Жылады жүрек, мен емес

Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданында тұратын ақын Берік Базарбайұлы Жомартов порталымызға өлеңдер топтамасын жолдаған екен. Ақынға шалқар шабыт тілей отырып, бірнеше  өлеңін жариялап отырмыз.

15

Жылады жүрек, мен емес - adebiportal.kz

Кінәлап қайтем біреуді,

Менен де қате бар шығар,

Айтылар әлі сан сөздер ...

Менен де біреу құтылар.

 

Жылады жүрек,

Мен емес,

Мендегі жоқты іздесең,

Мендегі бармен сен кеңес,

 

Мінезім менің – 

Шын жаман ...

Өмірдің мынау,

Шәрбатын ішіп алданған.

***

Өкпеледім,

Кімге? Неге?

Қызықпын.

Шындық іздеп,

Тасқа басты ұрыппын...

Кімге керек?

Менің әділ болғаным.

Өз арымды,

Өзім кейде соттадым.

Ақша, байлық!

Күш пен билік қолдағы.

Қиратады,

Кедергіні жолдағы.

Не бітірдім?

Нені бердім халыққа?

Өз-өзімді,

Қайрап кейде жүремін.

Налып та.

Өлең емес, өз өмірім жазылды.

Шабыт шайқап,

қалам тырнап қазылды.

Не тербеді?

Нені жүрек сезеді?

Не болса да,

Жүрек байғұс көнеді.

Бар тілегім – 

Халқым аман болсын деп.

Жаратқаннан,

Берік, үнсіз тіледі.

Қарағаш 

Қарағаш бұл – біздің жер,

Төлеген мен Сайлаулар,

Өлеңнен өріп сезімді,

Ай сәулесін көрген жер.

 

Қарағаш бұл – біздің ел...

Жабал жазған қаламның,

Сиясы әлі кеппеген.

Жазушының кітабы,

Шығар әлі көптеген.

 

Қарағаш бұл – қалың ел,

Қасиеті кетпеген.

Балуаны – Дуландай!

Тұлпар мінген Көкдөнен!

 

Қасиетінен айналдым,

Жүректі жырмен емдеген.

Асау тұлпар бағынар, 

Ауыздыққа көнбеген.

 

Бәрін айт та бірін айт,

Қымызы аңқып күбіден.

Айналайын Қарағаш,

Осындай болсын ел деген!

***

Қалаға көштім,

Болсын деп енді жағдайым.

Ауылым жоқ қой,

Білер ем барып хал-жайын.

Ақшаны қудым,

Түбіне ешбір жете алмай.

Атақты қудым,

Еш жерде атым аталмай.

Ойланып кеттім,

Тыпыршып түнде жата алмай.

Өкінем кейде,

Үлкеннен кеттім бата алмай.

Қуанам сосын:

Құрысын бәрі, о пәлі-ай!

Не болар еді,

Өлеңді қалсам жаза алмай.

Айбарым – халқым, сенерім.

Ақадал сөзім, халыққа үнім – 

Өлеңім!

Күл болып жанып,

Кетсем де бір күн сеземін.

Өлеңімменен

Шоқ болып маздап келемін.

Көктем

Қар еріп, су ағады будаланып,

Көк майса шөп шығады бұраланып.

Жаңбырдың тамшысына еркелеген,

Ойнап жүр, бала күліп, құлын шауып.

 

Су ерке, сылдыр қағып, құлдай ағып,

Аағаштар әсем гүлдер сырға тағып.

Самал жел қыттықтаған көгал шөп те,

Оянбай маужыраған кірпік талып.

 

Кең дала иіс жарды құмар қанбай,

Құстар ұшты қанаты әсте талмай.

Тіршілік бүршік атып оянғанда,

Бал ара ызыңдайды гүлді шарлай.

 

Көбелек көп гүлдерге еркелеген,

Ызғар жоқ, соғып тұрған өкпек жел мен.

Ойнақтап тай-құлындар көк шалғында,

Барады қыз-бозбала құрып серуен!

Берік Жомартов

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan