20-30 жылдардағы қазақ совет әдебиетінің сыны формалық та, мазмұндық та, тіпті қай жағынан болмасын, көбімізге көпке дейін қораштау көрініп келгені рас. Дәлірегінде, ұғымымызға солай орныққан сияқты. Бұлай болуы бір себептен заңды ма дейсіз. Өйткені әдебиетіміздің сол кезеңдегі кейбір прозалық, поэзиялық туындылары әр жылдары қайта басылып, барына қарай баға беріліп отырса, сын жанрына мұндай мүмкіндік туа бермеді. Екіншіден, қолымызға түскен ескі баспасөз беттерінен оқыған сын мақаланың көбі көркем шығарманы жан-жақты талдап беруден көрі жалаң баяндау мен мазмұндауға, не біркелкі даттауға, даттағанда авторының жеке басын қосақтай мінеуге, т.б. келеңсіз, керексіз жайларға үйір болғанын көрер еді. Дегенмен, сол жылдардың өзінде әдебиетті әлеуметтік өмірмен терең байланыстырып немесе әдебиет арқылы әлеуметтік байсалды ой түйіп, нағыз әдеби сынның үлгісін жасауға ұмтылған парасатты ой иелері қадау-қадау бой көтере бастаған екен.
Жүсіпбек Аймауытовтың 1923 жылы Лениншіл жас журналының 5-нөмірінде жарияланған төмендегі мақаласы да шынайы сынның нағыз үлгісі болса керек.
Мақаладағы кейбір сөз, атау, аты-жөндер қазіргі орфография бойынша көзге басқаша көрінуі мүмкін. Алайда оның өзін тарих деп түсінген жөн.
Мағжанның ақындығын сынауға біліміміз, күшіміз кәміл жетеді деп айта алмаймыз; толық сынау үшін оның алды, артын орап, өрісін арылтып шығарлық сегіз қырлы, негізді білім керек.
Кеңінен толғамай, шұғылдан істелген жұмыс өңсіз, үстіртін болмай тұрмайды. Мағжан өлеңдерінің егжейтегжейін, ноқатын, тәститін қалдырмай тәптіштеп қарап шығуға көп уақыт, көп дерек (материал) керек; ақынның ақындығын үстінен қарап топшыламай, ішіне кіріп зерттеу (изучать ету) керек. Бұл жағынан да емін-еркін бола алмадық.
Мағжанды тексергендегі тағы бір қиыншылық мынау. Қандай өнерпазды, ақынды, данышпанды болсын, өз заманының сыншылары әділ көзбен қарап, баға беру шетін нәрсе. Заман сыншыларының бүйрегі не олай, не бұлай бұрып кетпей тұрмайды. Талай таланттардың, талай жақсылардың қадірін жұрт өлген соң біледі. Алтынның қолда барда кәдірі жоқ де-гендей. Замандастар, тұстастар әділ болу қиын, өйткені не заманнан қаймығады, ақынды заман өлшеуішімен өлшейді: сыншылардың көбі не ақынды жақтаушылар, не жамандаушылар, не бықсыған күншілдер, не сол ақынды ат қылып мі-ніп алып, әбүйір-атақ іздеп, көзге түсем деушілер болуға мүмкін. Біз де сол көптің біріміз. Не заманға күйлеп, не басқа бір мақсатпен бір жағынан ағып өтіп жүрсек, ғажап емес. Міне, сондықтан біз бұл баяндамамызда Мағжанның бар табысын толық тексеріп, жете сынап, ұшығына шыға алмаймыз (таза зерттеу үшін баяндама жетпейді, аз болса қалыңдығы бір елі кітап жазу керек болады). Бұл баяндаманы Мағжан сөздері туралы азды-көпті көңілге перне түсіріп, пікір алысу деп қарау керек.
Әйтсе де мұндай баяндамалар пайдасыз да болмайды. Орыстың Пушкин сынды, Гоголь сынды ақындары бар заманда, атақты социалистический сыншы Белинский әлі орыста әдебиет жоқ деп қайғырған. Әдебиет сынмен көркейеді. Бәйгеге қосатын атты жаратып, құйрық-жалын сүзіп жіберсе, көрікті болып жұтынып шығады. Әдебиетке сондай күтім, сондай сын керек. Әсіресе әдебиетті сынау біз сықылды жұртқа керек, үйткені бізде әлі жөнді әдебиет жоқ, бар болса – балапан, буыны бекіп, бұғанасы қатқан жоқ, әдебиетті тәрбиелей, мәпелей білсек, біздің де ақындарымыз санатқа қосылады.
Мағжанның өлеңдерін аса құнттап, бұлдап, шарыққа шығаратын мағжаншылдар да бар; іске алғысыз қылып өртеп жіберу керек дейтіндер де бар; қысқасы, Мағжанның қасы да, досы да бар; мақтаушылар нені біліп мақтап жүр, жамандаушылар не үшін жамандап жүр? Оны тексеру біздің мақсатымызда жоқ. Біз шамамыз келгенше Мағжанға сын көзімен қарағымыз келеді. Сын көзі дегенде, біз ғылымның жолын тұтынуымыз керек. Мәдениетті жұрттар жазушыларын, ақындарын қай жолмен тексеріп сынаса, біз де сол жолды қолдануымыз керек.
Ғылым жолы да әр түрлі:
Дүниені рух билейді, тарихты әлеумет емес, жеке адамдар, да-нышпандар туғызады, әуелі – рух идея (пікір) жүру керек; дене, зат (материя) – рух пен идеяның құлы дейтін идеализм жолы бар. Бұл – Гегельдің жолы. Гегельдің жолын қолдансақ, жеке адамды өлгенше дәріптейміз, әлеуметтен де басшыға артық мағына береміз, ақын, ілім, өнер не тілесін, не шығарсын, әлеуметті теріс жолға бастасын, олай жазбадың, бұлай жаздың деп мін таға алмайтын боламыз; ендеше, ол жолды біз тұтына алмаймыз.
Біздің ақынды тексергенде қарайтын тұрғымыз: идеализм емес, материализм, марксизм мұнарасы болу керек. Өмірге, тұрмысқа, шындыққа қабысатын тура жол – Маркстың жолы. Бүгінде Маркстың жолын, белін басып, Гегельдің етегінен ұстай алмаймыз. Егер олай етпекші болсақ, онымыз не желөкпелік, не болмаса тарпандық болып шығар еді.
МАРКС НЕ ДЕЙДІ?
Бәріңізге мәлім: Сананы, пікірді тұрмыс билейді дейді. Бұ-рынғылардың тұрмысты сана билейді деген пікірін Маркс мансұқ еткен. Марксше, қандай адам болсын, мейлі асқан данышпан, мейлі терең ғалым, мейлі көмейі жоқ ақын – бәрі де өз заманындағы әлеумет қатынастың, өз табының жемісі, өз ортасының ұлы болу керек. Әлеумет әсері тимейтін, әлеуметтен құрық алып шығып кететін ешбір адам болмақ емес. Олай болса, ол заманның ақыны сол замандағы әлеуметтік тұрмысы мен әдет-ғұр-пымен, мақсатымен, рухымен, салт-санасымен суарылып, әлеуметімен біте қайнап өсіп шықпақшы.
Ақын қандай әлеумет ортасында туып, қандай ортада жүріп, тәрбие алды? Қандай тұқымнан, қандай таптан жаралды? Оның пікірі де сол әлеуметтік құрылысына байланысты. Әлеумет құрылысының негізі не? Негізі – адамның тіршілік ететін кәсібі, шаруа түрі. Шаруа түрі деген сөзді түсінікті қылып айтсақ, бір әлеумет аңшылықпен, екiншiсi бақташылықпен, үшіншілер диқаншылықпен, төртіншілер фабрик-завод кәсібімен күнелтеді – міне, шаруа түрі деп осыны айтамыз. Әрине, бір жұрттың шаруа түрі түгелімен бір-ақ түрде бола бермейді, кейде мал бағумен, егін салу аралас; кейде егіншілікпен өндіру кәсібі аралас болатын жұрттар бар. Бірақ әлеуметтік шаруа түрі деген де, көпшіліктің кәсібін еске алу керек. Мәселен Ресейді диқаншы мемлекет десе, қазақты мал бағушы халық деп айтамыз.
Адамның пікірі қай уақытта өзгереді? Әлеумет құрылысы, әлеумет ортасы өзгерсе. Сонда әлеумет ортасы қашан өзгереді? Әлеуметтік шаруа түрі, күнелту кәсібі жаңа қалыпқа түскенде өзгереді. Мәселен, қазақтың шаруа түрі мал бағудан шығып диқаншылыққа, не кен қарау, фабрик, завод кәсібіне айналса, қазақтың бүгінгі әдет-ғұрпы, салт-санасы мүлде өзгеріп кетеді.
Шаруаның билемейтіні жоқ. Әлеумет ішіндегі адамдардың өзара қатынасы да содан туады. Әлеумет түгіл, үй ішінің де, ерлі-зайыпты адамдардың тұрмыс-жайы да шаруаға тіреледі. Шаруа түрі ел билеу жұмысына да, саясат құрылысына да ықпал жүргізеді. Дінді, дүниені қалай ұғыну, өнерлі, ғылымды болу-болмау, салт-сана түрі – бәрінің бас иетін қожасы – шаруа.
Олай болса, әр адамның – әр ақынның өрісі: бірінші – заманға, екінші – туып, өскен әлеуметіне, үшінші – нәсіліне (тұқымына) байлауы. Ақын ерікті-еріксіз өз заманының тонын кимеске, өз әлеуметінің мұңын жоқтамасқа, тілегін орындамасқа әдді жоқ.
Өзгелерден көрі әлеуметтік мұңын баса жоқтайтын ақын болуы керек, үйткені ақын қарапайым тырна қатар топас мүшесі емес, өзгелерден сақ құлақты, сезгіш жүректі, сара ақылды, өткір қиялды мүше. Ақын өзгелердің сезбегенін сезеді, көрмегенін көреді, ойламағанын болжайды, тілі жетпегенін айтып береді. Әлеуметтің, өз табының қатарға кіріп ер жеткені, кейін қалып, кер кеткені өзгеден көрі ақынға артығырақ батады, ақынның жүрегі өзгеден гөрі көбірек толқиды, көбірек толғанады. Өзгелер салқын қанмен қарайтын нәрсеге ақын күйіп-пісіп қалады.
Көл қорыған қызғыштай, Ел қамын жеген Едіге-мысып ақын куә болып жүргені. Күшті ақын – әлеуметінің тіл қамшысы, сайламаса да, табиғатымен сайланып шығарылған уәкілі, мұңын-зарын айтқызатын елшісі. Өз әлеуметін, өз табын ілгері сүйреуге, көтермелеуге, демеуге күшті ақындардың әсері тиген, әлі де тимекші.
Луначарский айтады: Юнан жұртында Солонның данышпан атағы шыққандығы халыққа жағымды заң шығарған-дығымен де емес, күшті элегия – поэма жазып жұртқа әсер берген ақындығымен еді, – дейді. Ақынды пайғамбарға теңеген сөз ежелгі Рум жұртынан қалған. Ақындар өздерін пайғамбарға, періштеге, әділ қазыға теңеп сөйлесе, онысында шындық жоқ, бекер деуге болмайды, бір шақадай болса да шындық бар.
Ақын бір жағынан өз табының, әлеуметінің жоғын жоқтап, мүддесін көксеп жүрсе, екінші жақтан оның бір артықшылығы өзгеден тәжірибешілдігінде, өзгеден өмірді анық, жете білуінде.
Өзі өмірді анық, жете біліп, өзгелерге жөн сілтеп, қараңғыны жарық, бұлдырды ашық көрсете алмаған ақын – ақын емес. Сондықтан ақын жалғыз ғана таптың пайдасын көздеп, сойылын соға бермейді, өмірді анық танып, кемшілікті түгел көріп тұрған соң, ақын кейде тап көлемінен шығып, жалпы шындыққа, жалпы адам баласының қамына да құлаш ұрып кетеді. Кейде көңілдегі ойы шықпай, басқа нәрселерге де көшіп кетеді.
Луначарский айтады: Ақын бірнеше таптың, бірнеше топтардың елегінде болуға мүмкін. Ақын тетігі көп машина тәрізді. Тургеневті ақсүйектердің ақыны, солардың уәкілі деуге бола ма? Болмайды. Тургеневтің тұсындағы барып тұрған ақсүйектер адам құлданып, құлдың еңбегін жеп, дәурен сүргенді дұрыс деп білетін еді. Тургенев мұжықты құлдануға қарсы болды. Ол туысы ақсүйек болса да, еркіндікті сүйетін ақсүйек еді. Ақынның кім екенін ұғу үшін оның шығармаларын тексеріп, зерттеу керек. Зерттесек кейде бір тап емес, әлденеше таптың мүддесін көксеген ақындарды да табамыз.
Нағыз сырлы әдебиет бар. Мәселен Лермонтовты, Шекспирді алсақ, олар бір белгілі үгіт айтқан ба? Таптың жырын жырлаған ба? Жоқ, оларға сырлы, көркем сөз шығару, айқын перне түсіру мақсұт болған. Олар бір әдемі суретті, болмаса адамда болатын бір сезімді, болмаса белгілі адамдардың жанында болған тартысты алады да, қиялына келген нәрсені суреттейді.
Міне, ақынға тарайтын Маркстың, марксшілдердің көзі осы. Ақынның пікірі, ақынның сөзі әлеуметіне байлаулы. Ақын әлеуметтің жасап шығарған құралы болса, Мағжан да өз әлеуметінің ұлы екен ғой. Мағжанды жасап шығарған әлеумет қандай? Соны қысқаша шолып өтейік.
Бәрімізге белгілі, Мағжанның туып, өскен, тәрбие алған әлеуметі – қазақ. Мағжан тұсындағы қазақтың әлеумет құрылысы қалай еді? Ата, анаға, ру-руға бөлініп, руды ақсақал би, болыс, тілмаш билеген, орысша айтсақ, патриархат құрылыс еді. Арғы заманда қазақ еркін жүріп, ен жайлап, өзінен шыққан хандары, батырлары, билері, шешендері болып, онда да бір кісінің аузына қарауды әдет қылды. Жан-жағынан жау қысып, ішінен ала ауыздық шығып, қазақ берекеден айрылып орысқа қарады. Орысқа бағынғанмен де қазақтың бұрынғы әлеумет қалпы өзгере қойған жоқ, әлі де хандардың, билердің аталы ауылдың тұқымы билейтін болды. Солар – дуан бас, со-лар – советник, солар – қазы, солар – болыс, би болды. Олардың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс”, қарсы келер, бас көтерер жан болған жоқ. Қарабұқара, кедей сөзге, қатарға алынған жоқ. Әлеуметшілік, жұртшылық деген нәрсе болған жоқ. Елдің тағдырын ру басылар, ақсақалдар, болыстар кесіп-пішті. Әлеумет құрылысы өзгерген жоқ: қазақтың кәсібі, шаруа түрі мал бағу болса, әлі де мал бағуда келе жатты. Кәсібі мал баққан, әлеуметі ру басыға бағынған жұртқа тап жігі, байлар, кедейлер табы деген нәрсе ашық болмайды.
Міне, Мағжанның туып-өскен ортасы, ұяда көргені осы.
Мағжан бала кезінде ел ішінде есейген соң шетке барып, Үпідегі (Уфа ред.) татар медіресесі Ғалияда оқыды. Міне, Мағжанның екінші тәрбие-тәлім алған дүкені. Медіресе Ғалияның оқытушылары Мысырдан, Стамболдан оқып шыққан татар зиялылары болған. Өздері ыслам бұлағынан су ішіп, мұсылманшылдық, түркішілдікпен уланған татар оқытушылары шәкірттерін де сол рухпен тәрбиеледі. ¦лтшылдық, түрікшілдік, қала берсе ысламшылдық туын көтеріп, медіресе “Ғалия” өз заманында қазақ, татар, башқұрт, уақ ұлттардың жасына недәуір сезім кіргізді. Руссия қол астындағы түркі баласын оятып, жауыз патшаның арамза саясатына қарсы тұрғызбақ болды. Бұратана атанған уақ ұлттарға ондай сезім, ондай ояным, әрине, тұрмыстың туғызған нәрсесі еді. Патшаның отаршылдық, озбырлық саясаты кімнің болса да арқасына аяздай батты. Қазақтың жерін тілгілеп, келімсек мұжықтарға аударып әпере бастады, тілін бұзуға, дінін бұзуға ауылнай, школ, миссионерлер таратты, әдет-ғұрпын, салт-санасын өзгертіп, орысқа бас игізуге жаңа закон, мировой судья, крестьянский начальниктер шығарды. Қазақты ішінен тоздыруға сайлау (штат) деген шырға тастап, өзді-өзін жұлыстырды, қырқыстырды. Полиция, стражник, урядник, казак-орыстың қамшысы қазақ даласын жайлады. Қазақтың бұрынғы елдегі берекесі кетті, партияға кіруге, азуға, тозуға айналды; ұлыққа жағынып, шен алуға, кектескен жауын мұқатуға ел билеген жуандардың аяған құралы болған жоқ. Өтірік, өсек, шағым, ұрлық-зомбылық, айдату, байлату қабындады. Партияның оң көзі боламын деген соғылғандар тыңшылыққа жазылып, елдікті, жұрттықты шен, шекпенге сатты. Қазақтың басына туған осындай қара күндерді көзі қарақты азамат көрмеске, сезбеске, қайғырмасқа болмады; көрді, қынжылды, жанға батқан соң ашынды, ұлт сезімі ояна бастады.
1905 жылғы өзгерістен былай қазақтың қамын ойламаймын деген азаматтар ұлт мұңын сөйлеп, ұлт мәселесін қолға ала бастады.
Ол өзгерістің арты государственный думаға уәкіл жіберуді шығарды. Қазақ азаматтарының бас қосуына, мұңын сөйлеуіне аз да болса еркіндік берілді. Қазақ баласын оқуға беруі көбейді, қазақтың баспасөзі, газет, журналдары шыға бастады. Қазақтың жақсы боламын деген жасы ұлтшылдық сезіміне жабысуға айналды. Міне, сол жастың біріне Мағжан да қосылады.
Медіресе Ғалиядан шыққан соң, Мағжан орыстың учительский семинариясында оқиды. Бұл 12-13-ші жылдың шамасы болса керек. Ол орыстың әдебиетімен танысып, солардан үлгі ала бастады. Ол кездегі орыстың әлеумет құрылысы, ескі ақсүйектер дәуірі шөгіп, капиталистер дәуірі үстемдей бастаған дәуір еді. Көпшілік құл есебінде саналып, өмірге жеке адам қожалық еткен заман еді. Орыстың жақсы деген зиялылары патша өкіметіне қарсы болып, қара бұқараны жақтап, бұқарашылық туын көтерген шақ еді. Капиталға негізделген әлеуметте кім пысық, кім қунақы, кім өнерлі, кәсіпшіл болып сауда қылса, фабрик, завод жүргізсе, жердің жүзін шарлап, ысылып, көпті көрсе, сол қара бұқарадан мойны асқан үздік болып саналған. Сауда капиталының дәуірлеу себебінен Колумб Американы тапқан, сауда капиталы математика ғылымын күшейткен. Сауда мәдениеттің, пәннің, әдістің, техникалық өркендеуіне Архимедтің баққаны тәрізді ықпал жүргізген. Саудагердің алапаты өзгеден артқан, буржуйлар табын тудырған, адамға табыну, адамға бас ию, өзімшілдік сықылды пікірді майданға шығарған. Сондықтан капитал дәуіріндегі ақындардың, жазушылардың көбі дарашыл (индивидуалист) болған. Әлеуметті былай қойып, жеке адамды суреттегіш, кейіпкер (тип) шығарғыш болған. Мағжан орыс әдебиетімен таныс болған соң Шекспир, Гейне, Гете, Байрон, Пушкин, Фет, Бальмонт, Максим Горький, Александр Блок сынды жеке адамды дәріптегіш, дарашыл ақындарға мүрит болған, солардан тәлім алып соларға еліктеген. Ол ақындардың бәрі идеализм жолын тұтынған болатын.
Бір жағынан үй іші – әкеге, әлеумет – ру басыға бағынған, тапқа, жікке бөлінбеген қазақ ішінде туып-өскен болса; екінші – татар медіресесін оқып, түрікшілік, ысламшылдық рухында тәрбиеленсе; үшінші – патша саясаты шымбайға батып, отаршылдық зардабы қазақтың ұлтшылдық сезімін оятқан дәуірдің ұлы болса, төртінші – орыс зиялыларының қаймағы бұқарашыл, ха-лықшыл болып жатқанын сезіп білсе; бесінші – Батыстың, қала берсе орыс ақындарының санашылдық (идеализм), дарашылдық школынан сабақ алса, енді Мағжан қай пікірдегі ақын болып шығу керек? Сөз жоқ, Мағжан ұлтшыл, түрікшіл, санашыл, дарашыл ақын болып шығу керек? Олай болып шықпауы мүмкін емес. Әлеумет ортасының заманының жағдайы солай.
Мағжанның ұлтшылдық, түрікшілдік өлеңдері “Ғалияда” шәкірт болып жүрген кезінен басталады.
Сол күнде-ақ “Туған жерім “Сасықкөл” деген өлеңінде, патшаның отаршылдық саясатына қарсы жаза бастайды.
“Айдын көл ата қоныс, құт болған көл.
Сусын боп, сұрағанға от болған көл.
Кеше бірлік, ынтымақ түгел шақта,
Бейне бір сенің басың сот болған көл.
Білмеймін не боларын қайран көлім?
Жарайды тең болмаса күн мен түнің,
Итиіп қара шекпен келіп қонса,
Басыңнан құсың ұшып, кетер сенің” – деп туған жерінің зарын зарлайды.
“Анама”, “Жазды күні қалада”, “Есімде тек таң атсын”, “Жауынгердің жыры”, “Орал”, “Орал тауы”, “Алыстағы бауырыма” деген өлеңдері ұлтқа деген сезімінің ояна бастағанын көрсетеді. Бірақ әуелгі көздегі өлеңдерінде бұл сарын аса күшті көрінбейді; қазақтың ауыр халіне, ғайыбына қайғыру, болмаса кекету, табалау сықылды үстіртін жеңілірек болып келеді. 11-жы-лы жазылған “Орал” деген өлеңі:
“Екі дүние – күн мен түн, өмір, өлім,
Бірі – бесік, біреуі – даяр көрің.
Бала болып жата бер бесігіңде,
Сар даланың еркесі – қазақ елім”, – деп аяқталады.
Адамның денесі қандай мысқалдап өсіп, жетілетін болса, сезім де, пікір де сондай, бірте-бірте жетіліп өркендемек; адам туа ұлтшыл, туа адамшыл бола бермейді, ұлттық сезімде сол сықылды әуелі үй ішінде, одан қала берсе туған ауыл, туған жерден бастап жоғары өрлейді. Туған ауылын, жерін сүймеген адам ұлтшыл да бола алмайды, Мағжанның ұлт сезімі де жақыннан алысқа қарай тереңдейді. Мағжанның алғашқы кезде ұлтшылдығы нағыз жүректен қайнап шықпай, сол кездегі ұлтшыл азаматтарға еліктеп, солардан жұқтырып алғандығы сезілді.
Міндік, міне, біз қайық.
Есен-сау өтсек…
Тілекке жетсек,
Сонда біздің шын айт…
деген өлеңдерінің:
Қалтылдақ қайық мініп еспесі жоқ,
Теңізде жүрміз қалқып кешпесі жоқ1
деген сөздерімен сарыны бір.
Қазақтың халi қандай ауыр екенін сезсе де, ол күнде Мағжанда келешектен үміт күткендік сезіледі. Бұл қалыпта заман тұра бермес, бізде де жарық сәуле күн туар дегендей жұбаныш болады, неғұрлым отаршылдық, жауыздық күшейе берсе, соғұрлым қазақтың жанына батар, ашындырар, ашынған ел қорғалай бермес, қарсы бас көтерер, деп сенеді:
Мезгілше мейлі келсін, тісі батсын,
Сұр жылан өзі оятар қатты шақсын!
Жаңадан жолбарыстай ұмтылармыз,
Көрерлік төңіректі тек таң атсын!
Патша үкіметіне қарсы екендігі, келешектен үміт күткендігі мынау өлеңнен тағы көрінеді:
Қараңғы дауылды түн.
Тұрса да қара бұлттар көктен төніп,
Соқса да жел долданып өршеленіп.
Мың шүкір, әлсіз қолда әлсіз шырақ –
Жылтырап жанған боп тұр қалмай сөніп.
Бұйырса, шырақ сөнбес, ұзақ жанар,
Жарығы болмаса да жан таң қалар.
Сәулелі аспанда алтын күміс нұрлы,
Айбынды күн мен айға дәл пара-пар.
(1913-ші жыл)
Бұл өзінің өлеңі туралы деуге де болады. Бірақ Короленконың “От” деген әңгімесіне де келеді.
1 Соңғы Ақмет өлеңі (автор).
14-15-ші жылдардан бастап оның ұлтқа деген сезімі жетіле бастайды. Ол бұрынғыдан гөрі қаттырақ зарланады, күштірек налиды. “Тәңірі” деген өлеңінде осынша өнер-ғылымнан, бақ-дәулеттен сорлы қылатын өгей балаң біз бе едік? Басқа жұртқа жолбасшы, көсем жіберіп жатқандай көзіңнің қырын бір салмайтын қазақтың не жазығы бар еді? Түйе баққан жалаңаш араб құрлы көрмегенің бе? деп құдайға тілі тиеді.
Қазақтың газет-журналдары шығып тұруы қазақ жастарының жұмыла оқуға кіріскені, олардың әр қалада мәдениет ағарту ұйымдарын ашып, кеңес құрып, ұлт мәселесіне, баспасөзге араласуы Мағжанның ұлтқа деген сүйіспеншілігін күшейтеді. Жастардың жігері, талабы Мағжанды да жігерлендірді; ол жастарға сенеді, жастардан таудай үміт күтеді. “Балапан қанат қақты”, “Мен кім?”, “Тез барам”, “Мен жастарға сенемін” деген жалынды, күшті өлеңдерін шығарады.
Ақынның қасиеті – заманға жаңғырық, әлеумет тұрмысындағы зор оқиғаларға айна болып, тарихи із, тарихи материал (дерек) қалдырып отыруында. Бұ жағынан Мағжанның кемшілік жерлері бар: ақынның мұндай кемшілігін айтып өтпеске болмайды.
16-шы жыл – қазақтың басына қара күн туған тарихи ауыртпалық жыл еді. Патша өкіметінің 25-ші июньде шығарған жарлығы бойынша, қазақ сықылды бұратана халықтар соғыс майданындағы қара жұмысқа айдалды. Қазақ шаңырағы теңселді, қазақ даласы қан жылап күңіренді. Елдің келесіне келген мұндай зор селебені, ауыр қайғыны ақын терең сезіп, ай-қын суреттеу керек еді. Бұл туралы Мағжанның бізге “Орамалдан” басқа берген еңбегі көрінбейді. ¦лттың ыстығына күйіп, суығына тоңам деп жүрген ақынға 16-шы жылғы тарихи оқиғаны жалғыз “кестелі орамалмен” желпіп өткеніне көңіліміз жарымайды.
Бірақ бұл кемшілік талай зор уақыттарда болған. Атақты Пушкин өз заманындағы оқиғаларды түгел суреттей алмаған, қайта Гоголь әлеумет мінін көбірек көрген. Қазіргі орыстың төңкерісшіл ақыны Клочков төңкеріс туралы бір ауыз өлең де жаза алмаған. Ондай көрмей кету үлкен ақындарда да болады. Қазақ өмірін айнаға түгел түсірмегеніне қарасақ, Мағжан да солардай ақын. 17-ші жылғы февраль төңкерісі қазақ азаматтарына ұлт сезімінің көтерілуіне зор себеп болды. Ауылда сөйлеп жүрген ұлт қамы, ұлт мұңы іс жүзінде жарыққа шығатындай көрінеді, қазақ азаматы мәре-сәре болды. Төңкерістің болғанына, бостандық туғанына қарық болып кенелді. Әлеумет жұмысына араласа бастады. Мағжанның өсіп келе жатқан бостандық тамырына Сібірді алған патшашыл жандарал Калчак (Колчак – ред.) балта шапты, патша заманының қара күні қайта туды. Казак, орыс атамандары Сібірдегі қазақ даласын шарлап, қазақтың басына әңгір таяқ ойнатты. Мағжан бостандықты жырлады. “Жаралы жан” да қазақтың басына түскен ауыр күндерді суреттеді. Сонда да Мағжан бетінен танған жоқ. “Азамат, анау қазақ қаным десең” деп азаматты елін қорғауға шақырды. Осы бағытпен келе жатқан Мағжанның маңдайына Октябрь төңкерісі тақ ете түсті. ¦лт ұранын көтерген алаш ордашылар қашты, пысты. Саясат майданынан табаны ауды. Мағжан бұрынғы сенімнен, бұрынғы жолынан айрылып дағдарып қалды. Баяғыдан бергі имандай ұйып, жүрегіне сіңіріп, қасиетті деп жүрген идеалы, мақсаты бір күнде тас-талқан болды. Мағжан мініп келе жатқан “ұлтшылдық” дейтін атынан айырылып, жаяу қалды. Не қыларын білмеді, іштен тынды, дағдарды, састы. Қайтсе де ол халде қалуға болмайды, бір шара, бір жол іздеу керек болды. Қарманғанда қолына түскені алдамшы түрікшілдік бола кетті. Мағжанның түрікшілдігі тыңнан тауып алған нәрсе емес, әуелден-ақ бар болатын, ол “Ғалияда” жүргенде түрікшіл пікірде бірер өлең жазған. Бірақ орысша оқуға кіріскеннен бұлай, ол пікірін жарыққа шығара қоймайтын. 19-шы жылдарға шейін Мағжанның түрікшілдік рухын жамылған өлеңдерін білмейміз. Колчактың кер заманы, одан қала берсе, ұлтшылдықтың ауызына қақпақ салған кеңес заманы Мағжанның баяғы басылып қалған түрікшілдік сезімін қайта оятты. Мағжан енді ұлт жалауын түрік жалауының панасына, түрік қанатының астына қоюды табады. Жеке ұлтшылдықтың өрісі тарылғандығын көріп, түрік тұқымды жұрттармен әдебиет жүзінде өзінше одақ жасаған болады. Бара-бара Мағжанға түрікшілдік те тар ауданды көрінеді: ол күншығыстың – Азияның ақыны болып, Европамен, Батыспен “араздасады”, Ресейде болсын, Мағжанның түрікшіл, азиятшыл болу себебі, оның өз қиялынан болмаса, оның осылай болайын деген тілегінен деп ұғуға болмайды. Оның терең негізі бар: мәселен, күншығыс халықтарын алсақ, бәрі де Батыстың, Европаның жемі, азығы, атып жейтін аңы болып келе жатыр. Үндістан, Ауғанстан, парсы жұрттарын, түрік, араб жұрттарын қашаннан бері ағылшын сорып, қанап келеді. Қытай, Жапония сықылды мемлекеттер – Европадағы мәдениетті озбыр жұрттардың қырқысып, таласып байлығын иемденбек болып көз тігіп отырған жерлері. Ресей қол астындағы түрік тұқымдары патша өкіметінің отары болып келеді. Батыстың мәдениетті жұрттары өнерсіз, ғылымсыз Шығыс жұрттарын жеуге ынтасы құрып, мойнын созғалы талай жылдар, ғасырлар өтіп барады. Европадағы талай қанды соғыс, капитал соғысы көбінесе күншығысқа қожа болу үшін шығып келген. Азия – құл, Европа – қожа есебінде үкім істеген. Бұл саясатты азияшыл шығыстың жұрттары білетін. Батыстың жауынгерлік торынан құтылуға талпынатын. Бірақ торды үзіп шыға алмайтын. Міне, шығыстың осы халін ақын да білген, ойлаған.
“Күншығысты батыстың капитал бұғауынан азат ету керек” деген кеңес үкіметінің ұраны ақынның жүрегіне жылы тиеді де, енді ол шығыс жалауына жабысады. Шығыстың ұранын шақырады. “Күнбатысты қараңғылық каптады, түн баласы қанға қақалып түнеріп өлуге айналды, адамдықтан безді, Батыстың мәдениеті құлайды, мәдениет “пайғамбары” күншығыстан шығуы керек” деген пікірге келеді. Бұл пікір тууға, әрине, “Европаның сөнуі” деген Шпенглер сықылды ғалымдардың кітабын оқу да себеп болады. Бұл пікірге ауғаннан бері Мағжаннан “От”, “Күншығыс”, “Пайғамбар”, “Ақсақ Темір”, “Түркістан”, “Жер жүзін топан басса екен”, “Оқжетпестің қиясында”, “Қойлыбайдың қобызы” сықылды өлеңдерді көреміз. Төңкерістің алғашқы аласапыран дәуірі қазақ еліне қатаң тиді. Қазақ даласы ақтар қашып, қызылдар қуған соғыс майданы болды. Азамат соғысында ел қатты шығындады, оның үстіне разверстке шықты. Әуелгі кездегі милиция, агент, тағы басқалардың лаңы қосылды. 21-ші жылы зор ашаршылық, дүние тапшылықтан сауда тоқталғаннан шыққан жалаңаштық – осының бәрі ұласып ел қазағына зор ауыртпалық болды.
Төңкерістің түпкі мақсатын түсінбеген, төңкеріске даярланбаған қазақ жұрты күнбе-күнгі шығынын есептеп, алғашқы кезде кеңес өкіметіне де көңіл орнықпады. Большевик деген сөзді құбыжық көріп жүрді. “Бейнеттен қашсаң дөңбекке” дегендей, қайда барсақ та, кімге паналасақ та “Қорқыттың көрі” дегендей, қалың бұқараның әркімі-ақ “көй-көйді” тартты. “Қорқыттың” қобызын қолына алып, елмен бірге “көй-көйді” Мағжан да тартты. Қазақ ашаршылық-ауыртпалықты көтере алмай, жоғалып, құрып кете ме деген қауіп туды. Табан тірейтін нәрсе қалмады, жалғыз сенетіні – қызмет басындағы қазақ азаматтары болса, ақын олардың қызметтеріне де қанағаттана алмайды. Сөйтіп сары уайымға, қайғы-зарға салына берді.
Февраль өзгерісіне шейін Мағжан өз басынан алыстап, әлеумет мұңына артық беріле алмады. Сөзінің көбі табиғатты, әйелді, махаббатты суреттеуге арналды. Өзгерістен бұлай ұлтқа қызмет етуге керек болды, әлеумет жұмысы майданға қойылғаннан бұлай Мағжан өлеңінің көбін елге арнап жазатын болды. Бұрынғы істеріне өкінгендей, жастық, мастықтан бойын тоқтатқандай, “еліме есебімді не деп берем?” деген сөз аузына кіреді. “Кінәні маған қойма, жүрекке қой!” деп әлеуметтен кешірім сұрайды. Бұрын Мағжан айға, жұлдызға көзі түсіп кетсе, желді жырласа, бұлбұлмен сөйлессе, кесте тігіп отырған қызды көрсе, шолпының сылдырын естісе, альбомға сөз жазса – айналып келіп өзіне бір соқпай кетпейтін, өзін алдына қойып сөйлейтін, өзімшіл ақын болатын. Әлеумет мұңын қолға алғаннан бері Мағжанның алатын қаһармандары: Абылай, Кенесары, Сыздық, Ақсақ Темір, Қорқыт, Қойлыбай, Баян сықылды хандар, батырлар, ақын-дар болса да, ақынның өз мақсаты көрінбесе де, енді ол елдің уәкілі болып, елдің аузымен сөйлейді. Бұрын Мағжан әлеуметтен қашық жүрген өзімшіл ақын болса, енді ол елінің азаматы, ақын болуға айналады. Енді ол азамат міндетін көрсетеді.
Жайда ұлттың бас қамы үшін жүрген азаматты “қойды қасқырға жегізген
Сәрсен отағасының төбетіне” салыстырады. Азаматқа ұран салады. Қызметке шақырады:
Азамат, анау қазақ қаным десең,
¦жмақтың суын апарам жаным десең.
Болмаса ібіліс бол да у алып бар,
Тоқтатам, тұншықтырам зарын десең.
Азамат болсаң қазағыңа пайда тигіз, үйтпесең “ібіліссің” деп ауыр міндет артады. Азаматқа сын тағады. Қазақ азаматы саясат жүзінде пікірі шынықпаған бала екенін көреді, белгілі пікір, жол тұтына алмай, бас қамын ойлап, боялып жүрген кейбір азаматтарды сөгеді:
“Біреуіне” сен тәңірім деп табынад,
“Біреуіне” мен құлың деп сағынад,
“Біреуіне” садақа бер деп жалынад,
“Біреуіне” құйрық болып тағылад.
Ылғи сорлы сағым қуып сабылад,
Ылғи түссіз бір сұр нәрсе жамылад.
Қазағы – қой, артынан оның ағылад.
Азаматқа қонақтық қой табылад.
Қазақ қой сықылды, кім бастаса, соған ере береді, қазақта білім, сана, әлеуметшілік, жұртшылық сезім жоқ. Сол қазаққа “ұлық” болғаныңа мастанбай, шын жүрегіңмен тура бастап, адал қызмет ет дегені. Азамат ақын заманға, тұрмысқа жарымайды, зарланады, күңіренеді, өмірден, тіршіліктен мағана таппайды. Келешектен күшті үміт күтпейді. Өлеңнің жалпы рухында үмітсіздік, сары уайымның, қайғы-зардың ізі бар. “Қысқы жолда” сар далада адасып, суық кейіп жамылып қалу суреті көзіңе елес-тейді. “Жазғы жолда”:
Төрт жағы дала, жер де көк,
Дала өлік, жоқ бір от…
Жерде жатыр тұншығып…
деп көзіне жас келеді.
Жарына бал береді де, өледі,
Өледі, толқын тынады…
Көк бір дария қара көк,
Жұлдыздан әлі хабар жоқ,
Іште – жалын, жүрек – шоқ,
Дариға жаным өледі…
Қалың қара тұман басынан айықпайды, қараңғылық қоюлана береді, пеш ішіндегі сөнген шоқты бала үреді, – шоқ үстінен кішкене ұшқын ұшып сөнеді. Бала сөнген шоқты үрлесе, ақынның көзіне мөлт-мөлт жас келеді. Бұ не? Мұның бәрі өзі ме? Өзі деуге болмайды. Анау боранда бақайынан сүрініп, қалғып-шұлғып, қара көгі босаңсып, суық кебін жамылатындай қалтақтап келе жатқан кім? Оны ақынның өзі деуге болмайды. Ақын олай жүрген емес. Оның айтып отырғаны белгілі – қазағы. Сар далада мәдениет сәулесінен аулақ, табиғаттың тілсіз апатына құрбан болған, тұншығып жатқан қазағы. Мағжан мәдениетті елді көреді, қазағын көреді. Екеуін салыстырса, арасы жер мен көктей, қазақ қашан ел болар, қатарға кірер, табиғаттың апатына шыдай алмай, жапан түзде суық кебін жамылып қала ма? Әлде мәдениетті елдің аузына түсіп жұтылып кетер ме? Мәлім емес, қазақтың келешегі қараңғы. Мынау ауыр халді көріп ақынның көңіліне шер, кезіне жас келеді. Мұндай сорлы жұрттың ішінде туып, бұл күйікті көргеннен өлгенін артық көреді. Міне, ақынның жанындағы трагедия “Аспан қара көк дариядай баяғы қалпында, жұлдыздан әлі хабар жоқ” дегені – қазақ әлі баяғы қалпында, мәдениет жұлдызы, ел болу нысаны әлі сезілмейді дегені. Сөнген шоқтың ұшқыны желдетіп қайта сөнеді, келген үміт көріне түсіп жоқ болып, жүректі өртейді. Әрине, қазақтың халi ақынды сонша зарландырғандай ауыр деп айтуға болмайды. Төңкерістен кейін жұртшылыққа кірісіп, азаматы қызмет істеп, қазақтың жастары лек-легімен оқып жатыр. Аз да болса келешектен үміт бар ғой. Осынша қайғырып, зарлануға бола ма? Жетектеуге көсемдік көрсете, қайрат-жігер бере жазғаны дұрыс қой. Бұ жағынан қарасақ, Мағжанды уайымшылсың деп кінә қоюға болады. Бірақ оның табиғаты осындай нәзік: болмашы нәрсе оны жабықтырады, болмашы нәрсе қуантады.
Оның сезімді жүрегі, ұшқыр қиялы “ұжмақ” сынды сәулетті, идеальный өмірді көксейді, бүгінгі жабайы тұрмысқа, сұр өмірге қанағат етпейді. Сондықтан ол торыққан ақын болып шығып отыр. Әдебиет тарихын тексерген кісіге мәлім: ескі тұрмыстың шаңырағы ортасына түсіп, жаңа тұрмыс, әлі орнықпаған көшпелі дәуірдің ақындарында мұң-зардың, торығудың сарыны болады. Ақын ескі тұрмыспен тәрбиеленіп қалады да, жаңаның жақсы екенін білсе де, сол өмірге тосаңсып, түсіне алмай, жаңа заманның адамы бола алмай, көп тайқалақтайды. Ақ сүйектер дәуірі күйреп, капитал дәуіріне көшерде, ақсүйек ақындарында да торығу, ескіні жырлау болған. Үйткені ескі өмірдің жақсы жақтары көңілде сайрап тұрады, жаңаның не боларына көзі жетпейді. Міне, осындай көшпелі дәуір басталарда, адам ескіге көзін сүзіп, жабыққан заманда, әдебиет бағыты романтизмге айналатын. Біздің Мағжан да романтизмге беріліп отыр. Ол жалғыз ақынның сезімі емес, елдің де арманы, көңілі. “Әттең баяғы дәуреніміз бола ма?” дейтін ер ел ішінде де аз емес. Мағжан романтизмге салынып көшпелі дәуірдің рухын айнаға түсіріп отыр деуге болады.
Мағжан қала тұрмысынан жиренеді, қалаға қанағат ете алмайды, табиғатты, даланы жақтайды. Қала өнер-білім қайнаған жер, жемісі, қызыл гүлі жайнаған жер болса да, ақынның “тәні рақат, жаны шат” болып жүре алмайды. Үйткені қаланың жыбырлаған жаны, дем ала алмайтын шаңы, еркіндікпен жүргізбейтін жаны бойын жаздырмайды. “Кең далада, қалың орман, ну тоғай, шалқар көл, самал жел, сар қымыз, сұлу қыз” есіне түседі. Өмірдің сұлуы – “дүниенің ұжмағы” дала сияқты көрінеді, Сәрсенбайға атты айдатып шу-шулап қаладан шыққанша асығады. Қала бір жатқан дәу пері.
Айнала тұман, түн,
Дем алысы от-түтін.
Жарық-жұрық етер көздері,
Қаланың әйелдері күнде сүйгіш, опасыз.
Жүздерінiң қаны жоқ.
Көздерінің жаны жоқ,
Еріктері перілер.
Оларда отты жүрек жоқ.
Тамақтан басқа тілек жоқ…
Сәрсенбай-ау, сен неге
Шырқап бір ән салмайсың!? –
деп кеңдікке, еркіндікке шығып сая табады. Мағжанның көп өлеңдері табиғатты суреттеуге арналады. Табиғатты Мағжаннан көп, одан артық суреттеген қазақ ақыны кем де шығар. Мағжан табиғат қойнында туды, ендеше табиғат анасының бауырында өскен жіптің бір ұшығы сол табиғат сырымен жалғаулы. Романтик ақын табиғатты дәріптеген соң, оның қойнындағы елді, жұртты айтпай тұрсын ба? Қазақтың өткендегі өмірі мінсіз, кірсіз, идеальный өмір көрінеді, оған бұрынғы өткен қарттар да, байлар да, батырлар да, ақындар да, бақсылар да бұ заманда болмайтын жат адам болып көрінеді. Нағыз өмір, нағыз дәурен соларда болған “адам” деп, “ер” деп ауыз толтырып айтуға солар жарайды. Бүгінгілер немене? Адамгершілік, ар-ұяты жоқ “қыбырлаған қоңыздар, қорсылдаған доңыздар”… сықылды көрінеді.
Қазақ әдебиетінде романтизм дәуірі аяқтануға Мағжан көмек көрсетті деуге болады. Бұрын Мағжан өлеңдерінде орыстың түрлі ақындарына еліктегіштік көрініп тұрса, қазақтың ақындарымен танысқаннан кейін Ақан сері, Шәңгерейлерді жинағаннан былай, Мағжан өлеңінің бетін ескілікке қарай бұрады. Енді қазақтың ескі ақындарын дәріптейді. Қазақтың ескі заманын жырлайды. Ертегі, Қорқыт, Баян – Мағжанның романтизмі күшейгендігіне дәлел.
Қаладан жиреніп дала қашса да, Мағжан қаланың мәдениетінен қаш деп айта алмайды. Жек көрген қала – мәдениет ошағы, жақсы көрген елі – надандықтың ұясы. Бір жағынан еркіндікті сүйсе, екінші жағынан ол өмірдің тұрақсыз екенін ойлайды. Сондықтан Мағжан қазақтың бұрынғы ақындарының (Абай, Ақымет, Мержақыптың) ізін қуып, халықты өнер-білімге шақырады. Мағжан сондықтан мәдениетшіл романтик болып отыр.
1912-ші жылдарда:
“Заман түлкі, тазы бол!”
десе, 15-ші жылдарда:
Басқа жұрт балалары оқу қуған,
Біліммен өз жұртының бетін жуған,
Ішіп-жеп босқа жүрсе хайуан малдай,
Адамзат жер-жүзіне не үшін тұрған! –
дейді.
1917-ші жылдарда:
“Өзім тәңірі, табынамын өзіме,
Сөзім құран, бағынамын сөзіме.
Бұзушы да, түзеуші де өзіммін
Енді ескілік келдің өлер кезіңе”, –
деп ескілікпен ат құйрығын үзеді. “Зура деген қыз түн сайын жылап “құдайға” жалынып жүріп, түрлі жұлдыз болған екен. Сен де оқып, қазаққа жұлдыз болып нұрыңды шаш!” – деп Ғазиза қарындасына ақыл айтады.
Мағжан – еліктегіш ақын. Еліктеу ақынға мін емес, қандай күшті ақындар алдыңғы ақындарға еліктемей жаза алмаған.
Пушкин мен Лермонтов Байронға, Шекспирге еліктеген. Толстой сықылды әлемге аты шыққан жазушы да Пушкинге, Гогольге еліктеп жазған: Леонид Андрей, Чехов, Рысбашев, Сологов сықылды ақындар Достоевскийге еліктеген, Максим Горький, Пушкиндерді жатқа білген. Абай Лермонтов, Пушкинге еліктеп жазған. Бір ақын көп еліктесе, сол көп еліктеуші Мағжан деуге болады. Мағжан еліктегенде орыс, қазақ, татар, араб деп талғамайды. Кімнің сөзі көңіліне жақса, соған еліктеп жазады. Сондықтан Мағжанның алғашқы кездегі өлеңдерінде неше түрлі рух бар. Сыртқы түрінде орыстың бейнешілдеріне (символист) еліктесе, ішкі рухында, күйректік, жылауықтық (сентиментализм), романтизм болады. Сентиментализм әсері әсіресе әйел теңдігіне арнап жазған өлеңдерінде ұшырайды. “Домбыра”, “Зарлы сұлу”, “Жәмила”, “Шын сорлы”, “Жас келін”, “Алданған сұлу”, “Тілегім” деген өлеңдерін оқысаңыз, бәрінде де әйелдің қалін өте ауыр көрсетіп, әйелмен мұңдасқандай, әйелді аяғандай, есіркегендей, оқушының жанын ашытқандай мұң бар, зар бар:
Жәмила мұнша неге жүдедің,
Бетіңде тамшы қан жоқ қой.
Сарғаймашы, бауырым. –
деп іш-бауыры елжіреп қатты аяйды. Шыдай алмай, өзі де бірге жылайды, оқушының да жүйесін босатады. Ақынның кірісі сондай, бос әйел көрсе жыламай қоймайды, сүйген жары құшағында бола ма? Әлде айрылып кете ме? Қуана ма, күйіне ме, әйтеуір көзінің жасын тия алмайды. Екі сөзінің бірі – сүйейін де өлейін, күйейін де өлейін. “Бота көзім, өлтіріп кет қолыңнан, тірі тастап кетіп мені не етесің?”. Әйелді аяй есіркеу, орыстың бейнешіл ақындарына еліктегендігі Мағжанның бар өлеңдерінде көрінеді. Жазу жолында бейнешілдердің негізгі әдісі – ишарамен, бейнемен түсін бояп, көлеңкелеп жазу, олар төңіректегі деректі тұрмыстан өзге дүниеге, ана дүниеге бір ұйқастық іздейді. Сөздің ішкі маңызына, көбінесе сыртқы ұйқасына, тізіліміне, ырғағына көбірек назар салады. Олардың сөзі ақылдан гөрі жүрекке артығырақ әсер беріп, сезімді билейді.
Бүгінгі өмірді онша керек қылмау, өзінен өзгені жақтамау, өнерді өте жақсы көру, әйелді сүю, махаббатты жырлау – бейнешілдердің тұтынған жолдары. Сондықтан бейнешілдердің өлеңі құлаққа жағымды, үнді, әуезді, күйлі, зарлы келеді. Дыбыстардың құрылуы сурет туғызады. Өлеңнің тілге жеңіл, құлаққа жылы тиісін Абай да іздеген. Абайда сөздің ішін мәнерлі, тонын сұлу қылуға тырысқан, бірақ дыбыспен сурет жасауға, сөздің сыртқы түрін әдемілеуге Мағжанға жеткен қазақ ақыны жоқ. Өлеңнің сыртқы сұлулығына, дыбысына әуестеніп кеткендіктен кейде Мағжан өлеңдерінің ішкі маңызы кем болып шығады. Шу дегенде ермек үшін қатарлап жиып қойған баланың қуыршағы тәрізді көрінеді. Бірақ жұмбақ та болса, тіпті мағына шықпайтын өлеңі жоқ. Бәрінде де мағына бар. Мәселен мынау өлеңін алайық:
Сап-сары бел, еседі, жел еседі,
Еседі жел, көшеді жел, көшеді.
Дала тұйық, бала тұйық екі үнсіз,
Дала жұмбақ, бала жұмбақ шешусіз.
Сап-сары бел, еседі жел, жел есед,
Дала жұмбақ, бала жұмбақ кім шешед?
Қарапайым қазақ осы өлеңнен не ұғар еді? Түк ұғуға болмайды. Қарапайым адам түгіл, осы өлеңді өзіміз қалай ұғамыз? Бәріміз бірдей осы жұмбақты шеше алар ма екеміз?
Сыртынан қарағанда, “сап-сары бел, еседі жел, еседі. Көшеді жел, көшеді” дегендерді қайта-қайта айта берген бір түрлі сөздер, пәлендей мағына жоқ тәрізді. Бірақ анығында мағына бар. Мағынасыз сөз, сөзсіз мағына болмайды. Мағжан тағы жазады:
Өтеді өмір, жүрекке шер байланды.
Өтеді өмір, жүрек көмірге айналды.
Өтеді өмір, бітеді жыр, жүрек күл,
Жырсыз жырау, тиіп қырау, солды гүл.
Мейірімді ана жас бөпесін ұйықтатарда: “Әлди-әлди, ақ бөпем, ақ бесікке жат, бөпем, қой-қой бөпем жылама” деп қоңыраулатып, қоңыр әнге салады. Сол тәрізді Мағжан өлеңдерін оқығанда, адамды әлдилеген, тербеткен сипаты, біресе мұң-зарға, біресе қайғы-шерге, біресе сары далаға, біресе өткенге айдайды; жаныңды билеп, көзге әлденелер елестейді; алдыңда ұшы-қиыры жоқ, бір белден ассаң, бір бел, толқынды сары дала тұрғандай боласың, екі жағына кезек теңселіп ырғаң-ырғаң басып қарқа-расының қоңырауы сылдырлап, сәукелесі, үкісі бұлғаңдап кетіп бара жатқан көшті көргендей боласың; кейде ақ сандықта ақ көйлегі, жез құманы бұлғаңдап, шолпысы сылдырлап, бел асып бара жатқан әйелдерді көргендей боласың.
Сылдыр, сылдыр, сылдыр,
Сыбырға айналды сылдыр.
Жүректі өртеді құрғыр-ды
оқығанда, маңайыңның бәрі сылдырлап кеткендей боласың. Мағжанның өлеңі дыбысымен, күйімен, ырғағымен қазақ даласын суреттейді. “Сап-сары бел” деп заман өтіп бара жатқанда, күпісіне оранып, бұйығып жатқан қазақ елін жырлайды.
Бейнешілдердің өлең жазу әдісін Мағжан қазақ әдебиетіне кіргізеді. Кей жерде Мағжан символистер өлеңінің сыртқы түріне еліктесе, кейде ішкі мәнісін де алып жібереді. Бальмонт 22 жасында өмірден торығып, әлеуметтен қол үзіп: “Әлдиле өлім, әлдиле” десе, Мағжан да Бальмонтшілеп, жас басынан торығып, өлім шақыруды шығарды. Мағжанның еліккен орыс ақындары көп, оның бәрін санап өтудің қажеті жоқ. Осы да жетер.
Мағжан татар ақындарына да еліктеген. “Н-ның альбомына” деген өлеңі Тоқаевқа еліктегені көрінеді, “Көңілді ашар”, “Сәуле”, “Нұр сипатты қарындас”, “Күз”, “Өткен күн” деген өлеңдерінде Абай сөздері ұшырайды. Мысалы үшін мына бір өлеңін салыстыруға болады. Мағжанның күзі:
“Көрік жоқ қырда, ойда шығып жүрсең,
Естілмес құс-құрт дауысы құлақ түрсең:
Қақтанған жамыла түсіп от мазданып,
Көресің кемпір, шалды үйге кірсең”.
Абайдың күзі:
Кемпір, шал күржең қаққан, бала бүрсең,
Көңілсіз қара суық қайда кірсең.
Кемік сүйек, сорпа-су тимеген соң,
Үйде ит жоқ, тышқан аулап қайда көрсең.
Мағжан жазады:
Сылдырап аққан өзенге
Үй тігіп дереу қонысып,
Бұрала басып былқылдап,
Әзілдесіп сыңқылдап,
Жас келіншек, жас қыздар,
Кереге жайып, уық байлар.
Абай жазады:
Сылдырлап жатқан өзенге
Көшіп ауыл қонғанда.
Қыз-келіншек үй тігер,
Бұрала басып былқылдап
Ақ білегін түрініп,
Сыбырласып, сыңқылдап.
Абайға еліктеуі ең алғашқы кезде болған. Ол кезде жалаң Абай емес Ахметке, Міржақыпқа да еліктеп жазған, мәселен Мағжанның:
Қара керей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай.
Қара балуан Жәнібек… –
деген сөздері Ахметтің “Тілек батам” деген өлеңіндегі:
Қара балуан Жәнібек,
Қаз дауысты Қазыбек,
Жетім қалған жұртына,
Кім тиянақ қазық ед? –
сөздерінен бөтені жоқ.
Бастапқы кезде Мағжан орыс әдебиетінен көбірек үлгі алған болса, соңғы кезде Мағжан басқаша көрінеді. Бұрын сөз кестесін орыс ақындарынан алатын болса, енді ол үлгіні қазақтың ескі ақындарынан іздейді. Орыс ақындарының ықпалынан шыққан жері Мағжан өлеңдері қазақ рухында, қазақ ұғымына жақындап жазылады. Мағжанның ақындық күші де соңғы кездегі өлеңдерінен көрінеді. Мағжанның сөз кестесі қазақтың ескі әдебиетіне қарай ауғандығына мысал үшін мына бір өлеңді алайық:
“Еділде”
Бүктетіліп жатқан бел,
Сүтке тойған марқадай
Бұйра қою қарағай,
Белге біткен шалқалай.
Су жеп қойған жұмыр тас
Түйір-түйір малтадай.
Арнада өзен қылығы,
Қылмыңдаған қалқадай.
Түсте толқын тулап ед,
Ойнақтаған тайлақтай,
Кешке толқын тынып тұр,
Қоңыр-іңір бей уақтай,
Тізілген толқын меруерт
Бір-біріне тағылып,
Шұбырған толқын шуменен,
Ағытқан қойдай ағылып.
“Қорқыт”, “Баян” сықылды поэмалар – Мағжанның нағыз өз тумасы, орыстан я басқадан жұқтырып алды деуге келмейді.
Мағжанды еліктегіш ақын дегенде, көбінесе, өзінен бұрынғылардан алған өрнегін айтып отырмыз. Болмаса барлық өлеңдері ылғи еліктеумен шыққан деп айтпаймыз. Ол еліктесе, сыртқы түріне, тонына еліктейді, ішкі мазмұны, ішкі сыры өзінікі болып отырады.
Енді Мағжанның өлеңдерінің ішкі жағына, дүниеге көзқарасына азырақ тоқтап өтейік. Әр ақында өзінше дүние тану, өмірге, табиғатқа баға беру деген нәрсе болады. Мағжанның пікірі қандай екен? Оны білуге керек. Алдымен ол өмірге, тіршілікке қалай қарайды? Жоғарыда айтып өткенбіз, Мағжан тұрмысқа көңілі жарымаған, өмірден түңілген, өткенді жырлап, мұң-зарға салынған уайымшыл ақын дегеміз. Олай болған соң, өмірден қажыған, жабыққан ақын өмірді жақсы деп, тіршілікте қызық, рақат бар деп сенбейді. “Алдамшы өмір, қу ғұмыр, сұм жалған…” деп қарайды. Сөзімізді дәлелдеу үшін бірнеше өлеңдерінен мысал келтірейік:
15 -17 жылдарда:
Сұм өмірде алданармыз, сүйерміз,
Айрылармыз, сүйген жардан күйерміз.
Болмаса:
Жасаған, тез алатын ажал жоқ па?
Қинама, тез өлейін, ұшыр оққа, –
деп, өмірге тойып, өлім шақырып жазса, сол пікірі 22-23-ші жылдарда да айтылады.
Ду өтер, сорлы адамды әуре етер,
Көз ашып жұмғанынша жоқ боп кетер.
Қылғанша әуре-сарсаң сорлы құлды.
Тәңірі ием жаратпасаң, сонда не етер!
Әйтпесе:
Өмір сөнед, үміт өлед, не қалды?
Мөлт-мөлт етіп көзіме жас келеді.
Бұл сөздерде өмірден мағына, тіршіліктен мақсұт, келешектен үміт күтпегендігін көрсетеді. Адам сүю, күю үшін, азап шегу үшін жаралады екен. Өтпейтін нәрсе жоқ, бәрі өтеді. Қанша кенелгенмен, жас болдым, жар сүйдім, қызмет қылдым дегенмен – бәрі опасыз, аяғы барып өлімге сарқады. Тіршілік деген бір әурешілік: өмір, өлім мәселесі талай ойшылдарды, ақындарды терең қиялға батырған, не үшін жасау керек, өлетін болған соң, осы әурешілдік бәрі не керек деген қаралы сұраулар жалпылама адамның басына келе бермейді. Не өте сезімі ауырған, не ажал босағасына таянған адамның ойына келеді.
Ақын тұрмысқа өмірде қанағат етпесе, оның алданышы не болмақ? Не үшін жасамақ? Әрине, адамда аз да болса, бір үміт, бір таяныш болу керек. Ондай таяныш болмаса тіршілік етіп не керек? Адам – алдағыш, адам – жауыз, өмір – азап, келешек – қараңғы, бәрі – өзгергіш, опасыз. Өзгермейтін, алдамайтын таза қасиетті нәрсе не? Ол – табиғат. Табиғат, махаббат, көркемдік – міне, қашаннан бері ақындардың жырлап келе жатқан, бас иген құдайы. Жабыққан жанына ем болған даруы. Сол заңға Мағжан да құл болған ақын. Ол да табиғатты табиғаттың қойнында жырлайды, тыным алады, жаны сая табады. Мағжан табиғатты дәріптейді. Оған еш нәрсені теңгермейді. Теңгерсе, аса қадірлі, қасиетті нәрсені теңгереді. Кіршіксіз таза махаббат кімде болу керек? Баласын сүйген анада болу керек. Сүйген ғашық жарда болу керек. Жүректі елжіретіп, ерітетін, өлгенді тірілтпесе де, өшкенді жандыратын өмірдің қызығы, ләззаті – осылар. Бұларсыз өмірде мағына жоқ, бос қуыс. Мағжан табиғатты сондай көреді. Табиғатты жазса, айнымас анаға, нәресте балаға, болмаса сүйген жарға теңеп жазады. Ол табиғатқа жан салады, құшақтастырады, сүйістіреді.
Көкке тиген биік тау, –
Құшақтасып тұманмен,
Ақырын ескен жылы жел,
Маужыратып тербетіп, –
деп, тау мен тұманды ғашық жарларша құшақтастырып, желге анаша баласын тербеттіреді.
Сылдыр-сылдыр, сылдырлап,
Бірінің сырын, бірі ұрлап,
Толқынды-толқын қуады? –
деп толқынға жан бітіреді.
Еркетай жаз бір күлсе,
Күлмей шыдап кім қалар! –
деп, жазғытұрғы жырлардың жарқын жүзін суреттейді.
Періштем деп айналып,
Алтын айна күн жүзер, –
деп, күнді мейірімді анаға салыстырады. “Жел сықылды тентек бала болып сұлулардың бетінен сүйем” деп, желді де боз бала жігіт қылып қояды. Ақын махаббатқа сенеді: жүрегі сезеді, махаббатсыз өмірде мағына бар деп білмейді. “Көңілді ашатын, жалынды басатын, жалғыздыққа, зарыққанда, талыққанда жүрекке ем болатын жалғыз ғана махаббат, адам шын сүйсе, махаббат жүректі жаралайтын тікенек! Жар сүйсе жүрек жазылады, сүймесе өледі, махаббат – бір тәтті у, дүниенің у-шуы жүрекке махаббаттай күшті әсер бере алмайды”, міне, ақынның махаббатқа көзқарасы. Бірақ махаббатты мәңгі деп ұқпайды. Кейде махаббат тез сөніп қалуға да мүмкін деп қарайды.
“Сүю мен жек көрудің арасы – бір-ақ аттам” деген нақыл өмірден, тәжірибеден алынған сөз. Сондықтан ақын:
Алдағаным жоқ, арбағаным жоқ,
Сен сөзіме, сұлу қыз.
Тап сол сағат сүйгенім-ақ,
Куәсіне көп жұлдыз, –
деп махаббаттың өзгеретіндігін айтады. “Ақын – көбелек, балыңнан татса, тастап кетеді” десе де, біржола махаббатқа беріліп кеткендігін “Г… ге” деп жазған өлеңдері ашып береді.
Сүйдің мені, басқа жанды көрмедің,
Жасың төктің, қадіріңді білмедім.
Мөлдіреген шын меруерт жасыңнан.
Садаға боп, сорлы неге өлмедім?
деп, өкініп зарланады. Сүйген жаны болмаса, оның өмірі де, ақындығы да сөнетін тәрізді:
Болса гүлсіз, бұлбұл үнсіз,
Үнсіз бұлбұл, бір сұр құс.
Үнсіз өмір – сөнген көмір,
Отсыз жүрек – бос қуыс…
“Гүл болмаса бұлбұл сайрамайды, ақын жырламайды; бұлбұл сайрамаса, бір сұр құс; жырламаған ақын – жабайы адам, сүйе білмеген жүрек – қуыс кеуде”. Ақын шын сөйлеп, таза сүйеді. Бірақ өзінше сүйе білетін адамды көп көре алмайды, көбінікі қолдан жасаған бояма, күнделік есеп екенін біліп, ақын тез суынады. Мағжанның махаббат туралы күшті өлеңдері: “Айрылғанда”, “Тірілдім”, тағы басқалар. Басқа жағынан Мағжан идеалист болса да, махаббатқа идеализм көзімен қарамайды. Ол “бұлай ғана” сүю болады демейді. Жан-тәнімен тұтас сүйгенді махаббат дейді. Жалпы әйелді ғарыштан, нұрдан жаралды, періште деп көрсе де, өзі сүюге келгенде, “жар” деп, еріктің “жарымын” деп қарайды. “Шолпы”, “Сүй, жан сәулем” деген өлеңдері махаббатқа Абайша, қазақша қарайтындығын көрсетеді. Бұл жағынан келгенде ол – материалист (затшыл).
Ал енді жалпы әйелге көзқарасын алсақ. Мағжанның пікірі қазақша емес, қазақ әйелді “еркектің сол жақ бұғанасынан” жаратады; “байтал шауып бәйге алмайды” десе, Мағжан олай демейді, ол әйелдің теңдігін көксейді. Әйелді азаттыққа, мәдениетке шақырады.
Жаратты тәңірі әйелді
Бастасын деп бар ерді,
Туралық сындық жолына –
деп, әйелді еркектерге басшы қылмақ болады.
“Матриархат” заманын еске түсіріп, әйелді туралық, шындыққа бастайтын пайғамбар қылып көрсетпек. Әйелді күң орнына ұстап, мал орнына сататын, еріккенде ойнап, ермек ететін еркектерге:
Бұл ісіңді қоймасаң,
Әйелмен ылғи ойнасаң.
Жүрмесін көп бұл күнің, –
деп, оларға кіжінеді. “Әйелін күң қылған ел ел болмайды” деген пікірді айтады.
Төңкеріс болып, бостандық заманы туғанда, әйелдің теңдік алғанына қуанып, жігерлі сөздерін сөйлейді:
Мынау ту кімнің туы: әйел туы,
Енді әйел азат ұшқан көлдің қуы.
Улаған жанымызды сансыз жылдар,
Жойылды бүгінгі күн қасірет уы.
Анау таң, кімнің таңы? Әйел таңы.
Бүгінгі күн шын азат, әйел жаны.
Соқыр құрт, сасық доңыз, кет жолымнан!
Басар сені төгілген әйел қаны.
Құрт аурудай жайлап, әйелдің еңсесін көтертпей, тұншықтырған доңыздай сасық ескі ғұрыптың пердесін жыртып, атып келе жатқан жаңа таң сенікі деп, әйелдерге ұран салады.
Өзі де сол әйелдер тобының ішінде жүргендей, “жанымызды улаған” деп, әйелдің қасіретіне де, қуанышына да ортақ екенін сездіреді.
Кейбіреулер Мағжанды ескішіл дегеннен тудырып, діншіл деп ойлап қалуы мүмкін. Олай ойлауға да жеңіл-желпі себеп
бар. Мағжан екі сөзінің бірінде “алла, жасаған, пайғамбар, періште, иман, құран, ғарыш, ұжмақ, ібіліс…” деген сөздерді келтіреді. Осындай сөздеріне байланысып, діншілдікпен айтады десек, ол тым сыңар жақтық болады. Қандай діншіл ақын болса да сөзді күшейту үшін, халықтың ұғымымен есептесу үшін дін лұғаттарын алудан қашпайды. Қазақтың, қала берсе, мұжықтың ақыны боламын деген кісі “құдай, әулие, пайғамбар…” деген сықылды күшті сөздерден қашып құтыла алмайды. Өйткені, бұқараның екі сөзінің бірі құдайсыз келмейді.
“Құдай біледі, мен сенің құдайыңмын”, “сен құдайдың баласы ма едің?” деген сөздердің орнына құдайды алып тастағанда, қандай күшті нәрсе табарсың? Егер Мағжан “өзім тәңірі, сөзім құран” десе, өлеңі сондай күшті, сондай бойлауық болар ма еді? Әрине, жоқ. Ол екеуінен күшті қазақ ұғымында сөз жоқ. Қазақ діншіл емес, құдай деген сөзді ойыншық есебіне қолданады. Дін, құран көзімен қарасақ (ләмиәлид, уәләм, иуләд), құдай ешкімнен туған да емес, бала тудырған да емес. “Құдайдың баласы бар десең, кәпір боласың” деген шариғатты күнде қақсап жүрген молданың тілін кім алып жүр? Жаны қысылған кезде дін былай қалмақ. Сол сықылды, Мағжанның “құдай”деген сөзі де, халықты не діншіл, не дінсіз қылуға түк септігі жоқ. Шеген дейтін кісі өлгенде келіні жоқтап, дауыс қылыпты:
Аспанда ұшар лашын,
Лашын жаяр құлашын,
Әтекемді алған құдайдың,
Келіні мендей жыласын, –
деп. Соны айтқан қатынның ауызын кім жұлып алды дейсіз? Қазақ ішінде қожа, молда, бір жағынан діншілдікті ексе, екінші жақтан дінсіздікті егуші тентектер де аз емес.
Және дін сөздері, “құдай” деген ұғымдардың қалмау себебі: тұрмыстан, шаруадан болады. Табиғаттың терең сырын, ішкі заңын білмеген, тіршілігі, өмірі табиғаттың құбылуына байланысқан табиғаттың құлы болған диқаншы, бақташы халық бір зор күш бар деп білмек. Ол күшке бағынбақ. Табиғаттың мұрнын тесіп, мінін алған жұрт сондай күшті зат бар деп білмейді. Өйткені табиғаттың бар сырына ақылы жетіп отыр. Сондықтан “құдай” деген сөз көп жылға дейін қалмайды.
Орыстың мұжығынан шыққан төңкерісшіл ақындар төңкеріс өлеңдерін Ғайсасыз, Жебірейілсіз, Мекелісіз, әулие Николасыз жазып отырған жоқ.
Ол ақындардың сөзіне алғашқы кезде құлағы тосаңсыған марксшілдер болса да, соңғы 3-4 жылдың ішінде ондай сөзді шұқылауды қойды, бір ауыз сөзге емес, жалпы мағынасына, пікіріне қарап төңкеріс әдебиетіне жатқызатын болды.
“Дін, мешіт, құдай” деген нәрселер құлқын, тамақ үшін тұтынатын байлар мен молдалардың құралы екенін ашық айтады:
Бұл үйді мешіт дейді, құлыншағым!
Ерігіп қуған болып ата заңын.
Анда-санда домалап бармау үшін
Салдырған өзіне арнап, жуан қарын,
Бұл мешіт – көк үйі емес, қарын үйі,
Көргің келсе, көріп кел, мал базарын.
Мағжан – идеалист. Дүниені рух, пікір билейді, тұрмысты сана билейді, тарихта әлеумет маңызды емес, жеке адам маңызды дейді. Сондықтан ол хандарды, батырларды мадақтайды.
“Тәңірі бар бір ғана қиял аты” деген пікірі – идеалистердің пікірі, бірақ оған қарап діншіл деуге болмайды. Екеуінің арасында айырма бар. Осымен Мағжанның дүниеге көзқарасын тоқтатып, енді оның ақындық күшіне келейік.
Мағжан ақын ба, ақын емес пе? деген сұрауды қоюда мағына жоқ. Оны ақын емес деп, таласушы бола қоймас. Жалғыз-ақ ақындық күші қандай деген сұрауды қою керек. Бұл сұрауға Мағжанды күшті ақын деп жауап береміз. Несімен күшті? Тыңнан тапқан жас пікірімен бе, болмаса, терең ой, терең пәлсәпесімен бе, әлде қазақтың өткен-кеткенін, бүгінгі өмірін айнаға түсіргендей көрсетіп, келешекті болжап, пайғамбарлық еткендігімен бе? Жоқ, бұлардың бірі де емес. Мағжан терең ойдың ақыны емес, ол заманды суреттеуге шебер емес. Ол келешекті болжап, жұртты соңына ертетін пайғамбар ақын да емес. Мағжан – сыршылдығымен, суретшілдігімен, сөзге еркіндігімен, тапқыштығымен күшті, маржандай тізілген, торғындай үлбіреген нәзік үнді күйімен, шерлі, мұңды зарымен күшті.
Мағжан – алдымен сыршыл ақын. Мағжан сөзіндей тілге жұмсақ, жүрекке жылы тиетін үлбіреген нәзік әуез қазақтың бұрынғы ақындарында болған емес. Ол жүректің қобызын шерте біледі, оның жүрегінен жас пен қаны аралас шыққан тәтті сөздері өзгенің жүрегіне тәтті у себеді. Мағжан не жазса да сырлы, көркем, сәнді жазады. Оқушының жүрегіне әсер бере алмайтын құрғақ өлеңді, жабайы жырды Мағжаннан таба алмайсыз. Ол табиғатты суреттей ме, әйелді жаза ма, тарихи адамдарды ала ма, ертегі айта ма, ұран сала ма, бәрінде де ақынның ойлағаны, сезгені, жүрегінің қайғыруы, жанының күйзелуі, көңілінің кірбеңі көрініп тұрады. Қай өлеңін оқысаң да, не ақынмен, не өз жүрегіңмен, не ел жүрегімен сырласқандай боласың. Ақынның өзі көрінбейтін өлеңдерін оқысаңыз да, еріксіз бір сезім туғызады. Әлде өкіндіреді, әлде мұңайтады, әлде жылатады, әлде оятқызады, әлде есіркетеді, әлде жігер береді.
Шер батса кім іздемес туған елін?
Тұлпар да көздемей ме туған жерін.
Арқаның ардагері қалың алаш!
Тұран да біле білсең, сенің жерің! –
деген тәрізді сөздер еріксіз бір сезімді туғызады. Мұндай қыздырма сөз Мағжанда толып жатыр. Ақынның ұлттығы осындай сөздерінен көрініп тұрады. Ақын салқын қанды болса сөзі қанатсыз, желсіз болмақ: жалынды сөз жалынды жүректен шығады. Мағжанның кейбір жалынды сөздері Максим Горькийдің сөздеріне ұқсайды. Ауыз толатын айбынды асқақ сөз Мағжаннан шығады. Оның сөздері жүректі қытықтап, жыбырлатып қана қоймайды, түбімен суырып мейіріңді қандырады. Еркін балуан қан майданда жарқ еткізіп шалып соққанда “Па, сабаз-ай!” деп, отырған жұрттың айызы қанбай ма?! Кейде Мағжан желдетіп, бір сөзінен бір сөзін асырып, түйдек-түйдегімен тастап кеткенде, сен де: “па, сабаз-ай!” дегің келеді (әрине, көркем сөзден ләззат алатын болсаң).
Суретті, кестелі көркем сөз Мағжаннан табылады. Мағжанды ақындық жағынан сөзсіз суретші деп айтуға болады. Суретшілік жағынан Мағжанды Пушкинге теңеуге ауыз барады. Міне, ашуланған батырдың суреті:
Түкті қабақ жауып түскен көзіне
¦шқын шашып, от ойнатып тұр көзіне.
Қырлы мұрын, қырмызы ерін, қап-қара
Тікенектей түк шығып тұр жүзіне.
Міне Көкшетау суреті:
Көкшені күндіз, түнде мұнар басқан,
Қап-қара бұлттарменен құшақтасқан.
Алдында бұйра жалды бөлек тау тұр,
Көкшеге қосылмаққа қойнын ашқан
Мөп-мөлдір, дөп-дөңгелек көл ортада,
Жел ойнап, ақ бетіне меруерт шашқан.
Мұндай айқын сурет қазақ ақындарында болып көрген жоқ. Пушкин 5-6 ауыз сөзбен толық сурет туғызады десе, аз сөзбен көп сурет шығару Мағжанда да бар.
Келеді маң-маң басып Оқжетпеске,
Құмдарға жолбарыстай тастап ізін –
деген сөзбен бұл келе жатқан қандай кісі екенін, жүрісін, киімін, мінезін – бәрін көз алдыңа алып келеді.
Қазақ ақындарында Шәңгерейдің суретшілдігі, сөз күші Мағжанға жақын келеді.
Құйрық атып күлия,
Түлкідей қашқан жымия.
Қараңды үзіп барасың,
Бізден де қайран дүние! –
деп болжайды Шәңгерей. Өтіп бара жатқан өмірді бұдан күшті қалай суреттеуге болады?
Қомағай қара топырақ бүлкіл қағып,
Асығып екі жастың қанын ішті, –
деп суреттейді Мағжан. Мұндай суреттер толып жатыр. Бәрін тере берсек, көп орын алады. Басқа жұрт өз өнерпаздарымен мақтанса, қазақ әдебиеті де бір кезде суретшілдік жөнінен Мағжанымен мақтануында сөз жоқ. Мағжанның ақындық күші, сөзге еркіндігі, суретшілдігі “Баянда” толық көрінеді. Абай айтқан “сөз патшасы”, “Баянда” бар. Адамдардың мінезін дұрыс келтіру, биге – бише, батырға – батырша, ханға – ханша баға беріп, әрқайсысының аузына өздеріне лайық сөз салуы, сұлуды, махаббатты, батырды, соғысты, өлімді суреттеуі – өмірді түйе білгендігін көрсетеді. “Баян” – қазақ әдебиетінде бола бермеген табыс. Әсіресе, “Баянның” басқы бөлімінде сурет, шешендік, толғау, күй төгіліп кеткен. Соңғы бөлімі солғындау шыққан. Соған қарағанда Мағжан алысқа шабатын сылпылдақ жүйрік емес, шыға салма, ағыншыл жүйрік, деп айтуға болады.
Күшті ақын өзгелерді өзіне еріксіз еліктетеді, соңынан шәкірт ертеді, әдебиет жүзінде жаңа жол (школ) ашады. Мағжан да күшті ақын. Күштілігі еліктеткенінен көрінеді. Осы күнгі өлеңшілердің көбі Мағжан өлеңінің не сыртқы түріне, не ішкі мазмұнына еліктемей жаза алмайды. Кім өлең жазса, Мағжан сөзінен бірдемені алмай қоймайды. Алайын деп алмаса да, еріксіз, өзі байқамай алып қояды. Неге? Кестелі, ырғақты, күшті даяр сөз, даяр түр ауызға түсе кетеді. Сондықтан Мағжанды жек көретін өлеңшілер де Мағжан өлеңінің түріне, әдісіне (техникасына) еліктеп жүр. Санап тексеріп қарасақ, Мағжанға қарсы жазып жүрген ақындарымыздың бәрі Мағжан өлеңінің даяр түрімен жазып отырғанын көресіз. Жеңіл-желпі өлеңшілер былай тұрсын, бір кезде күшті болған ақындарымыз, Мағжанға ұстаз болған ақындарымыз бұл күнде өлең жазса, баяғы шәкіртіне еліктейтін болыпты. Бұл сөздерімнің бәрін дәлел келтіріп, әр ақынның өлеңдерін жазуыма болады. Бірақ орын тар болғандықтан жазуды артық көріп отырмын. Түбінде еліктегеніміз жоқ, деп таласушылар болса, еліктегендігін өлеңімен көрсетіп, жұрттың алдына тартамыз.
Олай болса, ақындық жүзінде Абайдан соңғы әдебиетке жаңа түр кіргізіп, соңына шәкірт ерткен, школ (мектеп) ашқан күшті ақын Мағжан екенінде дау жоқ. Абайдан соң өлең өлшеулерін түрлендірген тағы да Мағжан, Мағжан тыңнан 8-9 жаңа өлшеу туғызды. Бәрін бірдей санаудың қажеті жоқ. “Сап-сары бел”, “Бір әзпетше”, “Шылым”, “Александр Блок”, “Мені де өлім әлдиле”, “Күншығыс”, тағы басқа өлеңдері Абай өлшеуінде жоқ.
Қазақ әдебиетіне Мағжанның кіргізген жаңалығы аз емес, орыстың символизмін (бейнешілдігін) қазаққа аударды, өлеңді күйге (музыкаға) айналдырды, дыбыстан сурет туғызды, сөзге жан бітірді, жаңа өлшеулер шығарды. Романтизмді күшейтті, тілді ұстартты.
Мағжан – заман туғызған көшпелі дәуірдің ақыны, ескіні жырлаған, жаңаны әлі мойындап болмаған ақын. Әлі де болса оның ақындығы, еңбегі алдында. Ол күшті ақын. Күшті ақын өмірінде талай өзгеріске жолығады. Пікір жүзінде жаңалықтар табады. Мағжан да өзгеруге мүмкін.
Мағжан – терең күйдің ақыны емес, нәзік сезімнің, тәтті қиялдың ақыны, ол кедейдің ақыны емес, ұлт ақыны. Ел ішінде бай, кедейдің арасындағы қиянатты, теңсіздікті көрмейді. ¦лтты жалпағынан алып қарайды. Ол түрікшіл, санашыл, уайымшыл, өзімшіл ақын, бұ жағынан қарасақ, ол – ескі пікірлі ақын.
Жақсы жағын санасақ, ол сыршыл, толғағыш, суретші, сөз ұстасы, түршіл, романтик, мәдениетшіл, отаршылыққа, жауынгерлікке қарсы күншығысшыл екен.
Мағжанның ақындығы туралы азды-көпті байқағанымызды айттық. Қалғаны болса, оқушылар жеткізе жатар деп, сөзімізді бітірдік.
Жүсіпбек Аймауытов
"Мағжан әлемі" кітабынан алынған
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.