Әлемге әйгілі әрбір ақын-жазушының өзіне тән мұңы мен қайғысы, ешкімге айта алмайтын құпиясы бар. Мейлі, өзгелер оның құпиясын біле берсін, оның тағдырын талқылай берсін, онсыз да еңсесін езіп тұратын жан жарасын тырмалай берсін, бірақ олар «шындығы» туралы айтқысы келмейді, анығы, мойындаудан қорқады. Өзі жасап алған әлемнен шыққысы келмейді. Шығармаларында кейіпкерлері арқылы өзі туралы шындықты айтып, мұңынан арылғандай болады. Бірақ олар үшін соның өзі қаншалықты ауыр екенін ешкім де білмейді.
Қаңғыбас ақынның қайғысы
Орта ғасырда өмір сүрген француз ақыны Франсуа Вийонның өмірі – шым-шытырық тағдырдың картинасы. Тентек ақынның еркелігін қоғам бірде кешірсе, бірде кешірмеді. Ол қоғамның «қатып қалған ережелерін» қабылдай алмады. Ол табиғатынан тым еркін еді. Өз болмысынан аз азап шекпеді.
Бірде мас шіркеу қызметкерімен әйел үшін төбелесіп, қорғану мақсатында оған пышақ сұғып алады. Қызба ақын адам өлтіргенін білгенде есеңгіреп қалады. Түрмеге отырудан қорыққан Франсуа бас сауғалап, қашып кетеді. Ақшасыз, қаңғыбас ақынға күн көру, әрине, оңай болған жоқ. Қаңғып жүріп, қарақшыларға қосылып, ұрлық жасайды. Күнә үстіне күнә арқалаған сайын ақын жаны азаптанып, өмірден түңіледі. Бірақ былыққа батқан ақын сілкініп, нәпсісін жеңіп, өзіне келе алмайды. Қарақшылардан да қорқып, кете алмайды. Бәрінен шаршаған, қажыған, өзін іштей жеп тынған ақын қарақшылардан қашып, біраз уақыт тығылып жүреді.
Ар азабы жанын қинаған ақын ұсталып, біраз уақыт түрмеде отырады. Ықпалды достарының арқасында түрмеден шыққан ақын қашып, қаңғырып жүріп, өмірден өтеді.
Дюманың әдеби көмекшілері
Александр Дюманың әдеби ортада аса танымал емес жазушылардың қолжазбаларын сатып алып, өңдеп, оқиға желісін дамытып, бастан-аяқ қайта жазып, өз атынан шығаратыны туралы әдебиетшілер аз айтқан жоқ. Және оларды «әдебиетші негрлер» деп атады. Дюма – көп жазған, еңбекқор жазушы. Романдарын жиі шығаратыны сондай әріптестері таңғалып: «Дюма секілді көп жазатын, тез жазатын жазушы бұрын-соңды болған емес» деп бастарын шайқайды екен.
Дегенмен, әдеби ортада Дюманың жазу тәсілі туралы аз айтылып, аз сыналған жоқ. «Дюманың бұл романын кім жазды?» деген әңгімені жазушы естімеді дейсіз бе? Әрине, Дюма мұндай әңгімелердің бәрін шамасы келгенше жоққа шығарғысы келді.
Әсіресе «Дюманың танымал романдарына Огюст Макеның қатысы бар» деген әңгіме жиі айтылды. Огюстің солғындау сюжетін Дюма дамытып, диалогтарды өрбітіп, оқиғаларды шиеленістіріп, кейіпкелердің табиғатын толыққанды ашып, детальдарды ойнатып, Дюма жарқыратып жібергенде Огюстің өзі шығармасын танымай қалатын. Огюст пен Дюма қаламақыны теңдей бөлісіпті. Бірақ әлеуметтік жағдайын жасап алған Огюст үш рет авторлығын талап етіп, Дюманы сотқа береді. «Үш ноянды» Огюспен бірігіп жазған» дейді дюматанушылар.
Баласын жасырған ақын
Лев Троцкийдің атын тарих жақсы біледі. Пушкинтанушылар «Троцкий – Пушкиннің немересі» дейді. Лев Троцкийдің әкесі – Пушкиннің некесіз туған баласы. Пушкинтанушылар «Пушкин және әйелдер» тақырыбын аз зерттеген жоқ.
Лацистің жазуынша, ақын Анжеликаның өзінен жүкті екенін білді, ол кезде қоғам некесіз баласы бар адамды мүлдем сыйламайтын, беделіне нұқсан келетін, сыйлы ортада жүру қиын еді. Мойындаудан қорыққан Пушкин досы, генерал Н.Раевскийге баласын асырап алуын өтінеді.
Леонтий ешқашан танымал ақынды «әкем» дей алмады. Пушкин де жақсы отбасында ержеткен, алғыр, зерек баласын «ұлым» дей алмағанына өкінген шығар? Іштей өзін-өзі кінәлаған шығар?
Бірақ танымал адамдардың құпиясы өзімен бірге кетпейді екен. Тарих шындықты уақытша ғана жасыра алады.
Жезөкшелер үйін жағалаған жазушы
Оның өмірден өткеніне бір жарым ғасырдай уақыт өтсе де, одан кейінгі жазушылардың ертегісі адамзатты таңғалдыра алмай келеді. Оның ертегілерінің философиялық мәні бар, адамзатқа ақиатты танытады.
Өмірінің соңғы жылдарында Андерсен жезөкшелер үйіне жиі барыпты. Андерсентанушылар: «Ертекші мұндағы бірде-бір әйелге қолының ұшын да тигізген жоқ. Ол өмірде адасып кеткен әйелдермен ұзақ сөйлесіп отыратын. Олардың жандүниесін, әлемін зерттеу үшін ғана баратын» деп жазады. Кейбір деректерде Андерсеннің шешесінің екінші күйеуінен туған қарындастарының жезөкше болғаны, олармен жазушының араласпағаны айтылады. Бірақ тірі кезінде Андерсен қарындастары туралы ешкімге айтқан емес, себебі, жанды жарасы еді.
Жезөкшелер үйіндегі қыздардың мұңын тыңдап, оларды бұл жолдан қайтару үшін Құдай туралы, ізгілік туралы, адам өмірінің мәні туралы ұзақ әңгіме айтыпты. Ертегішіні қыздар ұйып тыңдайды екен.
Андерсеннің миссиясы: шығармалары арқылы адамды Құдайға жақындату еді, өзі айтқандай, өмірдің мәні – адамдарға жақсылық жасау еді.
Ол ақсүйек пе?
...Оның графтың баласы екеніне, жалпы ақсүйектер әулетінен шыққанына күмән келтіргендер аз емес. Ақын-жазушылар да пенде ғой. «Ол – ақсүйек емес» деген сөз әдеби ортада аз айтылған жоқ. Оның шыққан тегіне күмәнмен қараған жазушылардың бірі – Бунин еді.
...Болашақ жазушы дүние есігін ашуға санаулы күндер қалғанда Александра (Алексей Толстойдың анасы) күйеуін тастап, А.Бостроммен бірге тұрады. Он алты жасына дейін өгей әкесінің (біреулердің пікірінше, шын әкесі) фамилиясында болды. Он жеті жасында өз әкесінің фамилиясын және графтық титулын алды. Күйеуін тастап, өзге біреумен кеткен әйелге араға жылдар өткесін баласын граф ету, әрине, оңайға соқпады.
Роман Гуль «Жазушы Алексей Толстой – граф Николай Толстойдың туған баласы емес» деп жазады.
Алексей Толстойдың өмірін зерттеп жазған Алексей Варламов былай дейді: «Роман Гуль неге бұлай деді? Ол Алексей Толстойдың жеке басын ұнатпады, сол себепті, оның шығу тегіне қатысты осындай пікір айтты».
Өз әріптестері оның шығу тегіне күмәнданып, әр жерде әңгіме айтып жатқанда, бәлкім, ол намыстанған шығар, бәлкім, ол қиналып, жылаған шығар? Өмірден түңіліп, өлгісі келген шығар?..
Сөз жоқ, бүкіл қайғысы мен мұңын, анасына, жалпы қоғамға ренішін ұмыту үшін, мына әлемнен кек алу үшін жаза берді, жаза берді...
Тағдырдың картинасы
Соңғы кезде ол туралы жиі ойлаймын. «Сен Байрон секілді ұлы ақын ба едің? Неге соншама қыр соңымнан қалмайсың?» деп ойша ұрсып та алам. Бірақ ол мені естімейді. Онымен ешқашан кездеспеймін. Көрмеймін.
Бала кезінде «құлағыма өлеңді Құдай сыбырлайды» дейтін Ника өлең жазбай кеткенде «Құдай мені ұмытып кетті» деп мұңайды. Бала кезінде Евтушенкомен бірге әлемді шарлап, үлкен сахналарда өлең оқу, сосын ештеңе жазбау, сәтсіздік, оқудан шығып қалып, аула сыпыру, жұмыссыздық, жоқшылық, жүйкесі ауырып, жүйке ауруларын емдейтін аураханада емделу, өзінен алпыс жас үлкен психологқа тұрмысқа шығып, ажырасу, ішімдікке салыну... Оған бәрінен ауыр тигені өзін қанша қинаса да, өлең жаза алмады.
Бәлкім, оның жүйкесіне өз әкесінің кім екенін білмеу де салмақ салған шығар? Шешесі «Сенің әкең ақын Андрей Вознесенский» деді. Сенді. Әкесін іздеп, тапты. Кездесті. Вознесенский «әкеңмін, сен менің қызымсың» деп құшақ жая қарсы алған жоқ. Шын мәнінде, анасының өзі Никаны Вознесенскийден туды ма, әлде басқадан ба, нақты білмейтін еді... Әрине, мұның бәрі жүрегі нәзік, жүйкесі тым әлсіз Никаға ауыр тиді. Ол өмірден әкесінің кім екенін білмей өтті...
«Жизнь моя – черновик» деп тоғыз жасар бала айта ала ма? Ол тоғыз жасында айтты, жазды. «Талантты ақындар түйсігімен өз болашағын біле алады» дейді. Рас шығар... Ол өз өмірінің – шимай-шатпақ тағдырдың картинасы екенін түйсігімен сезді.
Агата Кристидің мұңы
Танымал жазушылардың көпшілігі жүйке аурынан азап шекті. Мысалы, Мопассан өмірінің соңғы жылдарында жүйке ауруларын емдейтін ауруханада жатты. Сары басылымдар «Мопассан жынданды» деп жарыса жазып жатты. Жүйке ауруынан қатты азап шексе де, жасыратын жазушылар аз емес.
Детектив жанрының шебері Агата Кристиге бірінші күйеуі басқа әйелді сүйетінін айтып, «ажырасайық» дегенде Агата үйінен шығып, жоғалып кетеді. Танымал, табысты жазушыға күйеуінің сөзі ауыр тиеді. Оқырмандардан ағылып келіп жататын хаттар, қошемет, құрмет... бір кітабынан кейін екінші кітабы шығып, әдебиеттанушылардың жоғары бағасына ие болып, даңққа бөлену... Жо-жоқ, күйеуінің сөзі ақылға қонбайды. Қалайша ол мұны жақсы көрмейді?
Үйінен кеткен Агата бір қонақүйде тұрып жатады. Бір таңғаларлығы: Агата Кристи өз атын жасырып, басқа адамның атымен тұрады. Кім дейсіз ғой? Қонақүйге күйеуінің нақсүйерінің атымен тіркеледі.
Жол бойынан Агатаның машинасы мен жеке заттарын тапқан күйеуі бұл кезде Агатаны сабылып іздеп жатады. Біреулер «Агатаны өлді» деп ойлайды.
Агата Кристи қонақүйде өз атын атамаса да, лақап атпен тұруға болар еді ғой. Жұмбақ. «Жүйкесі қатты шаршаған жазушы есінен аусып, өз атын еске түсіре алмады» деген болжам қисынсыз. Өз атын еске түсіре алмайтындай күйге түссе, бұл оқиғадан кейінгі шығармаларын жаза алмас па еді, кім білсін... Себебін жазушының өзі ғана біледі.
Әр адамның табиғатын тану қиын. Ал жазушының болмысын тану – шешімі жоқ жұмбақ.
Дайындаған Аягүл МАНТАЙ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.