнанбай» дегенді көзі шалып қалады.
Қайта үңіліп, келесі беттерді қарайды. Мұндай топтанып түскен суреттер бірнешеу болып шығады.  Бұл фотолар 1868 жылы Сібір генерал-губернаторының үлкен мерекелік жиынға қазақтың бетке ұстар азаматтары – бай-манаптары, өнерпаздары, атышулы ақындары мен балуандары шақырылғанда түсірілген екен. Сол топтың ішінде Құнанбай ақсақал баласы Абаймен барған. Осы жиынды есте қалдыру үшін Санкт-Петербургтен неміс фотографы арнайы барған.
Әлкей Марғұлан Құнанбай ақсақалдың бір көзі жоқ екенін біледі. Суретке шұқ­­­ши­ып қараса, расында да қиғаштау отыр­ған Құнанбай бабамыздың бір көзі жоғын аңғарады. Содан келесі беттерді ақтар­са, Құнанбай ақсақалдың анықтау отырған суретін көреді. Ол суреттің астын­дағы «Құнанбай және оның баласы Ибрагим (Абай)» деген сөзді оқиды. Содан Әле­кең әбден қуанып, сол жерде суреттің көшір­ме­сін алуға әрекетті бастайды. Содан сол фото­ның көшірмесін алып Мұхтар Әуе­зовке ке­леді. Үлкен олжамен келгенін айтып, сүй­інші сұрайды. Мұқаң да арзитын жаңа­лық болса, ат-шапаны дайын екенін айтады. Содан Әлекең қойын қалтасынан сурет­ті асық­пай шығарады. Мұқаң тесіліп қарап қала­ды. Біраз қарап тұрып, бас салып Әлкей Мар­ғұланды құшақтап сүйе бастайды. Әлекең: «Әй, бұл кім? Таныдың ба?» десе, Мұ­қаң: «Абай ғой!» дейді жүрегі жарылар­дай қуа­нып. Танып қойған ғой. Бұл сурет­тің қа­зақ топырағына келу тарихы осындай екен.
Бірақ, сол 30-жылдары бұл сурет газетте ме, журналда ма екен, жарияланған. Ол табылған жоқ. Сонымен арада біраз замандар өтті. Ашаршылық, 37-жылғы нәубет, Ұлы Отан соғысы өтті, 1955 жылдары ел басына тағы да күн туды. Қазақша айтқанда, «Байтал тұрмақ, бас қайғы» болып кеткен. Оның үстіне  көп ұзамай Мұқаң да о дүниелік болды.
– Содан бұл сурет еш жерде жария­ланбаған ба?  
– Жас Абайдың суреті бар еді ғой деп күндердің күнінде Әлкей Марғұлан ойланбай ма?! Содан сол суретті алады да, оның табылу тарихымен қоса мақала жазып, 1970 жылы 2 октябрьде «Қазақ әдебиетіне» жариялатады.
Ғұлама-ғалым бұл фотоның табылу тарихы жайлы былай дейді: «Өткен ғасырда қауым тіршілігіне қатынасқан тарихи адамдардың, не мәдениет дүниесіне белгілі болған ақын-күйшілердің фотобейнесі, кейде олардың қолдан түсірген жазба  портреттері архив қазыналарын ақтарғанда, не сирек жолығатын көне кітаптардың бетін ашқанда ауық-ауық кездесіп отырады. Көп жыл ішінде қарау, іздеу соңында табылған ондай портреттердің жинағы біздің қолымызда казір толық бір альбом деуге болады. Олардың ішінде Абайдың, Дәулеткерейдің, Ақан серінің, Жаяу Мұсаның, ертіп жүрген баласымен түскен Шөже ақынның фото-тұлғалары бар. Ғасырлар бойы белгісіз болып жатқан бұл фотобейнелерді жарық дүниеге шығарып, оларды көпшілікке таныстыру зор мәдени істің бірі болуға тиісті. Бұл ойды біз ең алдымен жас Абайдың фотобейнесін көрсетуден бастамақпыз. Ең алдымен ондай тарихи адамдардың фото­­­бейнесінің тууына, сақталып жатуына себеп болған жағдайларға тоқталып өтейік. Жас Абайдың фотоға бірінші рет түсуі 1868 жылы Күнбатыс Сібірді аралауға шыққан ұлы князь Владимирдің Омбыға келуіне байланысты болған. Бұл князь сол кездегі Россияның патшасы Александр ll-нің баласы. Оның қыр қазақтарының ортасына келуі – сол кездегі үлкен саяси мәселе – «Жа­ңа заңды» жүзеге асырып, қазақ бұқа­расын алым-салық беруге міндетті етіп, импе­рияның жаңа заңына бағындыру болатын. Бірақ жаңа заңға қарсылық білдіріп, қазақ сахарасының әр жерінде, әсіресе, Орал, Торғай, Маңғыстау төңірегінде жойқын халық көтерілісі басталып жатқан еді. Сондықтан патша баласын қырға тура шығаруға қауіптеніп, оның бұрынғы программасына көп өзгеріс кіргізеді. Князьді тыныштау жатқан Күнбатыс Сібір қазақтарының ортасына жіберіп, Ертіс бойын аралатып, Алтайдағы кен орындарын бақылап қайтудың жобасын құрады…».
– Содан бері де де жарты ғасыр уақыт өткен жоқ па? 44 жылдан кейін бұл суретті қайдан іздеп таптыңыз?  
– Әлекеңнің аты шыққаннан кейін ол кісінің үйін іздестіре бастадым. Баяғыда «Жалын» баспасында істеп жүргенімде Шоқан Уәлихановтың бес томдығын шығаратын болдық. Сол кітапты Әлкей Марғұлан баспаға әзірлеп жүргендіктен, баспа қызметкерлерін үйіне қайта-қайта шақырып, жұмыс істеп жатқан. Бір жолы баспа директоры Қалдарбек Найманбаевқа ол кісі келіп жүрген жігіттерге көңілі толмай, ересектеу, анадан-мынадан хабары бар қызметкер жіберуін сұрайды. Содан Әлекеңе жолығуға тапсырма алып, баратынымды телефонмен жеткізіп едім. Абай ескерткішінің түбіне серуенге шығып бара жатқанын айтып, сол жерде кездесуге келістік.  Барсам ескерткіш маңайында бұйра шашы желбіреп, тау жаққа қарап тұр екен. Бойшаң адам еді ғой.  Амандасып едім: «Жалыннан» келген баласың ба?» деп бірден түсінді. Аз-кем тілдескеннен кейін, бұл енді көшеде айтатын әңгіме емес деп үйіне шақырды. Шоқан Уәлихановқа қатысты сөйлесейік деп жүрміз ғой.
Үйіне бара жатқанда Абай ескерткішінің маңында «коляска» сүйретіп, серуендеп жүрген қыз балаға: «Дәнел, сәлден кейін үйге келіп, бізге шай дайындап берерсің», деді. Мен оның өз қызы екенін түсіндім.
Енді келіп Әлекеңнің үйі мен сол қызын іздестіре бастадым. Жұрттан сұрастырғанымда Әлкей Марғұланның үйін білетін адам табыла қоймады. Содан бір білетін жер болса – геология институты болар деп, сол институтқа хабарласып едім, бір кісі ыңылдап: «Қара-й-ы-ы-н, Әлекеңнің үйінің телефонын білуші едім», деді асықпай. Бір кезде тауып берді. Екі-үш күн үздіксіз телефон шалып жүріп, Дәнелді де таптым-ау. Баяғы Абай ескерткішінің түбінде әкесі Әлкей Марғұланмен жолыққанымды, одан кейін үйінде шай ішіп, Шоқан Уәлиханов туралы сөйлескенімізді айтып едім, есінен шықпапты, тани кетті. Содан мен сол үйде Абайдың жас кезінде түскен суреті болуы мүмкін екенін айтып, табуға көмектесуін сұрадым. Ол фотоның 1970-жылдары «Қазақ әдебиетінде» жарияланғанын есіне салдым. Сол замандарда кітапқа да шығуы мүмкін дедім. Дәнел әкесінің архивін қарайтынын, мен айтқан суретті іздестіретінін айтып, бірнеше күннен кейін хабарласуымды өтінді. Екі күннен кейін Әлкей Марғұлан ағамыздың қызы хабарласып, газетке шыққан суретті тапқанын айтты. Міне, қолымызда тұрған осыдан 44 жыл бұрынғы газет. Сарғайған газетті Әлекең өз қолымен қиып, мұрағаттарының арасына сақтап қойған екен.
– Біз Абайдың шау тарт­­­­­қан кезіндегі суретін ғана білеміз ғой?  
– Ал қолыңдағы сиясы да кеппеген кітаптың мұқабасына осы суретті салдық. Газетте, мектеп, жоғары оқу орындарының оқулықтарында, энциклопедияларда Абайдың егде кезіндегі суреті жарияланып жүр ғой. Мына суретке, есептеп шығарсақ, 1868 жылы Абай 24 жасында түскен екен. Бұл – мәдени-әдеби орта ғана емес, қалың қазақ үшін айтулы оқиға. Бұл – қайта туған жаңалық! Қалай десек те, Абайдың жас кезіндегі суретінің қайта қолға түсуі айта қаларлықтай дүние. Бұл суретшілердің жас Абай осындай болар-ау деп жобалап салған кескіні емес. Нағыз, деректі өз бейнесі! Мұрағатта бұл фотоның қайда, қашан және кім түсіргені бәрі-бәрі бар.
– Көп адам Абайдың күй шығарға­нын, яғни күйлері бар екенін де біле бермейді. Мына кітапты ақтарып отырып, Абайдың күйі дегенді көріп, ноталарын көзім шалып қалды. Осыны да сұрағым келіп отыр.  
– Бұл күйлердің табылуының да аздаған тарихы бар. Менің бір жастан өзім тәрбиелеп келе жатқан Шыңғыс деген немерем бар. Өзі бір жақсы домбырашы болып алды. Атақты домбырашымыз Айгүл Үлкенбаевадан 10 жылдан бері тәлім алып жүр. Өзі О.Жәутіков атындағы Республикалық дарынды балаларға арналған мамандандырылған физика-математика орта мектеп-интернатында оқиды. Осыдан екі жыл бұрын осы мектептің директоры Қайрош Мақышев деген азамат мәдени шараларға белсенді араласатын өнерпаз балаларды шақырып, біздің Шыңғысқа: «Абай атаңның күйі бар дейді.  Білесің бе?» дейді. Біздің немере білмейтінін айтады. «Онда Айгүл апайыңнан сұра», дейді. Апайынан сұраса, апайы училищеде, консерваторияда оқып жүріп, ұстаздық ете жүріп, Абайдың күйін кездестірмегенін айтады. «Онда сен атаңнан сұра, осындай жаңалықтарға құлағы түрік жүретін адам ғой. Бәлкім атаң естіген шығар», дейді.
Мен де білмейтінімді айтсам да, кітап шығарып, Абайға қайта-қайта оралып жүрген соң өзім де қызығып, біледі-ау деген адамдардан сұрастыра бастадым. Біледі-ау деген күйшілердің бәрінен сыр тарттым. Онша нәтиже болмаған соң, немерем сабақ алған Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебіне хабарласып, кітапханалары бар-жоғын сұрастырдым. Сол кезде мәдениет саласында еңбек етіп жүрген Әбдіманап Жұмабекұлы біздің «Білім» баспасынан қыл қобыз үйренушілерге арналған үш томдық кітап шығарған болатын. Сол жігітке айтып едім, ол да Абайдың күйлері бар екендігін естігенін айтып, бірақ, қайдан табуға болатынын білмеді. Бірақ, өзі тағы да іздестіретінін айтып, ертең хабарласамын деп кеткен. Содан келесі күні-ақ телефон шалып, Абайдың күйлері басылған кітапты тапқанын сүйіншілеп: «Бірақ, сіз айтқандай үшеу емес, екі күйі ғана бар екен» деді.  Сол кітапта Абайдың «Май түні» және «Торы жорға» деген күйлері бар екен. Сол күйдің нотасын Шыңғыс немерем Айгүл Үлкенбаеваға апарып беріп, ұстазы аз уақыт ішінде осы күйді тартуды үйретеді. Содан баламыз мектеп директорына Абайдың күйін тартып береді. Қайрош ініміз бұған әбден қуанып, оқушысын Семей өңірінде жыл сайын өтетін «Абай оқулары» байқауына Абайдың өлеңдерін сүйіп жаттайтын тағы бір дарынды балаға қосып, мұғалімімен жарысқа жібереді.
Байқаудың соңында Абайдың күйі тартылғанша алдыңғы турларда ерекше көзге түскен бір талантты балаға Бас жүлдені беру ұйғарылып қойған екен. Бас жүлде – Семей университетінің филология факультетіне грантпен оқу. Сонымен, жарыстың соңында біздің Шыңғысымыз Абайдың «Торы жорғасын» тартқанда жұрттың бәрі орнынан тұрып кетеді. Мынау бала бізге, Абайдың туған жеріне, жатқан жеріне, мұражайына Абайдың күйін алып келді ғой деп бәрі риза болысып, біздің немереге де қалалық әкімдік тағы Бас жүлде тағайындап, бағалы сыйлық береді.
Содан балалары есеп шығарғыш, математикаға жүйрік мектеп-интернаттың оқушысы айды аспанға шығарып,  өз мектебінде «Мектеп мақтанышы» деген атаққа қоса ие болды. Бұл күйлердің менің қолыма түсу тарихы осындай.
– Жарылқасын  аға, Абайдың үшін­ші күйінің табылу мүмкіндігі бар ма?
– Мына кітапта бір емес, екі бірдей жа­­­­ңа­лық болған соң, жұрттың қолына тие берсін деп, елпілдеп шығарып жібердік. Сол үшінші күйді «Егемен» арқылы қазірдің өзінде іздестіре бастадым деп есепте. Біреу болмаса, біреу білер. Кітапханалардан, мұ­ра­­ғаттардан табылып қалуы ғажап емес. «Абай­­дың үш күйі бар» деген сөз бекерге ай­­­­тылмайды. Демек, тағы бір күйі болуы тиіс. 
Бәріміз Абайдың әндерін білеміз. Абайды әдемі домбыра шертіп отырып, осы дәрежеде көңілінің қошы келгенде ән шығаратын шығар деп елестетуші едім. Күй шығаратын да қыры болған екен. Не болғанда да бұл үлкен жаңалық. Егер жо­ғарыдағы күйлер мектеп оқулықтарына енсе, нота үйренген балалар орындайды. Бұл күйлер де жоғалып, табылған десе болады.
– Қолымызда тұрып жоғалып тұр ғой…
– Бұл біздің құлықсыздығымыздан болды ма?! Ау­дандық, облыстық газетте емес, респуб­­ли­калық газетте жарияланған Абай фотосының өзін назардан тыс қалдырғаннан кейін не сұрайсыз? Басқа емес, ұлы ғалымымыз Әлекең – Әлкей Марғұлан тапқан, анықтаған деректің өзін осылай ұмытып кет­кенбіз. Өлеңінің бір жолы табылса да бұл қай өлеңнің сыңары, қай жолдың ұйқасы деп ізденуіміз керек қой. Бұл суреттің ме­нің қолыма түсуінің өзін баға жетпес ол­жа деп ойлап отырмын. Ұзай берсе, табыл­май, із-түзсіз жоғалып кетуі де мүм­кін. Сондықтан осы жаңа кітапта Әлкей Мар­ғұлан ағамыздың қызы Дәнелге алғыс білдірдік. – Асылдың тұяғы деген осы болар! Әкесінің бүкіл мұрағатын ардақтап, көздің қарашығындай қастерлеп, жинап, сақтап отырған ұрпаққа мың сауап! – Дәнел қарындасымыз Әлекеңнің қағаздарын қанаттыға қақтырмай, тұм­сық­тыға шоқыттырмай, мына сарғайған газетті де жоғалтып алмауымды қадағалап, сұрап отыр. Жаңа шыққан кітаппен қоса апарып беремін деп отырмын. Бұл газетті «Егеменге» көрсетемін деп уақытша ұстап отырғам. Дәлелім осы! – Әрине, бұл әңгімені жариялау арқылы газетіміз жас Абайдың фотосын таптық демекші емес. Фотоның осыдан 44 жыл бұрын жарияланғаны белгілі. Біздің мақсат – кезінде ғылыми айналымға түсе қоймаған, жасырын қалған жәдігерлікке жұртшылық назарын қайта аударту. Осы оймен сіз алғаш рет кітапқа шығарған фотоны басылым бетіне ұсынбақпыз. Ал Абайдың екі күйінің табылуы мәдени өмір үшін құнды жаңалық екендігі талассыз. Қалай болғанда да құнды деректеріңіз үшін алғысымызды айтамыз.

Айнаш ЕСАЛИ,

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар