Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Жазушы Жолтай Әлмашұлының жаңа кітаптары таныстыры...

Жазушы Жолтай Әлмашұлының жаңа кітаптары таныстырылды

15.02.2026

3776

Жазушы Жолтай Әлмашұлының жаңа кітаптары таныстырылды - adebiportal.kz

Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында белгілі жазушы, драматург Жолтай Әлмашұлының «Олигарх қазақ», «Көктүрік сарыны» және «Клятва лювби» атты жаңа кітаптарының таныстырылымы өтті.

Әдеби кешке мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен көпшілік оқырман қатысты. Шара тізгінін Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп ұстады. 

Іс-шара барысында қаламгерге ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хаты табысталды.

Таныстырылымда сөз сөйлеген Жолтай Әлмашұлы жаңа туындыларының идеялық бағыты мен жазылу тарихына арнайы тоқталды. Автордың айтуынша, «Олигарх жолы» романының алғашқы бөлімі 2017 жылы жазылып, шығарма 2024 жылы толық аяқталған. Романда бас кейіпкер Аспан Шуани жастайынан Америка құрлығына аттанып, белгілі кәсіпкер Томас Трамстың тәрбиесінде болып, араға жиырма жыл салып ірі бизнес өкіліне айналады. Шығарма соңында кейіпкер туған еліндегі әлеуметтік дерттер мен адамзат болашағына қатер төндіретін құбылыстарды сезініп, рухани серпіліс кезеңінен өтеді. 

Осы арқылы жазушы байлық пен ар-ождан, пайда мен парыз арасындағы күрделі қайшылықтарды көркем бейнелейді.

Қаламгер «Олигарх жолы» романы арқылы қазіргі заман байларының бейнесін әдеби қиялмен сомдап, оны көркемдік тұрғыда тереңдетіп көрсетуді мақсат еткенін атап өтті.

Ал жазушының «Көктүрік сарыны» драмалық шығармалар жинағына тарихи пьесалар топтастырылған. Жинақта «Ғұлама-ғұмыр» атты Фараби баба жайлы екі бөлімді тарихи пьеса бар. «Бейбарыс сұлтан-Берке хан», «Шыңғыс ханның анасы мен жары», «Хан Кененің қамқоршылары», сондай-ақ бірқатар Алаш арыстарының образы сомдалған драмалық туындылар да осы кітап ішінде.

«Клятва лювби» жинағы – жазушының заманауи және тарихи пьесаларының орыс тіліне аударылған нұсқаларын қамтиды. 

Кеш барысында сөз алған жазушы Алдан Смайыл, әдебиеттанушы ғалым Серік Негимов, ақын Ғалым Жайлыбай, жазушы Роза Мұқанова және өзге де зиялы қауым өкілдері Жолтай Әлмашұлы шығармашылығына жан-жақты тоқталып, жаңа кітаптардың қазақ әдебиеті мен ұлттық драматургиядағы маңызын атап өтті.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan