Бата-тілек сөздерсіз қазақ өмірін елестету мүмкін емес. Бата-тілек сөздердің мазмұнына құлақ қояр болсақ, көбіне дидактикалық сарындағы ізгі ниет екендігіне көз жеткізуге болады. Олай болса, бата сөздерді жалпы мазмұнына, мағынасына қарай қалай бөлуге болады? Бұл жөнінде зерттеушілер мен ғалымдардың пікірі алуан екенін көреміз. Жоғарыда, Шәкір Әбенов ақсақал айтқанындай, тыңдаушыға қатысты «лебізді бата» және «негізгі бата» деп те бөлуге болады. Сондай-ақ «ақ бата», «теріс (қарғыс) бата», «серттесу батасы (баталасу)» деп бөлуге болатынын көреміз. Енді осыларды жеке-жеке тарқатып жазатын боламыз.
Ақ бата – атынан белгілі болып тұрғанындай, бата берушінің шын пейілінен, шын жүрегінен шыққан ізгі тілек. Және де ол атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ізгі өсиет, Жаратқаннан кешірім, мейірім-шапағат сұрауға негізделген ұлтымыздың гуманистік ұғымдарының жиынтығы. Ақ батаның мақсаты – ел-жұрт, ағайын-туыстардың бір-біріне деген мейірім-шапағатын сақтау, ояту, олардың бір-біріне деген сүйіспеншілігін білдіру, адамдарды ынтымақ-ырысқа, бірлік-берекеге үндеу, сапарға шыққалы немесе үлкен істі бастағалы отырған адамның жолын ашу т.б. болып келеді. Осындай ақ ниетке құрылған ізгі қадамдарға ақ бата беріледі.
Осыған орай ақ батаның қазақ ғұрпында берілетін жағдайлары да сан алуан. Ол мынадай жағдайлар болуы мүмкін: дүниеге келіп жатқан нәрестеге, қаз тұрып, немесе балабақшаға, мектепке қадам басып, өмір жолының жаңа баспалдағына ұмтылған ұл-қызға, бір-бірімен жұп құрып, үлкен өмір жолына аттанған жас жұбайларға, білім-ғылым жолында белгілі бір деңгейді игеріп, қолына диплом алып жатқан білімгерге, алыс жолға сапарлап шығушыларға, бизнес бастап, үлкен бір істі қолға алушы адамдарға, отан қорғау ісінде жүрген және елінің амандығы үшін түрлі жорық-шеруге аттанған жауынгерлер мен сардарларға, түрлі мазмұндағы қуанышты да салтанатты той-тілеулерге, «өлі разы болмай, тірі байымайды» делініп, аруақтарға арнап беріліп жатқан асқа, ала жаздай жауын тамбағаны себепті қара сиыр сойылып, Алладан жауын тілеген тасаттыққа, көктен иіп, жерден берген, ризықпен жиналған мол егінге, түрлі садақа мен құрбандыққа, құдайы қонақ немесе күнделікті қонақасыға, адалдап семіртіп күздікке немесе соғымға сойылған малға, түрлі басқосуларға, ұлттық дәстүрлі мерекелерге, тағы басқа да толып жатқан жағдаяттарға бата беріледі. Бұлардың барлығына да берілетін бата – әдетте ақ бата.
Қазақ ұғымында ертеден келе жатқан бата берудің түрі – теріс бата. Баршамызға белгілі, «Қыз Жібек» фильмінде Базарбай бай баласы Төлегенге теріс бата беретіні бар. «Ата-ананың, үлкендердің теріс батасын алған адамның өмірде ешқашан жолы болмайды», - деген түсінік біздің қазақ халқының санасында ежелден бері берік орын алған. Бұл – бекер де емес. Оған мысалдар да аз емес.
Теріс бата – адамнан адамға берілетін қарғыстың қатты, жазаның өте ауыр түрі болып саналады. Мұндай бата кімге беріледі? Мұндай бата әке-шешенің сеніміне ие бола алмаған, оларды үлкен ұятқа қалдырып, жұртқа қарайтын беті қалмаған жағдайда балаға беріледі. Сондай-ақ ата-анасын, туыстарын, отанын, тілін, ділін, дінін сатып, аса ауыр қылмыс жүктеген, кешірілмес күнә жасаған қарабет атанған адамдарға мұндай бата үлкендер тарапынан, халықтың атынан немесе жеке адамның, топтың атынан, қолды жайып тұрып, алақанды теріс қаратып тікелей, сырттай беріледі. Ел ішінде сирек те болса қолданылатын және қолданылып та жүрген мұндай теріс бата еш ұмытылмақ емес. Әлдекімнің сонау арғы ғасырларда ата-бабасына берген батасын ел-жұрты да, ұрпақтары да ұмытпай, үлгілеп, немесе опынып айтып отыратындығына мысалдар көп-ақ. Теріс бата алған адамды жеке адам да, бүкіл қоғам да сырт тебетін болған. Теріс батаны қайтару рәсімі де барлығын ескерген жөн және мұндай жағдай теріс бата алған адамның кінәсіз нақақ екендігі дәлелденгенде немесе өзінің істеген күнәсін, айыбын қанымен жуып, ел сеніміне қайта ие болғанда теріс батаны қайтару яғни өзгерту рәсімі жасалған. Мысал үшін, егерде баласына берілген болса, ата-анасы тірі болған жағдайда кезінде осы жағдайға куә болған адамдарды жинап алып, көптің көзінше тап ортада алақанын дұрыс жайып тұрып: «Берілген теріс батамды қайтарып алдым!» - деп үш рет айтатын болған. Мұнда әке мен шешенің берген қарғыс батасының әрқайсысының өзіне тән күші бар деп есептеген халқымыз: «Әкенің қарғысы – оқ, шешенің қарғысы – боқ», - дейді. Мұнда қалай да болғанда, анасының жүрегі жұмсақ екенін, баласына қарғыс айтып тұрса да, түбі жақсылықты тілейтінін аңғарту жатыр.
Қазақ халқында бата беруге қатысты ерте заманнан бері қалыптасқан алуан түрлі қызғылықты салт-дәстүрлер бар. Солардың бірі – батаның кері түрі қарғысқа қатысты болып келеді. Қазақ фольклорының бір жанры айтыстың бір тармағы – бәдік айтыс. Осы бәдік айтыс пен «қарғыс айтудың» ұқсастығы бар. Белгілі бір әулетте, ауыл-аймақта мал ішінде пайда болып өршіген түрлі індеттен айығып, құтылудың бір жолы ретінде ауруды «қарғап шамдандыру» арқылы өзге ауылға, өлкеге аударып жіберуге тырысатын салт болған. Ауылды жайлаған індетті кетіру үшін сол ауылға, әулетке күйеубала болып келетін, әрі тілі уытты, ащы, қарғап, боқтай білетін тілді-жақты бір адамды алып келіп, көптің көзінше сол ауыл, әулеттің кемшілігін қазғызып отырып, айызы қанғанша боқтататын немесе қарғататын болған. Тыңдаған адамның сай-сүйегін сырқыратып, намысына әбден тиетін бұл қарғыс боқтауды тыңдап тұрған ауыл адамдары қаншалықты ашуланып, шыдамы таусылса да төзіп бағуы тиіс. Олай болмаған жағдайда ауылдың малын жайлап меңдеткен дерт көшпек емес. Бәдік айтыстың өзі осы қарғыстың бір сипаты болып саналады. Қазіргі күні ветеринария ғылымы дамыған заманда, мұндай жан төзгісіз қорлыққа төзудің қажеті де жоқ, әрине. Сондықтан да мал індеті үшін күйеубалға ауыл-аймағын, жеті атасын жездей қақтатып қарғату дәстүрін орындату, оған бүкіл әулет болып төзу дәстүрі өзінен-өзі күн тәртібінен түсіп қалған.
Серттесу – батаның бір түрі. Оны баталасу деп те атайды. Серттесу немесе баталасу – құдалықта, екі адамның немесе өзіне, ел алдында беретін серт пен уәдеде, ресми елшілікте, ел арасындағы түрлі маңызды шараларда жасалатын жоралғы болып саналады. Серттесу (баталасу) ертеде хандар мен билер, ел ақсақалдары алдында немесе аруақ орнында серт жасалып, оның бекімі ретінде уәделік қол алысылып орындалатын болған. Серттесуді бұзу – жақсылықтың нышаны емес, сондықтан бұл «бата бұзу», яғни антты бұзу болып есептеліп, мұның өзі қарғыспен теңестірілген. Сонымен қатар «қылыш үстінде серт жүрмейді» деген айтылым да бар. Бұл – қандай бір қиындық туындағанда серттің өзіне салмақ түсетінін білдіреді. Баталасу немесе серттесу – ежелден азаматтықтың, тектіліктің елдіктің белгісі болып танылған. Серттесу батасының қарапайым бір түрі – ауыз әдебиетінде көп ұшырасатын, батырлардың астындағы атымен, қару-жаарғымен серттесетін жағдай.
Шанша алмасам маған серт!
Қанға тойсаң саған серт!
Бұлғары садақ, Бұқар жай,
Тарта алмасам, маған серт!
Бұл серттесуде де батырдың ерлігі, бірбеткейлігі, бір сөзділігі сынға түседі. Өзін өзі қайрау арқылы жауды жеңуге талпынады. Ал адамдар арасындағы баталасудың атрибуты – қара қой. Ауыл адамдары немесе екі адам, әулет, өңір, өлке адамдары әлденеге баталасып, сол баталасудың бекім-шарты ретінде қара қойдың қанына қолдарын малып серттесу рәсімін жасайды. Осы малдың қаны ұрсын дейді. Мұны кей жағдайда анттасу деп те атайды. Қазақ қоғамында сертті бұзған адам ең абыройсыз, нашар қадам – берілген сертті бұзу болып саналады.
Батаны беретін және беруге тиіс адамдар туралы да айтып өткен жөн болмақ. Батаны көбінесе мынау үлкен өмірге талпынып қадам басып жатқан жастарға қарата айтады. Қазақ халқында бата беретін адамдардың да өзіндік орны, жол-жобасы болады. Қазақ қырық тоғыз руға бөлінеді. Рулар үш жүзге бөлінеді. Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүз. Сонымен бірге жүзге кірмейтін төре мен қожа, сунақ т.б. бар. Бата беру кезінде жүздік құрылым ескеріледі. Мысалы, Ұлы жүздің ақсақалы дастарқанда алғаш болып бата жасау жолына ие. Және де, әр жүздің рулары арасында ноқта ағасы аталған ру болады. Сол рудың ең жолы үлкен өкілі бата жасауға құқылы. Сондай-ақ қазақ ақсүйек деп таныған Шыңғыс хан тұқымы төрелер мен Мұхаммед пайғамбар тұқымы қожалар да өзіндік жол-жобасымен бата беруде басымдыққа ие. Қонып отырған қонақтар жас мөлшеріне қарай ең үлкені бата беруге тиісті. Мұндай үлкен адам болмаған жағдайда, көптің рұқсатымен жасы кіші бірақ жолы үлкен жас адамдардың бірі бата беруге құқылы. Жоғарыда атап өткеніміздей қазақ дәстүрі бойынша әйел адам бата бермейді. Топты әйелдің ортасында ер бала отырса, сол бата беруге тиіс болады. Бірақ әр заманда ел мойындаған әйгілі қазақ қыздары бата беретін дәстүр әредік ұшырасып жатады. Солардың бірі – қазақтың әйгілі ақын қызы, ҚР Халық жазушысы Фариза Оңғарсынованың жас жұбайларға берген батасы. Қазақтың өр мінезді ақын қызы жастарға мынадай бата берген екен:
Сезімнің пәктігін берсін, көңілдің ақтығын берсін,
Жылулы отбастарыңа сәбидің шаттық үнін берсін!
Пейілдерің тарылмасын, есіктерің жабылмасын,
Шаршап-шалдыққандар төрлеріңде дамылдасын!
Қазақ баласы әйел адамға бата беруді жарата бермегенмен, кейбір өлкелерде бата бергізу дәстүрі етек алып бара жатқанын байқауға болады. Мұны дәстүрдің біртіндеп өзгеретіндігімен түсіндіруге болады. Бата сондай-ақ көзі тірі адамдарға ғана емес, өлі аруақтарға да жасалған. Қазақ халқында салтқа айналған, аруақтарға құран бағыштау, яғни араб тіліндегі ұзынды-қысқалы аят сүрелерінен соң қазақша бата-тілек айту дәстүрі күні-бүгінге дейін мызығымас дәстүрге айналған. Яғни бұл өлі аруақтарға жасалатын бата болып саналады. Мысалы, мұндай баталардың бірі мынадай түрде айтылады:
Қазаң бір болсын, қайырлы, артың бір болсын шуақты.
Жарылқасын Жасаған, аруағың болсын қуатты.
Мамығың болсын, қара жер, жатқан көрің кең болсын.
Бағышталған Құраның, ахиретте саған дем болсын.
Бұл – расымен де өліге, аруаққа арналған бата. Қарап отырсаңыз, еш әбестігі жоқ, қазақ сөзінің құдіреті деген де осы болар. Қазақ – өліге құрметпен қараған, о дүниедегі өмір бар, аруақтың тірлікте жасаған ісі – бақида алдынан шығады деп есептеген халқымыздың таным-түсінігі осында жатыр. Жалпы алғанда батаны айтудың да өз реті, қисыны болатынын көреміз. Оның мәнісі – келін түскенде сол әулеттің ең үлкен қариясы немесе жігіттің әкесі бата береді. Өзге әулеттің немесе рудың адамына бата бергізуге бомайды деген ырым бар. Мұның өзі жас келінге кімнің кім екендігін танытудың басы болып есептеледі. Туыстық қатынастың иерархиясы бата беру кезінде қатаң сақталады. Сондай-ақ дастарқанға бата беру кезінде төрдегі ең жасы үлкен қарияға бұл рәсімді орындау құрметі ұсынылады.
Сондай-ақ қандай да бір істі бастар алдында бата беру кезінде жасы үлкен адамдардан өзге, сол істің шыңына жеткен шебер адамға жасының үлкен-кішілігіне қарамастан бата беру ұсынылады. Оның себебі: «Кімде-кім әлдебір істі немесе кәсіпті игеруді алғаш бастаған кезде сол істің шеберінен бата алса, соған тартып, батасын алған адам да шебер болады», - деген сенімде жатыр. Мысал үшін, ұсталықты меңгергісі келген адам, сол өңірге даңқы шыққан дархан ұстаға жол-жорасын жасап, арнайы бата сұрайды. Ұстаның беретін батасы көлемді де, жалғыз сөйлеммен де болуы мүмкін. Бұл – маңызды емес және ең бастысы – қалау мен ниетте. Осы тұрғысында фольклортанушы ғалым Халел Досмұхамедұлының мынадай пікірін келтіре кетелік: «...Қазақ қауымының арасында өз ісінің шын шебері, мәселен, би, ақын, зергер тағы сол сияқты табиғат сыйлаған дарын-өнерін басқа біреуге ақ батасы арқылы мирас етіп қалдыра алады деген сенім кең таралған. Сондықтан да осындай атаққа немесе өнерге ыңғайы, икемі бар жандар сол саланың даңқы шыққан атақты өкіліне аттанады. Және қайтсе де ол адамның көңілін тауып, оның ақ батасын алуға тырысады. Қазақ арасындағы әлдебір белгілі бір би немесе атақты ақын, аруақты бақсы немесе зергер ұст бәленшеге, түгеншеге өзінің ақ батасын беріпті, ақыл-өсиетін айтыпты, әне содан соң ол да атақты би, ақын, бақсы не зергер болыпты дегендей аңыз-әңгімелер орасан көп....»
Қазақ халқында әйгілі адамдардың аузымен айтылып, ғасырлар бойы ұмытылмай, халықпен бірге жасасып келе жатқан атақты баталар бар. Олардың мұндай ұзақ сақталуына ондағы тәлім-тәрбиелік өзек пен көркемдік, мәңгілік тұтастықтағы халықтық идея болмақ. Мұндай баталардың берген иесі де, оны алған адам да әдетте көбінесе – қазақ халқының тарихында үлкен орны бар, әйгілі адамдар болып келеді. Сондай баталардың бірі – Жәнібектің Жәнібекке батасы. Арғын ішіндегі Шақшақ атасынан тарайтын Қошқарұлы Жәнібек бір күні жорықтан келе жатып керей руының Бердәулет деген адамының үйіне тоқтайды. Сол күні Бердәулеттің әйелі босанып, ұл балалы болады. Бердәулет баласына ат қойып беруін өтініп, Жәнібек батырдың алдына құндақтаулы сәбиді әкеледі. Сонда шақалақты қолына ұстап отырып, Жәнібек батыр былай деген екен: «Уа, Бердәулет! Мына нәрестеге көңілім толып, көкірегім желпініп отыр. Өз атымды қояйын, келешекте дұшпанға боқтатпасын, жаманға даттатпасын!» - деп нәрестенің құлағына азан шақырып, үш рет: «Сенің атың Жәнібек!» - деп айтады да мына батаны берген екен:
Керей деген елің көп – ел айналар шешен бол.
Жағаласар жауың көп – жауға шапсаң есер бол!
Ел ішінде дауың көп – жұрт алдында көсем бол,
Шайқасқанда есен бол – жекеге шықсаң желденіп,
Жауыңның басын кесер бол!
Мінеки, Үш жүзге даңқы шыққан Шақшақ Жәнібек батыр өз атын қойып, бата берген жас сәби Жәнібек те ержеткен соң атақты батыр болып, абақ керей атты қалың елдің ортақ ұранына айналыпты, шешендігімен де ел есінде қалып, тарихтағы көп әйгілі Жәнібектердің соңы болғандықтан, «Ақыр Жәнібек» атаныпты. Қазақта бұрынды соңды, әйгілі адамдардың берген батасы көп. Әсіресе, өнер адамдарының бір-біріне берген баталары біршама екендігін білеміз. Жамбылдың, Бауыржан Момышұлының, Әзілхан Нұршайықовтың, Кенен Әзірбаевтың, Шәкір Әбеновтің т.б. ұлт тұлғаларының әр жағдаяттарда берген баталары елдің есінде, қағазда қаттаулы.
Қазақта сондай-ақ әдетте дәмге, асқа, тойға арналған баталардан өзге, өзіне берілген сыйды алғаннан кейін де айтылатын бата, сақтық батасы дейтін де баталар болатынын білеміз. Бұл аталған баталардың ішінде елдің есінде көптен бері сақталып келе жатқан сақтық батасы мен той батасының түрлері біршама көлемге ие. Біз төменде сақтық батасы туралы тоқталуды жөн көрдік. Сонымен сақтық батасы дегеніміз не?
Сақтық батасы дегеніміз – сонау көне замандардан бері келе жатқан, болашақтан үміт күту идеясы өзек болатын, оптимизмге толы батаның түрі болып септеледі. Бұл батаның ерекшелігі – алда болатын қауіп-қатерлерден, жаман қылықтардан, жайсыз мінездерден аулақ болдыруды, оларға жолықтырмауды Жаратқаннан тілейтін сарында болатындығы. Бұл баталар да халықтық және авторлық түрде болады. Сондай сақтық батаның бірі – Бауыржан Момышұлының батасынан үзінді келтірелік:
...Дозақтың отынан сақта,
Қаңғыған оқтан сақта,
Парақор соттан сақта.
Кірлі сумен жуыстан сақта,
Ынтымақсыз туыстан сақта,
Қара жүрек батылдан сақта,
Көк долы қатыннан сақта...
Бұл батада айтылғандардың бәрі пәнилік және бақилық ұғымдарды қатар қамтиды. Және бір тоқтала кетерлігі, мұндай баталарда сақтық мағынасымен қатар, осы айтылғандарға қарама-қарсы мәндегі, болашақтан күтер тілек, аңсар рәуішті жолдар да келе береді. Мұны Бауыржан Момышұлының осы батасынан анық аңғарамыз:
...Әйел берсең, әдепті,
Жанға тыныш жайлы ғып бергін.
Келін берсең, келісті ғып бергін,
Ағаш берсең, жемісті ғып бергін.
Тұлпар берсең шабысты ғып бергін.
Жомарт болсаң, елдің бәріне байлығы жетер табысты ғып берсін!
Осы айтқандарымның барлығын үйіп-төгіп бір-ақ бергін. Аллаһу әкбар!
Осы батаның мысалында көріп отырғанымыздай, қазақ баталарының көбісі эмоциялы, көбінесе шұбыртпалы ұйқас түрінде келеді де белгілі бір трафарет мәнді сөздермен басталады және аяқталады. Мұндай сөздерге әдеттегі эмоциялы мәндегі бұйрық райдағы тілек мағыналы сөздер жатады. Мұндайда әдетте: «Уа, Жаратқан ием, Құдірет – тілегімді қабыл ет!», «Ақ сақалды, сары тісті қария бол!», «Жағың түскенше, жамандық көрме!», «Бар бол, бар болсаң, бай бол!», «Алла-Тағала бақ берсін, ұзақ жас берсін!», «Дастарқандарың сәнді болсын, өмірлерің мәнді болсын!», «Үбірлі-шүбірлі бол!», «Қосағыңмен қоса ағар!», «Басың аман, денің сау болсын!», «Дастарқаның мол болсын, Қайда барсаң жол болсын, айтар батам сол болсын!», «Батам-батам батпасын, батам жерде жатпасын!» т.б. түрде бата қайырады. Бата қайыру – батаның соңын ала, эмоциялы мәнде аяқтауды білдіреді.
Бата берілген кездегі жұрттың ортақ әдебі – бата берушіге ұйып, ықыласпен тыңдау болып табылады. Бата берілген кезде сол іске тікелей қатысы бар, яғни бата алушы немесе дастарқан, іс-шараға бата берілер кезде осы іс-шараға жауапты немесе дастарқанның иелерінің бірі болып есептелетін жастау адамдардың бірі «Әумин!» - деп нақты бата берушіге немесе бата беруі мүмкін қариялар тобына қарап, қолын жайып, тізесін бүгіп бата тілейді. Міне, осы сәттен бастап бата беру басталады. Осы кезде барлық адам тыныштық сақтап, бата берушіні тыңдап, қолдарын жаяды. Бұл кезде адамдар артық-ауыс сөйлеуге, ас-су ішпеуге, күліп-жыламауға, өзге де істермен шұғылданбауға тиісті. Бұл бата беру кезіндегі әдеп болып саналады. Ал бата берушінің өзі де бата беру кезінде даусын тым қатты немесе төмен шығармауы керек. Сонымен бірге қол жайған жұртты жалықтырып, тым ұзақ айтып отырып алуына да болмайды. Бата – қандай да бір игілікті істің немесе бейбіт отырыстың басталуы мен аяқталуын білдіретін уақыт межесі және тәрбиенің көзі. Бата беру кезіндегі әдептің бірі – көп өңірлерде бата беріліп, ақсақалдар ауыз тиіп бастағаннан кейін ғана өзгелер дастарқандағы асқа қол созуы тиіс. Сонымен бірге, бата жасалмай тұрғанда дастарқаннан рұқсатсыз тұрып кетуге болмайды. Бұл – үлкен әдепсіздік саналады.
«Жаңбырмен жер көгерер, батамен ер көгерер», - демекші, қазақ халқында бата беру, бата алуды әрқашан өмірлік қажеттілік санаған. Яғни, бата-тілек сөздер қазақ өмірінің барлық кезеңін қамтиды және қазіргі ХХІ ғасырда да бұл үрдіс өзінің маңызын еш жойған жоқ. Бата-тілек сөздердің гуманистік идеясы тек қазақ халқына ғана емес, республикамызда тұратын сан түрлі ұлт өкілдері де жақсы біледі. Бата-тілек сөздердің Қазақстандағы татулық пен бірлікті сақтаудағы жағымды рөлінің өзі ерекше деуімізге болды. Сондықтан да бата-тілек сөздер күнделікті өмір-тіршілігіміздің баяндылығы, болашаққа деген арман-мақсаты ретінде қолданыла береді. Осыған орай, бата-тілек сөздердің тақырыптық ауқымы сан алуан деген болатынбыз. Оны біз батаның түрлі жағдаяттарға байланысты мазмұны арқылы айқындаймыз. Осыған орай бата-тілек сөздерді онда көтерілген тақырыбына қарай көптеген түрлерге бөлуге болатындығы байқалады. Бата сөздер жайлы пікір білдірген Мұхтар Әуезов, оларды діни салтқа байланысты өлеңдер түріне жатқызған болса, Халел Досмұхамедұлы батаны өнерлі адамдардың батасы және дастарханға, асқа берілетін баталар деп екі түрге бөледі.
Қазақ әдебиетінің қазынасындағы қазіргі бар бата-тілек сөздерді мағыналық, тақырыптық тұрғыда алуан түрлерге ажыратудың да өзіндік қисыны бар. Бұларды негізінен мынадай түрлерге бөлуге болатын сияқты: сәби өмірге келгенде берілетін баталар; үйлену салтына байланысты берілетін баталар; соғыс, жорыққа шығар алдында берілетін бата; әдепкі ас ішкеннен кейінгі дастарқанға берілетін баталар; мерекелік баталар; соғымға берілетін баталар; алғыс баталар; қарғыс баталар және т.б.
Қазақ өмірінің барлық кезеңі – той-думанмен көмкерілген десек, солардың барлығында бата-тілектер бірге қолданылып отырады. Ата-ананың көптен күткен қуанышы – бала өмірге дүниеге келгенде, жоғарыда Ер Жәнібекке Шақшақ Жәнібектің ата бергені сияқты, оған құлағына азан шақырылып ат қойылған соң, ер бала үшін ер балға арналған, қыз бала үшін қыз балға арналған бата беріледі. Баланың өміріндегі бұдан кейінгі бірінен кейін бірі келетін бесікке бөленуі, қаз тұруы, сүндет тойы, тілашары, оқуға кіруі т.б. барлық думанды рәсімдер батасыз өтпейді және берілетін бата да алуан түрлі болады.
Ер бала кәмелетке толып, ат жалын тартып ержетіп, қыз бала балиғатқа жетіп, бойжеткен соң олардың алдында ересектік дәуреннің, үлкен өмірдің ғұмыр бойына жалғасар жауапты кезеңі күтіп тұрады. Бұған халқымыз әдетте, жауапты қарап, жас ұрпақты ертеден дайындаған. Осы дайындықтан өткен екі жастың жұп құрап, болашақ отаудың түтінін түзету жолында көптеген салт-дәстүрлік рәсімдер орындалады. Мұның бәрінде де бата-тілектер арналады. Қызды ұзату кезінде атасы немесе әкесі, ол екеуі де жоқ болса, ауылдың аталас қариясы бата береді:
Барған жерде бағың жансын,
Бір Аллам назарына алсын.
Қосағыңмен қоса қартаюға жазсын,
Үбірлі-шүбірлі, дәнді-дәулетті бол! –
деген мағынадағы бата өзінің туып-өскен үйінің оң жағынан өзге үйдің босағасын аттайын деп, сәукелесін басына киіп, аттанып бара жатқан қалыңдыққа айтылады. Ал қалыңдық ұзатылып барған жерде қайнатасы немесе өзге де ұлы қариялар екі жасқа бата береді:
Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан – келген қадамың құтты болсын,
Қосақтарыңмен қоса ағарыңдар, жақтарың түскенше жамандық көрмеңдер!
Бай болыңдар, би болыңдар, би болмасаңдар – би түсетін үй болыңдар! –
деген сияқты ізгі тілектерін екі жасқа арнайды. Екі жастың қол ұстасып босаға аттағанынан бастап, үйлену тойына дейінгі барлық салт-жоралғылық рәсімдерде бата беріледі. Бұлардың қай-қайсысы болмасын, тәрбиелік-тағылымдық мәнге бай поэзиялық түйдектер – көбінесе жаттанды түрдегі фольклорлық туындылар болып келеді.
Батаның бір түрі – соғыс, жорыққа аттанып бара жатқан жауынгерге берілетін бата. Мұндай баталар сонау ерте замандардан күні кешегі Ұлы Отан соғысы, одан бергі Ауғанстанда әскери борышын өтеуге аттанған жауынгерлерге де берілген. Осындай баталардың анық мысалы – қарт жырау Жамбылдың баласы Алғадайды соғысқа аттандырып тұрып берген батасы:
Атаңнан бата ал, балам,
Алшайып атқа мін, балам.
Ақ сақалым желбіреп
Артыңнан қарап мен қалам, -
деп басталатын «Аттандыру» атты өлең – әкенің ұлына айтқан аманаты, өсиеті болып табылады. Өлеңде әкенің балаға деген махаббаты, отанды, елі мен жерін қорғауға аттанып бара жатқан жауынгерге деген сенімі, ең бастысы бұл жырла жан алысып, жан беріскен, ер етігімен су кешер қан майданда қасекі жаумен тайсалмай шайқасып, намысты қолдан бермеуге шақырған қазақы ерлік рух, өр намыс жатыр:
Абыройға ие бол,
Ағат баспа бір қадам.
Атақ берген атаңа
Ел қадірін біл балам!
Ел ерлігі, ел бірлігі
Сынға түскен бұл заман
Бұл да болса, өліммен бетпе-бет кездесуге аттанып бара жатқан жауынгер үшін көңілге медеу, қайраттандыру екені анық. Жауынгер де белін бекем буып, отбасы, туған жері мен елі, отаны үшін отқа түсуден тайынбайтын өр рухты бойына жияды.
Баталардың тағы бір түрі – дәстүрлі той-мерекелерде берілетін баталар. Мұндай баталар да көбінесі жаттамалы мазмұнда болып жатады. Өйткені, жыл сайын қайталанатын дәстүрлі той-мерекелерде атақарылатын рәсімдер мен оның өту барысы бірсарынды болады. Мұндай мерекелердің бірі, мысал үшін – Наурыз. Қазақ жерінде парсылық, түркілік мәнердегі Наурыз бен Көрісу амалы бар. Екеуі де Ұлы Далаға жаңа жыл келуі құрметіне орындалатын салт-дәстүрлері бар мереке. Наурыз бата – наурызға арнап арнайы сақталған сүрі қосып асылған көжеге берілетін бата.
Наурыз құтты болсын,
Ұлыс оң болсын,
Қайда барсаң жол болсын! –
деп айтылатын Наурыз батасын елдің абыз қариясы беруі тиіс. Наурыз мерекесінде жастар жағы үлкендерге сәлем беріп, батасын алуға тырысады. «Наурыз көже» ішіп, ағайын-туыстың басын қосып, бір-бірінің үйлеріне барып ізгі тілектерін арнайды. «Наурыз бата» жыл сайын түркі халықтарының жаңа жылында айтылумен келе жатыр.
Қазақтің өмір-тіршілігіндегі күрделі де маңызды кезең – қыс. Қыстың қамын жазда ойлаған қазақ қауымы күздің соңы, қыстың басын алатын соғым сою науқанына кіріседі. Соғым сою – бір отбасының қолынан келе бермейтін күрделі жұмыс болып есептеледі. Сондықтан, соғым союға ағайын-туыс, көрші-көлемдер асарлатып, жұмысты бірден қыздырып әкетеді. Соғым сояр алдында, соғым малын арқан-жіп тағып, аулаға алып келген сәтте ауылдың, әулеттің жасы үлкен қариясы арнайы бата береді:
Соғым шүйгін болсын!
Қазаның тоқ болсын, көйлегің көк болсын!
Дастархандарың тоқ болсын,
Уайым-қайғың жоқ болсын,деп бата беріледі.
Ақадал малыңның соғымы бұйыртып жегізсін, әумин! –
деп бата беріледі. Соғымның бұйыртып жегізуі, шүйгін болуы, осы асты бірге дәмдес болып, бөлісіп жейтін ағайынның амандығы, заманның тыныштығы – бәрі де батаға арқау болады. Бұл таза шаруашылық-маусымдық батаға жатса, діни салт-жоралғыларға қатысты айылатын баталар да бар.
Қазақ өміріндегі діни салтқа қатысты баталардың бірі – жарапаза батасы. Жарапазан (жарамазан) әдетте дінмен байланысты болып келгенімен, оның шығуы ислам діні келген кезеңде көбірек дами түскені байқалады. Жарамазан айту – үлкендер мен балаларға тән. Жарамазанның құрылысы – басы хикая, соңы алғыс, рақмет болып келеді. Жарапазан – есте жоқ ескі замандарда Тәңірін мадақтауға арналған мақтау жыр болған. Тәңірінің құрметіне бата тілеу арқылы үй иелерінің көңіліне шуақ ұялататын болған. Жарамазан деген сөздің өзі «жар» және «рамазан» деген екі сөздің қосындысы. Яғни келіп жеткен рамазан айын насихаттап, жар салудан шыққан мадақ жыр, жарасымды тілек-бата. Жарамазанның жаттанды баталары үй иелерінің құлағына жағымды. Себебі, айтушы бұларға байлық тілеп тұр. Мысал үшін айтушы батагөй былай деп жырлайды:
Жарамазан айтамын есігіңе,
Қошқардай қос ұл берсін бесігіңе
Қошқардай қос ұл берсе бесігіңе,
Құдайдың бергені ғой несібеңе.
Жарамазан айтушының тілегі қабыл болады деп сенген халқымыз, оған қолында бар тамағын, азық-түлігін ұсынатын болған. Жарамазан батасын айту – қазақ әлемінің әр түкпірінде қазірге дейін бар. Жарамазан немесе жарапазанды кезінде ел кезген диуаналар да айтқан. Олардың орындау шеберлігі өзгеден ересен жақсы болуы – жұрттың азық-түлікті көбірек беруіне негіз болатын да жағы болған.
Қазақ халқының күнделікті өмір салтында, әдет-ғұрпында күні-бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатқан баталардың бірі – асқа берілетін бата. Асқа берілетін бата. Аты айтып тұрғанындай, асқа берілетін бата ас алдында және астан соң берілетін арнайы бата екендігі жоғарыда айтылған болатын. Асқа берілетін бата – қазақтың күнделікті өмір-тіршілігіне тән қажеттіліктерге құрылады. Мұнда да әдетте кіршіксіз мораль мәселесі ескерлігендігін көреміз.
Жарылқа, Аллам, қабыл ет,
Жарылқаудың қамын ет.
Атақ-абырой, бақ-дәулет,
Қызыр дарып, бақ қонып,
Не тілесең, соның бәрін қабыл ет.
Асқа берілетін бата – үй иелерінің жайған ақ дастарханындағы ақ дәміне рақмет, айту, осы бір жақсы қалыптан ешқашан таймауына, бақыттарының баянды болуына тілетестік білдіру мазмұнында болады. Асқа берілетін баталардың сан алуан мазмұндағы түрлері – қазақ фольклорында ұшырасады.
Бата-тілек сөздер – құрылысы мен көркемдік сипаты тұрғысынан поэтикалық бірлік ретінде қарастырылады. Онда көңіл күй, образдылық, шешендік, философиялық түйін бар. Поэзиялық ұйқас пен қарасөздің аралас келуі арқылы поэтикалық түйдек пен ақ өлеңдік құрылым нышаны да байқалатын бата-тілек сөздердің көркемдік ерекшелігіне де мән берген дұрыс болмақ.
Бата-тілек сөздерді еш мінсіз, көркемдіктің шырқау шыңы деп атаудың жөні болмаса да, ондағы поэзиялық көркемдікті сезінбеу мүмкін емес. Бата сөздердің ішінен небір тамаша түйіндер, толғамдар, оның ішінде көркемдеуіш, бейнелеуіш сөздер: эпитеттер мен теңеулер, метафоралар, әсірелеу, шендестірулерді кездестіруге болады.
Махаббаттарың Айнакөлдей тұнық болсын,
Сезімдерің теңіздей терең болсын!
Армандарың Алатаудай асқақ болсын,
Көңілдерің теңіздей шалқар болсын!
Мұндағы эпитеттер мен теңеулер – батаның поэзиялық сипатын, көркемдік биіктігін танытады. «Теңіздей терең», «Алатаудай асқақ», «Айнакөлдей тұнық» т.б. теңеулер – ұлттық танымның көкжиегіндегі бейнелі де әсерлі қолданыстар.
Азамат туы ар болар,
Әділдік соған нәр болар.
Жадыңа тұтсаң осыны –
Жақсылық саған жар болар.
Досына құшақ жайғанның -
Қасының жолы тар болар.
Бата сөздер сәтімен оралған әсерлеуге, бейнелеуіш сөздерге құрылады. Бата сөздердің әсерлілігін арттыру үшін онда антонимдер мен омонимдер, синонимдер де, қайталаудың түрлері де барынша қолданылады. Мына бір бата сөзге мән беріп көрелік:
Жақсы-жаманды көріп бақ.
Бар мен жоққа көніп бақ.
Ащы-тұщыны татып көр,
Тайыз-тереңді батып көр!
Бата-тілектер – тапқырлық пен шешендіктің тамаша үлгісі. Бата-тілектерді айтқан кезде басты назар ондағы поэзиялық шумақтағы бунақтың санына, ұйқастың мінсіздігіне, бунақтың жіксіздігіне емес, сөздердің ішкі мағынасына, әсеріне басымдық беріледі. Сондықтан батаның көпшілігін терме түріндегі ерікті ұйқасты айтылымдар деп атауға болады. Аралас және ерікті ұйқасқа құрылған бата-тілектерді айтуда дауыс ырғағы (дикция) біршама маңызға ие.
Бата-тілек айтуда алмастыру, меңзеулер де орнымен жиі қолданылады. Мысал үшін, сапар батасында мынадай жолдар кездеседі.
Жортып бір жортып жеткенде,
Жомарт болып төсегің.
Қазақ ишаралап сөйлеуге келгенде, ешбір халықтан артық түспесе, кем түспеген. Бұл жерде батадағы «жомарт болсын төсегің» деген жалғыз сөйлемде алыс сапардан оралғанда әйелің бала тауып қуантатын болсын т.б. деген сияқты қуанышты ұғымдар сыйып тұрғаны анық.
Оң жағыңа қарасаң,
Алтыннан терек орнасын!
Сол жағыңа қарасаң,
Күмістен терек орнасын!
Мұндағы эпифоралар арқылы батаның көркемдігін барынша арттыра түскендігін көреміз. Айтылар сөздің екпіні «терекке» немесе «орнасынға» түсуі арқылы ой нақтылана түседі. Сондай-ақ бата-тілек сөздерде өзге бір айтулы тұлғаға ұқсауын тілеу тұрғысында нышандаулар молынан ұшырасады. Мысалы, дастарханға берілер батада мынадай айтылымдар бар:
Әуелі құдай есен ет,
Жиреншедей шешен ет,
Атымтайдай көсем ет,
Лұқпандай береген ет.
Мұнда шешендіктің символы Жиренше болса, Атымтайды көсемдіктің, Лұқманды берегендіктің символы ретінде алып отыр. Әсірелеудің, гиперболаның, литотаның небір түрлері бата-тілек сөздере бар:
Тасқа тары өнгенше,
Таршылық көрмеңдер.
Мұзға бидай өнгенше,
Мұңшылық көрмеңдер!
Бата-тілек сөздерде портреттер мен пейзаждар да аз да болса, кездесіп отырады. Фариза Оңғарсынованың қыз балаға берген батасында мынадай портреттік жолдарды көреміз:
Талдай бой берсін
Сұңғыла ой берсін,
Жаздай жамал берсін,
Қардай жанар берсін!
Бата-тілек сөздерде алғыс пен қарғыс сөздердің мағынасын құбылтып, мидай араластырып жіберу де көркемдіктің бір көрінісі. Мұның дәлелі – «жағымды қарғау». Мұндай бата-тілектің түрі қазақ дәстүрінде жиі кездесіп жатады және бата-тілек арналушыға бата берушінің ниеті оның арман-аңсарына, мұрат-мақсатына сай бағытталады. Мысал үшін, мынадай түрде болуы мүмкін:
Үйіңнің сыртынан топыр арылмасын,
Келеңнен соқыр арылмасын!
Етегің баланың несебіне шірісін!
Етігің аттың теріне шірісін!
Өрістегі малыңның санынан жаңыл,
Жүзге жеткенде жасыңнан жаңыл.
Қарап отырсаңыз, мұндағы «қарғыс сөздердегі» ұғымдардың тонын айналдырар болсаңыз, кіл өңкей жағымды тілектер екендігіне көзіңіз анық жетеді. Бата-тілек сөздерді қазақ ортасында өзінің бар бояуымен, тіл шұрайымен, орнымен қолданып, тыңдағанның құлақ құрышын қандырып, санасын сергітер баталы қариялар қазіргі күні де әр өңірде бар дегенімізбен, кейбір жасы үлкендеріміз бата-тілекті ішімдіктің тостысы немесе баяндама тәрізді пышыратып, сөз қадірін кетіріп жататындығы да қоғамымызда жиірек ұшырасып жататыны бар. Бірақ, қалай десек те қазақ халқының рухани әлемінен бата-тілек сөздер еш арылмайтындығы, ұмытылмайтыны анық. Бата берудің белгілі бір өнегелік өлшемі жоқ дегенімізбен, мектеп оқушыларын жастайынан бата беруге, тілек сөздерді айта білуге баулуға әбден болады. Мұның өзі мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні арқылы жүзеге асыруға болатын үрдіс.
Қорыта айтқанда, қазақ бата-тілек сөздері – тұнып тұрған көркемдік. Бата сөздердің осы қасиетінің өзі оның қадірін арттырып, өміршең ететін үрдіс болып табылады. Бата-тілек сөздер қазақ халқының ой-қиял биігінің өлшемі, көркемдік-эстетикалық әлемінің бейнесі, эмоционалдық әсерленудің көрінісі, философиялық ойлауы мен шешендігінің, мынау ғаламды танып білуінің көрсеткіші болып табылады. Осы ретте белгілі ғалым, қоғам қайраткері Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың мына бір сөзін келтірген дұрыс деп білеміз: «Қазақтың тілі – аса бай тіл, икемді тіл. Орамын, бұрамын тауып, қиысымын, орайын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға, тас қашап, текемет оюға да болады-ау. Бұл тілден май тамады десе де сыяр. Халықтың тіліне, жырына құлақ салсаң небір алуан шекер-балдай татитын нәріне, әріне әсте тоймайсың. Ғашықпын, қазақ тіліне! Осындай майса сұлу тілді қалай өгейсітуге болады». Иә, қазақ тілі – барынша бай тіл. Қазақ тілінің көркемдігін, нәрлілігін біз бата-тілек сөздер арқылы қарастырдық. Бата-тілек сөздердің мағыналық түрлері, көркемдік ерекшелігі мен қолданысы туралы кеңінен тоқталдық. Бата-тілек сөздер біздің қазақ тілінде ғана емес, туыстас түркі халықтарының көбінде, сондай-ақ көшпелі монғол, қалмақ халықтарында да бар екендігі туралы айтылды. Еуропа мен Азияның көптеген халықтарында ескі заманның қайта оралмас фольклорлық көнелігіне айналған бата-тілек сөздердің ХХІ ғасырдағы сақтаушысының бірі де бірегейі қазақтар екендігі – шынайы мақтаныш. Қазақ бата-тілек сөздері халқымызбен бірге жасай бермек.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.