Астана қаласының мемлекеттік архиві жазушы, сценарист Ұларбек Нұрғалымның жеке құжаттарын қабылдады.
«Архивке аманат» атауымен қаламгердің жеке тектік қорын ашу мақсатында арнайы шара ұйымдастырылды. Шараға қаламгердің замандастары, архив қызметкерлері қатысты. Кездесу тізгінін қолына алған Астана қаласы Мемлекеттік архиві директоры Жангелді Бимолдин архивтің құндылығына тоқталды.
- Архив тек жеке тұлғалардың құжаттарын қабылдап қана қоймайды. Құндылығына сай ғасыр бойы сақтап, көнергені болса қайта қалпына келтіріп, ізденіс үстінде жүрген әр адамға қолжетімді болуын да қамтамасыз етеді, - деді.

- Шығармашылық мұраны сақтауға, оны зерттеушілерге қолжетімді етуде архив ұжымының атқарар жұмысы екені даусыз. Азды-кем еңбегімізді елеп, қолжазбалар мен қолдағы құжаттарды табыстау сәті түскеніне қуаныштымын. Мұндай игілікті іс алдағы уақытта да жалғаса береді деп ойлаймын. Әлі де құжаттарды толықтыра түсемін, - деді Ұларбек Нұрғалымұлы.
Астана қаласының Мемлекеттік архиві ұлттық руханиятқа еңбек сіңірген қаламгерлердің өмір жолы мен мұрасын жүйелі түрде жинақтап, сақтау жұмысын жалғастыра бермек. Жазушы Ұларбек Нұрғалымұлының жеке тектік қоры – осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі болмақ.
