Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

16.11.2015 5318

"Сексен алтыншы жыл"

Автор: Тілегенов Бекежан
Түсінік: Рымғали Нұрғалиұлы
“Сексен алтыншы жыл” – полифониялық роман. Қатар өрбіген ең негізгі екі желі – махаббат пен саясат, немесе адал, пәк, табиғи тіршілік жыры мен аяр зұлымдық баяны – сюжеттік екі арна өзара түйіспейді, бірақ жымдаса қабысып, біріне-бірі рең беріп, өзара астас, тұтас сурет жасап, өзгеше құрылымды фабула түзеді. Бірі ашық түсті, бірі қоңыр көлеңке бояулы,  бірі – сырлы, зарлы, екіншісі – сызды, үрейлі, қос өрімді айғақтай, үстемелей түсетін ұзынды-қысқалы, үлкенді-кішілі тағы бірнеше жіптік желі бар: бүгінгі өнер мен ғылым, ежелгі мұра мен өткен тарих  төңірегінен туындайтын, түптеп келгенде ұлттық кейіп, елдік қасиетке барып тірелетін өрнектер. Ширыққан драмалы, ауыр трагедиялы романның бас-аяғы жинақы, шебер қолмен мүсінделген кемел. Әуелгі назарымызға түсіп отырған композициялық құрылым – шығарманың ішкі қасиетінен, яғни мазмұны мен идеялық тұрғысынан бастау алған сыртқы пішін ғана. “Сексен алтыншы жылды” тәуелсіз әдебиеттің бастау кезеңінде тұрған үздік шығарма дәрежесіне жеткізген – қазақ прозасында бұрын болмаған өзгеше бітімді кейіпкерлер. Бұрын болмауы - әдебиетіміздің әлсіздігінен емес, бас көтертпеген бодандық жағдайымызға байланысты. Енді тұлғаланып бой көрсетсе – елдің еркіндігі, сөздің бостандығы нәтижесі. Сонымен қатар, әрине, жазушының қалам қуатының айғағы. Біздің ең әуелі алға тартарымыз – құрылыстың қозғаушы күші болған партиялық номенклатураның өзгеше тұрпатты кесек кейіпте көрінуі. Әлбетте, жеке бір жазушының ғана емес, өрелі, үлкен әдебиеттің де биік деңгейін танытса керек.

“Сексен алтыншы жыл” романы жаңа жыл кешінен басталып, желтоқсанның соңғы күндерімен бітеді, бірақ бұл - әйгілі Желтоқсан оқиғалары туралы шығарма емес, сол Желтоқсанға жеткізген, одан бұрын Полигонға жем берген, одан да бұрын туған халқын социалистік құрылыс жолына құрбанға шалған, енді әбден күшейген, әдіс-айлаға жетік, қарақан бастың қамынан басқа ештеңе ойламайтын, бұл жолда ешбір қылмыстан тайынбайтын партиялық қайраткерлер туралы, ұлт зиялысы саналатын, ғұмыр бойы желдің ыңғайымен күн кешкен, адалдықтан ада, ұлттық мүддеге жат аға буын, өмірге құштар, өнерден мұрат тапқан, танымы кең, санасы зор жаңа толқын, намысы күшті, қайраты мол, саны көп, отаншыл жүректі жас ұрпақ – құрылыстың күйреу қарсаңы, отарлық езгінің шарықтау шегі, жаппай бетбұрыстың басы – 1980 жылдардың екінші жарымындағы қазақ қоғамы туралы туынды; романды түйіндеген соңғы тараулар – орыс отарлық жүйесі өзінің алдамшы  сыртқы қабығын сыпырып тастап, қан шеңгелді жалмауыз кейпінде көрінген Желтоқсан оқиғасы – бар сауалдың шешімі болып табылады.

Романды зорайтып тұрған, сөз жоқ, отарлық система аясында бақытты күн кешіп, үлкен мансапқа жеткен партиялық номенклатура өкілдері. Қаламгер біріне-бірі ұқсамайтын, жинақтап келгенде құрылым, коммунистік тәртіптің біртұтас кескін-кейпін, өзгеше сыр-сипатын айғақтайтын тұтас бір галерея жасап шыққан. Республиканың иесі, елдің көсемі саналатын Бірінші, одан соңғы, әрқилы жағдайда көтерілген, енді, аумалы-төкпелі заманда әрқайсысы әртүрлі, өзіндік мінез, әрекетімен көрінген Әміров, Камалов, Әбенов, Айбаров, Сәрсенов, Меңдібеков... Бұлардың бәріне ортақ, бір мұрат бар, ол – мансапқор билік құмарлық, бәріне ортақ бір сыпат бар, ол – ұлттық сананың кемдігі, немесе мүлде жоқтығы; әйтпесе, бәрі де қабілетті кісілер, кейбірі айрықша дарынды, саясатқа шебер, парасаттан кенде емес. Бірақ бұл қандай саясат, қандай парасат – бар кілтипан сонда ғана.

Осы орайда, ақылы кеміс демейік, топас мақұлық демейік, өзінше есебі түгел, отаршыл қожайынға не керегін қапысыз танитын екі кейіпкерді алдымен атайық: Камалов пен Меңдібеков. Жоғарының икеміне көнбіс, төменге қатал, зорлықшыл, ең бастысы – ар-ұяттан ада, кісілігі жоқ, түйсіксіз.

Бір облыстың пілдей басшысы – Атқару комитетінің төрағасы Меңдібеков  арғы, бергі биіктегілерді айтпағанда, өзінен сәл жоғарырақ саналатын облыстық орыс хатшының ыңғайынан шыға алмайды, бағынышты, төмен ғана емес, қызметші құлы сияқты көрінеді, осы кісінің ыңғайымен, туған шешесіне топырақ салуға бара алмай қалады. Әлбетте, мұнысымен қожайынға жағады, бірақ құрмет емес, жиіркеніш қана туғызған, сондықтан да қазақтан көсем іріктеу кезеңінде қатарынан түгел озып, республиканың “екінші басшысы” дәрежесіне көтеріледі, - жергілікті халыққа қарсы ең былғаныш жұмысты түземдіктердің өз қолымен жасату – отаршылдық атаулының тарихында ежелден келе жатқан тәсіл.

Ал, Камалов болса, бұған мүлде қарама-қайшы кейіптегі лакей: Меңдібеков сияқты исалмас емес, жұлқынып тұрған белсендінің нақ өзі. Емеурін білдірілсе болды – артығымен орындап береді. Ыждағат, екпіні сонша, қожайындары  қарғыбаудан тартып, аз-маз тежеуге бейіл. Ісі сорақы болғандықтан, тым жоғарыға жібермей, белгілі бір кезең, мақсатқа ғана пайдаланбақ. Романның мезгілдік шегі ретінде алынған 86-жылы Мәскеуге дәл осындай ұр да жық қарақшы керек екен. 

Қанша дегенмен де, Камалов – отаршылдық құрылыстың күйелі, ыстық қазанын ұстайтын тұтқыш, Меңдібеков – шашыраған нәжісін жуатын сүрткіш. Бар іс бұлармен бітпейді. Мәскеудің бір үлкен өкілі айтқандай, өндіріс, шаруашылық саласын басқаратын іскер адамдар керек. Осы орайда жергілікті жұрт ішінен өсіп шыққан дарынды басшылар да жоқ емес. Бекежан романында осы тұрпатты екі кейіпкер оқшауланып көрінеді: Әбенов және Айбаров.

Әбенов – ауыл шаруашылық майданында ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп, бірте-бірте партиялық үлкен жетекшілік дәрежеге жеткен адам. Шешімтал, бірақ онысы әпербақандыққа ұласып кететіні бар. Ұлттық санадан махрұм емес, бірақ онысы ұсақ-түйек, тұрмыстық деңгейде ғана, биік мұрат, түбегейлі көзқарас жоқ. Бірінші тарабынан ұлт мүддесіне қайшы трайбализмге өріс ашылғанына наразы, бірақ оны кадр таңдау мәселесіндегі зардабы тұрғысынан ғана айыптайды.

Әбеновпен қатар шыққан, билікке өндіріс саласынан келген Айбаров партократ ретінде тереңірек әрі байыптырақ көрінеді. Іскерлігі өз алдына, үлкен саясатқа да, кішкентай интригаға да жетік. Ұйымдастырғыштық қабілеті тек өзіне жүктелген саламен ғана шектелмейді, басқарып отырған мекемесін  биліктегі тірек, күрестегі тұрғы ретінде қалыптастырған. Табанды, қатал. Кейде аңқау, кең көрінетіні бар. Ақылды, айбарлы. Бірақ бұл кісі де ұлттық мұраттан махрұм, мұның да асқаралы арманы – жоғарғы билік.

Романның соңын ала жарқырап көрінген тағы бір сыпаты, бәлкім, ең басты сыпаты - өзінің атақ-мансабы жолында кімді болмасын орға жыға алатын, туған халқын да сатып жіберетін, жай ғана сатумен шектелмей, оны қуғындаушы дүлей күшке айнала алатын өлермен опасыздығы. Өмірдің өзіндегідей, нақты, жанды кейіпте бедерленген тірі тұлғаның ақырғы былығы – жол басындағы шылығымен жалғас, заманалық кейіпкердің нанымды, біртұтас бейнесін мүсіндейді. Әлем әдебиетінде жазылмаған жайт, бейнеленбеген мінез, әрекет жоқ. Бірақ Бекжанның Әміровы біздің әдебиетте ғана жарыққа жол тапқан, тың тұрпатты персонаж сияқты болып көрінеді. Отарлық қыспақ жағдайындағы халықтың тағдыр-талайына қатысты кеп қашанда жан ауыртар жаралы, ал сол халықтың өз ішінен шыққан, қандастарын сатқан кісі – айрықша жексұрын көрінбек...

Бекежан романында Желтоқсан оқиғасы өзінің барлық ащы шындығымен, трагедиялық сыпатымен жан-жақты әрі терең, байыпты көркем шежіреге түседі. Ашынған жастар, аждаһаның аранына ұмтылған көзсіз ерлік, империялық күштердің ұлттық, нәсілдік өшпенділігі, соған орай жан түршігерлік қаталдығы, осы алас-күлес, қанды оқиғаның арғы және бергі жағында жүрген әрқилы кісілер ыстық жүрек, салқын ой, сабырлы қаламмен тірі тарих ретінде өрнектелген. Романның шешімі ауыр, қайғылы: тепкіге түскен, таяққа  жығылған мыңдаған, жазаға тартылған, сотқа ілінген жүздеген адам өз алдына, қаншама кісі қаза тапқан, соның ішінде біздің басты кейіпкерлеріміз – Айдын мен Нәзік бар.

Романдағы ең негізгі қос арқаудың бірі – осы Нәзік пен Айдынның махаббаты еді. Қыз Жібек пен Төлегеннің (кинодағы емес, эпостағы) махаббаты. Пәк, таза. Әсерлі, әдемі. Сырлы, мұңды. Ақыр түбінде  зарлы, қайғылы. Б.Тілегеновтың қаламгерлік мәдениеті мен талдау шеберлігі айқын көрінетін өзгеше хикая.

Көп оқылғандар