Роллан Сейсенбаевтың “Өмір сүргің келсе” романы өндірістің орталығы болып саналатын үлкен кәсіпорынның іргетасын қалап, жобадан өмірге әкелудің, оның еңбек ұжымын қалыптастырудың қиын да күрделі жолын нақты характерлер тартысы арқылы көрсетуге арналған. Романда негізінен жаңадан салынып жатқан жаңа зауыттың жас директоры Бекен Ысқақовтың осы зауытты қалайда ойдағыдай өндіріске берсем деген мақсаты жолындағы ізденісі, ой-арманы, түйсік-түсінігі, ішкі жан құбылыстары көрінеді.
Автор Ысқақов образы арқылы, әсіресе, қазіргі өндіріс басшысына етене тән, осы уақыттың белгісі ретінде танылар жаңа мінез ерекшеліктерін, жаңа іс-әрекет аясын, оны қоршаған кәсіби ортаның ішкі психологиясын екшеп көрсетуге қатты назар аударады.
Сонымен бірге жазушы өндіріс шындығындағы маңызды мәселе - өндіріс жетекшісінің, тұтастай бір еңбек ұжымының жүйелі іс-әрекетін ұйымдастырушысының кәсіби білімі, басқарушылық шеберлігі мен моральдық бейнесінің бір-біріне әсері болатынын, осы екі қасиеттің әсіресе соңғысының күннен-күнге маңызының арта түсетіндігін, оның еңбек өнімділігінің, ұжым абыройының шешуші факторына айналғанын көрсеткісі келеді.
Қазіргі өндіріс аясында еңбек етіп жатқан, шешуші мәселелерді қолына алған кәсіпорын жетекшілерінің бойынан осы екі қасиеттің ойдағыдай ұштасқан бірлігін әрдайым көре бермейміз. Өмірде талай өндіріс басшыларының кәсіби білімі мол, іскерлігі, ұйымдастыру, басқару қабілеті ерекше озық болғанымен, оларға кей кездерде адамгершілік, мінез байлығы, басқаның ар-намысын сыйлай білу, қарапайымдылық, кішіпейілділік дегендер жетіспей жатады. Осындай өндіріс басшысының бейнесін “Жаңғырық” романының басты кейіпкерлерінің бірі комбинат директоры Варламовтың бойынан көргенбіз. Варламовтың жұмыс істеу әдісінде жылы сөзінен бұрын, ашу-ызасы, басқаны шаншып тастайтын ерік-күшінің алдымен жүретіні оның Таубаев пен екеуінің арасындағы күрес-тартысында анық байқалған-ды.
Сол сияқты “Өмір сүргің келсе” романында да өндіріс басшыларының осындай қатаң мінезімен ерекшеленетін өкілдері кездеседі. Солардың бірі – Ысқақовпен және оның орынбасарларымен әрдайым тіл табыса алмай, өзіне де, өзгеге де тыным бермейтін, мінезі тік, ашушаң, кекшіл Қожақов. Қожақов – осы жаңа аккумолятор зауытын салуға арнайы бөлінген үлкен құрылыс тресінің бастығы.
Романдағы негізгі көркемдік тартыс та осы жаңадан салынып жатқан, үлкен өндіріс орталығы Жетісу қаласындағы аккумолятор зауытының жас директоры Бекен Ысқақов пен осы зауыттың құрылысына арнайы бөлінген трест бастығы Қожақов арасында өрбиді.
Бекен Ысқақов романда жаңашыл маман ретінде де көрінеді. Ол қасиетін біз Бекеннің зауытты өндіріске дайындау барысында және өзінің тәжірибесіне, біліміне сүйене отырып жаңа технологиялық ұсыныс енгізгенде байқаймыз. Ол ұсынысы – жаңа зауытты белгіленген мемлекеттік жобадағыдай тұтас күйінде емес, сатылап бітіріп, бірте-бірте іске қосу идеясы болатын. Жас директордың жаңашыл ұсынысы бірден қолдау тауып кете алмайды. Біріншіден, әлдеқашан біржолата бекітіліп кеткен мемлекеттік жобада бұл көрсетілмеген болса, екіншіден, ешқашан жоспардан шығып, артық іс істеп көрмеген құрылыс тресінің басшысы Қожақов пен облыстық партия комитетінің кейбір жауапты қызметкерлері бұл ұсыныстың ертеңінен қорқады. Егер де жас директордың ұсынысы ертеңгі күні өндіріске тиімді болмай қалса, олардың осы іс үшін басымен жауап берулеріне тура келетінін олар жақсы біледі. Білгендіктен, бұл қырсығы тиер істен өздерін алыс ұстағылары келеді.
Бекеннің осы ұсынысына қарсы шығатындардың басшылыққа алатын тағы бір принципі: үндемеген үйдей бәледен құтылады. Осы психология жылдар бойы іс-әрекеттерінде бұлжымыстай заң болып қалыптасқан және зауыт құрылысы өте қиындықпен, жоспардан қалып келе жатқанда, олар осы сияқты басы артық, күтпеген жаңа әрекетке ешқашан көнбек емес. Жаңа бастаманың әрдайым жанашырлары аз болатыны да белгілі. Енді біреулер күдікпен үрке қарайды. Осының барлығын көре білген, түсіне білген Бекен Ысқақов шыдамдылық танытады. Сонымен бірге ол қол қусырып қарап та отырмайды, өз мақсатына жету үшін батыл әрекеттерге барады. Себебі жаңа құрылыстың тап осындай шешімі күрделі өндірістік-технологиялық проблемаларының міндетті түрде болатынын Бекен о баста, өзін министрліктегі жайла да, абыройлы қызметінен осында жыраққа директор етіп жібермекші болып жатқанда-ақ білген болатын...
Әсіресе, осы кейінгі жол-жөнекей, жұмыс барысында пайда болған тосқауылдар Бекенді неше түрлі сынға салады. Біріншіден, Бекен Ысқақовтың алыстағы салынғалы жатқан жаңа зауытқа директор болып баруына жолдасы Ғалия қарсы болады. Ғылыммен айналысып, докторлық диссертация дайындап жүрген әйелін астанадан ешбір амалмен алып кете алмайтынын анық түсінген ол шалғайдағы бейтаныс қала Жетісуға жалғыз аттанады. Сөйтіп, біраз жылдар зайыбынан айрылып, тұрмыс тауқыметін тартуға тура келеді.
Бұл жағдай кейін оның қарсыластарының Бекенге қарсы жұмсар әдіс-айласына да негіз болады. Әйелін тастаған деген өсекке ұрындырады. Бұл оның жаңа өндіріске байланысты алған алғашқы ауыр соққысы еді.
Екіншіден, жаңа зауытқа арнайы бөлінген құрылыс тресінің бастығы, мінезі ауыр, бірбет және айтқанынан қайтпайтын Қожақовпен тіл табыса алмай тағы қиналады. Ысқақовтың мінез қақтығыстарына байланысты туып отыруы өте нанымды. Өз ұсынысының айна-қатесіз екендігін дәлелдеу үшін, әрі оның осы жаңадан салынып жатқан аккумолятор зауыты құрылысының мерзімінде және сапалы бітуінің де бірден-бір тиімді жолы екендігіне бәрінің көзін жеткізу үшін Бекен көп күш жұмсайды, бірнеше ауыр тосқауылдарды жеңуіне тура келеді.ъ
Автордың осы орайда, кең жоспарлаған тақырыптық, сюжеттік желілерін, яғни бір өндірістік мәселенің ұжым немесе зауыт көлемінен шығып, кең ауқымда талқыға түсіп жатуын әбден қуаттауға болады.
Бірақ, сонымен бірге Бекен Ысқақовтың осы мақсаттағы іс-әрекеттерінің шығарма шындығындағы логикалық жүйесіне сенгенімізбен, оның психологиялық астарын, көркемдік қуатын онша сезіне бермейміз. Себебі, осы іс-әрекеттердің бірсыдырғы, жалаң баяндалуы бар да, ал кейіпкерді тебіреніс-толғанысқа, оны ордалы ойларға жетелейтін психологиялық жағдайлар, шиеленіскен мәнді жағдаяттар жоқ. Барлық іс оңай шешіледі, кейіпкер мақсатына оңай жетеді. Ал өмірде солай ма? Сондықтан, осындай маңызы бар өндірістік құбылыстың шығарма бойында қыр-сыры мол шынайы көркемдік шындыққа айналудың орнына, таза өндірістік мәселелер шеңберінен шыға алмай, тұйықталып қалуы, романның көтеріп отырған тақырыбының салмағын жеңілдетіп алған. Мысалы, зауыттың ең мәнді мәселесінің, осы уақытқа дейін қанша адамды талас-тартысқа түсірген шешуші жағдайының министрдің (Мәскеудегі) бір-екі ауыз сөзімен шешіле салуы, әрине, өмір шындығынан, өндіріс шындығынан туып тұрған жоқ. Сонымен бірге министрге Бекен жеңіл машинаның проблемасын шешу үшін емес, зауыт мәселесін шешуге көмек сұрап кіргені есімізде. Осы жағдайларды яғни роман бойындағы тартыстың шешілер финалдық жағдаяттарына негізгі тақырыптық-идеялық көркемдік жүкті артуды автор ескермеген. Шығарма финалы сондықтан да әрі әлсіз, әрі әсерсіз түйінделген.
Романдағы ұнамды қасиеттерімен көрінетін кейіпкерлердің бірі – Кәкен Мұқашев. Автор шығармасында негізінен жаңашыл, іскер, өз ісіне ынталы инженер-техниктердің жан-жақты бейнесін бедерлеуді мақсат еткен. Бекен Ысқақов зауыт директоры болса, Кәкен – құю цехының инженер маманы.
“Өмір сүргің келсе” романында сонымен бірге қатардағы қарапайым жұмысшы адамның образы да бейнеленген. Автордың роман бойында бірнеше эпизодтарда бүгінгі өндірістегі жұмысшы жастардың өзіне тән мінез ерекшеліктерін, яғни олардың жастығына, албырттығына, білімділігіне, ерлігіне, бір сөзбен айтсақ, романтикаға толы өмірін танытар белгілерін көрсетпек болған мақсатын аңғарамыз. Гитаралы жігіт, Сақалды жігіт, Көзілдірікті қыз аузымен айтылатын диалогтерден осыны байқаймыз. Бірақ, бұл шартты түрде алынған кейіпкерлер жеке-жеке алып қарағанда толыққанды тұлғалар бола алмайды. Кей тұстарда автордың өз кейіпкерін нақты атап, айдар тағуы шарт емес дей тұрсақ та, роман ішінен көп орын алған осы диалогтердің жалаң, жалпы айтылғанын, көбіне мәнсіз, мақсатсыз құрылғанын және олардың ешқандай идеялық та, көркемдік те қызмет атқарып тұрмағанын байқау қиын емес. Бұл ұзын сонар диалогтер сонымен бірге мінез даралауға да, өндіріс шындығын танытуға да ешқандай септігін тигізіп тұрған жоқ. Жазушының осындай, терең мазмұн табудың орнына жалаң форма қуып кететін, сөйтіп көркемдік шеберліктің, проза мәдениетінің деңгейінен табылмай жататын тұстарын байқаймыз.