Жазушының өмірі - қызық-шыжық...

1203

Жазушының өмірі - қызық-шыжық... - adebiportal.kz

Әлем әдебиетінің алыптары да біз ойлағандай мінсіз болмағаны тарихтан белгілі. Әлем жазушыларының өмірінен қызық дерек ұсынып отырмыз. 

Жалпы, біз, шығармашылық адамдарын өмірін емес, шығармаларын ғана білеміз. Ал кейде олардың өмірі жазған романдарынан да қызық болып шығады. Әлем әдебиетінің алыптары таңғаларлық тағдыр кешті, оғаш әдеттері болған.  Иә, олар кейде кедейліктің, кейде даңқтың шырқау шыңына жеткен. Мысалы, орыс әдебиетін бүтін дүнияға танытқан граф Лев Толстой өмірінің соңында миллиондаған оқырманы бар әлемдік классикке айналғанымен, өзінің байлығынан бас тартуға тырысты. Жазушы өмірінің соңғы жылдарында қарапайым шаруаларша киініп, жер жыртып, етік тігіп, еңбек етуді рухани кемелдікке жетудің жолы санаған. Ақырында сексен екі жасында үйінен жасырын  қашып, теміржол бекетінде қайтыс болды. Бүкіл Ресей шарқ ұрып іздеп жатқанда, әлемнің ең атақты жазушысы шағын ғана Астапово стансасында жан тапсырған еді. Үлкен сарайдан неге қашқаны әлі күнге дейін қызық. Жорамал көп. Ақиқаты қайсы?

Ал француз жазушысы Александр Дюма соншалықты өнімді қызмет қылғандықтан, оның шығармаларын жазуға көмек беретін бірнеше әдеби қызметкері болған. Кей зерттеушілер Дюманы қазіргі әдеби менеджменттің алғашқы үлгілерінің бірі деп санайды. Соған қарамастан, қанша ақша тапса да, бәрін жұмсап үлгеріп отырған. Сарай салды, қонақ күтті, сән-салтанат құрды. Өмірінің соңында қарызға белшесінен батты.

Әлемдегі ең көп кітап сатқан жазушылардың бірі Агата Кристи дисграфия дертімен ауырған. Яғни кейде жазу процесі оған қиындық тудыратын. Соған қарамастан ол екі миллиардтан астам данамен сатылған шығармалардың авторына айналды. Оның үстіне өзін өмір бойы «ең үздік жазушымын» деп есептемеген.

Эрнест Хемингуэй жазу үшін тік тұрып жұмыс істеген. Ол үстелінің алдына арнайы тақтай қойып, романдарын аяқтан тік тұрып жазатын болған. Жазушының пікірінше, бұл ойдың сергек жүруіне көмектескен. 

Франц Кафка көзі тірісінде танымал болған жоқ. Керісінше, қайтыс болар алдында барлық қолжазбасын өртеп жіберуді өсиет еткен. Бірақ оның досы Макс Брод бұл өсиетті орындамай, шығармаларын сақтап қалды. Егер досы айтқанын істегенде, бүгін әлем әдебиетінде Кафка деген құбылыс болмас еді.

Марк Твен алғашқылардың бірі болып жазушылықтан үлкен байлық тапқан қаламгерлердің санатына кірді. Бірақ сәтсіз инвестициялар салдарынан дәулетінің көбінен айырылды. Кейін қарызын өтеу үшін әлемді аралап дәріс оқуға мәжбүр болды. Ол жетпістен асқан шағында да қаржылық қиындықпен күрескен.

Джордж Оруэллдің әйгілі «1984» романы шалғайдағы аралда, ауыр науқас кезінде жазылды. Жазушы туберкулезбен ауырып жүрсе де жұмысын тоқтатпады. Бүгінде сол шығарма ХХ ғасырдың ең ықпалды романдарының бірі саналады.

Джоан Роулинг «Гарри Поттерді» жазып жүрген кезде әлеуметтік жәрдемақымен өмір сүрген жалғызбасты ана еді. Қолжазбасын ондаған баспа қабылдамай қайтарды. Бірнеше жылдан кейін сол кітап әлемдік әдеби брендке айналды.

Америкалық Стивен Кинг алғашқы романын қоқысқа лақтырып жіберген. Оның әйелі Табита қолжазбаны тауып алып, қайта жалғастыруға көндіреді. Сол шығарма кейін «Кэрри» деген атпен жарық көріп, Кингтің тағдырын өзгертті.

Ал португал жазушысы Пауло Коэльо жас кезінде психиатриялық ауруханаға үш рет түскен. Ата-анасы оның жазушы болу арманын ауруға балаған. Кейін сол арман «Алхимик» романын дүниеге әкелді. Бүгінде бұл шығарма әлемнің ең көп оқылған кітаптарының бірі.

Жазушылардың өміріне қарасаңыз, бір заңдылықты байқайсыз. Ұлы шығармалардың көбі жайлы кабинетте емес, жоқшылық пен жалғыздықта, күмән мен күрестің арасында туған. Әлем әдебиетінің алыптары да біз ойлағандай мінсіз болмаған. Олар да қателесті. Оңбай сүрінді.  Күйреді. Қайта тік тұрды. Күресті. Бірақ бір нәрседен бас тартпады: жазудан. Өнімді жазды. Өндіре жазды. 

Сондықтан жазушының басты капиталы байлық та, атақ та емес. Оның ең үлкен капиталы – жазу ісіне деген табандылық. Өйткені тарихта талантынан бұрын қайсарлығы жеңген қаламгерлер аз емес... 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan