Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада белгілі жазушы-публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шархан Қазығұлдың 70 жас мерейтойына орай жарық көрген «Таңдамалы шығармалар жинағы» кітабының таныстырылымы өтті.
Аталған жинаққа қаламгердің әр жылдары жазылған көркем туындылары мен нон-фикшн жанрындағы публицистикалық еңбектері топтастырылған. Кітап жеті бөлімнен тұрады. Жинаққа «Меценат.кз» әдеби сыйлығының тұңғыш лауреаты атанған «Күлпет» романы, екі әңгімесі, оқырман тарапынан жоғары бағаланған «Оңашадағы онлайн ойлар» шығармасы, сондай-ақ билік, әдебиет, өнер және журналистика саласындағы танымал тұлғалар туралы эсселері енген. Сонымен қатар кітап мазмұнын мөлтек портреттер мен «Футбол философиясының фрагменттері» атты туынды толықтыра түседі.
Шара барысында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, ҚР ҰҒА академигі Бауыржан Омаров мерейтой иесіне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын табыс етті. Сондай-ақ қаламгерге ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің, Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаттары табысталды.
Шарада мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаев, ҚР Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, әдебиеттанушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахманов тағы басқа зиялы қауым өкілдері қаламгерді мерейтойымен құттықтап, оның әдебиеттегі қолтаңбасы мен шығармашылық жолы туралы пікір білдірді.
