– Жынданған екен! - деді Манар. Жұтқыншағынан қысылып, сыбырлай шыққан бұл үнінен үрей байқалады. Қоңыраудың дауысы бүгін селк етердей ерекше зілді естілді. Мұғалім журнал тізімін мұқит тінтіп жатып:
– Байбергенова, Байниязов..., - деді де сәл кідіріп – Бекзатты алып кетті, - деді. Бұл сөзді қапелімде ішімнен айттым деп ойласа керек. Оның солғын тартқан сұсты жүзінен, жұрттан жасыруға тырысқан бір күрсіністі байқадым. Екінші қатардың алдыңғы партасы қаңырап бос қалды... Терезеден ұрлана кіріп, сүмірейген сәулелер шағылысады. Кабинеттің ішінде өлі тыныштық орнаған. Расында да қазір қайда екен?! Не істеп жатыр екен Бекзат?! Мүмкін бізді сарыла сағынып, ауылға қайтқысы келіп отырған шығар?! Мүмкін сағынбаған да шығар.Мүмкін қаладағы өзінің мекенінен жаңа таныстар тауып, мына сұп-суық түнерген кабинетте отырған бейшара бізді есіне алып, мысқылдай күлген де шығар. Ал дәл қазір ақ халатты медбикелерге өзінің кітаптарынан оқып-білген алуан дүниелерін айтып беріп, ал олар болса Бекзаттың ұшан-теңіз біліміне қайран қалып, ауыздарының суы құрып тыңдап отырған болар.
Осыдан санаулы күндер бұрын осы партаның орны-аузын ашса жүрегі көрінген ақжарқын, сондай мейірбанды жанға тиесілі еді, оны соңғы уақыттарда көрген адам періштедей күлімсіреген пәк жүзінен қулық пен сұмдықтан ада, жүрегі кең, қой аузына шөп алмас жылысу адам екенін әрі соншалықты қорқынышты, шарасынан шығып кетердей бақырайған көздеріне қарап, адам айтқысыз қылмысқа баратын, нағыз қандыбалақ, қаныпезердің өзі шығар деп ойлаушы еді.
Бекзат соңғы кездері біртүрлі боп жүр. Біртүрлі дегеннің өзі не тәйірі адам танымастай өзгерген. Бұрынғы әдеттерінің бәрін де ұмыт қалдырған. Көсіліп сөйлемейді, атын атап шақырсаң елемейді. Сабақта үн-түнсіз отырады. Кейде өзін кеудесі жарық нұрға толы қайырымды жан екенін ұмытып кеткендей. Өзі сайлап алған белгілі бір нүктеге міз бақпастан ұзақ телміріп қарайды да, дүниенің ешкім білмейтін сырын ашқан данышпандардай ұзақ үнсіздіктен соң өзінен-өзі ақсия күле салғанда о Жаратқан, біздің қыздардың зәре-құты қалмайтын. Бұндайда қауесет шығармаған ел ел болсын ба?! Жұрт болған соң пыш-пыштап өсек-аяң бойлаған ауыл ішін. Біреулер көз алдында кісі өліп кеткенін айтса, біреулер туғаннан әке-шешеден ерте айрылып, жылулық көрмей алжыған кемпірдің қасында жынданбағанда қайтсін десе, енді біреулер биік талдан құлап, басына зақым келтіріп алды дегенді айтып жүр. Бірақ қайткенде де бәрінің айтпақ ойы сол – Бекзаттың есі ауысқан. Тіпті қылжақпас Манардың өзі «Бекзат өзінің әжесінен бұрын алжитын болыпты» дейтінді шығарды. Бірақ бір қызығы көп әдеттерін ұмытса да тек ежелгі кітап оқу әдетінен арылмапты. Мектептен үйіне оралған соң қараңғы қоюланып, көз байланғанша кітап оқиды екен. Бәлкім оқымайтын да шығар. Олай болса кітап бетіне көз майын тауысқанша тым ұзақ қарайды,
Мұғалім алғашқы, әрі соңғы шараны Бекзат Айнаны жылатып алған кезде қолданды. Қаладағы жындыханаға тексеріс үшін Бекзатты өздері алып кететін болды. Ауыл қаладан үш жүз шақырым шалғай орналасқан. Аурушаң қарт әжесінің Бекзатты қалаға апаруға шамасы жетпейді. Ал ауыл адамдарының ішінде жақын арада қалаға аттанатын адам жоқтың қасы. Айнашты біртүрлі аяп кетіп ем... Сынып жетекшіміздің сабағы еді. Айна Бекзаттың парталас көршісі. Жүктелген тапсырма бойынша әркім өз көршісімен жұмыс істеуі керек. Әрине Бекзат алғашында Айнаның сөйлеген сөзіне шыбынның ызыңындай мән де берген жоқ. Құдайым-ау осымен қоя салсаң етті. Оның көз алдында қолын бұлғап, әбден мезі болған Айнаның шыдамы таусылып:
– Малғұн-ау сөйлесеңші, мылқаусың ба, жындысың ба? - деп гүрс етті. Міне дәл осы кезде оның сол көзқарасы... Бекзат бір нысанаға үңілуін тоқтатты да асықпай баппен басын сол жаққа қарай бұрып, тамырланып кеткен көздерін аяусыз Айнаға қадағанда шарасыз қыз жылап жіберді. Дереу орнынан атып тұрып, сыртқа қарай жүгіре жөнелді. Оны уату үшін төрт-бес оқушы дәлізге шықтық. Бие сауым уақыттан соң қыздар әжетханасынан өзі де шықты. Көздері жылай-жылай қызарып кеткен. Қасында әлі де уатып жатқан екі қыз бар. Дәліздің ортасында тұрған Айна басында өзіне келе алмай ештеңе дей алмады.Одан соң «неге жыладың?» дееген сұраққа:
– Мен оның қос жанарынан... Қоңыраудың үні селк етердей зілді шықты. Оның Бекзаттың қос жанарынан нені көріп, не сезінгенін сол беті біле алмадым.
Қазақта «сыбайлас болмағанға сырыңды ашпа» деген асыл сөз бар. Өзге балалардан қарағанда Бекзат мені жақын тартып, маған көбірек сеніп, менімен көп сырласатын. Басқасы басқа, бірақ неге екенін білмеймін Бекзаттың жынды екеніне иланбайтынмын. Менің көзімде ол жай ғана өзгелерді өзін «жынды» екеніне сендіргісі келетін секілді. Және де бұл оның қолынан келіп жүр. Тура голливудтың актерлері секілді өзінің рөлін асқан шеберлікпен орындайды. Ұзақ үнсіз отырады да өзінен-өзі еш байланысы жоқ сөздер мен тіркестерді жөңкілте салады. Алға жүріп келе жатып кенеттен кілт тоқтай қалады да, бағдаршамның жасыл жанған түсін күтіп тұрған жүргізуші ұқсап, біраз іркіліп, қайта жүреді. Кейде осынау әлемге басқа ғаламнан жаңадан салбырап түскендей әр нәрсеге ұзақ әрі таңырқай қарайтын. Оның осы бір әрекеттерінің астарында бір мән артынша бір жоспар тұрған болар деп жобаладым. Онда неге маған бұрынғыдай беймарал отырып, ағынан ақтарыла жанының терең түкпіріндегі бар шынын, бар білгенін айтып бермейді? Бұған мен іштей тіксініп қалдым, көңілім көншімейді. Бірақ тым шынайы ойнайды ғой... Бекзатта бұрын мұндай актерлік қасиет жоқ еді ғой, бәлкім шынымен де... Жоқ мүмкін емес! Сенбеймін! Сенгім де келмейді!
Бекзаттың Айнамен болған жағдайынан кейін іштегі бір-бірімізді түсінісе алатын шығармыз деген тәтті үмітпен мұғалімнен сұранып, соңғы сабақта (бұл Бекзаттың соңғы сабағы еді осыдан соң оған тексеріс келгенше мектепке келуге тыйым салынды) өз еркіммен жанына отырдым. Бекзат өзінің қасына тірі жаратылыстың келіп отырғанын сезбегендей кейіп танытты. Онысына мен де таңданбадым. Жүзі суық, қан-сөл жоқ, аппақ қудай бетіне қарап, тірі аруақ дерсің.
– Қалайсың Бекзат?! - деп ақырын ғана қарадым. Жауап ретінде үнсіздікті ғана алдым. – Әжең қалай? Бірден осы сұрақтан бастауым керек еді. Ол ұйқыдан әрең оянған самарқау үнмен:
– Әжем жақсы, - деп қысқа қайыра салды.
Одан кейін басқа қандай жаңалықтары барын, өмірінде соңғы кездері қандай қызықтардың болып жүргенін әңгімеге тарту үшін сұрадым. Кенет оның бал-бұл жайнаған жүзі, қуанышқа бөленген жас баладай риясыз күлкісі оның көзінде мені енді ғана байқағанын аңғартты.
– Қандай қызықтар бар дейсің бе досым?! «Досым» деген сөзді көңілі жадырап, маған сыр айта бастаған сәтте қолданады. – Білесің бе досым, сен бірақ ешкімге айтпа ұқтың ба досым? Бұл қылықтары оны аңғал да аңқау етіп көрсететін еді.
– Сен мені білесің ғой Бекзат, ешкімге де айтпаймын, - деп сендіруге тырыстым әрі өзім де қызыға бастап едім.
– Жақсы онда..., - деді де жан- жағына тың тыңдаған біреу бар ма деген көзқараспен аласұрып бір қарап шықты да, мені осы күнге дейін ойландыратын қып-қысқа әңгімесін аяқтай салды.
– Менде уақыт машинасы бар! - деді сыбырлап. – Иә, кәдімгі уақыт машинасы – досым, адамзаттың сабақ алар өткеніне апаратын әрі естеліктерге толы қайта келмес маржан сәттерді сан мәрте қайталап сүруіңе мүмкіндік беретін һәм адамзаттың алапат жетістікке жеткен болашағын көруге көмегін беретін ғажайып арғымағым, сенбесең өзің кел де көзіңді жеткіз досым, тек ешкімге тіс жармайсың!
Сабақ аяқталған еді, аузымды ашып үлгерместен:
– Бүгін кешкісін менікіне кел, - деді де шығып кетті. Аузымды ашқан күйі мелшиіп, сұлық отырмын. Миым жаңа ғана естілгенді қорыта алмай отырған секілді.Алғашында ойлағаным әрине «уақыт машинасы» турасында емес, Бекзаттың асқынып кеткен жағдайы еді. Оқушылардың барлығы шығып болған соң, басымдағы әрқилы аласапыран оймен мен де кабинеттен шығып, үйге қарай беттедім.Бастауыш сынып оқушылары алысып-жұлысып, қуаласпақ ойнауының нәтижесінде шаңға булыққан мектеп ауласынан шығарда мынандай ойдамын: «Уақыт машинасы дегені несі?», «Бекзатты қай қара басты?!» Бұл ойыма өзім де ұялдым, дегенмен абзалы – бүгін кешкісін үйіне баруым керек. Ауылдың балаларына Бекзаттың мені үйіне шақырғандығын айттым, тек «уақыт машинасы» жайлы құпияны ашпадым. Достарымның көбісі бұнымды құптай қоймады. Өткенде ғана Сабыржанның сол Бекзаттың үйіне барып, аяғын сындырып келгенін, сірә менің райымнан қайтуым үшін айтып жатқан болар. Арамыздағы ең байқампаз, кәдешіл, тапалтақ Мұхтар:
– Жазым болып жүрерсің! - деді. Жүрегімді белгісіз бір қатер жайлағанмен:
– Сенде бір қай-қайдағыны айтасың! - деп аса бір мән бермедім.
Кешқұрым ыстық кофе ішіп, жылы киініп, далаға шықтым. Үйдегілерге кеш келетініме мені күтпей-ақ жата бергендері дұрыс болатынын айттым. Даңғыл жолмен түн жамылып, Бекзаттыкіне тарттым. Үйлердің жарығы әлі сөнбеген, алыстан ерекше әсем көрініс береді екен. Айнала мүлгіген тыныштық, тек анда-санда іле-шала иттердің әупілдеп үргені естіледі. Толған айдың сәулесіне дала да бозамықтанып, менің аяғымда қыртылдап жатқан кіршіксіз аппақ қармен шағылысып жылтыраған көрпесін қымтанып оранып алған жер ана ұйқыға кетуге әзір. Ауылды қараңғылық құшағына алды. Бірақ жүрегіме ғана дамыл жоқ, тек сол ғана осынау мамыражай кеште тыным таппайды да басыма небір толастамас ойларды әкеледі. Мүмкін дәл осы келген ізімнен кері бұрылып, достарым кеңес бергендей қайта салсам ше?!
Бекзаттың үйіне жақындаған сайын ит екеш иттер де одан сайын дауыстарын үдете түсіп «мұнда неге жүрсің қайт кері» дейтін секілді. Тіпті түнек аспандағы жымыңдаған жұлдыздар да бүгін ерекше жарқырап, мен қараған сайын жарқ-жұрқ жанып олар да шегінуіме барын салып жатқандай. Бір сәт тіпті қайтсам ба деп те ойланып қалдым. Бірақ Бекзаттың үйіне тым жақындап қалып едім. Үйінің дәл алдында тұрғанымда енді бәрі де кеш екенін түсіндім. «Уайым түбі – тұңғиық, батасың да кетесің, тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің.»
...Бекзат екіқабатты үйде тұрады. Үй иелері де үрген иттердің даусынан терезеден бақылап, мені көрді де есікті ашты.
– Амансың ба қалқам, кел төрлет! - деп әжесі ыстық лебізбен бетімнен сүйіп қарсы алды. Оның жұмсақ ерні менің тоңғақ бетіме тигенде ішім лезде жылып сала берді. Үйдің іші жып-жылы екен. Бойым бірден жылынып, бір сәт келгенім үшін қуанғандай болдым. Әжесі мені өз баласындай әжім торлаған, сонда да ажарлы жүзімен күлімсіреп, мейірлене маңдайымнан құшырлана иіскеп мауқын басып алды. Содан соң үстімнен сырт киімімді шешіп, асты-үстіме түсіп бәйек болып жүр. Отбасымды, әкемнің жұмысын, кішкентай қарындастарымның жағдайын сұрады.
– Жүре ғой тамақ дайын, біздің Бикоштың қонағы келіпті ғой бәрекелді! - деп мені бірден ас үйге сүйреді. Бекзатты көрдім.Үстелдің үстіндегі ыстық сорпасын сапырып отыр екен.
– О, досым! - деп езу тартып, маған қарады.
– Ас болсын, отыра бер сен! - деп орнынан тұрғызбауым, әжесі сықылды әбігерге салынғанын қаламадым. Бірақ ол онсыз да орнынан тұрмақ ниетте емес еді. «Уақыт машинасы» жайында ұмытып кеткен де шығар. Мен дастарқанға отырғанша сорпасын рақаттана сіміріп алды. Әжесі жоғарғы шкафтан таза ыдыс алып жатып:
– Дүниеде сиырдың етінен дайындалған сорпадан дәмді ештеңе жоқ.
– Қаншама дертке дауа, іше ғой құлыным! - деп сорпа толған ыдысты алдыма қойды. Бетіне аппақ құрт пен қара бұрыш қосылған тағамның иісі мұрын жарады. Сілекейім шұбырып, қолыма қасығымды алып, сорпаға батыра бергенім мұң екен, қасымнан:
– Іһіһһі, - деген жөн-жосықсыз дыбыс естілді. Бұл шыққан дыбыстың иесі Бекзат еді. Бәлкім жөтел қысып, жөткірініп алды ма деп ойлағанмын. Дыбыс қайтадан шықты.
– Іһһіһіһііі! Бекзат өздігінен күліп отыр екен. Дауысы жіңішкеріп, шиқылдай шықты.Тоқтар емес.
– Іһііһіһіһііі!!! Осы жолғы дауысы қаттырақ шығып, бөлменің іщін жаңғыртып барады. Әжесіне «сіз де естіп тұрсыз ба?» дегендей көзқараспен қараймын. Ол болса түк естімеген адам ұқсап, өз шаруаларын тындырып жүр. Басыма небір сұмдық ойлар келеді. Осының бәрін алдын-ала жоспарлап алған секілді. Кенет Бекзат білегімнен шап беріп ұстап алды. Жалт қарадым. Қолымнан тартып жоғарыға яғни өз бөлмесіне апара жатты.
– Мен саған уақыт машинамды көрсетем! - деді.
Жоғарыға қарай баспалдақпен көтеріле бастағанда жүрегім тыпыршып, басым айналып көздерім қарауытып кетті. Енді барлығы түсінікті болады. Баспалдақтың орта тұсына келгенде оған сенгенім соншалық, ішімді тылсым үрей буып, бойымды қорқыныш билей бастады. Шынымен де уақыт машинасымен өткенге қарай саяхаттасақ мен бұған мүлдем дайын емеспін ғой?! Мысалы Бекзат мені сонау ежелгі Мысыр еліне апарды делік. Алтын күннің астындағы аптап ыстықта, құм даланың төрінде, мысыр көйлегімен көмкерілген, сәулелермен шағылысқан бағалы гауһар тас, әшекей-бұйымдарымен, салмақтылығы мен байыптылығын дәріптейтін жанарының астындағы мәңгілік дымқылданбайтын құрғақ, қара сызықты бояуымен көз алдымда ұлы перғауын тұрса, қан-жоса болған арқалары қамшының ізінен көрінбейтін, шұбырған құлдың арасына басымнан бір қойып маған да солардың кебін кигізіп, солардың ішіне қосып жібермесіне кім кепіл?! Сондағы ғасырлар бойы арам тер боп жасағаным, осы заманда жаһандағы жеті кереметтің бірі болса да еңбегім ақталар ма еді?! Тарихта перғауынның аты қалып, менің есімім болмаған күйі сол беті жоқ боп кетсе... Бұл соған тұрарлық іс пе?! Немесе орта ғасырлардағы Германиядағы инквизицияның үстіне тап болсақ, жүздеген мың жазықсыз хас сұлулар жын-перілердің көмекшісі ретінде айыпталып, «мыстан, жалмауыз» атанғаннан соң, көз алдымда тірідей өртенгенін көруге мен дайын емес едім. Көрген бойда не дерімді білмей тілімді жұтып қояр едім. Сонда олардың бар жазғаны мына жарық дүниеге Құдайдың берген кішігірім сыйлығымен келгендігінде ме? Тіпті сал-серілердің өзі ғашықтық лирикасында сұлуларды жырлай отырып, оларды жаратқан бір Құдайға мадақ еткен жоқ па еді? Мүмкін қазақ хандығына да тап болармыз. Бірін-бірі етше тураған сұрапыл қан майданда абырой, намыс жолында қар жастанып, қан кешуге әзір ұлы батырларымызды көргенде қандай сезімде болар едім?
Баспалдақтың соңғы екі қадамына келгенде барлығы да өз орнына келгендей болды. Иә Бекзаттың соңғы кездері өзгеріп жүргені де барлығы түсінікті болды. Ол өзі аңсаған кезеңге кез-келген уақытта жете алады. Яғни қазіргі уақыт оған қызық емес. Ертеден қара кешке дейін неліктен кітап оқитынын да енді түсінген сияқтымын. Белгілі бір тарихи уақыттың қыр-сырын толық меңгеру үшін, алдын ала дайындалып саяхатқа аттану үшін істейді осының барлығын. Иә, иә дәл солай. Енді бәрі де түсінікті. Бірақ өз ойымнан өзім жирендім. Жынданған шығармын. Бағанадан бері басымнан шыққан ойлардың барлығы мендік болса онда расымен де жынданған шығармын.
Бекзат оң жақ қабырғадағы ашық қоңырқай түсті есікті ашып, менің кіруімді өтінді. Содан соң бірнәрсе таппай жүрген адам секілді, бөлменің әр бұрышына барып, түкпір-түкпірін тінтіп жүріп іздегені кішкентай ғана блокнот екен, соны алды да арқасы бар қып-қызыл қырмызы орындығына жайғасты. Осы көрініс маған ерекше таныс көрінді. Білмеймін, әйтеуір дәл осы сәт өмірімде бұрын болып қойған сияқты, мүмкін түсімде көргеннен соң ұмытып, енді сол санамда қайта жаңғырып жатқан шығар, бірақ бір анығы осы сәтті мен бұрын көргенмін.Тек нақты қашан екендігі есімде жоқ. Маған тылсым әрі таңсық болған бұл сезімімді Бекзаттан жасырмадым:
– Бекзат мен жаңа ғана осы сенің орындыққа қалай отыратыныңды алдын ала көріп қойған сияқты біртүрлі сезімде тұрмын немесе түсімде көрген шығармын бірақ қашан екенін есіме түсіре алар емеспін! - Ол мені бірден ұқты.
– А, сен Дежавюді айтасың ба?
– Де... немене дейсің?
– Дежавю! Адамның бұрын болған секілді көрінетін, бір кездері осындай жағдайда немесе сол жерде болғанын сезінетін психикалық күйі. Соған қарамастан бұл «естелігін» өткеннің нақты сәтімен байланыстыра алмайды, яғни қанша тырысса да есіне түсіре алмайды.
«Бұның бәрін қайдан біледі?» - деп қайран қалдым. Дәл қазір менің көз алдымда бұрынғы біз білетін ақылды Бекзат, мен оны сағынып қалыппын. Жүгіріп барып, қапсыра құшақтай алғым келді, бірақ өзімді тежедім. Ол құдды бір профессорлар ұқсап, ойлы жүзбен орнынан асықпай тұрды да қолдарын айқастыра сөзін ары қарай жалғастыра жөнелді:
– Дежавю бұл қысқамерзімді жадты, ұзақмерзімді жадқа ауыстыратын мидың қателігі. Сондықтан дәл қазір болып жатқан шындық бұлыңғыр болып көрініп, бұрын болып қойған сәтке ұқсаңқырайды. Сондай-ақ сен айтқандай адамның көрген түсінің кейбір элементтерін дежавюмен байланыстыруға болады. Сонда.., - деді терең ойға шомған, терезеге қарап тұрып:
– Дәл сол кезде хмм... Жаратқанның жалпыдан жеке жаратқан болашақты көре алатын дарын иесімін деп ойлауың мүмкін. Ал шындығында олай емес бұл сәт дәл қазір болған және одан соң не болатынын сен бәрібір білмейсің, 97% дені сау есі дұрыс адамдардың барлығы да дежавюді басынан өткереді екен. Осыны айтып болған соң арамызда ыңғайсыз үнсіздік пайда болды. Бекзат маған қарап:
– Сұрасаңшы! Дежавю құбылысы менде болды ма деп сұрағың келіп отырған шығар?! - деді. Маңдайымнан суық тер бұрқ етті. Менің жауап қайтармайтынымды білді ме есіне бірдеңе сап ете түскендей:
– Айтпақшы, неге уақыт созып тұрмыз, іске кірісейік! - деп оң жақтағы қабырға толы кітап сөресіне үңілді. Бұл оның әкесінен қалған мұра еді. Расымен де баға жетпес қазына. Бекзаттың осы кітапханасын көріп, кітап оқуға деген құштарлығым одан сайын оянып кетуші еді. Оң жақ қабырға толған кітап. Әр бағыттағы кітап жанрлары бойынша бөлек-бөлек қатарларға орналастырылған. Міне әңгіме шеберлері Мопассан, Чехов, Акутагава, сосын көзім Гюгоны, Дюманы, Дойлды, Янды, Хэмингуэйді шалды. Әрине өзіміздің классик жазушылардың да еңбектері тұрды. Қысқасы кітап өте көп мен тек есімде қалғандарын айтып отырмын. Бекзат қолындағы блокнотты ашып жатып:
– Сен ешкімге айтпаймын дегенсің досым! - деп менің сөз бергенімді есіме түсіріп қойды. Блокноттың беттерін парақтап, бір бетіне тоқталды. Онда «145», «148» және «190» деген сандар тұрды. Одан соң Бекзат кітап сөресінен бір кітапты алды да соның жүз қырық бесінші бетін ашты. Кітап бетіне әртүрлі белгілер қойылыпты және бірнеше сөздердің асты сызылған. Ол бірнәрсе бүлдірген тентек сияқты қулана жымиып:
– Қара досым, мен белгілер салынған кітап беттерін блокнотыма жазып аламын, сосын бірнеше апта өткен соң сол беттерді ашып қайтадан оқысам, дәл сол уақытқа түсіп кетем, сол бетті қай жерде оқығанымды, қалай оқығанымды, не ойлағанымды, тіпті қандай күйде болғаныма дейін білемін. Бұл мені өткенге апарады яғни бұл менің уақыт машинам, керемет емес пе досым?! - деп күліп жіберді.
– Бекзат, - дедім сабырлы үнмен. – Осы шыныңды айтшы, сен осының бәрін әдейі жасап жүрсің ғой иә, дүйім жұрттың барлығы сені жынды деп ойлап, тезірек қаладағы нағашыларыңның үйіне әжеңмен бірге көшіп алу үшін жоспарладың ба? Өзің айтып едің ғой сонау күндері: «Бұл жердегі мектеп ұнамайды, тезірек қаладағы нағашы ағам айтқан лицейге барып терең білім алсам», - деп. Ол күлгенін дереу доғарып, алғаш рет менің көзіме тіке қарады. Дәл осы тұста бөлмеге әжесі кіріп келді.
– Бекзат, болды қонақтың мазасын алма, әбден шаршаған болар жатып демалсын, шырағым қай жерге жатасың, төсегіңді сала берейін?! Мен үйге қайтатынымды айтып, бекер әуреленбей-ақ қоюын өтіндім.. Әжесін әрең дегенде көндіріп, үйге қайттым. Ертеңінде Бекзатты алып кетті.
Қоңыраудың үні селк етердей зілді шықты.
– Бекзат дұрыс айтыпты, - дедім кешегіні есіме алып отырып. Сыныптастарым ештеңе де түсінбеді. Дегенмен мен бәрібір қателескен болып шықтым. Расымен де Бекзаттың есі ауысқан екен. Мұғалім журнал тізімін мұқият тінтіп жатып:
– Байбергенова, Байниязов..., - деді де сәл кідіріп – Бекзатты алып кетті, - деді.
Зи
