Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
«Жетісу көктемі» прозашылар байқауы. №6 шығарма...

04.04.2023 2321

«Жетісу көктемі» прозашылар байқауы. №6 шығарма 14+

«Жетісу көктемі» прозашылар байқауы.  №6 шығарма - adebiportal.kz

Мылқаудың сыбыры

(Повесть)

Қадірлі оқырмандар, Janr Жетісу әдеби клубы республикалық «Жетісу көктемі» прозашылар байқауын жариялаған болатын. Байқауға келіп түскен шығармалар, автордың аты-жөні көрсетілмей реттік нөмері бойынша жарияланып, жүлдегерлер қазылардың шешіміміен анықталатын болып белгіленген. «Жетісу көктеміне» келіп түскен №шығарманы назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

БАЙҚАУДЫҢ ЕРЕЖЕСІН МЫНА ЖЕРДЕН КӨРЕ АЛАСЫЗДАР

Шеткері үй

Айналма жолдың бергі жағындағы осы төрт қабатты сұр үй кеңес заманында қаланың шетінде өзімен-өзі состиып бөлек тұратын. Осыгүні айналасынан құрылыс салынып, бұл жақ та алыстан қарағанда әжептәуір болып көрінеді. Қалың ағаш арасында, былайғы жұрттың көзінен таса жерде, оңаша өмірі өзінше қайнап жатқан мекеменің сол заманнан бері жөндеу көрмегенін түрі айтып тұр, егер жоғарыдағы дөкейлер соны әдейі барып көреміз десе, бәлкім, іші-сыртын айнадай қылып жарқыратып қояр ма еді, бірақ, шағын қалаға үкімет адамдары қанша рет келіп-кетіп жатса да олардың жындыхананы көруге құштар болмасы анық. 

Бұндағы науқастарды туған-туыстары ұмытуға тырысады. Дертті болған әкесін, кесел жамаған шешесін не ағасын осы жерге әкеліп салған балалары не бауырлары «маңдайына жазғаны сол... жындыны қайтіп бағасың, қайтейін, тағдыры...» деп жұбатар еді өзін. Өз үйінде ешкімге керексіз артық адам болған, бірақ, қанша сырқат болса да ана дүниеден қапелімде хабар келіп болмай  осы дүниеге табан тіреп алған науқастар да өздері жайында бәрін ұмытқан. Ол өзі кім? Қайдан келген? Мұнда неғып жүр?... жауап іздеуге құлықсыз, мүмкін, айтқысы да келмейтін шығар... 

Санитарка әдеттегіше анализ құйылған пробиркаларды зертханаға тасып, науқастарды ем-шараларға апарып, төсекте жатқандардың жаялығын ауыстырды. Осы жұмысқа кірерде жүйкесінде кінараты бар сырқат адамдармен бетпе-бет келетіні болмаса, санитар болудың несі қиын? деп ойлаған. Бірақ, бастапқыда бәрінен бұрын осындағы иіске үйрену қиын болды. Ауада ұйыған күйі өзгермей, бүкіл палатаның бұрыш-бұрышына, ондағы бар дүниеге сіңіп қалған күлімсі иістен жүрегі көтеріліп, лоқси берген. Иіс... Бұл ескі бірдеңенің, зәр мен тердің, жара мен оған жағатын мазьдің, кәріліктің, қорғансыздықтың... иісі еді. Кейде қабырға мен еденге айнала жағылған нәжіс иісінен мұрны ештеңе сезбей, иіс сезу реакциясы өшіп, жоғалып, тек қолы ғана жұмыс істей береді. Ол үшін сырқат адамға ұрысқаннан да пайда жоқ. Кейде ондай жұмыстарға олардың өзін жұмсайды. Ми қызметі дұрыс болмаса да тамаққа тәбеті алапат кейбіреуі тамақ берем десе жұмысқа бейілдене кіріседі.

Дәлізде әрі-бері сабылыс басталды. Тамақ ішетін мезгіл жақындағанда қанша жерден меңіреу болса да әркімнің өз ішіндегі сағаты оянып, бәрі бірдеңені күте бастайды. Бұл жердегі науқастар көбіне тамақтың дәмін сезініп жатпайды, тамақ көп болса, тойымды болса жетеді. Ешкім ешкімнің тамағын тартып алмауын қадағалап тұрған санитар басқаның үлесіне сұғынған секпіл бет сары жігітке олай еткеннің дұрыс еместігін ақырын түсіндірмек болған, анау ашуға басып шалт қимылмен ыдысты қағып кеп жібергенде сорпа ақтарылып қалды. Ызадан аузынан боғауызы шығып кеткен санитарға еденді екі қайтара сүртіп тазалауға тура келді. Осы кезге дейін боғауыз дегенді білмейтін басы осы жерге келгелі боқтампаз болып кеткенін өзі де байқайды. Бұл оның өзінше энергетикалық қорғанысы. Осындайда ашуын басуға татитын басқа ештеңесі жоқ, «бұл да болса жоқтан тәуір» дейді ішінен. 

Санитарка келіншек

Нағыз әйел тынымсыз болуы тиіс. Әйел тыным таппаған кезде үйдің де берекесі кіріп, дастарханының да ажары ашыла түсеріне Асылдың тырнақтай күмәні жоқ. Жұмыста отырса жұмысымен қоса үйдің шаруасын ойлап, үйде болса қыста капуста ашытып, самса пісіріп сатып, жазда есік алдындағы төрт сотық жеріне көк-сөк егіп, оны жауып, ертеңгі, арғы күннің қамын жасап... 

Асыл бұл шаруаның бәріне күйеуінің арқасында үйренді. Өйткені оның күйеуі өз бетінше ештеңе істегісі келмейтін жайбасар жан. Елдің бәрі ерсілі-қарсылы жанталаса мақсат іздеп, алдынан әлдебір ғажайып күтіп, осынау мазасыз дүниенің арасынан өзін іздеп-табуға құштар болып жатқан осы шақта телефонынан біреудің басынан кешкен өтірік-шынды оқиғасын, хайп үшін түсірген видеосын көріп жата бергенді жақсы көреді. Болымсыз ғана айлығы бар күзетшіліктен келе салып, үлкен бір міндеті – ютубті ақтарып, жер-жаһанның жаңалығын түгендеп жатқаны. 

Асыл айналасынан өзінің күйеуіндей ізденімпаз адамды көрген емес. Оның күйеуі бәрін біледі, жаһандану процесі қалай келе жатыр, ғаламдық жылынудың алғашқы белгілері қандай, ресей мен украинаның арасы қалай өрбуі мүмкін... 

Бірақ, пәтерақыны төлеп, үйге тамақ тасып, қызды балабақшаға апарып-әкелу, әлсін-әлсін істен шығып қала беретін моторқұдықты жөндеп, қоқысты көшенің арғы бетіндегі контейнерге тасып, ауланың қарын тазалауға дейінгі жұмыстың бәрі Асылдың мойнында. Қалайша осылай болғанын өзі де байқамапты. Кеште сілесі қатып, төсегіне жетіп құлайды. Келіншектің де бәріне қолын бір сілтеп күйеуінің қасындағы бос орынға жайғасып, ютуб көріп отыра беруіне болар еді, бірақ, Асылдың оған шыдамы жетпейді. Оның үстіне құрбыларын көріп жүр, бірінің күйеуі ішкіш, бірінікі жүргіш, бірінің күйеуі көп ақша тапқанымен қарыз үстіне қарыз жамап жүреді,  өзі ішімдіктен татып алмайтын, үйге уақытында келетін, құмар ойынға құштарлығы жоқ Асылдың күйеуі олардың түсіне де кірмес. 

Асыл жиырма жасында күйеуге шығып, отызға келіп сәбилі болды, бастапқыда үй жоқ деді, ақша жетпейді деді, одан осы ескі үйге қолы жетіп кредит төледі. «Оқуды бітіріп жұмыс істеймін, баланы сосын...». Ит те, мысық та ұрпақ әкеле алғанымен, бұлар сияқты жастай баспана алып, оның ипотекасын төлей алмайтыны анық.  Сөйтіп, адам қатарына қосылам дегенше осынша жыл өтіп кетіпті.   Бітіргені балық өнеркәсібі еді, теңізі түгіл үлкен суы жоқ жерде ол мамандықтың қажеті де болмады. Базарға шыққанымен, біреуге жұмыс істеген деген сол, бірдеңе сатса ғана үстінен табысын алады, ештеңе сатылмаған күні еңсесі түсіп, үйге шаршап оралады. Сөйтіп жүргенде жүйкесі ауыратындардың ауруханасына санитарка керек екен дегенді естіп, құрбысының құдашасының танысының арқасында осы жерге кірген. 

Жұмысқа алғаш келген кезде науқастар  жақындап келіп,   бұның ішек-қарнына дейін көріп тұрғандай тесірейе қарап тұратын. Бұдан көзін алмай тұрған науқас жігіт бір кезде шошыған дыбыспен ышқынып, екі көзін басып кері жүгіргенде өзінің де арқасы мұздап, кірген есігінен кері шығып жүре бергісі келген.

- Қорықпа, – деді сол кезде бұның сасқалақтап қалғанын байқаған Жаңыл апай.

- Бұлар бұрын-соңды көрмеген кісіні көргенде сөйтеді, ал кейбіреуі бөтен адамды алғаш көргеннен де стресс алады. 

Осы жерде көптен келе жатқан апай бұны баяғыдан танитындай жылыұшырап, білмегенін үйретіп, мейірлене сөйлейді. Кейде науқастар тыныш болған кезде  шай әзірлеп шақыратыны бар. Асыл алғашқы апталарда қала шетіндегі жаңа жұмысына осы Жаңыл апай үшін ғана келетіндей еді. Өйткені жаңа жерде адамша сөйлесуге болатын жалғыз адам сол көрінген.

Өстіп жүргенде үш жыл өтіпті. Оның есімі Асыл екенін мұндағылар біле бермейді, жай ғана санитарка дейді. Кейде тәулікке созылатын ауысымда жүйкесі әбден ширығып кететіні бар. Әсіресе кей науқастың қылығы қайта-қайта жүйкеге тигенде ашуланбау мүмкін емес. Ондай кезде өзінен-өзі ұрыс тілеп, ішінен біреу бірдеңе десе екен, соған шаппа-шап жауап беріп ашуымды төгер едім деген жасырын тілектің пайда болатыны өзіне аян. Бұның күш-қуатын науқастар сорып алып жүрмеген шығар, әлдебір жақтан келетін қауіпті күтіп,  көзге көрінбейтін қалқан жасаймын деп құр босқа шаршап жүрген өзі шығар, кім білсін. Ондай кезде «санитаркалардың өзін неге арнайы оқытып, стресс жағдайында не істеу керектігін неге үйретпейді екен?» деп ойлап қояды. Осында келгелі екі нәрсені үйренді. Мұндағы науқастарды аяуға және олардан қорқуға болмайды. Олармен сөйлескенде даусың сенімді шығып, оған өзіңнің сенуге тұратын адам екеніңді ұқтыруың керек. Әрі олар сенен ығып тұрғаны дұрыс.

Науқастар

Санитарка ерлер бөліміндегі палатаға кірген бойда ортадағы кереуеттің қасына аялдады. Әдеттегіше жасы отыздар шамасындағы  жігіттің көрпесін жауып, оған басқалардан гөрі көбірек көңіл бөлді. Басында көшеден, аялдамадан көріп жүрген адамдарға ұқсамайтын, мінез-құлықтары да мүлдем басқаша адамдардан біртүрлі жүрексінгенімен, үйрене келе олардың ешкімге зияны жоқ екеніне санитарканың көзі жете түскен. Ия, кейде олар оқыс итеріп, қатты түйіп қалуы мүмкін, бірақ, олардың арасында да достықты өзінше бағалап, адамды өзінше жақсы көретіндері бар. Осынау ғаріп адамдардың жанының ашықтығы, шынайылығы сондай, кей әрекеттері санитарканы іштей толқытатын да... Жас жігіттің ендігі қалған өмірі осы жерде өтеді ау деген ойдың өзі оған деген аянышын оятады. Отыздағы жігіттің мұны көргенде «мама» деп жыламсырайтыны бар. Әке-шешесі ауқатты адамдар болса да оған келе бермейді, шамасы, жігіт анасын сағынатын болу керек.

Бұрышқа таяу кереуетте отырған ер адамның бұған қараған көзі тесіп барады. Тек қысқа сөздерді айтып, ыңырсыған жалғыз дыбыс шығаратын арқасы бүкір шегіркөз еркектің қасына жақындаса болды, мұның бойы өзінен-өзі салқын тартады. Естігені ­– маскүнемдікке салынған еркек өзінің мүгедек қызына обал қылып, түрмеде отырып, ақыры ол жақтан есалаң күйге түсіп осында ауыстырылған. Оған бірдеңе айтарда байқап сөйлейді, даусы сәл салқындау естілсе ол бұған көзі ежірейіп тап беруге дайын көрінеді. Науқас қандай болса да оның тамақтануына көмектесіп, кабинеттерге апару міндеті. Сол жанары суық науқастың қасына жақындауды қаламаса да, қанша жиіркенсе де...  оның тесіле қарағанынан да, әлдебір ерсі қылығынан да қорықпауы керек, қорқыныш кейде ағаттыққа жол береді. Психикасы бұзылған адам сол мезетте зиян жасап, жазым қылайын демесе де,  кейде әлдеқайдан келген соқпа ашудың алдында  дәрменсіз. 

Бар-жоғы оншақты санитар науқастарға жетер емес,  кейде бұрын әскери қызметте болған зейнеткерлер де санитарлыққа қосымша ақша үшін келеді. Олардың арасында шыдамдылық танытып, науқастың адамдық қалпын сыйлау, оған аздап болса да мейірім таныту деген ұғымнан алыс адамдар көп. Әне, семіз Марфа, тұрпайы сөйлеп, аузына келгенді айтатын әйелдің бүкіл өмірі осы жерде өтіп келеді. Өмірде жындыханадағы санитарлық қызметіне риза бір адам болса – сол  осы әйел болу керек. Жүйке жүйесінде әлдебір кінәраты болса оған адам деп қарауға болмайтындай, Марфа  мұндағыларға өзінше мәтіби.  Науқастар одан қорқады, ми қызметі нашар болса да  Марфадан әрі жүрген дұрыс болатынын шамалайды. Әрине, мұнда жұмыс істейтіндерді шетінен қатал деуге болмас, дегенмен,  эмоциясын басқара алмайтын, кісі аяғыштардың бұл жерде жұмыс істей алмасы анық. Бұл жерде көргеніңе де, естігеніңе де соншама мән бермеуің керек, әйтпесе, тез қажып, осынша ауырлықтың бәрін жүрегіңе артып, күніңнен бұрын қартайып кетуге болады. Өйткені бұл жерде ескідегі дарақы анекдоттағы «наполеондардың» орнын «философтар» басқан, үш баласы бірдей өртеніп кеткеннен күйікшалды болған әйелді, бір топ бұзақының қолына түсіп зорлыққа тап болғаннан есі ауысқан жас қызды көрген сайын санитардың  жүрегі өзінен-өзі төмен тартар еді. 

- Котлет жеймін, – деді қасына жетіп келген егде кісі жас баладай арсалаңдап. 

- Енді осындай жеймін. Ол төрт саусағын көрсетті.

Санитарка оның не сұрап тұрғанын түсіне қойды. Бұл кісіге кеше тамақ әкелген. Науқастардың туыстарынан тамақ келсе оны бірнеше бөлікке бөліп беруі керек, әйтпесе тойғанын білмей артық жеп қояды. Шынымен қарны аша ма, әлде санитармен сөйлескісі келе ме, науқастар қайта-қайта бұның қасына тамақ сұрап келе береді. 

Науқас өзіне берген бөліктің шетінен сындырып алып, бұған пейілдене ұсынды.

- Мә, сен же!

- Жоқ, рахмет. 

Бұл басын шайқады.

- Ей, же, же! 

Оның даусы бұйырғандай шықты.

- Же деймін! 

Жүзі қатайып, екі иығы көтеріліп, енді болмаса санитарканы ұрып жіберетіндей. Санитарка оның қолынан тамақ алмағанға қорланып тұрғаны ма, белгісіз.

 Бұл алмаймын деген сайын анау қолындағы котлетін тықпалай берді. Ақыры қабағымен жасқап тастады.  Өз басы олардың қолынан тамақ жемек түгілі, ауруы жұға ма деп қауіптенеді, өйткені, жаңадан түскендердің екі аптадан кейін өкпе ауруымен ауыратыны анықталып жататынын өзі де көріп жүр ғой. 

Санитар келіншек қолымен кеңірдегін көрсетіп, «тойып тұрмын» деді.

- Ата супер! – деді сосын бас бармағын шошайтып. – Ата ақылды, ертең тағы берем котлетті. Ертең кел, ата, жарай ма, осынша котлет берем. Санитарка төрт саусағымен ымдады.

Жаңа ғана бұртиып қалған егде адам санитардың сөзінен кейін қайтадан көңілденіп, шашка ойнап жатқандарға қарай кетті. 

Бұл жерде науқасты түсіне алсаң ғана жұмысың жеңілдейді, өйткені, бара-бара науқас адам санитаркаға, оның даусына үйренеді. Егер оған әділ әрі сабырлы қарасаң ол да саған солай қарайды, бұны бір қарағанда өзінше екіжақты әріптестік деуге болар еді, олар көңілі түскен адамға сөйтіп көмектеседі. Тіпті олардың арасында өзінің ынта-ықыласымен еден жуып, басқа аурулар бүлдірген жерді тазалаймын дейтіндер де табылады. Бірі өзіне жұмыс тапқанына қуанады, біреуі санитардың мақтағанына риза, пысықтаулары артық шылым алғандарына шексіз бақытты. 

Қолына сулы шүберегін алып тумбоның үстін сүрте бергенде оқыс дауыс назарын аударды. 

- Қарағым, байқаймын, сен өзің осы жердегі сөз түсінетін жалғыз адам сияқтысың. Өзіңе айтарым бар еді. 

Көнетоз аурухана киімінен мойын сүйегі шодырайып шығып тұрған тым арық адам көз құйрығы жасаурай қарайды.

- Мен негізі жынды емеспін. Менің қолымды артқа қайырып тұрып  мынадай ине салып екті де осы жерден бір шығарды, әйтпесе, мен жынды емеспін. 

Өзі айтқан иненің ұзындығын қолымен өлшеп көрсеткен адам шашы ағарғаны болмаса алпысқа тола қоймаған болу керек. Науқастар арасында жөндем сөйлейтіндерін сирек кездестіретін санитарға кейде оның сөзі біршама байыпты көрінеді.

- Біз алаңға шығып, ол жерде бақандай алты ай тұрдық қой. Біздің компания басында канадалық компания болғанда жақсы болып еді, оңбаған жемқор билік компанияның 50 пайыздық акциясын қытайға сатып жіберіп, онсыз да жем болған қазақтың есесін жеді ғой... 

Бұл науқастың санитарканы көрген сайын бірдеңе айтқысы келіп тұрады. Оның сандырағын тыңдайын демесе де, қолын сермелеп сөйлейтін ер адамның қуатты даусын тыңдамау  мүмкін емес. Санитар келесі палатаға өте берді. 

Бұл жерде адамдардың аузы жабылмайды, біреуі туысына шағымданып, біреуі ойдан шығарып әңгіме айтып, біреуі тоқтаусыз күледі. Бұл болса басын изеумен болады, олармен тәжікелесудің еш қажеті жоқ, жүйкесі көбелектің қанатынан нәзік келетін науқастың сәт арасында ашуы қозып кетуі мүмкін. Мұнда алжыған шағында балалары бақпаған қарттар да бар. Адам баласының қартая келе өзінің сәби кезіне ұқсай бастайтынын санитарка талай байқаған. Тіпті оның сәби кезін көрмесе де. Сәбилер де жаңа туған кезде қарт адам сияқты бір уыс беті мыж-мыж болып, күтімді қажет етеді емес пе, ал жүйкесі тозып, алжасқан қарт адамдар мазасыз, жылауық сәбиге, қыңыр да тілазар балаға айналады.

Мылқау кемпір

Санитарка есікті ашқанда палатада ешкім жоқ секілді көрінген. Тумбаға қарай аяқ басқанда әлдебір сыбдырды естіді. Кәрі адамның кеуде сырылы қоса естілген бұл сыбдыр кереует астынан шығады. Санитарка бұндай көрініске үйренген, күніге үш рет тамақ әкелген сайын кемпірдің төсек астында тығылып отырғанын көреді. 

- Әжека, тамақ ішеміз, – деп кереует астына еңкейді. Кемпір қоңыр түсті әлдебір кітапшаны бауырына басып, тізесін бүгіп жатыр еді. 

Басы үнемі қалтылдап, қолы да дамыл таппай дірілдейтін кемпірдің  ессіз қылық жасағанын көрмепті, тек ылғи өзімен-өзі бірдеңеден тығылып жүреді. Санитаркалар оның бөлмесіне кіргенде есік ашылып болғанша кереует астына не есік артына жасырынып үлгереді, кейде жамылғымен бетін жауып алады. Оны осындағы қызметкерлер мүлдем сөйлемейді дейді. Сөйлегенін ешкім көрмеген. Мұндағылардың көбінің лақап аты бар, кемпірді сыртынан «жазушы» дейтінін біледі. «Неге жазушы, мүмкін, бұрынғы мұғалім шығар?» деп Жаңыл апайдан сұрағаны бар.  «Өйткені мылқау кемпір сыртқы беті жұлым-жұлым дәптерді қойнына тығып жүреді екен, біреу-міреу жақындап келе қалса сол бойда тығып үлгеретін ескі дәптеріне бірдеңе жазып жүретінін көргендер де бар көрінеді», – деген жауап алған.

Кемпір ыңқылдап, ебедейсіз қимылдап кереует астынан шықты да айналасына қарап қалшиып тұрып қалды. Қолындағы жұлым-жұлым дәптерге бөтеннің көзі түскенін көріп, оны сол бойда бояуы көшкен ішкөйлегінің ішіне салып жібермекші болып құнжыңдай қимылдап, бірақ, неге екенін, санитар келіншек жақындап келгенде әлденеге кінәлі болған баладай басын төмен салып, дәптерді қолына ұстатты. Келіншек беткі парағы жұмсарып кеткен дәптерден «Сыбыр» деген жазуды, келесі беттегі сөйлемдерді оқып көріп, «басқа біреудің дәптерін осынша уақыт сақтап жүргені несі екен?» дегенді ойлады. 

- Келе ғой, әжека, кәне, тамақ ішеміз. Біздің әжеміз тамағын тауысып ішеді, қане...

Кемпір тамақты тәбетсіз ішті. Қашанғыдай тауыспады. Дәмсіз шығар. Ауыр нейролептиктердің әсері әркімге әртүрлі әсер ететіндіктен науқастардың ас мәзірі де әртүрлі болуы керек, өйткені жүйке жүйесі талшықтарының қалпына келуі аса баяу жүретіндіктен, әдетте оған В тобындағы дәрумендер қажет болады. Бірақ мұндағы берілетін мәзір еш өзгеріссіз, үнемі сылдырлаған сорпа мен шаншып қойған қасығың құламайтындай кебіртек ботқалардан тұрады. Санитарка дәптерге үңілді.

«Осыгүні маған мына дүниеде бәрі де түбі баянсыз, тек өкініш қана өзгерместей мәңгілік көрінеді. Кеше, кеше деймін ау, баяғыда  жастығым алыстамастай, ажарым тозбастай, қызығым аумастай, бүкіл дүние менің табанымның астында жатқандай көрінген. Одан кейінгі ғұмырым аяқ астынан тұрған есер желдің құйыны астында көміліп қалды, менің өзім жынды құйын аударып тастаған жаман-жұман қайық секілдімін. Міне, ұлан-асыр осы дүниеден паналайтын қуықтай жер таппай, жындыханада жан бағып, осындағы кереуеттің астына тығылып жүрісім мынау... Бұл жердің әбден тозғаннан іші түйіртпектелген жастығының сыпыртқыға айналған мамығы арқама тікен болып кіреді, таң атқанша кірпігіме біреу тіреу қойғандай ұйықтамай шығамын. Көктемнің маужыр табиғатын армансыз қарсы алып, жалаң бас, жалаң аяқ, қара жерді басып ерсілі-қарсылы жүгірсем ғой деген арманымды кімге айтайын?»

Бұл әлдебір жазушының шығармасынан үзінді екені анық.  Дегенмен, мұндағы жазу әдемі әрі қатесіз екен. Бір сәтте адамды мұңға батырып жібере алатын ауыр сөйлемдері бар дәптерді неге соншама тыққыштап сақтап жүр десейші. Әлде оқи ма екен... Оқыса ойланатын шығар... Миға сыймайды мұның бәрі. Ал кемпірдің жалғыздықты жақсы көретіні, адамға суық көрінетіні, ешуақытта күлмейтіні  шизофренияның белгісі.

Санитарка тамақтан кейін әдеттегідей қасықтарды санады. Егер біреуі жетпесе, матрастарды аударып-төңкеріп қасық іздеуге тура келеді. Әйтпесе, бұл қасықпен науқастар ем-шара кабинетін ашып алуы, ондағы дәріні жеп қоюы, тіпті  бір-бірінің көзіне сұғып алуы да мүмкін.

Дәлізде қашанғыдай мазасыз жұрт. Бұл жерде о заманғы кафельдің үстімен орындықтарды дырылдатып әрі-бері сүйреп, боғауызға боғауызбен жауап беріліп жатады, айқай-шу, жыртылған линолеум, ешуақытта өзгермейтін иіс... Психиатр болса басқа қабатта, бұл жерге бас сұға бермейді, оның науқастарда шаруасы жоқтай, өз кабинетінен шықпай, атын ешкім естімеген диагноз ойлап тауып, оған сәйкес келеді ау деген әлдебір дәрі-дәрмекті тізімдеп жазатын міндетін орындаумен болады. Жан қуатын жұмсап жындының ішкі дүниесіне үңілуге ынта-ықыласы байқалмайтын бір адам. 

Сыр ашу

Түнгі ауысым кезінде қасындағы серігі, медколледжді биыл бітіріп келген медбикемен кезектесіп үш сағаттан ұйықтап алатындары бар. Түнгі кезек көбіне тыныштау болады, дегенмен сақтықты ұмытпаған жөн. Палаталар сыртынан бекітіліп, жарық өшірілсе де науқастар арасында түнімен ұйықтамайтындары аз емес. Шизофрениямен қоса қант диабеті, сифилис, гепатит, гангренамен ауыратындар ыңқылдап, күркілдеп жөтеліп, іріңдеген аяғын ауырсынып, түнімен әрлі-бері жүреді де қояды. Қабырғаның ар жағынан, тіпті басқа қаладан, тіпті өзінің асқазанынан да әлдебір дауысты «еститіндер» мен «терімнің арасында бірдеңе жыбырлап жүр, миымның ішінде бірдеңе ағып жатыр» дейтіндер төсегінен тұрып кете береді. Олар басқаларға зиян жасамауы үшін санитар әлсін-әлсін қарап қоюы тиіс.   

Дәліздегі диванға қисайып, күні бойғы жүрістен талған аяғын дамылдатып, көз шырымын алмақшы еді. Дәл жанынан күбір естілгендей болып көзін ашып алды. Шашы үрпиген бір сұлба теріс қараған күйі өзімен-өзі сөйлесіп отыр. Санитарка демін ішіне тартты. Бұ қайсысы деп ойлап үлгермей, сұлбаның мылқау кемпір екенін таныды. Оның оқыс қылығын, мінезін байқамаған, сонда да ақыл-есі кем адамға сеніп бола ма, мұның атып тұрып келе жатқанын көрсе шошып кетер де қарсы шабар деп... үнсіз бақылап жатты. 

Дәліздегі терезелерге жабын тұтылмайтындықтан ай сәулесі еркін түсіп тұр. Дәліздің бір шеті бозамықтанып, қақ ортасына түскен сәуледен айнала жұмсарып көрінеді.

Бұлар мылқау деп жүрген кемпір теріс қарап алып сыбырлай сөйлейді.  Сыбыр-сыбыр. Не айтқаны ұғынықсыз.

Санитарка сезік тудырмас үшін ұйықтап жатқандай көрінгенімен,  арқа-басы терлеп кетті. «Мәссаған! Мына әжені мылқау дегені қайда, не деп сыбырлайды өзі?!»

Бір кезде кемпір орнынан сыбдырсыз тұрып әрі ұзап, бозамықтың арасына сіңіп кеткендей болды.

***

- Ана кісі қашаннан осында? – деп сұрады бірде Жаңыл апайдан.

Екеуі үйден әкелген тамақтарын шығарып,  көптен  жиналып қалған печеньелерді қара шайға жібітіп жеп, барымен  базар қылып шай ішіп отырған. 

- Қайсысы? 

Ана жылы 8-наурызда мекемеден сыйлыққа берген бокалға құйған  шайын сораптап отырған Жаңыл апай елең етті:

- Вокзалда отыратын ба? Қайсысын айтасың? Күнде таңертеңмен тұрып, «бүгін мамам пойызбен келеді, мені алып кетеді» дейтін адамды айтамысың?

Санитарканың енді есіне түсті, арық әйел күнде ертеден қара кешке дейін біреуді тапжылмай күтіп, төсегінде қаққан қазықтай отырады да қоятын, шынымен вокзалда отырғандай екен ау. 

- Жоқ, оны айтпаймын, он төртінші палатадағы кемпір ше? кереуеттің астына тығыла беретін...  

- А-а, ана мылқау кемпірді айтасың ба? Ол көптен осында. Аты-жөні жоқ, өзі білмейді. Білетін шығар, бірақ, сөйлемейді ғой.  Көшеде адасып жүрген жерінен осында әкелген.

- Ол мылқау емес.

- Мылқау емес дейсің бе? Қайдан білесің? 

Санитарка оның кеше түнде бұрышқа қарап сыбырлай сөйлеп отырғанын көрдім деп айта алмады. Ондайды айтпағаны дұрыс көрінді. 

- Білмеймін, ол біртүрлі бәрін түсінетін сияқты...

- Нені түсінеді дейсің?

- Өзінің жынды емесін...

- Е-е... – Жаңыл апай күліп алды. – Олардың қайсысы өзін жындымын дейді? Жынды десең де олардың да арасында нешетүрлі тағдыр кешкен адам бар, күнінде болған-толған адамдар да жетеді, олар күндердің күнінде осында келем деп ойлады дейсің бе? Өткенде бір танысым: «адамның данышпаны сол жындылардың арасында болуы мүмкін» деп еді. Бәрі мүмкін. Сотталмау үшін жынды болып, ақыры осы жерде қалып қойғандарды да көрдік. Сот белгілі бір уақытқа жаза кеседі, мерзімің біткесін шығасың,  ал бізде не... бізде ондай жоқ, көбі өліп қана шығады. Негізі бар ғой, сен қыз тым қияли сияқтысың, сақ бол. Әрнені бір ойлай беріп қайтесің? Оларды аяп жүрегіңді де ауыртпа. Құдай бір жазалап, туғандары екі жазалаған міскін адамдар ғой. Одан да демалысыңды алғасын басқа жұмыс тауып ал. 

- Неге?

- Қызықсың. Не істейсің бұл жерде? Жас адам істейтін жер емес бұл. 

Жаңыл апай ақыл бергелі де тағы бір қар жауып, су ағып үлгеріпті. Санитарка да өз жұмысына әбден төселіп алған. 

Мұндағы науқастардың санасы ашылып, сау адамның қатарына ілінуі неғайбіл, әрі ондай ғажайыпты ешкім күтпейді. Дегенмен, санитарканың сыртынан бақылап жүретін екі-үш адамы бар. Оның біреуі он төртінші палатадағы кемпір, біреуі «сен өзің сөз түсінетін адам сияқтысың» деп сөйлеп бастағаннан тоқтамайтын ер адам. Кемпірмен кейде көзі түйісіп қалады. Неге екенін, ішкі бір түйсігі арқылы осы жердегі ең бір есі дұрыс адам осы кемпір сияқты көріне береді.  Бірде оны жуындырып жатып, кемпірге алғаш рет тіл қатты.

- Әжека, сізді мында бәрі мылқау дейді, бірақ, сіз сөйлейсіз ғой. Ешкім жоқта сөйлейсіз. Мен көрдім. Ешкімге қосылмайсыз, тек өзіңізбен-өзіңіз сөйлесесіз.

Кемпір оған шүңірек көзімен бағжия қарады да қойды, үндемеді. Содан кейін оның бұдан сақтана бастағанын байқаған. Бұл жақындағанда кемпір отырған жерінен тұрып басқа жерге отырады, кейде бұған ұрланып қарап қояды. Әлде өзіне солай көрінді ме... қалай болғанда да бір арбасу басталғандай. 

Кезекті түнгі ауысымында санитарка науқастарды тағы бір қарап келіп дәліздегі орнында жатқан еді, біреу бетіне үңіле қарап тұрғандай болды. Селк етіп көзін ашып алды. Қарсы алдында он төртінші палатадағы кемпір тұр еді. Алакөлеңке жерде оның әжім айғыздаған сарғыш жүзі одан сайын суық, қорқынышты көрінеді екен. Бір кезде тұрып-тұрып,  орнынан жылыстаған күйі аяқ дыбысы білінбестен дәліздің ана басына жоғалды. 

Мылқау кемпірдің мына қылығынан шошынып қалған санитарка бұдан әрі ұйықтай алмады. 

***

Ескі ғимараттың қоршауы биік, көлденең адам кіріп-шыға алмайды. Ауланың аумағы атшаптырым,  науқастар емін-еркін жүре алады. Десе де аулаға шығуға рұқсат етілген науқастарды сейілге шығару да санитар үшін жауапты жұмыс. Бұның жауапты болатыны, кейде тәжірибелі деген санитардың өзі жаңа ғана көз алдында отырған науқасты таппай қалып жатады. Ағаш арасымен қашып, бір жерге жасырынған науқасты іздеп, тауып әкелу де жатқан әбігер.

Бұл күні Полина да бірге шықты, ол шыққан күні ешқандай тәртіпсіздік болмайтынына сенуге болады. Санитарка он төртінші палатада жататын кемпірдің ауланың түкпір жағына қарай бет алғанын көрді. Дәрет сындырмақшы ма, қайда бара жатыр екен деп оның соңынан ілесті. Бұны көргенде кемпірдің жүзі жылығандай болды. Сосын көптен күткен сырласын көргендей сыбырлай тіл қатты: 

- Мені бұл жерде мылқау деп ойлайды. Ойлай берсін. Маған да керегі сол. Мылқау күй кешкеніме де неше жыл...

Ол өз сөзін өзі мақұлдағандай басын шұлғып қойды. Таңдайын тақылдатып, тамсанып алды да сөзін қайта жалғады. 

- Басында бұл менің өзімді ұстап бермеу үшін тапқан амалым еді, адамның аузынан опасыз ештеңе жоқ, көп сөйлесең іште жүрген сырың сандырақ болып ауыздан абайсыз шығары анық. Сондықтан да мен мылқаумын.

Санитарка таңғалысын жасыра алмай кемпірдің бетіне қарап тұрып қалды. Қалай әдемі сөйлейді? Мұғалім болған ба? Мына сөзі науқас адамға ұқсамайды!

- Таңғалып тұрмысың? Білем, таңғаласың. Бірақ, менің сөйлейтінімді ешкімге айтпайсың, сөйтетініңе сенем. 

Кемпір бұдан жауап күткендей болды. Санитарканың бойын діріл биледі. «Бұл есі ауысқан адам емес секілді. Онда не үшін бұл жерде жатыр?» Осы кезде Полинаның:

- Қыздар мен жігіттер, ішке кіреміз! – деген даусы естілді. Ол мұндағы науқас әйелдерді «қыздар» деп, ер адамдарды «жігіттер» деп еркелеткенді жақсы көреді.

Шындық іздеуші

Аяқ астынан тексеріс келетін болды ма, әлде, басшылық солай ұйғарды ма, сықырлауық кереуеттер мен есігі жабылмайтын тумболар ауыстырылды. Әбігер басталып, жаңа кереуетке науқастар қол шапалақтап, бұл тіпті аты жоқ мерекедей сезілді. Қолдарына жаңадан резеңке қолғап, арнайы еденжуғыштар түсіп, санитарлар да қуанысып қалды. Тек әжетханадағы о заманда көк сырмен сырланған қабырға мен «кометті» қанша құйса да ағармайтын сарғыш раковиналар ғана өзгеріс тілеген күйі қала берді. Жуынатын жердегі тарақандар да бұрынғысынан азая қоймады. 

Санитарка бұны көрген сайын бірдеңе айтқысы келіп тұратын ер адамның сөйлесуге оңтайлы сәтті күтіп жүргенін байқады. Әдеттегідей «Осы жерден шығуға көмектес» дейтін шығар. Қарапайым санитардан соншама қайырым күтетін адамға бұл не десін, үнсіз тыңдайды.

- Қалқам, сен маған көмектессеңші, – деді ол қашанғыдай. 

- Мен мыналар сияқты жынды емеспін, мені құлақ салып пейіліңмен тыңдасаң деймін, – дегенде даусынан қажығаны мен жалынышы қатар сезілді. 

- Бір күні осы жерден шығам. Сол кезде көресің, мені журналистер қаумалап алады. Ал мен оларға сұхбат берем. Бәрін айтам, не көргенімді, не көрсеткенін бұлардың....  Сол кезде оққа ұшқандар саны он жеті емес, жүз... жоқ, одан да көп екенін айтам. Ол үшін менің тезірек бұл жерден шығуым керек. Сонда бәрін айтам. 

Санитар қашанғыдай үнсіз қалды. Ол бұл әңгімені бұдан бұрын да естіген. Ж.қаласындағы оқиғадан кейін алдымен тергеуге, одан осы жерге тап болған ер адам сол күні жиырмадағы ұлын таппай, коменданттық сағатқа қарамастан мүрдеханаға барғанда ол жерде оққа ұшқан көп адамды көргенін, орындығы алынып тасталған автобустың іші толы өлген адам екенін көрген кезде есінен тана жаздағанын, «автобусқа рұқсатсыз жақындадың» деп мұны ұрып-соғып машинаға салып әкеткенін, ине салып, қолын қайырып осы жерге әкелгенін осымен бесінші рет айтқан шығар. Әлде, алтыншы рет пе... Оның айтып жатқанының қайсысы рас, қайсысы өтірік, қайсысы ақиқатқа жақын екенін де білмейтін санитарка оның қасынан тезірек кетуге асықты. Оның үстіне өткен аптаның аяғында он төртінші палатадағы мылқау кемпір қайтыс болғаннан бері өзінің де көңіл-күйі онша емес. 

Ол күні Асылдың ауысымы емес еді. Ютуб қарай беруден жалықты ма әлде ойына ой түсті ме, күйеуі соңғы кезде өзгеріп, келіншегін жұмыстан күтіп алып, кей шаруаны өзі де тындырып қоятын болған. Екі күндік демалысында бес жасар қызымен үшеуі қыдырып, оны-мұны киім алып, жұмысына әрі көңілі тоғайып, әрі көп жүрістен шаршап келген.  Келгенде барып естіді, мылқау кемпір кешкі астан соң тып-тыныш жүріп кетіпті. Өзі жуындырып, тамағын беріп жүрген адамға кәдімгідей бауыр басып қалған санитарка бірнеше күн бойы оны көңілімен жоқтап жүрді. 

Ал мына ер адамның бұның көңіл-күйімен шаруасы жоқ. Әлі өзінің қайғысын айтып тауыса алмайды. 

- Менің бұл жерден тезірек шығып, шындықты айтуым керек қой халыққа. Әйтпесе, мен шыққанша халық ол оқиғаны ұмытып кетуі мүмкін. Тегі біз ұмытшақпыз. Өзің ойлап көрші, қалқам ау. Бұл не өзі? Әскерилер менің ұлымды оқ атып өлтірді де сүйегін бермеді, «ұлым өз ажалымен өлді» деген шешім шығаруға көнсем ғана сүйекті береміз дейді, ай-ай-ай, олар халыққа қарсы оқ атты ғой, қалқам ей, қалай түсінбейсің соны? Неге түсінбейсіңдер?

***

Науқастардың сандырағына құлақ түре беруге болмайды, әйтпесе өзің де көп ұзамай бір күліп, бір жылап жүруің мүмкін. Дегенмен бұл да адам ғой деп санитарканың да кейде мұңайған науқастың жанына отырып, оны жұбатқысы келетін сәттері болып тұрады. 

Ол «маған көмектесші» деп жалынатын ер адамның төсегін ауыстырып жатты. Анау қашанғыдай әңгімесін бастады.

- Біз алаңға не үшін шықтық? Құжат бойынша жарты миллион айлық алатын едік, ал қолымызға жүз мың тиетін, ал бүкіл жақсы жағдай қытайлық жұмысшыларға жасалатын, міне, осы себептен  шықтық қой алаңға. 

Ер адам сөйлеген сайын сұқ саусағын кезеп, бұған бәрін дұрыстап ұқтырмақшы. Оны басқа жерде ешкім құлақ қойып тыңдамағаны анық, бұл жерде де санитардан басқа тыңдайтын адам жоқ. 

- Аштық жариялаған бес мың адамнан ақыр аяғында екі жүз адам  қалды. Жо-о-оқ, сахнаны қиратқан, бүкіл дүниені іске алғысыз қылып бүлдірген біз емеспіз, олардың айтқанына сенбеңіз! – ол басын қоймастан шайқады. 

- Олар басқа жақтан адамдар әкеліп, біздің жұмысшылар киетін фирмалық киімді соларға кигізіп қойған, өйткені кигендері біздікіндей киім болғанымен біз оларды танымаушы едік... міне, көрдің бе, сахнаны төңкерген солар, ал сосын, қақтығысты біз жасады деп жала жапты. Сол күні қанша адам өлгенін білесің бе? Ер адам  мұның жеңінен шап беріп ұстай алды. Асыл оқыс қимылдан шошып кетіп науқастың бетіне жалт қарағанда оның көз құйрығына жас іркілгенін көрді. 

- Он сегіз дей ме? Сенбеңіз! Ешқашан да ол сөзге сенбеңіз. – Ер адам басын дамылсыз шайқай берді. – Ол ауруханадағы төсектің саны ғой. Мен білем, сол кезде жүз, жоқ одан да көп адам оққа ұшты. 

- Ағай, сізге дәрі ішу керек. Санитарка алақанындағы түймедей екі дәріні әлі ұстап тұрды. 

- Жоқ, ішпеймін. Ішпеймін дедім ғой. Бұл шынымен ауыратын науқастарға арналған дәрі, ал маған қажет емес. Осы дәріден кейін буындарымды ауырсынып, есіней берем, ұйқым келе береді. Ішпеймін! 

- Қай жерге келіп едім? А-а-а, бір кезде атыс басталды. Қызынып алған ер адам сөзін қайта жалғады. 

- Милиция бізді жай қорқыту үшін травматикалық қару алған шығар дегенбіз, жо-о-оқ, бұл кәдімгі оқ екен. Көз алдымда, дәл сіз тұрғандай жерде, бір жас жігіттің басына оқ тиіп, бейшара сол бойда қайтыс болып кетті. Әне, әне! Көрдіңіз бе, халықты қорғайды дейтін біздің әскерилер...  ата берді, ата берді. Дырау-дырау жігіттер ауруханаға келіп, өзі таяқ жеп, оқ тиіп, қансырап,  бұ дүние мен о дүниенің арасында «кел-қайт, кел-қайт» болып жатқан адамдардың саусақ ізін алып, автоматпен күзетумен болды. Олар журналистерге сұхбат бергендерді де қорқытып жатты. Сен маған осы жерден шығуға көмектессең, мен олардың шындығын ашам! Олар менің ұлымды өлтірді. Жерлейін десем сүйекті бермейді, иттер! Ол «оқтан емес, өз ажалынан өлді» дегенге келіссе ғана мәйітті береміз деп...

Осы кезде Марфа келіп қалып, шындықшыл адамды қатты итеріп жіберді. Қаннен-қаперсіз тұрған ер адам шайқатылып барып, қабырғаға соғылды.

- Сен қақпас, аузыңды жапшы, немене сұңқылдап... қашан көрсем де аузың жабылмайды, егер бұл жерде ұнамаса қайтадан сизоға кетесің! 

Сосын Марфа санитаркаға ақыл айтып жатты:

- Сен неге оларды сөйлетіп қоясың? Оларды тыңдама. Жынды адамның сөзі не, өзі не? Өзі жындыханада отырып, биліктің артын ашам деп жүрген бір есерсоқ. Сен оны «қайтадан түрмеге кетесің» деп қорқытып қойсаң жым болады. Бізге сол жақтан келген ғой. Үш әріптің адамдары оны таниды.

Қоңыр дәптер

Төрт-бес күн бұрынғы қарбаластың сыры енді мәлім болды. Журналист әйел бас дәрігерден сұхбат алуға келген екен. Олар біртүрлі дауыстарын көтеріп сөйлескендей көрінді. Гүлге су құйып, дәліздегі терезелерді сүртіп жүргенде де олардың әңгімесі санитаркаға естіліп тұрды.

- Біздің мекеме туралы не жазбақсыз? Жабық мекеме, әркім өз жұмысын біледі. Біз айлық, жылдық қорытынды беріп, көрсеткішке жетіп,  әлдебір межені бағындырып жататын кәсіпорын емеспіз. Осынша адам тәуір болып шықты деп те мақтана алмаймыз. Сондықтан журналист ханым, біз жайында жақсы мақала жаза алмайсыз ау... – деп жатты дәрігер. 

- Дегенмен, өзіңіз басқарған осы жылдар ішінде есте қалар ерекше оқиға болған шығар? Сізді толқытқан, таңғалдырған...

- Қызық екенсіз, толқытқан дейсіз бе... 

- Біздің жұмыста толқыныс деген сөздің өзіне орын жоқ ау... көрдіңіз ғой, ақыл-есі кеміс адамдармен жұмыс істеу оңай емес. Егер сәт сайын толқып, адамды аяп, көргеніңе жаның күйзеліп жүретін болсаң мүлдем жұмыс істей алмайсың. 

«Бұлардың бәрі шетінен сақ. Жөндеу жұмысына бөлінген ақша толық игерілді ме? деген сұрақтан да қашып отырған шығар ау». 

- Жарайды, көңіліңіз түспесін енді, – деп жақауратты дәрігер. Басқа мекемелерге бармайсыздар ма? Мысалы, театрға. Театр деген керемет емес пе! Тіпті түрменің өзінен жақсы материал шығуы мүмкін ғой. Ал, бізде...

- Мұраға таласып, тумаласын да осы жерге әкеліп жатқызатындардың болатынын білеміз, соттың жазасынан қашып та осында келетіндер кездеседі дейді.

- Ол не дегеніңіз? Шынымен сондай әңгімелерге сенесіз бе? Дәрігер күлген болды. Бірақ, оның күлкісі журналисті иландырмады. 

- Менің сізбен сұхбат жүргізуге арнайы келіскеніме бір ай болды. Енді келіп болмайды дейсіз. Осы салада жүргеніме жиырма жылдан асып кетті, өмірді көріп келеміз, қоқыс жәшігінің қасында жүретін, бір қарағанда ешкімге зияны жоқтай көрінетін қаңғыбастардың арасында да қолын қанға бояғандар жүруі мүмкін, бірақ, олардың арасынан қылмыскер іздеу милицияның ойына келе бермейді, өйткені, рухы басылып, жасып қалған, кішкентай баланың айқайынан да үркіп қалатын қаңғыбасты қылмысқа барады деп  ойлаудың өзі қисынсыз көрінетінін және жындыханада да қылмыскердің бой тасалайтынын білемін.

Демін алмай тоқтаусыз, қызына сөйлеген журналист әйел біртүрлі шаршап қалғандай көрінді. 

- Солай ма, оны кім айтты сізге? Жоқ, айналайын, ондай жоқ бізде! Қайдағыны айтады екенсіз. Бізде ондай жоқ. Рас, шизиктер бар, алкогольге тәуелділіктен есі ауысқандар, нашақорлар бар. Оларға диагноз қойылып, арнайы ем тағайындалады. Суицидпен, депрессиямен түскендер емделіп шығады. Ал сіз айтқандай ештеңе жоқ. 

Олардың әңгімесін естіп жүрген санитарка бастығының бет-жүзін анық көріп тұрмаса да дәл қазір оның жүзі қызарып, тершіп кеткенін ойлап күлкісі келді. 

 Мына журналист әйел де тықақтап сұрап қоймайды екен. 

Ақыл-есі түзу болып та қылмыс жасап, бірақ ұзақ жылдар бойы жынды болып жүреді дегенге... қолы ең бір лас жұмыстарды істеуге әбден үйренген санитарканың өзі де сенеді.

Санитарка бұдан әрі он төртінші палатадағы мылқау кемпірді, іле-шала оның қоңыр дәптері туралы ойлап кетті.  Оның кереуеті екі күн ғана бос тұрды.  Екі күннен соң кемпірдің кереуетіне суицид жасамақ болған жас қыз келді. Депрессияға түскен қыз меңірейіп жатады да қояды, ештеңені қаламайды. Тамақ ішуге мәжбүрлеген Жаңыл апайдың да еңбегі еш болды.

- Бұлар депрессия емес, тамағы тоқтық, көйлегі көктіктен клубтан клуб қоймай, шөп шегіп, әке-шешесін тыңдамай, сау бастарына сақина киіп жүргендер ғой. Көрер едім, жұмыс істетіп қойса. Адам таңертеңнен кешке дейін жұмыс істей берсе ешқандай да депрессия жоқ. Осының бәрі баланы өзіңе, айналаңа, қоғамға пайдалы бол деп үйретпегеннен. Шетінен өзімшіл, – деп Жаңыл апай сол күні күңкілдеумен болды. 

Кемпірдің төсек-орнын жиыстырған кезде оның ескі қоңыр дәптерін қоқысқа тастапты. Оны көрген бойда Полина қоқысты сыртқа әкетпей тұрып үлгеріп алып, «өзің қарап, қасынан шықпаушы едің ғой, мынау сенің әжекаңнің дәптері» деп  бұған әкеліп берген еді. Тап сол,  өзі көрген қоңыр дәптер. Сыртқы беті әбден тозғаннан үлбіреп қалыпты. Кемпірдің елеусіз ғана қайтыс болып кеткенін ойлап жаны жабырқап жүрген санитар дәптерді қолына алғанда ішкі бетіндегі «Сыбыр» деп жазуды көрген. 

Бірінші беттегі сөйлемдер де санитардың есіне түсті. 

- «Осыгүні маған мына дүниеде бәрі де түбі баянсыз, тек өкініш қана өзгерместей мәңгілік көрінеді. Кеше, кеше деймін ау, баяғыда  жастығым алыстамастай, ажарым тозбастай, қызығым аумастай, бүкіл дүние менің табанымның астында жатқандай көрінген. Одан кейінгі ғұмырым аяқ астынан тұрған есер желдің құйыны астында көміліп қалды, менің өзім есірік құйын аударып тастаған жаман-жұман қайық секілдімін. Міне, ұлан-асыр осы дүниеде паналайтын қуықтай жер таппай, жындыханада жан бағып, осындағы кереуеттің астына тығылып жүрісім мынау... Бұл жердің әбден тозғаннан іші түйіртпектелген жастығының сыпыртқыға айналған мамығы арқама тікен болып кіреді, таң атқанша кірпігіме біреу тіреу қойғандай ұйықтамай шығамын. Көктемнің маужыр табиғатын армансыз аралап, жалаң бас, жалаң аяқ қара жерді басып, ерсілі-қарсылы жүгірсем ғой деген арманымды кімге айтайын?»

Дәптерді оқып болғанда мылқау кемпірдің өзі ойлағаннан да басқа адам екеніне көзі жеткен. Біріншіден, ондағы жазылғанды ақыл-есінде ауытқушылығы бар адам жазды дегенге сенбейтіндей, сөздері ұғынықты еді. Үшіншіден..., әлде екінші ме еді, санитардың өзі шатыса бастады,  егер мұндағы жазылғандар шындық болса, онда бұл мекеме ұзақ жыл бойы қылмыскерді баққан болып шығады. 

Мылқаудың сыбыры

Бүгін сыртқа шығуға рұқсат етілгендер есік алдына шықтық. Көктемді осыншалық ұзақ күткен мен шығармын. Басқаларына көктемің не, күзің не, бәрібір. Бүгінгі күн қандай керемет еді! Санитарлар ерінбей, артық жұмыс көрмей, осындай күні бізді далаға көбірек шығарып тұрса ғой. Әйтпесе күздің мизамшуағында бақты аралаған күндеріммен тек көңілімде қауышам, басқа кездің бәрінде көретінім – сұп-сұр қабырға. Жалығасың. Мылқау күйіңнен де шаршайсың. Жоқ, мен мүлдем сөйлемей жүрдім десем өтірік, мен сөйлеймін. Оңашада. Сыбырлап. Бірақ, адам сыбырлаудан да жалығады. Кейде осындағы жындылар бірі күліп, бірі жылап, бірі еліріп у-шу болып жатқан кезде бәрін жалт қаратып, таң-тамаша қылып бар даусыммен айқайлағым келетіні бар. Кейде күні бойы дамыл таппастан дәліздің о шеті мен бұ шетін кезіп шаршаған аяқтар ақыры тынышталып, ауыздар сөйлеуін тоқтатып, көздер жұмылып, санитарка мен жас медбике қыз көз шырымын алмаққа жатқан кезде тыныштықты дар еткізіп қақ айырып, бар даусыңды шығарып сөйлегің келеді. Сыбырдан жалықтым. 

Тергеуші жолдас, менің осылай өз істеген қылмысымды мойындауымнан кейін сіздің істі сотқа жіберіп, ол жақта жаза тағайындайтынын білем. Бірақ, ол жазаға да үлгермейін деп тұрмын. 

Құдай адамды өлімге алдын ала әзірлейтін шығар деп ойлаймын. Мені қойшы, тіпті өз үйінде, мен секілді іштей азап шегудің не екенін білмей қартайған адамның өзін де уақыты жақындағанда санасын бұлдыратып, бәріне енжар қарайтындай етіп, жанарына шел тартып, жарығын да біртіндеп көмескілендіре береді емес пе... Жарық деген қуаныш, бақыт сезімі десек, сағаты жақындаған адам бұрынғыдай кез келген нәрсеге қуана бермейді, ештеңе жанын толқытпайтын болады. Сағатымның соғатын уақыты жақын екенін де ішімдегі бір түйсікпен сеземін. Кейде түн ортасында тың-тыңдаймын, сол кезде маған жүрегім соқпай тұрғандай көрінеді.

Сондықтан сіз алдымен мұқият тыңдап алыңыз. Ал мен ештеңені жасырмай осы қоңыр дәптерге тізе берейін. Бұл дәптерді маған бұрын осы жерде жұмыс істеген сұлу медбике сыйлаған болатын. Менің басқалар сияқты дойбы ойнап, не қолдан бірдеңе жасайтын өнерім жоқ еді, құр бекерге отыра бергенше ермек тапсын деді ме, ол дәптерді  маған «сурет сал» деп берген. Басында «итке темір не керек» деп бұл дәптерге жуымай жүрдім. Сурет сала алмаушы едім. Кейін ақыры мылқау болдым ғой, одан да ішімдегіні осы дәптерге шығара берейін дедім. 

Мен осы дәптерге айтарымды ретімен ғана баяндап отыратын боламын. Бәрін бір отырғанда жазуға шамам келер емес. Тез шаршаймын. Мұнда беретін ақ тал дәрілерінен кейін бойым әлсіреп, ұйқы баса береді. Не дегенмен жай дәрі емес, жынына мінгенде ешкімге бой бермей кететін нағыз жындылардың күшін алып, әлсіретуге арналған дәрілер ғой. Кейде ішпей қоямын, бірақ, бұлар бағып тұрып ішкізеді. Олар мені науқас көреді. 

Жаңа айттым, бұл жерде мені мылқау дейді. Мылқау күй кешіп жүргеніме неше жыл... Соңғы кездері мылқау  болудан жалыққанымды  айттым ғой, оңаша қалып ой кешкенімде бәрі есіме түседі, бәрін ойымда қайта жаңғыртамын. Асқар биік болмаса да өзінше әйдік көңілім бар еді, соның бір сәтте оқыс күйреп, тас-талқан болған кезін есіме аламын. Менің де асыр салып ойнаған балалығым, алып-ұшып, тасып-төгіліп ақыры тыныш тапқан жастығым болды. Арманшыл едім, күллі кеңістікті жанарыма сыйғыза жаздап, алысқа көз жіберуші едім. Неге адам баласы түбінде өкінеді екен...

Жас уағымда жамандық қылған адамды қара жер қалай көтереді екен дегенді естісем де, соған мән бермеуші едім. Шамасы жер бетіндегі қаншама қаныпезер мен баскесерлердің талайын көтеріп жүрген қара жерге артық-ауыс күнә жасаған бір-жар адамнан  не келіп, не кетері бар деп ойлайтын болуым керек. бірақ, оның мәні басқа екенін қазір түсіне бастадым. Ең әуелі қара жерден бұрын адам өзін-өзі көтеріп жүруге  ауырсынады екен ғой. Осыгүні мен де өзіме зіл батпан көрінемін, тергеуші жолдас. Кейде емес, үнемі... ылғи да... Өзіме-өзім ауырмын, басым да зілдей. Тергеуші жолдас, соңғы кездері сізбен кездесу туралы ойлай бастағаным да сол төбемнен аямай басып, тұқыртып, жерге кіргізе жаздайтын мың жылғы батпаннан арылмаққа деген аңсардан. Бір күні милицияның қолына түсерім анық, ол бүгін бе, әлде ертең бе, кешке ме, бәлки екі айдан соң... деп әлдеқайдан келетіні анық бір қауіпті күтуден де адам шаршайды екен. Осы жылдар ішінде менің сізді күтуім бірнеше түрлі болып өзгерді. Әуелі мен милицияның қолына түсіп, бәрін мойындайтын кезімді қорқып күттім. Ия, қорықтым. Ұсталсам бітті, алдымнан тек қана азап күтеді, түрмеде жан-дүниелері әбден қатайып, жұдырықтары темірге айналған томардай әйелдер бір азаптап, сондағы әлсізге әлімжеттік жасап үйренген қылмыскер әйелдер тағы тізесін батырар деп ойлағаннан ешкімнің көзіне түспейін дедім. Кейін бойым үйрене бастады, тіпті оңашада осы жылдар ішінде ұсталмағаныма масайрап, сның ашық күнде миы айналып, мұрнының астындағы қылмыскерден көз жазып қалған ақымақтығын әжуалап, өзіммен-өзім күліп алатынды шығардым. Ал кейінгі жылдары оларды бұрынғыдай қорқып емес, мені осы азаптан құтқарар жанашырым секілді күте бастадым. Мен бұл сәтті көп күттім дегенім осы, тергеуші жолдас. 

Мен кейде өзімнің есім ауыса бастағандай күй кешемін. Неше жылдан бері жындылардың арасында жүрген де оңай емес. Сол кезде мені билеп алатын үрейде түсініксіз нәрсе көп. Осы өмірімде адам баласын қуантатындай жақсылық жасап көргенім жоқ, сондықтан осы қылмысқа не үшін барғанымды, бәрі қалай болғанын айтып берем деп шештім, тергеуші. Өйткені соңғы кездері тірі жүргеннен де шаршадым. Бұл жердің төсегін де, қабырғасын да, тамағын да  көргім келмейді. Шамы сөнген, қаракөлеңке тұтасқан ескі үйге айналғаныма біраз уақыт болды. Кейде армандаймын, сондай құдіреті бар біреу менің ішкі дүниеме еніп, пайдаға асатын тетігі қалса сырт еткізіп жанымның бүкіл жарығын жақса ғой деп. Жоқ, енді олай болмайды. Естелігім де таусылды. Шындап келгенде мені ешкім жақсы көрмеген екен. Тіпті жақсы көрген болса да өздерінің үміттері мен сенімдерін жақсы көріпті. Бір көзім жеткені  – ештеңеге сенбей де, ештеңеден үміт етпей де өмір сүруге болады. Міне, мен сол өмірді сүрдім. Бірдеңені күтіп, қорқып... Жараланған жанның ақауымен. Жанымдағы жараны мейірмен емдеуге болар ма еді? Егер менің балам болса, «анашым, халің қалай, жақсысың ба?» десе, «жақсымын, құлыным» дер едім  де, сол сөзден емделер едім. Күйеуім жұмысыма телефон шалып, «қайдасың, жаным?» десе... «Жарты сағаттан соң шығамын» дер едім де оның мені іздегеніне, күткеніне жаным жылыр еді...

Мені мұнда ұзақ уақыт емдеді, бірақ, ең қажетті емді алғаным жоқ. Осы жерде мені ешкім мейірмен емдемесе де өзім басқаларға мейірім танытқым келген сәттер болды. Өйткені бұл жерде тек генетикалық ауытқушылығы барлар, алкогольден немесе есірткіден, ауыр қайғыдан есі ауысқандар ғана емес, жаны тым нәзік, күйрек болғаннан да сынып кеткен адамдар бар. Қанша дегенмен мединституттың үш курсын аяқтаған адаммын ғой, ондай адамдарды бірден танимын. Олардың жанары басқаша. Ия, тергеуші, бала кезінен мейірімге шомылып өскендер арасында да есейгенде өмірдің сынағын, жақын адамдарының сатқындығын көтере алмай теңселіп кететіндер жетеді. Орталық жүйке жүйесі эмоционалдық не әлеуметтік салмаққа аса сезімтал келетін науқастарға жақындап бір жылы сөз айтқым келіп... қаншама рет оқталғанымды білсеңіз ғой, тергеуші жолдас. 

Бәрі үшін уайым жеп, шешімді ауыр қабылдап, мысықтың баласына да елжіреп, жылай алатын адамдарға жақындап басынан сипағым келетіні бар. Бірақ, олай етсем өзімнің ақыл-есімді жоғалтпағанымды білдіріп қояр едім.  

Менің бір тілегім –  шынымен де жынданып кетпесем екен деймін. Ақыл-есі ауысқандардың арасында осынша уақыт жүріп санаңды сау алып шығу қандай қиын еді. Сол үшін де өзімше мынадай әдіс таптым. Бұл жерде тыныштық дегенің тек түннің ортасында ғана орнайды. Сол кезде мен орнымнан тұрып, дәлізге шығып, айдың жарығы түскен жерге барып отырғанды жақсы көремін. Бұл маған бала кезімді есіме түсіреді. Менің бөлмеме де осылай ай сәулесі құйылып тұратын. Сол жарыққа шомылып жатып қиялға батушы едім. Міне, жындыхананың ұзын дәлізіндегі терезеге жақын тұсқа келіп отырамын да өзіммен-өзім сөйлесе бастаймын. Сыбырлап, өзім еститіндей етіп. Сол кезде мен өзімнің әлі де сөйлей алатыныма көзім жетеді. Сөйлей аламын, демек, ойлай аламын. Кейде мен өзіме тергеуші болып сұрақ қоямын. Оған айыпкер ретінде жауап беремін. Бұл менің ақыл-есімді біржола жоғалтып алмауым үшін ойлап тапқан амалым. Сыбыр. Осы сыбыр арқылы мен өзіме жақындай түсемін.

Ал мен кім едім, бұл жерде неғып жүрмін? Бір бастықтың қызы едім. Бірақ, папам бастық екен деп ерке өскем жоқ. Өсе келе бала көңілім кей нәрсеге өзінше ой көзін жіберетін. Мысалы, папам мамамнан қорқатын сияқты көрінетін, бірақ, оңашада кіжінгенде оны мыстан дейтін. Ал екеуі қатар отырғанда бір-бірінен мінез жағынан, түр жағынан болсын, алшақ көрінетін. Әкем келбетті, ұстамды, суықтау. Мамам болса қолы-басы алтын, жылтырдың бәрін киіп, жүрген жері ойын-сауық, ешуақытта шаршамайды, генералдың әйеліне көбірек ұқсайтын. Осыгүні ойлап көрсем олардың некесі қолдан құрап алған «запорожецке» көбірек  ұқсаған екен, гүрілдесе де жүретін, сынып қалса да оңдалатын, бірақ алысқа ұзамайтын... 

Мамамның онша балажан болмағаны анық. Сіңлім екеуміздің қуыршаққа таласқан кезіміз де есімде жоқ, шамасы мамамның оны үнемі қорғаштап, «сен үлкенсің, сіңліңе бер, сіңлің кисін, сіңлің алсын» дегенін ести бергендіктен, онымен  таласуға да құштар болмаған шығармын. 

Күтпеген шындық

 Бірде әлдекімдердің күбірінен оянып кеттім, олар үлкен бөлмеде ақырын сөйлесіп отырды. Дауыс иесін таныдым. Бұл мамамның сіңлісі Роза апай еді. Бұл кісінің мейірімді екенін білемін, келген сайын сіңлім екеумізді бетімізден сүйіп, сыйлық беретін Бірде соғыс туралы фильм көргенде көзіне жас алып жылап қалғаны есімде.

- Кеше тағы келмеді дейсің бе? Бұл маманың даусы.

- Ия, соңғы кездері үйге қонбайтынды шығарды. Қасындағылары да көшенің бұзықтары көрінеді. Бірдеңеге ұрынып қалды ма деп ұйықтамай шықтым.

- Келер. Уайымдама. Ұлың біреуден таяқ жейтін бала емес қой.

- Ия, мінезі бар. Ашуы жаман. Кейде өзім тіксініп қалам. Мен оның басқа балалардан ерекше екенін басынан байқағам, – деген  Роза апай ойланып кеткендей болды да сөзін қайта жалғады.

- Айтпақшы, кішкентайында дәрігерге қаратып жүрдің ғой...

- Қараттым ғой... 

Екеуінің әңгімесіне құлағымды тіге түстім. Бұл оның біздің үйге келіп-кетіп тұратын ұлы туралы еді. Олардың әңгімесін тыңдап жатып өзімді өте ыңғайсыз сезінгенім рас, құдай ақы, бірақ, тап сол сәтте «оянып кетейін» десем манадан бері тыңдап жатқаным көрініп қалатын болды, не болса да ары қарай ұйықтай берген болып жата бердім. Құлағым әңгімеде. 

- Олар сол кезде баланың жүйкесінде өзгеріс барын айтты ма?

- Радиктің денсаулық картасында жүйкесінде қандай да бір  ақау бар деген көрсетілмеген. Балалар үйінің меңгерушісі де ол туралы ештеңе айтқан емес. Мен дәрігерлер қойған диагнозды арнайы маманға көрсеткенімде олар мұндай аурудың бас-аяғы 4-5 айда пайда болуы мүмкін еместігін айтты. Ол о бастан тұқымында бар, қанмен берілетін сырқат көрінеді. 

Осы кезде Роза апай кеңсірігін тартып, даусы жарықшақтанып кетті, жылап отырғаны анық.

- Ұлымды ойнатқан кезде оның шалт қозғалысы, ожар қимылы маған тым дөрекі көрінетін. Ол қасына жақындаған балаларды ұрып жылатып қоятын, кейде менің өзімді де қолындағы қатты затпен салып қалатын.

- Сенің ұлың маған да біртүрлі көрінген. Есіңде ме, бірде  «сен менің ұлымды ұнатпайтын сияқтысың» деп өкпелегенсің.

- Енді... өзімнің балам деп асырап, бауырыма салғасын туыстарымның да оны мен сияқты жақсы көргенін қаладым ғой. 

- Бала ғой десем де... кішкентай кезде үйге келгенде біздің мысықты әбден қинайтын. Құйрығын есікке қысады, байғұсты бажылдатып аяғынан басады, ойлап таппайтыны жоқ, біртүрлі кәдімгі бала сияқты емес, қатыгез жаратылғандай көрінді балаң. Жарайды, көңіліңе алмашы. Аман болсыншы.

- Енді қанша дегенмен бес жасына дейін балалар үйінде болған бала ғой, ата-анасының жылуын сезінбей өскен бала қаттылау болатын шығар деп ойлағаным да бар.

- Сен неге оны сол кезде қайтадан тапсырып жібермедің? Осынша жыл сыр қылып сақтап... Мен сол кезде білген болсам, ауру баланы асырауыңа жол бермес едім, маған да ештеңе айтпадың... 

- Түсінесің бе, мені ар-ұятым мазалады. Баланы алып, мейірім танытып, басынан сипап, енді келіп кері балалар үйіне тапсырып жіберуге жүрегім дауаламады, әрі сол кезде оған бауыр басып қалған едім. 

- Күйеуің де жоқ қасыңда. Баланың жүйкесінде кінараты барын біліп тұрып... 

- Егер ол менің туған ұлым болса, онда мен одан бас тартар ма едім? Жоқ, өйтпес едім. Адам өзінің туған баласынан бас тарта алмайды. Ия, сенікі де дұрыс, бұл өте қорқынышты жауапкершілік еді. Мен осы жауапкершілікті мойныма алдым. Әйтпесе, кері апарып балалар үйіне өткізіп құтыла салу оңай еді, бірақ олай етсем Радиктің психикасы одан сайын қатты зақым алып, қайтып оңалмас жағдайға түсуі мүмкін. Мен қалайша ондай жамандыққа бара аламын, айтшы?

- Жарайды. Енді не істемексің? Айтқанымды тыңдамайды, ашуланса көнбейді деп өзің айтып отырсың. Бара-бара қалай болатынын да білмейсің ғой.

- Дәрігерлер сол кезде үнемі дәрі-дәрмегін беріп, дәрігердің бақылауында болса бірнеше жылда психикасы қалыпқа келеді деді. Білесің ғой, ол көбіне жақсы жүреді. Рас, төбелес пен жанжалға жақын, сабаққа да зауқы болмады, қасындағы балалар да кілең қағылған-соғылған ба деймін, бір кетсе 2-3 күн жоғалып кететін болып жүр.  

- Білмеймін, ештеңе айта алмаймын. Келген соң өзің сөйлесіп көр.

Олар үнсіз қалды. Бір кезде Роза апай жиналып жатқандай көрінді. 

- Сен, мысалы, өзің Ботаны сондай диагнозы болса тапсырар ма едің?

- Қойшы... қайдағыны айтасың... Ол менің туған қызым емес қой, тек күйеуімнің қызы болғаны үшін шыдап жүрмін. Біздікінің мінезін білесің ғой... Ал енді қыздың сенің ұлыңдай диагнозы болса, онда ойланбай-ақ туған шешесіне жіберер едім.

- Бота жақсы қыз, ол сені жақсы көреді. Көзінен көрініп тұр онысы. Жақсы, мен кетейін, – деген дауыс бірте-бірте алыстап, артынша есіктің жабылғаны естілді. 

Осы кезде жаңа ғана естігенімнен миымда бірдеңе жарқ еткендей болды. Тіпті бұл жарқыл басымды ауыртып кеткендей еді. Бір мезетте екі жаңалықты қатар естіген кім-кімнің де миына жеңіл болмасы анық. Біріншісі – Радиктің жүйке жүйесінде кінараты бары туралы. Ал екіншісі... қалайша ? Бұл мүмкін емес!

***

Сол күні әдеттегідей түскі асымды ішіп, ештеңе болмағандай жүргеніммен, осыдан кейін-ақ ішімде бірдеңе пайда болды. Жүрегімнің басына бір кесек қатып қалғандай. Мамам неге олай айтты? «Тек күйеуімнің қызы болған соң шыдап жүрмін» деді. «Егер ауру болса туған шешесіне қоя берер едім» деді. Неге олай айтты? Бұл туралы кімнен сұрасам болады?

Осы сұрақ маза бермей, оңашада ескі фот альбомды ақтардым. Осы жолы байқағаным, менің сәби шағымдағы суретім мүлдем жоқ екен. Барының өзі жеке-дара түскен суреттер. Біреуінде ғана папам көтеріп тұр. Тек бертініректе папам, мамам, сіңлім төртеуміз түскен суреттер қолыма іліне берді. Бірақ ол беріде, мен ес жиғанда түскен суреттер еді. 

Папам Алматыға іссапарға кеткен. Не болса да оны күтуім керек. Ал, сіңлім өзімен-өзі ойнап жүрді. Мамамның маған дегенде неге суық тартып тұратынын да енді түсінгендеймін. Осы кездерден бастап мені құлазыған жалғыздық меңдеп алғандай еді. Көңілімді серпілтпейтін, миымды торлап, әлдебір  мазасыздық шектірген жалғыздық. «Шешесіне жіберер едім» деген сөз жанымды жай таптырар емес. Сонда менің туған шешем қайда?

Осы сұрақтың біреуіне де жауап таппағанда ішім тола берді. 

Ал кейін папамның менің туған анаммен ажырасып кеткенін, мені оған бермей алып қалғанын, жоқтаушысы жоқ жетім қызды дымнан дымсыз қуып жібергенін білдім. Құса деген адамды тұншықтыра беретін тұңғиық бірнәрсе секілді ау, әйтеуір, күн өткен сайын өзім көрмеген шешем туралы ойлай беремін. Оның бейнесін көз алдыма келтірмекші боламын. Өзім көрмеген сол адамды аяп, ал папамды жек көре бастадым. Мен киім немесе аяқ киім керек дегенімде «осы қыз, әйтеуір, тоймайды, өзі ақша жоқта» деп бұрқылдап жүріп ең арзан, қонымсыз бірдеңені әперетін мамамның кішкентай сіңліме келгенде қолы ашылып кететінін, оған дегенде аяқ киімнің ең әдемісін алып, тіпті сол кезде көп ешкімнің қолына түсе бермейтін кішкентай ғана сәнді радикулге дейін әпергенін, үйдің көп тірлігін маған артып қойып, сіңлімнің көбірек ұйықтағанын қалайтындығының сырын да түсінген сияқты боламын.

Мединститутқа оқуға түстім, жасым жиырмаға шыққанда папам аяқ астынан жүрегі ұстап қайтыс болды. Осыдан үш-төрт жыл бұрынғы кезім болса егіліп, еңіреген болар едім, ал жиырма жасымда бұған салқынқанды қарадым. Папам өлгеннен кейін-ақ мамамның көзқарасы бұрынғыдан салқындап, маған сөйлегенде даусында жарықшақ пайда болды. Бұрын папамнан именіп аяғын тартып жүргені белгілі болды, кейде болмашыға бола нешетүрлі сөз айтып жәбірлеуі жиіледі. Өзі сөйткесін мен де бұрынғыдай емес, мінезімді көрсетіп, өкпем болса айтып, ызадан сіңлімді бір-екі рет шапалақпен тартып жібергенім де бар. 

Менің ғашығым

Ол кезде біздің мединститутта емтихандар аяқталып, жазғы каникул басталысымен аудиторияларды студенттердің өздері жөндейтін. Бізге «ақшасын жинап берсеңдер осындағы жұмысшы әйелдер өздері-ақ әктеп, сырлап береді» десе де студенттер ақшасын қимай ма, әйтеуір, өзіміз әктеп, сырлап жататынбыз. Бір күні терезе жуған суды төгу үшін дәліздің бойымен жүріп келе жаттым. 

- Қарындас, сізге көмек керек емес пе? – деді біреу. Артыма бұрылғанымда ұзын бойлы жігітті көрдім. Оның маған қараған жанары жұп-жұмсақ шұғыла шашып тұрған еді. Ол менің қолымдағы шелекті алды. Су төгетін жер бірінші қабатта. Төртінші қабаттан түсіп келеміз. 

Кейін ұзын мойыны көзге алдымен түсіп, жымиғанда иегінің ортасында сызығы байқалатын қалың қасты сол жігітті көрген сайын жүрегім дір ететін болды. Оның жоғарғы курста оқитынын да білдім. Біз жиі болмаса да анда-санда жолығып қалып жүрдік. Егер оны көрмесем арманда кетердей едім. 

***

- Сен бүгін нешеде келесің? Екеуміз дұрыстап отырып сөйлесуіміз керек, – деді бірде мамам. 

Мен сабаққа асығыс шығып бара жатқан едім. 

- Не жайында? 

Бұған таңғалғаным анық. Бұрын-соңды мамамның менімен бұлай сөйлескені есімде жоқ.   

- Сен жақында оқуды қоясың.

- Не?

- Әрі қарай оқымайсың деп тұрмын ғой.

- Не үшін?

- Сол. Оқымайсың. Сені оқытатын жағдайым жоқ. Жұмыс істейсің. Қашанғы сені асыраймын.

- Оқимын. Жұмыс қашпайды, диплом алуым керек. Папам тірі болса сен бұндай бір ауыз сөз айта алмас едің, – дедім ызаланып.

- Папам дейді ғой, жүрді ғой папаң әр әйелдің соңында. Мен болмасам сені кім бағып өсірер еді? Сол еңбегімді ескермей бүкіл дүниені сенің атыңа жазып кеткенін көрмеймісің? Жақсылықты білмейтін нақұрыс! Менімен салғыласқанша шешеңді тауып алсайшы, салдақы!

Шешем ашу үстінде сөйлеп жатыр, сөйлеп жатыр. Оның мені неге жек көріп, маған неге соншама өшіккенінің сыры белгілі бола түсті. Осы айқай-ұрыстың үстінде мен өзіміз тұрып жатқан үйдің, қала ортасындағы екі бөлмелі ескі пәтердің менің атыма жазылғанын білдім. Оған соншама мән бермегендей көрінсем де, ерте бастан «мен өлсем, жетім қыздың жайдайы не болады» деп келешегімді ойлаған папамды аяп елжіреп кеттім бе, біртүрлі ішім бүргендей болды. 

- Мен оқуды тастамаймын, – дедім кесімді сөзімді айтып. – Егер қаласаң басқа қалаға ауысайын. 

- Қарай гөр мұны! Қайда кетпексің? Кетпейсің! Ешқайда бармайсың!

- Жоқ, мен оқудан шықпаймын. Бұл талқыланбайды да. 

- Солай де...         Оны көрерміз!

Мамам қанша қыстаса да оқудан шықпайтынымды білдіріп, таңертең ерте кетіп, үйге кеш оралып жүрдім. Оның үстіне фармакология бөліміндегі лабораторияда жұмыс істеген ұнайтын. Сондай бір ұзағырақ бөгеліп шыққан күні  жымиғанда иегінде сызық пайда болатын сол жігітпен есік алдында жолығып қалдым. Ол абдырап, сәл қызарып кеткендей көрінді. Біз аялдамаға дейін бірге бардық, ол жерде тұрған кезде де бір-бірімізге анықтап қарай алмадық. Осылай екі-үш рет қайталанды. Бірде тағы бір кездескенімізде ол бірдеңені асығыс сүйкектетіп жазып, менің автобусым келгенде алақаныма қыстырды. Сол кезде менің қолымды ұзағырақ ұстап қалғандай болды. Жүрегім дүрсілдеген күйі жарты жолға дейін алақанымды ашпастан тұра бердім. Оның қолының жылуы әлі тұрғандай, соны сезінетін секілдімін. «Жексенбіде кітапхана алдында күтемін. Рысбек» деп жазылған екен. Күн сейсенбі болатын. Жексенбіге дейін аттай төрт күн бар. Тезірек жексенбі келсе екен деймін. Тағатсыз күтемін. 

Біз кездестік. Не жайында айтқанымыз есімде жоқ. Бір-бірімізден ұялып дұрыстап сөйлеспеген де сияқтымыз. Бақты айналып жүре бердік, бір қарасақ кеш түсіпті. 

Екі-үш рет кинотеатрға бардық. Ол бірде шығарып салып тұрып, «мені жақсы көресің бе?» деп, бетімнен өпті. Ерніне ешкім тимеген қыз мұндайда алабұртып кетер еді. Мен де сөйттім. Не айтып, не жауап бергенім есімде жоқ. Сол күні сезімдердің сәулесі жиылған көкірегімді кере тыныстап, аяғым жерге тимей үйге қарай ұшып келе жаттым. 

Адам жанының ең бір тұңғиығынан шығатын кәусар сезімнің не екенін осы кезде түсіндім. Бұндай сәттерді адам тек оңашада есіне алып рахат күй кешеді. Бұл жайында ешкіммен бөліскің де келмейді. Естелігіңді жүрегіңнің түбіне мұқият  сақтап, оны ниеті лас адамдардың білуіне жол бермес едің. Бұл менің тағатсыз сағынышты бастан кешкен кезім еді. 

Кездескен сайын кеудемде ғажайып бір әуен ойнай жөнелетін болды. Жарты жылда ол менің ең жақын адамыма айналды. Бірде оның курстасы үйленіп, сол тойға мені ала барды. Сексенінші жылдары көп дүние қат болған заман. Дастарханы жұпынылау студенттердің асханасында өткен той  мен үшін дүниедегі ең керемет той болды.  Жұп-жұп болып билеген кезде Рысбектің жақыннан шыққан от демінен өзімді тұман арасында еріп, сіңіп, тіпті көзге көрінбес молекулаға айналып кеткендей сезіндім. Қараңғы бұрышта билеп жүріп те біз екеуміз осы сәтте ешкімнің басында қайталанбайтын ғажайып сезімнің тек өзіміздің басымызда болып жатқанын сезіндік. Тойдың соңына қарамай шығып кетіп, түнгі қаланың жым-жырт көшесінде қол ұстасып жүре бердік, жүре бердік. Сол күні қаншама сөздер айтылды десеңші! Қаншама сыр ақтарылды екен!

Ол менің жанарыма қараудан жалықпайды. «Сен көбелек болсаң, мен сені мұрнымның ұшына отырғызып, жүрегіңнің дүрсілін тыңдаудан жалықпас едім» деген сөзіне сенем. Сезім арқылы жаныңа қуат құйылады, қуат құйылған бойда туу биікке, тіпті жұлдызға дейін жақындай аласың. 

Махаббат. Оны бәрі алғысы келеді. Өзіне тиесілі болмаса да. Сұраусыз. Есепсіз. Біреу ол сезімді өзі ұсынып, біреуі күшпен алғысы келеді. Күздің сілбіреген жауынды бір күнінде Роза апайдың ұлы Радик маған көңілін білдірді. Мен оны мазақтай күлдім. Бір жағынан қорландым да. Сонда ол өзін мендей сұлуға лайықпын деп ойлағаны ма? Байғұс ай, ол өзін кім дейді екен? Ол өзінің балалар үйінен асырап алған ұл екенін де, жүйкесі ауыратынын да білмейтін шығар? Ал егер менің ханзадамды көрсе қайтер еді, сөзсіз, оның қасында өзін қораш сезінер еді.

Қорлық

Сенбі күні сабақтан үйге келгенімде ешкім жоқ еді. Ас үйге өтіп ас-ауқат әзірлеп жүргенімде мамамның «біз қонаққа кеттік» деп жазып қалдырған қағазын көрдім. Сіңлімді алып жиі қыдырыстап кететіні үйреншікті еді. 

Бір кезде есіктің қоңырауы дыңғырлап қоя берді. Үсті-үстіне басады. Көзшеден қарадым да есікті ашпауға бекіндім. Демімді ішіме тартып, орныма келдім. Үйде ешкім жоқ екен деп ойласын. 

Қоңырауды үсті-үстіне баса берді. Бұл келген үшеуінің ішінде екеуін бірден таныдым. Шашын жылмитып таратын жүретін шикі сарысы Радик болатын. Ал қол-аяғы қысқа, түрі бақаға ұқсайтыны соның қасында жүретін досы. Алмат па еді... Радик кейде досын ертіп біздің үйге соғып тұратын. Ал ұзынтұрасын алғаш көруім.  Есік қоңырауы дамылсыз соғылып, бір кезде басылды. Біраздан соң есік ашылып, үйге біреулердің кіріп жатқанын естідім. Мені көріп, амандасқанның ишарасын жасады. 

- Не істеп жүрсіңдер? Қалай кірдіңдер? Даусым қатты шықты.

Олар жауап бермеді. Осы кезде менің әрі таңғалғаннан әрі қорыққаннан тіл-аузым байланып қалғандай болды. Естері дұрыс па? Қалай кірген?  Үшеуі ас үйге өтіп, ыдыс-аяқты салдырлатып, мұздатқышты ашып-жапқандарынан бірдеңе ішіп жатқандарын білдім. Қазір барып айқайлап, қуып шықсам ба екен, әлде тезірек үйден шығып кеткенім дұрыс па? Тым-тырыс киіне бастадым. Осы кезде Радик бөлмеме кіріп келді. 

Бастапқыда одан әлдебір жаманшылық күткенім жоқ, үйге келіп жүрген бала, бір дастархан басында бірге ас ішіп, кішкентайдан көріп жүргеніміз бар. Осы кезде ұзынтұрасы кірді де қолымнан шап беріп ұстай алды. Мен қолымды босатып, қаша жөнелмек болғанымда бейтаныс та екінші қолыма жармасты. Қанша бұлқынсам да босатпайды, осы кезде Радик киімімді шеше бастады. Даусымның осынша зор екенін осы жолы білдім, бірақ, оны ешкім естімеді, жеке үйдің бір жаманы қанша айқайласаң да даусың айдалаға кетеді.  Олар әрбір бес секунд сайын мені өзім басыма салып жүрген жастықпен тұншықтыра берді... 

Бір кезде екеуі бірдеңе әкелеміз десіп шығып кетті де, Радик менің қасымда қалды, мен қатты қарсылық көрсете бастап едім, ол мені бар күшімен ұра берді, ұра берді... Қатты тепкілегені сондай, айнаға көзім түскенде түрім танымастай еді. Ана екеуі келген соң үшеулеп мені жуындырып, төсекке жатқызды. Ал таңертең оянғанымда осының бәрі түс екеніне сене алмадым, тұла бойым қирап ауырып, быт-шыт болып сынып тұрды. Әсіресе, жүйкемнің шытынап, ауырып тұрғанын сездім. Төсектен сырғып түсіп, үшеуі жатқан бөлмеге дейін еңбектеп бардым, мамам сіңліммен екеуі әлі келмепті. Әлгі үшеуі кетіп бара жатып, егер мен милицияға хабарлассам, арты жаман болатынын айтты. 

Олар шығып кетісімен «жедел жәрдем» шақырттым. Ауруханаға әкелген бойда өлімші болып таяқ жегенім анықталып, сараптама қорытындысында қатты соққы алып, зорлық көргенім жазылды. Осы кезде мамам да ауруханаға келіп, қасымда біраз отырып, «арыз жазудың арты жақсылыққа апармайтынын» айтып қорқыта сөйлеп, үйге кетті. Ауруханадан кейін мені милиция бөлімшесіне апарды, тергеушінің кабинетінде отырып арыз жазбақ болғанымда мамамның сөзі есіме түсіп, не істерімді білмедім. Тергеуші үш күн ойлануға уақыт берді. Бұл үш күнде маған қорлық қылған үшеуді әуелі жауып тастады да, артынша босатып жіберді. Ішінде Роза апай бар, үш-төрт адам  мені үгіттеп, «арыз жазба» деп жалына бастады. Менің қатты соққы алғаным сондай, не істеп, не қойғанымды білмейтін халде едім. Олар мамаммен сөйлесті, ол болса менің жайымды ойлағансып қайтадан үгіттей бастады. Ұлдардың ата-анасының бірі қала шетіндегі пәтерді менің атыма жазып беретінін айтты (ол пәтерді мамамның маған айтпай сатып жібергенін кейін білдім).

Денемдегі жарақат ізі кете бастады. Бірақ, дене жарақатынан бөлек жан жарақатын ұмыту қиын.

Ауруханадан үйге шығып келгенімде мамам мені құрметті қонақ келгендей қарсы алды. Мойныма кулоны әдемі алтын алқа тағып тұрып, бетімнен сүйді. «Ештеңе болған жоқ деп ойла, бәрі ұмытылады» деді ол. «Ешкімді сотқа бермейміз, солай емес пе? Ал сен емделіп, жақсы болып кетесің. Сен менің ақылдымсың ғой». Ол сөйлеген сайын жылы жымияды, менің ауруханада болған кезде бұрынғыдан да сұлулана түскенімді айтады, оның айтқанына қарағанда жүзім бұрынғыдан да аршыған жұмыртқадай ашылып, кірпігім ұзарып, мойным жұмырланып... Осынша тәтті сөздерді айтып менің көңілімді мақтанға тойғызбақшы. Мақтанға тойған адам не істейді, әрине, жымияды, өзіне ырза кейіпте басын шалқайтып, жүзінен арай жүріп өтіп... мақтап, мойнына алтын алқа таққан адамға алғысқа толы жанарын тігіп... Мен де ештеңе болмағандай, өткеннің бәрін ұмытып, жаңа бір жаймашуақ күндерімді бастамақшы едім. Осы кезде ішімнен көтерілген ашуым тұла бойымды зіркілдетіп ала бастады. Өзімді шаққа дегенде тежеп ұстадым. Ашуыңды көрсету қойылым сияқты нәрсе, оңашадағы жылағаның ғана шындығың, бұл бақытсыздығыңды анық сезіну. Мен осы сәтте өгей шешемнің бұл зымияндығын ұмыта алмайтынымды, түбі алдына келтіретінімді ойладым... 

Іште бұққан арман

Дәрігер толтырған қағазды оқып отырдым. Басқа біреулер болса ирек-ирек, айбақ-сайбақ жазуды мүлдем түсінбес еді. Мединститутта оқитын менің өзім әрең дегенде ажыратып оқыдым. «Бұлшықет дистониялық-треморы генерализацияланған түрі, тортиколлис және сол жақ латероколлиспен мойын дистониясы түрінде, жоғарғы аяқ-қолдардың орташа постуральды және кинетикалық треморы. Краниалгия, церебростения түріндегі вегетативті дисфункция синдромы. Оптикалық дискінің нейропатиясы. Қозғалыс және өзіне-өзі қызмет көрсету функцияларын белгілі дәрежеде шектеу» деген шұбатылған жазуларды оқыған сайын ішім қалтырай берді. Бұл дәрігердің диагнозы емес, менің өміріме шығарылған үкім еді. Бұдан былай үнемі басым ауырып жүретін болды, құлағым зыңылдап, бір дыбыстар естіле береді. Басым мен қолым дірілдеуін қоймайды. Сөйтіп, жиырма жасымда мүгедек болдым. Оқу жайына қалды. Екі рет іздеп келген Рысбекпен сөйлеспедім. Оны көру ауыр, бұрынғының бәрін қайта бастау мүмкін емес еді. Етегіне кір жұққан мен бейбаққа енді қайтып ақ махаббаттың бұйырмасы анық. Соңғы келген кезде оған ауыр-ауыр сөздер айтқаным ағаттық болды ау деген ойдан еңсемді көтере алмаймын.

Шіркін ай, бауырым от құшақтап жар сүймегенім ай, мың сан ыстық толқын кешіп арқырайтын тәнімді қайтсем екен деумен жастығым өтетін болды. Үмітсіз махаббатымды аңсап, бақытсыз жастығымды жазғыра кінәлап өткенде жанымды жылытар ештеңе тапқаным да жоқ... Миым ештеңеге көңілі толмайтын жылаңқы гормон түзіп шығарып, оның уы бойыма тарап жатқандай.

Бұрын кірпігім айқасқанша Рысбекпен бақта қыдырып жүргенімді, оның бақытты жүзін, өзімнің ақ желек кигенімді елестетуші едім. Менің сезімім әділетсіздіктен өлімші боп таяқ жеп,  әбден қансырап қалғалы ол туралы ойлаудан қашатын болдым. Күндер өте берді. Басым қатты ауырып, түн баласы ұйықтамай шықсам да тірі қалғаныма қуанам, осы сұрқай өмірде қуанатын бірдеңе тапқанымда айтсайшы!

Енді қиялымда Радиктен, оның достарынан, өгей шешемнен қалай кек алғанымды елестететін болдым. Жоспарларым да әр кезде әрқалай өзгере береді. Бірде оларды бір сәтте жоқ қылып жіберетін болсам, енді бір сәтте  өліп бара жатып жалынышпен, жалбарына қарайтындай күйде елестетіп, біртіндеп кеудесінен жаны шығып бара жатқанын да көрем. 

Әдетте адамдар шаршап жүреді, ол тек ағзаға дәрумен жетіспегеннен емес, біздің қуатымызды тауысып ішетін дұшпанымыз – ойлап алып аяқтамаған, атқарылмаған істеріміз. Осылайша менің миыма берген тапсырмам өзімнің мазамды ала берді. Мен бұл тапсырманы әуелі апталарға, сосын айларға созған сайын ішімдегі қуатымның тектен-текке ысырап болып жатқанын сездім. Нешетүрлі жоспар құрып, оны іштей сарапқа салумен-ақ қалжырап қала беретін болдым. 

***

Кезекті рет дәрігердің қабылдауына баратын күн еді, мамам мені жеткізіп салуға Радиктің көлікпен келіп тұрғанын айтты. Ол амандасқанда оған күлімсірей жауап бердім. Тіпті «Неге соңғы кезде көрінбей кеттің? Арасында келіп тұрмайсың ба, әңгіме соғатын да адам жоқ, ішім пысады» дегенімде оның жүзінен таңғалыс білінді.

Ертеңінде оның әкелген үлкен гүл шоғын күлімсіреп алып, иығыма салған қолын итермедім.

Алғаш рет әйелді гүлге теңеген кім екен? деп ойладым ол әкелген гүлге қарап отырып. Кім тапса да дәл тапқан. Әр әйел гүл сияқты өзінше сұлу, өзінше жұпар шашады. Гүлдің қасынан жайдан-жай өте аласың ба, көз тоқтатып қарайсың, сүйсінесің, жұлып алып иіскеп... сосын лақтыра саласың. Әйелді де сөйтеді, иісін алып лақтыра салады.

Радик жиі келіп тұратын болды. Келген сайын сыйлық ала келеді. Мен онысын риза көңілмен аламын. Айтатын әңгімесі де түзелгендей. Бірде сөйлеп отырып тағы иығымнан құшақтады. Бұған да шошынған жоқпын. Менің кетәрі еместігімді байқаған Радик оңашада аймалағысы келетін ыңғай танытатын. 

- Кейін. Асықпашы, жаным. Үлгереміз. Алдымен үйленейік те.

Ол одан сайын таңғалды. Құдай біледі, «жаным» деген сөзді оған ешбір қыз айтпағаны анық. 

- Сен... маған күйеуге шығар ма едің?

- Әрине. Ол ұсынысты өзім айтпасам, сенің айтатын түрің жоқ қой. 

Байқаймын, ол сөзіме сенер-сенбесін білмей тұр, бірақ, жанына жағып барады.

Екеуміз де кеше не істегенімізді, кімді көргенімізді, бүгін не істегенімізді айтамыз. Басқа әңгіме жоқ. Менің өмірімді күл-талқан қылған оқиға туралы айтудан оның да қашатынын байқаймын. Осы жолы ол тізерлеп тұрған күйі, менің қолымды ұстап, көзіме қарады:

- Мені кешірші. Мен сені сүйдім. Баяғыдан. Бала кезден. Сенің ана шланга сияқты арық жігітпен кездесіп жүргеніңді кешіре алмадым. Мен саған жамандық жасадым, енді өмір бойы алақаныма салып өтемін. Ант етем соған. Бүкіл сөзім осы. Енді ешуақытта сені жылатпаймын. Бүкіл дегеніңді жасаймын.

Ол осылай дегенде ішімдегі бұғып жатқан ашуым кеңірдегіме жақындап келіп, жақындап келіп...  лықсып шыға жаздап, өзімді әрең тежедім. «Жоқ, өзімді ұстауым керек. Аяғына дейін».

- Мен саған күйеуге шығамын. Тек бір шартымды орындасаң ғана.

Радик шикіл сары өңі қызарып, толқып тұрғандай еді. 

- Айтшы, айтшы, – деп елпең қақты.

- Бүкіл айтқаныңды орындаймын.

- Менің бұл үйде қалғым келмейді. 

- Неге?

- Сол, бұрынғы өткен оқиғалар есіме түсе береді.  Оның үстіне біз туыс адамдармыз, біздің үйленеміз дегенімізге мамаларымыз, туыстар қалай қарайтынын да білмейміз. Арты айқай-шу болуы мүмкін. 

- Мммм... 

Миы ондай-мұндайға жете бермейтін Радик байғұс кәдімгідей ойланып қалды.

- Ия, ия...

- Менің шартым мынау: сен екеумізге жаңа паспорт жасатасың.

- Ммм... мен бе? Қа-қа-лай? 

Ол тосын тапсырмадан тұтығып қалды. 

- Радик, сенің достарың көп қой, таныстарың да жетеді, беделің бар, бұл шаруа сенің қолыңнан келеді. Паспорт алып басқа жаққа кетпесек біз үйлене алмаймыз. Жаңа паспорт алған бойда басқа жаққа, мысалы, Саратовқа немесе Калининградқа кетеміз де сол жақта жаңа өмір бастаймыз. Бізді ешкім іздемейтін, іздесе де таппайтын болады. 

- Қайтадан айтшы, жаңа паспорт керек пе сонда? (сорлы ай, о баста миы онша болмағасын осы ғой). 

- Ия, басқа жаққа кету үшін бізге жаңа паспорт және пойызға билет керек. Соны алған бойда екеуміз басқа қалаға кетеміз. Бізді ешкім іздемейді, ешкім «сендер неге үйлендіңдер?» деп те басымызды қатырмайды. Біз бақытты боламыз. Өзіміздің үйіміз болады. 

- Ааа, менің мамам ше? Ол осында қала ма?

- Радик, егер мені сүйетінің рас болса, маған үйленгің келсе менің шартым осы. Ал егер келіп жүргенің жай ермек үшін болса.... кете бер. 

Осы кезде Радиктің жаны шығып кете жаздады. Ол шамасы менің  ғашығым Рысбек туралы ойлаған болу керек, болмаса менің Рысбектен алысқа кетуім туралы идея өзіне де ұнамды көрінді ме...

- Мен бәрін қатырам, –  деді. Ол мұны бірдеңеге сеніп айтты.

- Шу басылғасын қайтып келеміз, сол кезде мамаңа бәрін түсіндіреміз. Роза апай мейірімді ғой, бәрін түсінеді. Көресің ғой, біз оңаша, өзіміз керемет өмір сүреміз.

Бұл сөзіме оның көңілі жайланғанын байқадым.

***

Бірде ол келгенде мен жылап отырған едім. Ол асты-үстіме түсіп бәйек болды.

- Менің жинап жүрген ақшам бар еді, қойған жерімде жоқ. 

- Қанша? Көп пе?

- Біраз ақша. Екеумізге жолға жететін.

- Оны кім алуы мүмкін?

- Білсем айтпаймын ба? Мүмкін, мамам алған шығар. Тіміскілейді де жүреді сол.

Даусым ызбарлы шыққанын өзім де байқадым.

Ол менің ашуымнан қорқып кеткендей.

- Болды, болды, қойшы, деп жұбатты.

- Негізі біздің үйде бір жерде ақша тұр. Көп ақша. Соны алып кете алсақ қой. Папамның «волга» аламын деп ақша жинап жүргенін білетінмін. Менің папамның бастық болғанын білесің ғой. 

Ол басын шұлғыды. 

- Сол ақшаны алып кете алсақ қой... Бәріне жетер еді, баспанадан қиналмас едік, тіпті саған бірдеңе әперуге де жетіп қалар еді. 

Радиктің жанарына әлдебір қуаныштың шоғы үйірілді.

- Бірақ, ана жалмауыз әйел дым татырмай, бәрін жинап астына басып отыр,  – дедім сыбырлап.

- Мамаң ба?

Ол да қабағын шытынды.

- Біз бәрібір басқа құжатпен қашып кетеміз ғой, оның көзін құртып, ақшаны салып әкетсек ше? Оның қолы тола алтын сақина, тыққан алтыны да көп... Бізді ешкім таба алмайды. Менің сөзімнен Радиктің көзі шарасынан шыға жаздады. Оның реакциясынан менің өзім тілімді тістедім. «Қап, бекер айттым. Бүлдірдім ау...»

- Ақша көп пе? Қай жерде? Оны өлтіріп, ақшаны әкетсек, шынымен де  ешкім білмей қалады, – деді бір кезде жайбарақат. 

Соңғы туған күн кеші

Туған күнімді үйде тойламақпын дегеніме өгей шешем қарсылық білдірмеді. Өйткені Радикті шақырамын дегенім оған ұнаған секілді. Олар туған күніме тілек айтып жатқанда қайдағы-жайдағы есіме оралып, тізем дірілдеп кетсе де сыр білдірмедім. 

Біз әуелі биледік. Сосын дастарханға отырдық. Радик те, өгей шешем де қашанғыдай ақ арақтан құйып алды. Күні бұрын дайындалған тәтті сусын да бәріне ұнады. Бір кезде мен үйден шығып кеттім, осы уақытқа дейін бірге тұрып келген адамдардың қиналысын көргім де, естігім де келмеді. Мен  тек сіңлім үшін уайым еттім. Жоспарым бойынша оны басқа жаққа жіберуім керек еді.  Денемнің қызуы нөлге түсіп, миым өзінен-өзі батпаққа малтыққандай, ойым айналып бір нүктеге келе береді. 

Далада ұзақ жүріп келгенімде өгей шешем де, сіңлім де тып-тыныш күйде жатты. Олар жаңа ғана тірі болған еді.  Радик қана осы қимылсыз адамдардың ортасында еденге шашыраған қанды жуып үнсіз күйбеңдеп жүрді. Өлімнен қорқатын несі бар? деп ойладым өгей шешемнің жүзіне көз салып тұрып. Ол момақан көрінді. Мүлде басқа, мен танымайтын, парасатты ортадан шыққан тәрбиелі бір адам сияқты. Өлімнен қорқатын несі бар, бұл саналы түрде ұйқыға кету сияқты нәрсе. Ұйықтап жатып енді қайтып оянбайтыныңды түсінетін кез.  Өлім бізді өзгертеді, біз бұрынғыдай қатыгез болмаймыз, ессіз қылық жасамаймыз, біреуді жек көрмейміз, ор қазбаймыз, тіпті тыныштыққа да зәру емеспіз. Өлген адамнан қорқатын ештеңесі жоқ. Бәріміз де өлікке айналамыз. Егер біздің мазамызды алмаса тірілерден өш алатын да ой-ниетіміз болмасы анық, біз өлген кезде көлеңкелер әлеміне батырып немесе өзімізбен бірге басқаларды да ала кететін ниетіміз жоқ. Көзімнің алды бұлдырап кеткендіктен,  сіңлімнің қасына барғым келмеді. Өгей шешем оны бөлек жақсы көретін. Ол сіңлімнен ештеңе аямайтын және ол үшін бәрін жасайтын, тіпті оған өз бетінше ойлауға, бір шешім қабылдауға рұқсат етпейтін. Шешесінің осыншалық махаббатының тұтқынына айналған жуасым ай, кешірші... Сен бәрібір мамаңсыз өмір сүре алмас едің...

Біздің  алдымызда көп жұмыс тұрды. Радик екеуміз оларды қапқа салдық. Өлген адамның өз салмағынан үш есе ауырлап кететінін осы жолы білдім. Мықшыңдап жүріп қаптың аузын байлап, төргі бөлмеге әкеліп жатқызып, қаптың сыртынан кілем орап тастадық. Бастапқыда бойымның дірілі басылмай, қолымды игере алмай өзімнен-өзім әбігерге түссем де, біраздан кейін жұмысыма ынта-шынтамен кірістім. 

Стол жасалған бөлмеге қайтып оралдық. Радик үнсіз отырып іше бастады. Бұл бөлмеде отырған кезде ештеңе болмағандай, өгей шешем мен сіңлім бір жаққа шығып кеткендей. Тек жым-жырт тыныштық. 

«Мен осы жұмысымды атқарып болғаннан кейін өзімнің кім екенімді, бастан не жағдай кешкенімді ұмытуым керек» деп ойладым.

Біз шкаф, комод, бәрін ақтарып жүріп біраз ақша таптық. Бір-біріміздің бетімізге қарамастан заттарды жинастырдық. Біздің үй тұрған жерден ескі элеваторға қарай жүрсең  ар жағында орман жалғасып жатыр. Жүгіміз де көп емес. Бүгін із жасырамыз, ал ертең түнде біздің пойыз жүреді. 

Радик қаннен-қаперсіз үйден шығып бара жатты. Мен оның соңынан ілесіп келе жатып, сөмкемнен күні бұрын сақтап жүрген балғаны алдым да бар пәрменіммен оның төбесінен қойып қалдым. Бір рет, екі рет, бес рет, сегіз рет... Жеңімпаздар сәтсіздіктің, жеңілістің куәгерін кешірмейді. 

Ол табалдырыққа құлаған күйі көзін бақырайтып қатып қалғанда барып есімді жидым. Оны ішке қарай сүйреп кіргізбекші болғаныммен еркек адамға күшім жетер емес. Ақыры екі аяғынан алдым да қолтығыма қысып, арба сүйрегендей тоқтап-тоқтап, өгей шешем мен сіңлімнің қасына әрең дегенде жақындаттым. Бетіне көзім түскенде бір езуі жиырылып күлгендей болды. Ішім мұздап кетті. Жоқ, жаны жоқ денеден немесе денесіз қалған жаннан қорқудың қажеті жоқ. Мүмкін, ол күлмеген шығар, адамның реніш-күйініші, қуаныш-күлкісі жаннан шығады, ал дене сол жанның айтқанын орындаушы ғана, ұйықтап жатып күлсе оның денесі ғана дірілдеген болар еді. 

Оған қапшық кигізу де сілемді қатырған шаруа болды. Өзімнің қатты шаршағанымды сездім. Бұл кезде қолымның қимылдап жатқаны болмаса менің өзім өлікке айналған едім. Тірі өлікке.

Осылай көптен ойға алған ісімді атқарғаннан кейін жым-жырт түннің арасына сіңіп бара жаттым.  Басым зіркілдеп қатты ауырып, теңселіп кетемін. Жүріп келе жатып тұла бойымның қызып тұрғанын сездім. Әуелі ішімде басталған өрт айналаны, бүкіл дүниені шарпи бастағандай. Мен өзімді бүкіл дүниені өртеп шыққан адамдай сезіндім. Ағаштар арасымен басым ауған жаққа бет алғанда ай шарасына толып шалқып тұрды. Таң атпаса екен, осылай жүре берсем екен дедім. Бір-біріне арзан шырай танытып, өтірік жымиып, түптеп келгенде бір-бірін жақсы көріп қарық қылмайтын адамдарды көргім келмеді. Қайда барып, не істейтінімді әлі білмесем де тығырыққа тірелдім деп ойлағаным жоқ, тек жарық түспесе екен, жарық  түссе адамдармен кездесіп қалуым мүмкін еді, кездессем бітті, олардың көзіне қарауым керек, ал қалың кірпігім ештеңе жасыра алмай, көзімдегі үрейді жарқыратып жайып тастаса қайтем?

Ешкімнің көзіне түспеуге ақыл да, айла да, сабыр да керек. Кеш түскенше өзім күнілгері дайындап қойған жерде тығылып жаттым. Үлкен бір қызғылт-сары қауын секілді алып күн жердің жарығына құлап, бірте-бірте батып, сіңіп бара жатқан шақта уақытты анық сезінуге болады. Ақыры аспан біртіндеп күлгін түске оранып, барлық түстер реңкін өзгерте бастағанда орнымнан көтерілдім. Жолсерікке қолымдағы билетімді көрсетіп, купедегі орныма жайғасқан кезде де үйде қалған үшеуін ойлай бердім. Егер оларды сол бойда тауып алса... онда денелері бұзылып үлгермейді. Жаңбыр сіңген сыз топырақта, жәндіктер құжынаған жерде ғана дене бір жарым айда шіри алады. Ұсақ шыбын болса бір жұмада толық жұмыртқа салып, келесі жұмада денені жем қылар еді, неге оларды далада қалдырмадым екен?

Көршілес шекараны асып, мүлдем көрмеген басқа қалаға келіп, қаланың қуысындағы жалғызілікті орыс кемпірдің құжырасын паналаған кезде де бәрінен үрке бердім. Бейуақта ішін тарта уілдеген жел де, өсекшінің аузындай желп-желп еткен жапырақтың сыбдыры да мені шошыта алатын. Дегенмен, өз ішімде бір жеңілдік сезінгенім рас. Ол көптен желкемнен басып тұратын жоспарымның орындалғаны еді. Бастапқыда өзім өскен үйдің бұрыш-бұрышы, көзі аларып, қанға бөгіп қалған өгей шешемнің кейпі, басын ұстаған күйі мен жаққа тістене қараған Радиктің езуін тартып күлгені, ештеңе түсінбей кеткен сіңлімнің бейнесі көз алдыма келе берсе де күн өткен сайын бұл жексенбі де өткен шаққа айнала түсті. Кемпірге әжептәуір жамбаспұл ұсынып жүріп, мерекесінде өгей шешемнің қолынан шешіп әкеткен жүзікті сыйлап, сеніміне кірдім. Баласы алысқа кетіп хабарласуды қойған жалғыз кемпір маған бәйек болатын. Өзімнің жаңа құжатыммен жақын жердегі дүкенге еден жуушы болып кіріп алғаным да мені көңілсіз ойлардан арашалайтын. Бұл жерде менің жүрген-тұрғанымды бағатын тіміскі көздердің, қақ жауырынымнан шаншудай қадалар сұқ көздердің жоғы қандай жақсы. Мен ескі дүкеннің еденін барымды салып тазалап жуамын. Жоқ, мен терезені жарқыратып ысқылап сүртіп, еденді жалтыратып жуған кезде өмірімдегі кетпестей болып жағылған қара дақтарды кетіріп жатқан сияқты едім... 

Біздің қалада болған сұмдық оқиға туралы сол кезде басылымдардың жарыса жазғаны анық. Кейін бір үйдің үш адамын өлтіріп, үйдегі бағалы заттарды алып кеткен қарақшылар туралы жаңалықты оқығанда мен өзімнің о бастағы болжамымның айна-қатесіз келгеніне мәз болдым. «Үш мәйіттің бірі осы үйдің иесі егде әйелдікі, бірі жиырмадан отызға таяған жас әйелдің, бірі он бестегі жас қыздың мүрдесі екені анықталды» депті.  Олар үш бірдей қапшықтың ішіндегі дененің нақты кімдікі екенін ақыры тексермеген екен. Ол кез қайтыс болған адамның денесінен алынатын генетикалық материал бойынша зерттеу әлі шықпаған кез, егер кейінгі шыққан молекулярлық-генетикалық сараптама болса, ол қапшықтағы біреуінің ер адам екені міндетті түрде анықталатын еді. 

Содан бері қанша уақыт өтті... Оны санаудың да түк қызығы жоқ. Мен өз өмірімнің иесіне емес, оны сырттай бақылаушыға айналдым. Міне, тергеуші жолдас, көрдіңіз бе, сізге бәрін айттым. Осылай жас болып жалындамастан, іңкәрдің шоғына шарпылмастан, құмардан шығып қызық көрместен ғұмырым да түгесіле келді. Мен болсам жүрегімнің тұсына шаншып алған инем не жоғалмай, не түсіп қалмай әлі келе жатырмын. Тергеуші жолдас, мен шеккен қапа зіл батпан, оның ауырлығын көтерген адам ғана біледі. Қапастан тұншығайын дедім. Құдай бар дейді ғой, оны мейірімді дейді, егер ол мені есіркесе басқа ештеңемен жарылқамай-ақ қойсын, ең болмаса ақ өлімін жіберсе екен.  Бірақ, қорқамын. Құдай мені көрген бойда: «бұның күнәсі кешірімсіз» деп қайтарып жібермес пе екен? Ажалым жетсе оны абыржымай-ақ қарсы алар едім. Оған барғанша қалайда жеңілдеуім үшін алдымен сіздің алдыңызда арылуым керек деп шештім. 

***

Санитарка аз да емес, көп те емес осы уақыт аралығында он төртінші палатадағы кемпірді танығандай болған. Басқа науқастардай емес, үсті-басына кір жұқтырмайтын, ешкіммен тілдеспейтін, ешкімге қосылмайтын, берген тамақты тауыспайтын, дәрі-дәрмекті ішкісі келмей, көбіне ұртына ұстап қалып көзді ала бере түкіріп тастайтын адамның ешқандай да мылқау еместігін, оңашада сөйлейтіндігін білген.  Оның біреу кіріп келгенде кереуеттің астына тығылатынын басқалар ақыл-есінің кемдігінен деп ойлағаны анық, ал негізінде оның бар ойы осы дәптердің ешкімнің қолына түспеуін қалағандағысы екеніне енді барып  көзі жетті. 

Оның кемпірді кінәлағысы да, мүсіркегісі де келмеді. Бақытсыз адамның қойнына тығып жүріп, бар сырын жазған дәптерінен де тіксініп қалған, бұл туралы ешкімге, тіпті қасындағы Жаңыл апайға да айтқысы келмеді. Қылмыс жасаған адам енді жоқ. Тіпті дәптердегі жазылғандар жындының сандырағы болмай,  шын болғанның өзінде де одан не өзгереді? Сондықтан бұл қоңыр дәптерді «көзіңнің қарашығындай сақта немесе тергеушіге бер» деп біреуге аманат қылғанның да қисыны жоқ. 

***

Санитарка автобус ішінде кетіп бара жатты. Күйеуі айлығы тәуір жұмыс тапқалы бұған «сен енді демал, әбден тынығып алғасын басқа жұмыс іздерсің» деген, соңғы жылдары шынымен де қажиын деді ме, ойланбастан жұмысынан біржола босап келе жатқан беті. Келіншек айналасына шола қарады. Осы төрт жылдың бедерінде жүйкесінде кінараты бар адамдарды бет-жүзінен, көзқарасынан, қимылынан танитын болған, кейде автобус ішінде келе жатып та жүйкесі бұзылған адамдарды жиі байқайды, жүйкесі бұзылған адамдар қит етсе ашуға мініп, сөз көтере алмай, бір-бірін салып жіберуге даяр. Әлденеге өкпелі, ұйқысы қанбаған, тұрмыстың илеуінде жүріп жүйке талшықтары сетінеген адамдардың көбі өзінің қаракөздері екенін көріп тұрып, осынау қажыған ұлттың психикасына да ем-дом керек ау деп ойлап қояды. 

Терезенің ар жағында кеш түсіп келеді. Мұндай күні үйіңде, терезеден аулаға қарап қойып,  рахаттанып шай ішкенге не жетсін деп ойлады.  


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар