Кеше, 16 мамыр Астана қаласындағы «Қаламгерлер аллеясында» көрнекті ақын, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы Жұбан Молдағалиевтің 105 жылдығына арналған «Жыр алаңындағы Жұбан» атты поэзиялық кеш өтті. Бұл тағылымды шараны «Астана қаласы Мемлекеттік архиві» ММ мен «Астана қаласының Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ бірлесе ұйымдастырды.
Поэзиялық кеште өлеңі мен өнегелі өмірі арқылы, ұлттымыздың руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Жұбан Молдағалиевтің шығармашылығы еске алынып, ақынның отты өлеңдерінен үзінділер оқылып, өмірінен сырлар шертілді.

«Астана қаласы Мемлекеттік архиві» ММ директоры Жангелді Бимолдин:
«Біздің «Астана қаласының Орталықтандырылған кітапханалар жүйесімен» бірлесе ұйымдастырып отырған іс-шарамызға келгендеріңізге көп-көп рақмет! Архивтің поэзия, прозамен қандай қатысы бар деген сөзге тоқтала кетер болсақ, архивтер еліміздің мемлекет және қоғам қайраткерлерінің құжаттарын сақтауда өте маңызды қызмет атқарады. Біздің мақсат осындай архивте сақтаулы жатқан құжаттарды жұртшылықтың назарына ұсына отырып, ұлы тұлғаларымыздың еңбектерін кең көлемде дәріптелуіне үлес қосу. Бүгінгі іс-шара – соның аз да болса бір айғағы болмақ», – деп сөзінің негізгі түйінін жеткізді.

Ашық аспан астындағы сахна төріне көтерілген ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері ардагер ақынның азаматтық болмысына тоқталып, оның Кеңес заманында «Мен – қазақпын!» деп айтуының өзін қайраткерлік деп ақынның өмірі, шығармашылығы туралы жылы лебіздерін білдірді
Ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай Жұбан Молдағалиев шығармашылығы туралы былай деп ой өрбітті.

«Жұбан Молдағалиев ағамыз – қазақ әдебиетіндегі қайталанбас, ғажайып тұлғалардың бірі. Кеңес үкіметінің қатаң саясат жүргізіп тұрған уақытында «Мен – қазақпын» деп жария айтуы, Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Мен қазақпын деген сөзді баспа бетінде, тасқа жазғандай айту – бұл үлкен ерлік», - деген болатын.
Жұбан Молдағалиев – тек «Мен – қазақпын» деген бір ғана өлеңімен емес, күллі шығармашылығымен қазақ халқының рухын, ұлттық болмысын сақтап қалуға атсалысқан ақын. Оның өлеңдері – ұлттық санаға, ұлттың жаны мен діліне арналды. Оның шығармашылығын замандастары да, оқырмандары да мойындады.
Мен Жұбан ағамыздың көптеген өлеңдерін жатқа білемін. Солардың бірі – «Мен қазақ қыздарына қайран қаламын» деген өлеңі. Кейін бұл өлең өзгеріске ұшырап кетті. Сонда Жұбан Молдағалиев былай дейді.
Мен қазақ әйеліне қайран қалам,
Жайнаған, жалындаған, жайраңдаған.
«Қатынның шашы ұзын, ақылы қысқа»
Дегенді айттың екен қайдан бабам?!
Айттың ба, сатып алар пұлдай көріп,
Жүрген соң от-суыңа тұлдай көніп,
Айттың ба талай бейбақ қызға қарап,
Жасаусыз қатын болған жұрдай келіп,
Айттың ба, әлде әзілдеп ерке тантып,
Айттың ба, не көсемсіп, серке тартып?!
Тағы бар: «Алтын басты әйелден де, -
Дегенің, - бақыр басты еркек артық...» -
деп кете береді. Бұл өлеңнен Жұбан ақынның сол заманның өзінде әйелдерге байланысты өте жақсы көзқараста болғандығы анық көрінеді.
Егер де білмек болса, Жұбанды кім
Өлеңде өмірде жүр Жұбан бүгін
Ұлы да, қожайыны өз елінің
Тұрақты өкілі әлі Жыландының, -
Елін, ауылын сүйгені сонша сол ауыл қазір Жұбан елі деп атала бастады. Семейдегі Шұбартау өңірін Абайдың елі деп, Көкшетауды Сәкен елі деп атаған секілді. Ақжайық өңірі жылдан жылға Жұбан елі деп аталып келе жатыр», - деп сөзін аяқтады.

Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Бабажанұлы Жұбан шығармаларының заманауи мәні туралы ой бөлісті.
«Қазақта Жұбан Молдағалиевтің тұлғасы жыл өткен сайын зорайып көріне береді деп ойлаймын. Себебі, сонау Кеңестік қызыл үкіметтің қылышынан қан тамып тұрған заманның өзінде «Мен қазақпын» деп күллі дүниеге жар салған – осы Жұбан Молдағалиев болатын. Одан кейін 1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасынан» кезінде, сол кездегі басшы, Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Колбинге қарсы шығып, жастарды қорғап тіл қата алған Жұбан Молдағалиевтің аты қай заманда да қазақ үшін қадірлі болуы тиіс. Әр заманның өзінің көзқарасы болады. Бүгінгі ұрпақтың арасында Жұбанның ақындығын, «Мен қазақпынды» жоққа шығарғысы келетін адамдар бар: «Ол партия туралы, Ленин туралы жазылған», - деген пікірлер айтылып жатады. Бірақ бүгінгі іс-шараның өте бір маңызды атап өтер жері, көрме арқылы архивте сақталған ақын қолжазбалармен танысып шығу болды. Байқасаңыздар, Жұбан Молдағалиев әр шығарманы, бірнеше рет өзгертіп жазған. Ақын өз шығармашылығына Ленинді, партияны амалсыз қосуға мәжбүр болғанына осындай архивтер арқылы көзіміз жетіп отыр», - деп ақын өлеңдеріндегі кейбір теріс пікірлердің қайдан туғаны туралы тоқтала кетті.

Кеш барысында ақынның әйгілі «Мен — қазақпын» поэмасынан үзінділер оқылып, Көрнекті композитор Ілия Жақановтың әніне жазылған Жұбан Молдағалиевтің өлеңдері шырқалды. Сонымен қатар, көрмеге ақынның 20 дан аса кітаптары жұрт назарына ұсынылып, ақынның өлеңдерінің бірнеше нұсқалары, цензураға байланысты өзгертілген жолдары да көрсетілді.

Бұл кеш – Жұбан Молдағалиев шығармашылығына ғана емес, тұтас қазақ поэзиясына, «Мен қазақпын» деген рухқа тағзым болды. Жұбан жыры – әлі де талай жүректерді тербеп, ұлттың рухани өзегіндегі отты маздатып тұра берері сөзсіз. Осындай кештер арқылы ұлы тұлғалардың өнегелі өмір жолы мен ғибратты сөзі қайта жаңғырып, ұйықтап кеткен санамызды тілгілеп жататыны зор қуаныш.











Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.