«Белгілі балалар жазушысы, ақын Әдібай Табылдиев мұрасын ұлықтаған әдеби кеш өтті», - деп хабарлайды, Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі.
Ш. Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында қазақ руханиятының көрнекті өкілі, ақын, жазушы, драматург, ғалым-ұстаз Әдібай Табылдиевтің туғанына 100 жыл толуына орай «Жырлайды жүрек» атты әдеби-танымдық кеш өтті.

Ұйымдастырылған рухани шара ұлт әдебиеті мен білімінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан қаламгердің бай шығармашылық мұрасын ұлықтауға арналды. Кеш барысында Әдібай Табылдиевтің поэзиясы мен прозасы, драматургиялық еңбектері, сондай-ақ ғылым мен педагогика саласындағы қызметі кеңінен сөз болды. Әдеби-танымдық кешке зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер, әдебиетсүйер қауым мен жастар қатысып, ғалым-ұстаздың өмір жолы, адамдық болмысы, ұстаздық тұлғасы туралы тағылымды естеліктерімен бөлісті.

Сөз алғандар Әдібай Табылдиевтің қарапайымдылығы мен талапшылдығын, ұлттық руханият пен жас ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбегін ерекше атап өтті. Кештің негізгі идеясы – өскелең ұрпақты рухани құндылықтарға баулу, ұлттық әдебиет пен білімге деген құрметті арттыру. Осы тұрғыдан алғанда, «Жырлайды жүрек» әдеби-танымдық кеші – өткенге тағзым жасап қана қоймай, болашаққа бағдар берген мазмұнды рухани басқосу болды.
