«Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасында ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай «Жыр алыбы – Жамбыл» атты поэтикалық жыр кеші өтті», - деп хабарлайды, ҚР Жазушылар одағының баспасөз қызметі.

Кешке Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов, жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы және ақынның ұрпағы, Жамбыл музей-үйінің директоры Салтанат Жамбылова қатысып, ақынның шығармашылық мұрасы туралы тағылымды ойларымен бөлісті.

Шараны кітапхана жетекшісі Бану Даулетбаева ашып беріп, кешті кітапхана қызметкері Бердібек Орынбек жүргізді. Кеш барысында ақын сөздеріне жазылған әндер орындалып, Жамбыл музейінен әкелінген құнды жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды.

№147 гимназия оқушылары ақын өлеңдерін бірнеше тілде оқыса, Жамбыл атындағы №161 лицей оқушылары сахналық көрініс қойды. Сонымен қатар Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы түлектері күй мен ән орындап, кештің көркін аша түсті.

Кітапхана төрінде «Жыр алыбы – Жамбыл» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, шара соңында белсенді оқушыларға Алғыс хаттар табысталды. Бұл рухани кеш жас ұрпаққа ұлттық әдеби мұраны танытып, Жамбыл шығармашылығын насихаттауға бағытталған маңызды мәдени шара болды.
Фотосуреттер ҚР Жазушылар одағының баспасөз қызметі телеграм желісінен алынды.
