15 мамыр күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мағазбекқызы Досжанның «Бала шақтан – болашаққа» атты ғұмырнамалық-танымдық повесінің таныстырылымы өтті.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған шара елордада өткен автор шығармашылығына арналған апталық аясындағы кездесулердің қорытындысы іспетті.
Алғашқы кездесу Кәрім Мыңбаев атындағы №59 мектеп-лицейінде ұйымдастырылды. Сол күні жазушы Еуразия гуманитарлық институты жоғары колледжінде қонақта болды. Ал 14 мамыр күні «Smart Technological School» жекеменшік мектебінің оқушылары да қаламгер шығармашылығымен танысып, тағылымды ой-пікірлерге қанықты.
Жүздесу барысында қаламгер шығарманың жазылу идеясы жайында әңгімелеп, туынды кейіпкерінің тұлғалық қалыптасу кезеңдеріне кеңінен тоқталды.
Туындыда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың балалық шағы, отбасылық тәлімі мен азаматтық тұлға ретінде қалыптасу кезеңдері жасөспірімдерге түсінікті, көркем әрі танымдық тілмен өріледі.
Қорытынды кешке онлайн форматта қатысқан Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов кітаптың тәрбиелік маңызына айрықша тоқталып, автор еңбегіне жоғары баға берді. Сонымен қатар жиын барысында ғалымдар мен ақын-жазушылар сөз алып, қаламгердің шығармашылық ізденісіне ризашылықтарын білдірді.
Таныстырылымға зиялы қауым өкілдері, әдебиетсүйер қауым, студенттер, еліміздің көпшілік кітапханаларының басшылары (онлайн), ұстаздар мен оқушылар қатысты.
