«Жылдың 10 үздік оқырманы» атты кітап оқу мәдениетін дамытуға арналған республикалық жоба бастау алды
«Жылдың 10 үздік оқырманы» атты кітап оқу мәдениетін дамытуға арналған республикалық жоба ресми бастауын алды. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын орындау аясында жүзеге асырылуда.
Бүгін, жоба аясында ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ баспасөз конференциясын өткізген еді. Онлайн және офлайн форматта өткен брифингке Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Айзада Құрманова, «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы әрі осы жоба аясында құрылған комиссия төрағасы Мереке Құлкенов, Құрылтай депутаты, комиссия мүшесі Жанарбек Садыханұлы, Құрылтай депутаты Сергей Пономарев, «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қорының басқарма төрағасы, комиссия мүшесі Ерлан Каналимов, Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің басшысы Марина Подгайнова және БАҚ өкілдері қатысты.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Айзада Құрманова жоба мазмұны мен жұмыстың негізгі бағыттарына тоқталып өтті. Ол: «Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған бұл жобада кітапхана және кітап шығару ісі туралы заң әзірленді. Онда кітапханаларды толықтыру, кітап шығару ісін қолға алу, алдағы 2027 жылы Ұлттық цифрлық платформаны іске қосу сияқты істер жоспарланып отыр. ЖИ дамыту жағдайында кітап оқу мәдениеті, кітап ісін игеру, зерделі ұлт тұжырымдамасы сынды нақты жоспарлар әзірленуде. Қазір осы бағытта зерттеу және сарапшылық жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді өз сөзінде. Кітап оқу марафонымен бірге басталған бұл жобаға тіркелу – қыркүйектің 27 жұлдызына дейін жүргізілген.
«Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің ұстанымы айқын. Кітап оқып, оны насихаттауға арналған осындай шаралар арқылы зияткерлікті арттыратын ұлттық жоба қалыптастырып отырмыз», - деп комитет төрағасы Айзада Амангелдіқызы сөзін түйіндеді.
Айта кету керек, бұл жоба бұған дейін еліміздегі үш өңірде пилоттық режимде жүргізілген еді. Жоба аясында 189 211 оқырманды қамтыған. Осы нәтижені ескере отырып, жобаны ел ішіндегі барлық өңірді қамтитындай кеңейту көзделінді. Қазір аталмыш шара қоғамның кең ауқымын қамтуда және 7 негізгі санатты құрайды. Жобаға қатысу – ерікті. Кез келген оқырман арнайы ашылған reading-nation.kz платформасына кіріп, жобаға қатысу үшін тіркеле алады.
Кітап оқу мәдениетін арттыру мақсатында ұйымдастырылып отырған «Жылдың үздік 10 оқырманы» жобасына барлығы 645 кітап іріктелініп алынған. Оның 173-і қазақ тіліндегі кітап болса, қалған 172-сі орыс тіліндегі шығармалар. Жоба «кітап оқитын мектеп», «кітап оқитын педагог», «кітап оқитын колледж», «кітап оқитын университет», «кітап оқитын әулет», «кітап оқитын мемлекеттік қызметші», «кітап оқитын зияткер» деген 7 негізгі санаттан құралады. Сонымен қатар, конкурстық жүлдега қатысатын санаттан тыс «Парасат» атты қосымша санат тіркелінген. Әр санаттағы оқырман платформада көрсетілген 15 кітапты оқуы тиіс. Конкурсқа қатысуға ниетті әр оқырман әуелі, платформада өзіне сай санатқа тіркеледі. Кейін оқыған әр шығармасы бойынша бейнежазбамен кері байланысты дәл сол платформада жүктеуі керек. Аталмыш жоба бүгін, яғни қыркүйек айының соңынан бастауын алып, сәуір айына дейін жалғасын таппақ. Оқылған әр кітап бойынша өңірлерде наурыз айында тест тапсырылып, озық шыққан оқырман финалға жолдама алады. Әр өңірден 10 оқырман финалға өтіп, 20 өңірден барлығы 200 адам ақтық кезеңге өтеді. Финал сәуір айына жоспарланып отыр. Ал жеңімпаз сәуір айында анықталып, жүлделі ұтыс «23 сәуір – Ұлттық кітап күні» қарсаңында табысталынады. Еске салайық, әр оқырман үшін жүлде қоры 10 млн. теңгені құрап отыр.
